Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

КЕЙКІ БАТЫР: тағдыры, тарихы, тағылымы

4739
КЕЙКІ БАТЫР: тағдыры, тарихы, тағылымы - e-history.kz
NDH of Kazakhstan порталы ел тарихындағы атақты батыр, қолбасшы, мерген Кейкі Көкембайұлының бассүйегінің қайтарылуына орай «Кейкі батыр: тағдыры, тарихы, тағылымы» атты жаңа жобасын ұсынады

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Керемет Кейкі деген батыр өткен,

Қазақтың ондай жан жоқ баласында»

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1922) – 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілістің батыры, атақты мерген.

Кейкі батыр Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Ол Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Құлан Қыпшақтан → Қырымқожа → Бұғыс, Пышығай, Пұсырманқұл, Құдайқұл туады. Кейкі Бұғыстан тарайды: Бұғыстан → Сарыстық → Есберлі →  Көбей → Көшкінші → Алшынбай → Жиембет → Медет → Төреш → Торайғыр → Көкінбай → Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі (Нұрмағанбет), Шұбар (Нұрмұхамбет) бесеуі туады. 

Кейкінің ұлы аталары Төрештің Торайғыры мен Жәукенің Сәбденбегі – Кенесары көтерілісіне қатысқан жаужүрек батырлар. Бұдан батырлық ата тегінен бері үзілмей келе жатқаны, арғы тамырынан бері ерлік пен өрлік үзілмеген текті әулеттен шыққаны аңдалады.

Кейкінің азан шақырылып қойған шын есімі – Нұрмағамбет. Оның Кейкі атануының сыры – жасынан аң-құс аулап, кісіге онша жоламай, біртүрлі кейкиіп жапан далада жалғыз жүргендігінен.

Кейкі балуан денелі, түсі суық, ашуланғанда екі көзі от болып жанып кететін, бірбеткей, қайсар, Арқа, Торғай даласын жатқа білген, күн райын алдын ала дәл болжаған адам болған деп сипаттайды көзін көрген қариялар. Сонымен қатар қолына Құран ұстап, намаз оқыған, ғайбат сөз айтпаған, теріс қылық жасамаған, әдептілігімен ауылдастарының ерекше сый-құрметіне бөленген. Ел тарихында Кейкінің құралайды көзге атқан деп сипаттайтын ғажайып қолмергендігі ақиқаттан шығып, аңызға айналып кетті. Оның қамшыгерлікпен де аты шыққан. Қашқанда да, қуғанда да қамшыдан адам құтқармаған. Дала ойындарында не түрлі сайыстарға қатысып, қыр елін қызықтарымен қуантып, таң-тамаша қалдырған өнерпаз. Кейкі батыр көне замандардан мұра болып келе жатқан қазақтың халық термесі мен халық жыр-дастандарын беріле тыңдаған, өзі де домбыра тарту өнерінен құр алақан қалмаған. Ел арасында «Кейкінің салауаты» деген жыр да сақталған.

Кейкі жас шағында Жыланшық болысының алпауыты Рахмет Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Өз төңірегінде оның жылқышы аты да дүркіреп тұрыпты. Ол кезде қазақтың басты байлығы – жылқысымен өлшенетін. Ал Рахметтің жер қайысқан көп жылқысы болған. Осыншама  қылқұйрықтыны ит-құсқа жем қылмай, бағып-қағу үшін бақ-дәулет иесіне қырдың айла-амалдарына жетік, барымташылық өнеріне жақсы білетін әрі жүректі жігіт қажет болған. Кейкі жас кезінде Рахметтің жылқысын бағып, талай рет түн жорытып келген барымташылармен де белдесті, талай рет қарымта қайтаруға да қатысып шыңдалып өсті. Батырлыққа барымташылық арқылы келу – сол заманға тән үрдіс болатын. 

«Күн туса ел басына екіталай,

Кейкі мен Аманкелді – сүйенері»

Халық арасында «Аманкелді көз мерген, Кейкі қол мерген еді» деген сөз айтылады. Мұның сыры – Аманкелді сардар қай нысананы да көздеп атқан және көздегенін ешқашан мүлт жібермеген болса, Кейкі кез-келген нысананы атпен шауып та жаяу жүгіріп келе жатып та шапшаң атып түсіре беретін нағыз мергеннің өзі болған. Оның жастайынан мылтық атуға әбден машықтанғаны соншалық, қандай қимыл үстінде де екі қолы мылтықты нысанаға дәл ұсынатын.

Кейкі – Аманкелдімен бірге өсіп, біте қайнасып, жан серігіне айналған жан. Оның ел арасына тарап кеткен «Амангелді қай жақ болса, сол жақтамын» деген сөзі оның сертке адал, уәдеге берік адам екенін және бас сардармен айнымас достығын айғақтаса керек. Тұрмыс мехнатын ерте тартқан екі батыр да әділдік жолында күресуді бала жастан мақсат тұтқан. Кейін 1916 жылы Торғайда ұлт-азаттық көтерілісі басталғанда Кейкі Аманкелдіні іздеп барып, Әбдіғапар ханның әскерінде мергендер тобын басқарған.

Кейкі батыр ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Торғай қаласына шабуыл, Құмкешу, Күйік, Батпаққара, Доғал соғыстарының бәріне де қатысқан. Академик Манаш Қозыбаев өзінің «Жауға шаптым ту байлап» атты кітабында: 

«Ақпанның 13-і күні  (1917 жылғы) Шолақсай  керуен жолын торыған Аманкелді, Өмен, Кейкі бастаған 2000 сарбаз Шошқалы қопада подполковник Кисловтың отрядын оқпен қарсы алды,  шабуылға шығып айқас салды. Дер кезінде  шегініп, әскердің ертеңгі жолын  болжап, түнделетіп төте жолмен Күйік қопасына  жеткен сарбаздар Тышқан тамының маңайында қаңтардың 14-і күні Кислов отрядын қайтадан қарсы алды. Еркіндікті аңсаған ерлердің беті қайтпай, қарулы қолға қайтадан шығуы таңғажайып емес пе? Күйік қопадағы бұл айқаста атақты Құлан қыпшақ Кейкі батыр ерен ерлік көрсетті. Жау тобына қырғидай тиіп, жазалаушылардың талайын жайратты», –

деп жазады.

«Күрессіз өткізбеген бір күн текке,

Ұшырған кәпірлердің күлін көкке»

Әбдіғаппар мен Аманкелді қыс бойы сарбаздарын соғысқа дайындады: қатал әскер тәртібін енгізді, соғыс тәсілдерін үйретті. Әбдіғаппардың қарамағындағы сарбаздардың саны күннен-күнге өсті: алғашқыда небәрі 6000-дай сарбаз жиналды. Бұларға Аққұм болысынан Карбоз бастаған 1500 сарбаз келіп қосылуы керек. Оспан ханның 3000 сарбазын қоссақ, жалпы сарбаздар саны 10 мыңдай еді.

Сарбаздарды топтастыруда мылтықтары бар 200 сарбаздан 5 ерекше мергендер тобы құрылды (әрқайсысында 40 мергеннен болды), соның екі тобы винтовкамен қаруланған еді. Мыңбасылары жорыққа шыққанда жанында 40 мерген ертіп жүретін. Мергендерді соғыс ісіне Кейкі, Жағыпар жаттықтырды. Кейкі бұл кезде бүкіл Торғай еліне аты шыққан мерген, халық оны «қол мерген»деп атайтын. Денесінің шағын болғанына қарамастан, өзі де қарулы болған, мінезі шатақтау, аяушылықты білмеген.

1917 жыл, қаңтардың 5-і. А.Г. Сандецкийдің бас штабқа берген хабарында көтерілісшілердің алдағы жоспары мен олардың іс-әрекеттеріне деген сүйсіну басым:

«...Торғай маңында үлкен екі қарақшылар тобы бар: біріншісі... (бұл кезде тарап кеткен), екіншісі қаланың солтүстігінен 150 шақырымда Қараторғай болысында, Әбдіғаппар Жанбо­сынов хандыкі... Жанбосынов ханның көтерілісшілерінің бір тобы Шолақсай керуен жолын торуда, мақсаттары – керуендерді ба­сып алу.

Күздегі келісім бойынша, Қостанай жағынан келетін әскер жолы торуылданды. 16-ның соңы мен 17-нің басы өте суық болды. Қақаған аязда ауылдан 150 шақырым жортуылдап, боранды далаға патша әскерлерімен шайқасу жолын бөгеу ерлік емес пе!..»

Кейкі басқарған көтерілісшілердің бір тобы бас штабтың ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрған. Амангелді мен Кейкі аз ғана (100-ге жуық) мергенімен қаңтардың 13-і күні Шолақсайға жетіп, онда Садуақас пен Досан жинаған Наурызымның 1500 жігітін қосып алып, Қостанай әскеріне қарсы шыққан.

Амангелді мен Өмен мергендер тобын үшке бөліп, осы тұстан өтеді-ау деген болжаммен қалың тоғайдың шетінде орналастырған: бір тобын Кейкі, екіншісін Өменнің өзі, үшіншісін Жағыпар басқаратын болды. Бәрі Кейкінің бастауын күтеді. Мылтықтың тең жартысы ғана винтовка. Орыс әскерлеріне күш көрсететін осылар болған.

1917 жылдың 16 ақпанында Торғай көтерілісшілерінің тобын жою үшін полковник Тургеневтің Орынборлық 13 атты казак полкі Батпаққараға бет түзеді. Жазалаушылардың қалың қолына көтерісшілер 20 ақпанда Құмкешуде, 23 ақпанда Доғал-Үрпек бойында шабуыл жасап, патша әскерін едәуір шығынға ұшыратты. Осы шайқаста Кейкі батырдың тапқырлығы, соғысу тәсілдерін меңгерген шеберлігі, нысанаға алғанын мүлт жібермей, жауына жасындай тиген ерлігі ел аузына ілігіп, даңқы асты.

«Көрсе де қандай сұмдық, сағы сынбай,

Күн кешкен қырдың көкжал тағысындай»

1919 жылғы сәуір айындағы Амангелді Үдербайұлы мен Қыпшақ хандығы­ның көсемі Әбдіғаппардың жұмбақ өлімдері Кейкі батыр өмірін шұғыл өзгертті. Билікке келген совет өкі­метінің Алаш қайраткерлеріне қарсы мансұқтау науқаны жедел жүргізіліп, сардар Аманкелдінің өліміне кінәлілер ретінде алашордалықтар танылды, иеология саласында Амангелді Үдербайұлынан Амангелді Иманов образы жасалды да, негізгі айыпқа М. Дулатұлын жықты.  Алайда Алаш Ордаға қатысты 12 томдық тергеу істерінің беттерінде Міржақып Дулатовтың өз қолымен орыс тілінде жазып берген түсініктемесінде:

«Мен Амангелді Имановтың өліміне кінәлімін. Бірақ тікелей оны өлтірген мен емес. Мен жауапкершілігімді сезінемін. Өйткені, күдікпен Амангелдіні түрмеге жауып қойдық. «Қостанай жақтан қызылдардың өтряды келе жатыр» деген хабарды естіген соң мен отрядтың бір бөлігін алып, Торғайдан 30 шақырымдай жерде солардың алдынан шықтым...», – 

деп жазады. Қысқасы, Амангелді өлтірілген кезде Міржақып қалада болмаған.

Бұл шақта Кейкі батыр сарбаздары ат үстінен түспеді: себебі бір жағынан қызылдардан жөңкіле қашқан Колчактың қалдық әскерлері бейбіт ауылдарды тонаса, екінші жағынан советтік қызыл әскерлердің де салық жинауды сылтауратып қазақ ауылдарына істеген шектен тыс зорлық-зомбылығы қатты әсер етті. Кейкі батырдың ақтарға да, қызылдарға да қарата айтатын «Ақ орыс та – орыс, қызыл орыс та – орыс» деген сөзі осындайдан шыққан.

1919 жылдың жазында Торғай жеріндегі жергілікті совет өкіметін құлатып, бар билікті қолына алған алашордалықтар большевиктерге қызмет жасаған Аман­гелдінің жақтастарын қуғындауды бас­таған болатын. Осы мақсатта 20 адам­нан тұратын әскери далалық сот құ­рылды және осы құрыққа «Аман­кел­дінің жақтасы» ретінде Кейкі де ілікті.

Осы ретте алаш әскері мен Кейкі сарбаздары кездесіп шайқасты деген дерек кездеспейді, есесіне Амангелдінің жақтастарын біржолата құрту үшін ел ішіне шыққан С. Қаратілеуовтің әскері Кейкімен беттеспей, кері қайтқаны туралы деректер кездеседі.

Торғай даласына совет өкіметі орныққан соң, Кейкі сарбаздарын таратып, біржола бейқам, тыныш өмірге түседі. Әскер және билік ісіне араласпай, ел арасы тыншыған сәтте де оның артында аңдулар мен тыңшылық болғаны анық еді. Совет өкіметінің жансыздары тарапынан болған бұл әрекет Кейкіні де жайына қоймады. Олардың жоғары жаққа жолдаған хаттарында батырды банды, ел арасын бұзушы, қарақшы деп сипаттап отырғаны туралы деректер бар. Осы ретте Кейкінің маңына советтік шенеуніктерден әділетсіздік көрген, жапа шеккен кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлар жиналып қалған еді. Бұл оқиға отқа май құйғандай әсер етті.

«Халқы үшін қор болған, қайран Кейкі,

Көрі де жоқ, соны ойлап, жай жатпаймын»

Кейкі батырдың бұл кездегі атағы дұшпандарын да сескендірген. Тіпті Қарсақпай Ішкі істер бөлімі жансыздары тынымсыз іздестіруі арқылы батырдың жатқан жері, із тастап баратын бағыты, жер-жердегі батыр сеніміне кірген азаматтар – бәрі-бәрі тексеріліп, анықталып, жазылған құпия жазбалар Торғайдағы әскери комиссариатқа жолданып отырған.

Олардың Кейкіні алуы, ұстауы оңайға түспеген. Әскери жасақпен күшпен ұстау нәтиже бермеген соң, бетпе-бет шайқаста Кейкі қарсыласын ойсырата қырып кеткен соң, олар батырды айла-шарғы арқылы қолға түсірге жоспар құрады. Арнаулы ұйым ақылдаса келе Әліби Жангелдиннің атынан Кейкіге кешірім хат дайындатқызып, оны жеткізуді Торғай аймағына танымал комиссар, революционер Александр Токаревке тапсырады.

1922 жылдың сәуір айының ортасынан ауа Торғай қаласына 26 шақырым «Шуақбай» деген жердегі белгілі бай Нұршабайдың Әбдіхалығының үйінде сенімсіздігі білінген Токаревті батыр атып өлтіреді. Осы оқиғадан кейін батыр Шуақбайдан төтелеп Аққұм, Айырқұм, одан Рахмет ауылына екі күн жүріп, үшінші кеште өзінің ат жалын тартып мінген жастық шағы, бүкіл саналы ғұмыры өткен алтын мекенге ат басын тірейді. Батырдың ең соңғы тоқтаған жері – Жалаулының Жыланшыққа құяр сағасы. Осы жерде ол Торғайдан арнайы шыққан Желяевтің жазалаушы отрядымен атысады. Жанындағы екі татардың сатқындығы кесірінен оққа ұшырайды. Батырды өлтіру операциясы аяусыз жауыздықпен іске асырылған. Айы-күніне жетіп отырған аяғы ауыр Ақжан сұлуды да шашынан сүйреп далаға алып шығып атып өлтіреді. Біреуі Кейкі туады деп Ақжанның ішін қылышпен жарып, ішіндегі туарманға келген ұл баланы аударып тастаған. Басқа бір бөлмесінде ұйықтап қалған інісі Шұбарды (Нұрмұхаммед) да алып шығып атып өлтірген. Батырға опасыздың жасаған қос сатқынға да «марапат»: ажалына екі оқ бұйырған.

«Тағы бір бейіті тұр Жалаулыда

Қол жаяр ұрпағынан жырақ қалып»

Құлан Кейкі батыр әке-шешесінен жалғыз емес-ті. Ол алдында арқа сүйейтін ағасы, соңында қолтығынан демейтін інісі бар бес ағайынды болатын. Олар: Омар, Оспан, Қошжан, Кейкі, Шұбар деп аталатын, бір-бірімен қаны да, жаны да бір бауырлар еді. Кейкі батырмен бірге туған бес адамның ішінде қазір Қошаннан ғана ұрпақ қалған. Қалғандары Кейкі батырға «халық жауы» деген нақақ жаламен жаппай қуғындауға ұшыраған.

Кейкі батырдың әулеттерінен ұрпақтар бар. Ет жақын туыстары Қылышбаев Әубәкірдің балалары, Әубәкірдің ағасы Спандиярдың Мұханбетрахымы Арқалықта, басқа ағайындары Тасты бойында тұрады.

Әубәкір Қылышбайұлы – Кейкінің тарихи тұлғасын ашып көрсетуде, ол туралы тарихи-танымдық еңбектерді жариялап, көп насихаттаған адам. Әкесінен, көнекөз қариялардан Кейкі батыр туралы естіген әңгімелерін мақала, әңгіме желісіне арқау етіп газет-журналдарға да жариялаған. Оның 1997 жылы жарық көрген «Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң», 2005 жылы жарық көрген «Бас кеспек болса да...» атты кітаптарында да осы әңгімелер, естеліктер орын алған.

Есімі мен ерлігі ел аузында аңызға айналған тағдыры күрделі дара тұлға жайында жерлес жазушы Ақан Нұрманов «Құланның ажалы» атты тарихи роман жазды. Көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлы «Кейкі батыр» тарихи дастанын жазса, торғайлық белгілі журналист Ахметхан Байжан «Құлан Кейкі батыр» атты деректі хикаяттар жинағын, өлкетанушы Шөптібай Байбілдин «Кейкі батыр» жинағын жарыққа шығарды.

2010 жылдың мамыр айында Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының алдындағы алаңға батыр бабамыздың ексерткіші қойылды, қаламыздың бір көшесі  Кейкі батырдың есімімен аталады.

«Кейкі үңгірі» – халық батыры Кейкі жасырынған жер атауы. Сайын дала төсінде саяқтай қашып жүрген батырдың жасырынған тау қуысы Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қорғасын ауылының жанында.

«Ел болып сүйегіңді сұрап жатыр

Денесі бассыз қалған Құлан батыр»

Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Петерборға алып кеткен. Ол бұған дейін Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы тұрған.

Орыстар Кейкі батыр Көкембайұлының басын кесіп алып, Торғай қаласының орталығында бағана басына 7 күн бойы іліп қойып, жұртты шошындырды. Осылай жасау арқылы ел-жұртты үрейде ұстап отыру – ежелгі тәсіл болатын. Батырдың бас сүйегін Д. Букинич деген біреу Санкт-Петербургтің Антропология және этнография мұражайына тапсырған. 

Батыр бабамыздың бас сүйегін қазақ ғалым-жазушылары Тұрсын Жұртбай, Шәріпбек Әмірбек және Думан Рамазан өз көздерімен көріп қайтты. Хан Кененің басын іздеп жүріп Кейкінікіне кез болған жазушы, зерттеуші Думан Рамазан:

«Атамыздың бас сүйегiнiң нөмiрi – 3383 екен: «3383. Череп знаменитого бандита казаха Кейки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Советский период. От Д. Д. Букинича в дар в 1926 г. Документы: Записка Собирателя. 3/ХI-33», –

деп жазылған негiзгi құжатта. 

Ал екiншi бiр жазбада: «Инв. № 3383. 45 лет. Череп знаменитого киргизского бандита Кейки Тургайского уезда, Кайдаульской волости, свирепствовавшего в Степи в 22 и 23 году. Наводил ужас своими зверствами на местные населения и на переселенцев, двигавшихся из Ак-Тюбинска на Атбасар. Был очень набожен и всегда в молитвах раскаивался в преступлениях», – деп жазады «Жоралғылы жорық» атты кітабында. 

Сонымен қатар Д. Рамазан мынадай деректі көрсетеді: «Он почитается киргизами за свою храбрость и считается «батырем» несмотря на свой невзрачный вид (низкого роста, худощавый)». Батырлық деген алып дене, бұла күш пен сұлу сымбат еместігін қазаққа дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Жүректілік дене тұлғасының ірі-кішілігіне қарамайды. Атам қазақ батыр адамдарды жүрегінің түгіне, яғни ет жүректе бір тал қылшықтың бар-жоғына қарап бағалайды. 

Кейкі батырдың бассүйегін туған еліне жеткізу – қазақ халқының көп жылдан бергі ізгі арманы еді. Батыр басын қайтару мәселесі республикада әлденеше рет көтеріліп, сонымен қатар хан Кенесарының бассүйегі де қайтарылса деген талап қойылған. Тек 2016 жылдың мамыр айында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы батыр бабамыздың бас сүйегі елге қайтарылатыны туралы хабарлаған болатын. «Қазір біз бұл мәселені шеше аламыз. Ресейден келісім келді. Біздің ғалымдар да керек мәліметтерді жинап қойды. Тек оны әкелудің техникалық процедураларын шешу ғана қалды», – деген болатын министр А. Мұхамедиұлы.

Мәскеуде экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов өзінің ресейлік әріптесі Дмитрий Медведовпен өткен кездесуінде кунскамерада жатқан қазақтың соңғы ханы Кенесары мен Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтару мәселесін талқылайтынын мәлімдеді, іле-шала 12 тамыз күні Ресейге жасаған сапарында көршi елдiң үкiмет басшысынан Кенесары хан мен Кейкi батырдың басын қайтару мүмкiндiгiн қарастыруды ресми түрде сұрады.

Батырдың бассүйегі Қазақстанға 6 қазан күні жеткізілді. ҚР орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай 12 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі антропологиялық сараптама үшін Венгрияға жеткізілетінін мәлімдеді. Бассүйекті көрген ол Кейкі батырдың «басы кетпенмен шабылғанын», бірнеше жерде кетпеннің ізі барын айтты.

«Басын тізерлетіп қойып кетпенмен шапқан. Мойнынан шапқан, оң жақ бетін шауып түсірген. Барлық ізі бар. Өтпейтін кетпенмен бірнеше рет шабу деген сұмдық қой», –

деді Н. Әлімбай. Оның сөзінше, бассүйектің паспортында бастың кетпенмен шабылғаны жазылған. Бас сүйектің барлық бөліктері бар және оларды қалпына келтіруге болады.

Бассүйекті толық қалпына келтіру үшін қазіргі уақытта Мажарстанның Жаратылыстану ғылымдары мұражайында арнаулы мамандар, антролог ғалымдар жұмыс істеп, батыр бабамыздың бейнесін қалпына келтірді. Антропология ғылымының машақатты жұмысымен осы салада тәжірибесі мол әрі Абылай ханның келбетін қалпына келтірген Агнеш Куштар, Шандор Эвингер мен Андраш Биро тікелей шұғылданды. Мажар мамандарының батырдың сүйегіне сараптама жасап, оның қайтыс болған кезде жасы шамамен қаншада болғанын, неден қайтыс болғанын анықтады. «Біз Кейкі батырдың қалай қайтыс болғанын тарихтан білеміз. Ал біздің жасаған сараптамадан оның қандай жарақаттар алғанын көруге болады. Оны желкесінен металдан жасалған затпен кем дегенде жеті рет ұрған. Содан сүйегі сынып кеткен. Қатты жарақат алған. Рентгеннен де жарақаттардың барлығы көрініп тұр», – деді олар.

Жұмыс нәтижесінде халық ауыз әдебиетінің нұсқалары, ел аузындағы сөздер, көнекөз қариялардың әңгімелеуі бойынша салынған көркемсурет пен жасалған ғылыми антропологиялық кескіннің арасында еш айырмашылық болмай шыққан. Осылай Кейкінің шынайы бейнесі қалпына келтіріп, туған елімен қауышты. Болашақ үшін, ұлттың ертеңі үшін жанын қиған ардақты бабамыздың асыл бейнесі ұрпақ жадында сақтау үшін алда тағы да іргелі шаруалардың іске асырылатыны анық.

Материалды әзірлеу барысында Әубәкір Қылышбайұлының, Серік Тұрғынбектің өлең-жырлары, тарихшы-зерттеушілер Марат Мырзағалидың, Мақсұтбек Сүлейменнің, Думан Рамазанның, Өмірбай Бекмағанбетов, Шөптібай Байбілдиннің зерттеу еңбектері пайдаланылды.   

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?