«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

ТАРИХШЫЛАР НЕМЕН КҮН КӨРЕДІ?

2746
ТАРИХШЫЛАР НЕМЕН КҮН КӨРЕДІ?
National Digital History интернет жобасы кәсіби тарихшылардан сауалнама жүргізуді жалғастырады. Мақсат – тарихшы мамандардың әлеуметтік жағдайын қоғам алдында ашық көрсету. Кезекте тарихшы-мұғалім

Менің тарихшы болуыма түрткі болған мектептегі тарих пәнінің мұғалімі, 5-сыныптан бастап тарих пәніне деген қызығушылығым оянды. 6 жыл бойы бір мұғалімнен тарих пәнін үйреніп, өзімді тарихшы ретінде көре бастадым. Мектеп кезінен әр түрлі іс-шараларға, жарыстарға қатысып, сайыстардан орындар ала бастадым. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөзді ақтағым келді. 11-сыныпты бітіретін кезде таңдау пәні ретінде «Дүниежүзі тарихын» белгіледім. Мектеп бітіргеннен кейін Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетіне түстім. Осы университетте 4 жыл оқып (бакалавр) дәрежесін оқып бітіргеннен кейін Астана қаласында мұғалім болып жұмысқа орналастым.  Қазіргі кезде мұғалім болып жұмыс істеп жүрмін. 

Тарихшы кәсібін тергеуші немесе детективтердің жұмысымен салыстыруға немесе теңеуге болады. Өйткені, екі мамандыққа да нақты деректер мен дәйектемелер қажет. Ал оларды табу үшін ізденіс керек, яғни архивтарда отырып іздеп, сараптап жұмыс істеуді міндететйді. Ғ. Мүсірепов атамыз айтқандай «Ана тілім ол өзім, өзге тілдер ол көзім», өзге тілді де меңгерген жөн. Сонда шетел архивтарында шаң басып жатқан деректерді сөйлетуге болады. Бірақ, мектеп мұғалімінде ондай мүмкіндіктер жоқтың қасы деуге.

 

Мұғалімдік қызмет қызығымен шыжығына толы жұмыс. Жұмыс барысында әр түрлі мінезі бар балалармен жұмыс жасайсың. Бала психологиясын жақсы түсіне бастайсың, болашақта ата-ана атанғанда керек болатын дүние. Әр түрлі мінезді оқушы болса дәл сондай секілді ата-анада болады. Болмашы нәрсеге келіп шу көтеріп кетеді: неге менің баламның бағасы төмен деген секілді, оның барлығына байыппен, сабырлы түрде жауап беруің қажет. Мектеп мұғалімдері университеттегі оқытушылардан да көп жүктемемен жүреді. Мектепте мұғалім болудың бір артықшылығы, Ежелгі Қазақстан тарихынан бастап Қазіргі заман тарихын әр жыл сайын қайталап оқып отырасың. Біліктілікті арттыру мақсатымен түрлі курстарға қатысасың. Мектепте тарих пәні 5-сыныптан «Қазақстан тарихынан әңгімелер» деген атаумен басталады, яғни алдағы тарих пәнінің кіріспесі. 5-6 сынып оқушылары мен жұмыс жасаған өте қызық және олар бәрін білгісі келіп тұрады: бірде 5-сынып оқушыларына өз шежірелеріңді алып келіңдер деген едім, бір оқушым бүкіл қазақ халқының руларының шежіресін алып келген.

Мектепте жалақы сағатпен есептелінеді және мұғалімнің жұмыс өтілі мен санатына (категория) қарай төленеді. Мен ай сайын қолыма 90 мың теңге аламын, оның ішнде 5000 теңгесі сынып жетекші болғаным үшін төленеді. Сынып жетекшінің жұмысы 5000 теңгеге татитын жұмыс емес, қағаз жұмыстары мен балалардың құжаттарын реттейтін жұмыстар, одан қалды түрлі жауапты іс-шаралар мен ата-аналармен жұмыстың өзі бір адам атқаратын тірлік. 

Ай сайын қолыма 90 мың теңге жалақы алсам, оның ішінде пәтер ақысына 25000 теңге кетеді, одан бөлек 5000 теңге коммуналдық төлемі тағы бар, азық-түлікке деп 6000 теңгеден жинаймыз. 9500 теңге жолда жүру билетін сатып аламын. 1 айда екі рет ақ қағаз, яғни А4 сатып аламын 2000 теңге және картридж толтырамын 1000 теңгеге. Одан бөлек кеңсе тауаларына деп 5000 теңге жұмсаймын. Егер мектепте іс-шара болатын болса 1000 теңгеден жинаймыз. Ашық сабақ немесе пәндер апталығы болатын болса, той жасағандай барлық қажетті заттар мен шығынды өзіміз көтереміз. Одан бөлек жас болғаннан соң достарыммен арасында қыдыруыма да кететін шығындар бар.

Дәл қазір менің қосымша табысым жоқ. Өйткені жұмысқа таңғы сағат 8-де кіріп кешкі 5-те шығамын. Тарих пәнінен қосымша іздеушілер өте аз. Бірақ Ұлттық біріңғай тестілеу кезінде 1 дұрыс жауабына 1500 теңгеден алған кезім болды. Ата – аналар өз баласы үшін не жасамайды, бір амалын тауып баласының тест сұрақтарын алдыртып соған жауап беруімізді сұрайды. Бірақ өзіміздің мектеп оқушыларына тегін жасап береміз. Және сөз соңында айтарым қандай да қиыншылығына қарамастан ұстаздық ету менің өзім қалаған ісім, сондықтан мамандығым – мақтанышым. Жас ұрпақ, Қазақстанның болашақ жарқын жеткіншектерінің тәрбиесі мен біліміне өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын және зор құрметпен атқарамын.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)