Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

2019 жылғы тарихи даталар

2230
2019 жылғы тарихи даталар - e-history.kz
Уақыт тілі 2018-ден асып барады. Санаулы күннен соң, есігімізді қағып, босағамызды аттап 2019 жыл келеді

Биыл біздің елімізде Астананың 20 жылдығы мен ұлттық валютаның 25 жылдық мерейтойын, Бұқар жыраудың 350 жылдығы, қазақтың күміс көмей әншісі Әміре Қашаубаевтың 130 жылдық және алашшыл ақын Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдық мерейтойы атап өтілді. Ал 2019 жылы Қазақстанда қандай ерекше даталар аталып өтпек? «Қазақстан тарихы» порталына назар салыңыз.

Қаңтар айында Қазақ АССР-інің халық әртісі, актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақов туғанына тура 120 жыл толады.

Ал 13 қаңтарда Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының ашылғанына 85 жыл болмақ. Бұл – Қазақстанда алғаш рет ашылған кәсіби музыкалық театр болатын.

15 қаңтарда Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің де ашылғанына 85 жыл толады. 180 сала бойынша мамандар дайындайтын білім ордасы 2012 жылы әлемнің 390-шы үздік университеті атанған.

15 ақпан күні қазақтың әйгілі актері әрі режиссері,ССРО халық әртісі Шәкен Айманов дүниеге келген және биыл ұлы тұлғаға 105 жыл толып отыр.

1 сәуірде көрнекті жазушы әрі тарихшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы 80 жасқа толады. Көркем прозалық шығармалардан бөлек автор Қытай Халық Республикасында жүріп «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты тарихи кітаптарын жазды. 1996 жылы «Қазақтар» атты трилогиясы үшін ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

12 сәуірде дүниеге келген ғұлама ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойы. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш академик, Қазақстан мен Совет Одағының металлогения мектебінің негізін қалаушы. Ғұлама геологиядан өзге, мәдениет және тарих саласында із қалдырған.

Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына 140 жыл. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық күресінің басында болған қайраткердің өмір жолы, қызметі ел тарихындағы аса маңызды құбылыстардың бірі.

23 мамырда қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы және археолог Кемел Ақышев дүниеге келді. 2019 жылы ғалым көзі тірі болса, 95 жасқа толатын еді. Оның есімі көне және орта ғасырларға жататын Есік обасынан табылған «Алтын адамды» тауып жариялауымен әлемге таралды.  

9 шілде күні қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, жазушы, публицист, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 130 жыл толады. «Қартқожа», «Ақбілек» романдарынан бөлек, «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» сынды ірі ғылыми еңбектері ұлы жазушының мұрасын қайта зерделеу қажет-ақ.

29 тамызда Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ өткізілгеніне 70 жыл толады. 1949 жылы 29 тамызда таңертеңгі сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалды.

19 қазанда халық қаһарманы, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев дүниеге келді. Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетіп, 1945 жылы 30 сәуірде жауынгер Григорий Булатов екеуі кеңес әскерлері арасында Рейхстагқа бірінші болып жеткен ерлігі кеш болса да ресми мойындалған Қазақ батырының 95 жылдық мерейтойы келер жылы атып өтіледі.

1939 жылы 3 қарашада Қазақстан композиторлар одағы құрылды.

15 қарашада қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің дүниеге келгеніне 125 жыл толады.

6 қарашада Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев тірі болса 80 жасқа толар еді.  

16 желтоқсанда қазақ әншісі, ССРО халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың дүние есігін ашқанына 90 жыл толады. Бибігүл Төлегенова концерттік-орындаушылық шеберлігін шыңдап, оны классикалық дәрежеге жеткізген.

1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші саны жарық көрді. Газет алғашында Орынбор қаласында «Ұшқын» деген атпен шығып тұрған болатын. 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылы «Еңбекші қазақ», 1922 жылы «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылы «Социалды Қазақстан» деген атпен шықты.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?