Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Алаш100. Бақтығали Бейсенов

2967
#Алаш100. Бақтығали Бейсенов - e-history.kz
Қайраткердің өмір жолынан өзге, атқарған қызметтері туралы қалам сілтеп, бүгінгі күндегі мұндай тұлғалардың тасада қалмай егемен елмен сабақтас болуы, ұрпақ санасында жаңғыруы туралы ой қозғалады

Әрбір өткен күн – тарих. Мейлі ол жекелеген адам үшін, я болмаса жалпақ қауым үшін болсын ол тарих болып қалады. Тарихты жасайтын не екеніне бір рет болсын толғанып көрдіңіз бе? Оны жасаушы ең әуелі – уақыт. Уақыт бар да, жер жаһанда тіршілік, өмір бар да ғана оқиға болады, дүмпу болады, сом тұлғалар дүниеге келеді, жасампаздар адамзат үшін ұмытылмас ерліктерімен есте қалады, кейбіреуі қалмас. Тарихқа жасампазсың деп ренжуге болады ма? Жоқ, әрине. Тарихта болып, өзінен бұрын ұлт үшін ерен еңбек етіп, дегенмен тасада қалып қойып, есімі көп атала бермейтін тұлғалар қаншама. Сол тұлғалар туралы деректерді тауып, оларды бүгінгі күнде жаңғырту өскелең ұрпақтың әрбірінің қасиетті парызы екенін ескерсек игі. Сондай сом тұлғалардың ішінде қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі Бақтыгерей Бисеновты даралап атауға негіз бар. Жалпы қазақ медицинасының даму жолында ерен еңбек сіңірген қазақ дәрігерлері баршылық. Х. Досмұхамедов, Б. Әб­дірахманов, Ғ. Бердиев, А. Дос­жанова, Ғ. Есенғұлов, Б. Жан­қа­дамов, Д. Күсепқалиевтердің қатарын толықтырушы біздің бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері Бақтығали Бисенов тек ақ халатты абзал жан ғана болып қойған жоқ, ұлт болашағына, оның әрі қарай қарыштауына Патша үкіметінің қылышын қынап тұрған қаһарлы дәуірінде де жан таласқан, сол тұстағы елжандылар Алашордалықтармен қатар аталатын (Батыс Алашорда қайраткері болған) тұлға екенін біреу білсе, біреу білмес.

Бақтығали Бисенов 1889 жылы Орал облысы, Ілбішін уезі, Қызылжар болысының 5-ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) туған. Әкесі Бейсен сауатты, дәулетті адам болған. Болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық Романов орыс-қазақ училищесін, осы училище жанындағы жоғары оқу орнына даярлайтын қосымша сыныпты бітірді . 1902-1910 жылдары Орал реалдык әскер училищесінде оқыды. Училище оқушылары Ғ. Есенғұлов, И. Қашқынбаев, Ы. Шұғыловтармен бірге 1-орыс төңкерісі тұсында «Фикер» газеті маңына ұйысқан қазақ кадеттер партиясына ниеттес болғаны үшін жандарм бақылауына ілікті. 1910 жылы тамызда Саратов университеті медицина факультетінің 1-курсына қабылданды. Арнаулы талапқа сәйкес 1911 жылы Орынбор халық ағарту округінің сынақ алу комитетінде латын тілінен балалар гимназиясының 8-сыныбы көлемінде сынақ тапсырып, оқуын жалғастырды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты оқу курсының тоғыз семестрін мерзімінен бұрын аяқтады. 1917 жылы Саратов университетінің медицина факультетін бітірген. Орал облыстық 13-Қызылкүлгін ауылдық-дәрігерлік учаскесінде дәрігер болып істеді. Болыстық, уездік дәрежеде земство мекемелерін құру қызметіне қатысты. Інілері – Орал реальдық әскер училищесінің түлегі Ишанғали Бейсенов Жымпитыдағы «Ойыл уәлаятының» кіші әскери қызметкерлер мектебін бітіріп, штаб офицері болды, ал Зепқали Бейсенов Ойыл юнкер мектебін бітіріп, Алаш полкінде жүзбасы қызметін атқарды [1]. Батыс Алаш Орда таратылғаннан кейін, алғашқы дәрігерлік  еңбек жолы Орал облысындағы Калмыков уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметінен басталды. Сол тұста жұқпалы аурулар таралып, халықтың денсаулығы мүшкіл халге түскен кезде Бақтығали Бисенов бар күш-жігерін халықтың денсаулық әлеуетін көтеруге, шалдыққан дерттерінен айықтыруға жұмсады. Соның бір дәлелі Базартөбе ауылында 10 орындық емхана тұрғызуы еді. 1924 жылы Жымпиты уезіндегі Байғұтты ауруханасының меңгерушісі, одан кейінгі жылдары Жымпиты уездік ауруханасында дәрігер болды. Бақтығали Бисенов өзінің дәрігерлік қызметін үлкен абыроймен атқарып, ұлт медицинасы дамымаған тұста өзінің жаңашыл көзқарасымен, тұшымды ой-толғамдарымен оның өрістеуіне едәуір үлес қосты. Тіпті оны шарықтау шегіне де жеткізер еді, егер...

1937 жылғы репрессия қазақтың кіл қаймақтарының басын жұтқан, тамырына балта шапқан мешкей жыл болды. Сол тұста Бақтығали Бисенов сынды тұлғаларымыз Алашордашылдардың қабырғасы сөгіліп, көпе-көрнеу жаланың құрығына ілікті. Ардақты азамат Бақтығали Алашордашыл азаматтармен ауыз жаласты деген жаламен, НКВД «үштігінің» назарына ілігіп, жалған айыпты арқалап кете барды. Тұтқындалғанда Бақтығали Бисенов 48 жаста, Жымпиты ауылының тұрғыны, Жымпиты аудандық ауруханасының кіші дәрігер қызметкері болды. Оның әйелі Жанша 37 жаста, баласы Махмұд 17 жаста, Мажит 12 жаста, қызы Зейнеп 9 жаста, баласы Әнуар 4 жаста, қызы Роза 1 жаста делінген. Бақтығали Бисеновтің тұтқындалған кездегі жауабында жеке-мүлкі – 2 сиыры, 1 жылқы, 1 түйесі болған. Бақтығали Бисеновтің тегі малшы деп жазылған [2]. 10 жылға темір тордың артына тоғытылуы аздай, ол 1938 жылы 15 ақпанда ату жазасына кесілді. Осылай бір есіл азаматтың өмірі қыршынынан қиылды. «Әкем тек 1958 жылы ақталды. Әкем туралы мәлімет, деректерді 1992 жылдан жинай бастадым» дейді Б. Бисеновтың кіші қызы әкесінің еңбек жолын жалғап ардақты дәрігер, «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы»  орденінің иегері болған Роза Бисенова. Қайраткердің қызы тағы бір сөзінде әкесіне оқу орындарының, не көше аттарының берілмегеніне қынжылатынын айтты [2]. Әрине мұндай елжанды тұлғаларымызды ардақтау бүгінгі ұрпаққа борыш екенін ескерсек, бұл мәселені негізге алған жөн болар еді. Медициналық оқу орындарының біріне ұлттың көрнекті дәрігері болған Бақтығали Бисеновтың есімінің берілуі ұлысын ұлықтаған ұлт үшін үлкен парыздың орындалғанының бір белгісіндей болары анық қой. Мұны ертеңнің еншісіне қалдырсақ та, бұл орындалуға тиісті тілек деп білемін.

«Бүгінгі жақсы істің бәрі де ертеңгі жарқын тарих» дейді С. Досановтың «Ұйық» романында. Ойлап қарасаңыз, ой салады. Бүгіннен бұрын өткенге көз салсақ, кешегі жақсы істер бүгінде ұрпаққа мұра, үлкен үлгі-өнеге, әдемі тағылым болды. Сондай жарқын істерді жасаушы арда азаматтар тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да есімі тарих сахнасынан өшпеді. Керісінше, онымен бірге жасасып келеді. Біз ой қозғаған қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі, арда азамат Бақтығали Бисенов осынау тарих көшінің еңсесі биік, тұғыры нық жарқын бейнесіне айналды. Ол туралы жазатын ұрпағы, сыр ашатын жанашырлары ардақты азаматтың есімін саф алтындай жарқырата берері анық.

Сабина САЙЛАУБАЙ, Халықаралық Журналистер одағының мүшесі

Дереккөздер:

  1. «Алаш» қозғалысы. – Алматы, 2008.
  2. Wikipedia ашық энциклопедиясы

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?