Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астана көшелері: Алаш ардақтылары І

2409
Астана көшелері: Алаш ардақтылары І  - e-history.kz
Астана көшелері негізінен тарихи тұлғалар, сасяи қайраткерлер мен мәдениет майталмандарына, қазақ жер-су атауларына және мерекелік даталарға орай қойылған

Астана қаласында 14 даңғыл, 4 тасжол, 917 көше бар. Көшелер негізінен тарихи тұлғалар, сасяи қайраткерлер мен мәдениет майталмандарына, қазақ жер-су атауларына және мерекелік даталарға орай қойылған. Осы материалымызда Алаш ұлт-азаттық қозғалысының 20-ға жуық қайраткерінің құрметіне берілген көшелермен таныстырамыз. 

АЛАШ тасжолы 

Бұрынғы атауы – Софиев тасжолы. Ш. Жиенқұлова көшесінен басталып, Ақжол, Жолымбет көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 14717,3 м. 

Алаш (ежелгі түрік сөзі – «бауырластар, қандастар, туыстар») – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. «Алаш» сөзі «қазақ» атауының баламасы ретінде берілген. «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі «Алаш» ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды. ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс – «Алаш қозғалысы» деп аталды. Алаш қозғалысы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған қазақтың саяси-демократиялық қозғалысы. Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылдың ақпан және желтоқсан аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. 1917 жылы Алаш партиясының құрылуы мен Алашорда үкіметінің құрылуы бұл қозғалыстың нәтижесі болды. Бұл тасжолда Орталық базар, Көк базар орналасқан. 

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН көшесі 

Ғ. Қараш көшесінен басталып, Абай даңғылында аяқталады. Ағыбай батыр, А.Иманов, Кенесары көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 846,3 м. 

1bb19a8943fe5eeafcc51028c211a629.jpg

Әлихан Бөкейхан (1866-1937) – қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілресейлік мұсылман сиезіне қатысып, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүшесі болды. Әлиханның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде 1-жалпықазақ сиезі өткізіліп, «Алаш» партиясы құрылды. 1917 жылғы желтоқсандағы сиезде «Ұлт Кеңесі» құрылып, оның аты «Алаш Орда» болып аталды. Бұл үкіметтің төрағасы болып Ә. Бөкейхан сайланды. 

Бұл көшеде Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы, ОБСЕ орталығы, БҰҰ өкілдігі, «Абай» кітап үйі орналасқан. 

АЙДАРХАН ТҰРЛЫБАЕВ көшесі 

Бұрынғы атауы – № 12-41 көше. Қарақожа орамынан басталып, Ж.Сейдалин көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 933,5 м. 

Айдархан Тұрлыбаев – Алаш қозғалысының қайраткері. Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездерін және атты әскер полкін ұйымдастырушылардың бірі. Ақмола облыстық «Алаш» комитетінің төрағасы. Алашорда үкіметі Ұлт кеңесінің мүшесі. 

АСПАНДИЯР КЕНЖИН көшесі

Бұрынғы атауы – Н.Тілендиев орамы. Н.Тілендиев даңғылынан басталып, Болашақ көшесінде аяқталады. М.Мөңкеұлы, А.Үлімжіұлы, Жаңақоныс, Сүйінбай ақын көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1009,6 м. 

Аспандияр Кенжин (1887-1938) – Батыс Алашорда жетекшілерінің бірі. 

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ көшесі 

Бұрынғы атауы – №23-21 көше. Р. Қошқарбаев даңғылынан басталып, Тәуелсіздік даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 7200 м. 

430c5a9ad44aa669fe81db7262d5896e.jpg

Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) – қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қоғам және ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. 1917 жылы төңкерістік өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында із қалдырған қазақ сиездері мен қазақ комитеттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүріп, «Қазақ» газеті арқылы халыққа саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Алашорда үкіметі құрамын бекіткен Екінші жалпықазақ сиезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп, Ахмет Байтұрсынұлын бекітеді. Ахмет Байтұрсынұлы «Қырық мысал», «Маса», «Әдебиет танытқыш» секілді жинақтарын жарыққа шығарды. Ахмет Байтұрсынұлының ақын аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі зор бағаға ие болды. 

Бұл көшеде «Әзірет Сұлтан» мешіті, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Шабыт» концерт залы, «Хайвилл» тұрғын үй кешені орналасқан. 

ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВ көшесі 

Бұрынғы атауы – Светлый көшесі. Темірқазық, Н.Оңдасынов, Алпамыс батыр көшелерін қиып өтіп, Қарасақал Ерімбет көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 899,5 м. 

Әлімхан Ермеков (1891-1970) – қоғам қайраткері, «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі, математик, ұстаз, ғалым. 1921 жылы Томск технология институтын бітірген. Қазақ жерлерін Қазақ АКСР-і шеңберінде топтастыруда ерекше рөл атқарған. Ол қазақ зиялыларының қатарынан тұңғыш рет математика саласынан профессор атағына ие болған.

1ee9116f13762f8cbb8640395b7f7f14.jpg

БІРІМЖАНОВТАР көшесі 

Бұрынғы атауы – № 23-41 көше. Қордай көшесінен басталып, Сүтбұлақ орамын қиып өтеді. Ұзындығы – 673,9 м. 

Ахмет Қорғанбекұлы (1871-1927) – Алаш қозғалысының қайраткері. Алашорда үкіметінің мүшесі. Ғазымбек Қорғанбекұлы (1896-1938) – Алаш қозғалысының қайраткері. «Алаш» партиясының бағдарламасын жасаушылардың бірі. 

ЖАҚЫП АҚПАЕВ көшесі 

Бұрынғы атауы – № 12-37 көше. Абайдың 150 жылдығы көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 1006,5 м. 

Жақып Ақпаев (1876-1934) – Алаш қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі. Санкт-Петербург университетін бітірген. ХХ ғасырдың басындағы ең ықпалды қазақ зиялыларының бірі. Қарқаралы уезінің қазақ комитеті оның құрметіне «Жақып медресесін» ашқан. Қазақ халқының құқығы мен бостандығы үшін күрескен қайраткер. 

ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ көшесі 

Бұрынғы атауы – Литейный көшесі. Ақжол көшесінен басталып, Жетіген көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 1501 м. 

Жаһанша Досмұхамедұлы (1889-1932) – Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін болған қоғамдық-саяси өзгерістер кезінде облыстық қазақ комитетінің төрағасы болды. 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне қатысып, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды. 

ЖАҺАНША СЕЙДАЛИН көшесі 

Бұрынғы атауы – №12-120 көше. Дәулеткерей көшесімен қиылысып, Н.Тілендиев көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 982,1 м. 

Жаһанша Сейдалин (1877-1923) – қоғам қайраткері. ХХ ғасырдың басында жалпықазақ сиезін шақыруды алғаш көтерген тұлға.

Деректер «Астана көшелері» (Құрастырғандар: Е. Тілешов, О. Сүлейменов. – Алматы: 2008. 288 б.) кітабынан алынды. 

Әзірлеген Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?