Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оспанның үкімі Жағда тергегенге дейін шығып қойған

2185
Оспанның үкімі Жағда тергегенге дейін шығып қойған - e-history.kz
Жағда Бабалықұлы – ұлтты шынайы сүюдің жарқын символы, қазақ үшін қам жеген ердің ері, халық мұрасын тірнектеп жиған қазынаның көзі, кейінгі ұрпаққа ақ батасын аямаған нағыз ақсақалдың өзі

Қазақ халқының көне сөздерінің білгірі, тарихшы, этнограф, мемлекет және қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлының туғанына биыл тура 100 жыл. Жастайынан-ақ азаттықты көксеп өскен тағдырлы тұлғаның бар арманы – туған елінің егемендіккке ие болуы еді. Шығыс Түркістан республикасының құрамында қызмет еткен жылдарында қайраткердің от пен оқтың арасындағы ғұмыры талайға үлгі. Жағда Бабалықұлы – ұлтты шынайы сүюдің жарқын символы, қазақ үшін қам жеген ердің ері, халық мұрасын тірнектеп жиған қазынаның көзі, кейінгі ұрпаққа ақ батасын аямаған нағыз ақсақалдың өзі.

Жағда Бабалықұлы 1917 жылдың 1 қарашасында Жайыр тауының етегіндегі Құжыртай қыстауында дүние есігін ашқан. 1860 жылы туған әкесі Бабалық бір атадан жалғыз және молдадан өз бетінше қара танып, хат оқи алатын шала сауатты жан болыпты. «Әуелгіде ірі саудагерлерге жалданып еңбек еткен әкесі қолына түскен азын-аулақ ақшасымен ат сатып алып, кейін тұрмыс қалпын жақсартып алған екен» деп әңгімелейді Жағда атаның өзі. Жағда Бабалықұлының шешесі Шәкет ана тоғыз құрсақ көтерген алтын құрсақтың қатарынан болыпты. Кіші шешесі, яғни әкесі Бабалықтың екінші жары Рахымжаннан да төрт бала дүниеге келген екен. Бабалықтың шежіресін жазған Жағда ақсақал атадан тараған ұрпақтың саны жүз сексеннен асатынын айтады.

Тәуелсіздікке ұмтылу – темір торға қамалу

Ханзу тілді мектептердің көбейіп, есесіне қазақ мектептерінің жабылуы осы кейінгі жылдары өріс алды ғой, Жағда Бабалықұлының балалық шағында мектептер таза қазақ тілінде болған. Алғашында қазақ мектебінде ұйғырша, кейде татарша аралас білім алып, кейін 1941-1943 жылдары Шәуешек гимназиясын тауысады. Осы кезеңде жас Жағда білімді қазақ жастарының басын қосып, астыртын ұлт-азаттық ұйымын құрып, азаттық алудың қарекетіне кіріседі. Байырғы, бағзы атамекенде еркін жайлап, кең қыстаған бабалар жерінің тарылып бара жатуы, көне халықтың ен даланы еркін кезген бостандығына шектеу түсе бастауы, түбінде бұл мекеннің жат қолында қаларын сезінуі Жағданы отбасы, ауыл-аймақ тірлігінен бөлек ұлт қамын ойлайтын дәрежеге көтереді.

Сол үшін ұсталып, темір тордың ар жағын да бірнеше мәрте көріп қайтады. 1943-1947 жылдары Үрімжідегі жоғары оқу орнында оқып жүргенде ұлтшылдық әрекеті үшін тұтқындалып, түрмеге жабылады. Ж. Бабалықұлы ақын, қоғам қайраткері Қасымхан Бегмановқа берген сұхбатында төрт рет түрмеге түскен жайын баяндайды: «Біріншісі – 1945 жылы ұлт-азаттық көтеріліс жасағанда біз Оспанға арқа сүйедік. Екіншісі – мені қайта соттағанда да «Оспанға қатысың бар» деп соттады. Үшіншісі – 1947 жылы ол кісі туралы жақсы көргендігімнен бір әңгімелер айтқан болуым керек. Соны Қытайдың «тыңшылары» Шығыс Түркістан мемлекетінің бақылау орталығына жеткізген екен. Содан мені өз үкіметім қамап кеп жіберді. Ал төртінші рет «Үш отаудың» басын біріктіру идеясына байланысты түрмеге түстім». Осылай Жағда Бабалықұлының азаттыққа деген ұмтылысы тас еден, темір торға қамалумен аяқталып отырған. Қайсар тұлғаның түрмедегі азаптарын оқыған адамның төбе құйқасы шымырлап кетеді, жаны түршігеді. Бір камерада жатқан мұңлықтардың өлі денесін сүйреткен жендеттер камераның босағасынан баспалдақ арқылы жоғары көтерілгенде әлгі басты бұлғақтатып әкетеді, сол бейне өмір бойы Жағданың жадында сақталып қалыпты. Енді бірде өзек жалғайтын тамақ жоқ, қарын аш, ас ішпегелі бірер тәулікке созылған, қалың түп жалбызды таңдайда жібітіп аман қалған тағдырды оқисыз. Тәуелсіздіктің қадірі осындай жанкешті тұлғалардың талайлы тағдырының ғибраттылығынан болса керек-ті.

Жағданың Оспанды «тергеуі»

Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресінің жетекшісі, атақты қолбасшы Оспан Сіләмұлының қазасына байланысты дау-дамай толастамай тұр. Әсіресе «оны тергеп, қол қойды» деп белгілі қайраткер, этнограф Жағда Бабалықұлын тікелей кінәлайды. Алайда бұл жайттарға оның қандай қатысы бар екеніне тарихшы Әлімғазы Дәулетхан мырзамен сұхбат барысында көп жайттарға көз жеткіздік.

Әлімғазы Дәулетхан Оспанды ұстау операциясы қаза болардан бірнеше жыл бұрын ұйымдастырылғанын, ұстап берген адамға арнайы сыйақы тағайындалғанын және қолға түскен дала көкжалының жазасы – өлім күтіп тұрғаны белгілі деп айтады. Оспанның соңына түскен Қытай генералы Уаң Жын батырдың әзиз басына ақша тігіп жариялайды. Профессор Тұрсын Жұртбай Жағда ақсақалмен тілдескенде «Сонда оларды не үшін құрбан еттік? Мен жолына құрбандық атаған Шығыс Түркістан тәуелсіз мемлекеті де жоқ, Оспан соғысқан елестегі қазақтың тәуелсіз мемлекеті де жоқ. Екеуміз де ұлтымыздың азаттығы үшін жан алып, жан бердік. Ал қазір екеуміз де тұтқынбыз. Айырмасы, ол – соғыс тұтқыны, мен – уақытша бостандықта жүрген саяси тұтқынмын. Ол өз тағдырының атумен аяқталатынын біледі. Ал мен күдіктің құрсауындамын» деген өзекжарды ойын білдіреді де, қапаста жатқан Оспанға кіріп, оған арнап дайындаған үш сауалына жауап алады. «Үш аймақ»» көтерілісін әуелі өзіңіз бастап алып, ұлт-азаттық мүддесі бір, діні бір, ұлты бір Шығыс Түркістан мемлекеті құрылған соң, сол мемлекетке неге қарсы шықтыңыз? Неге ата жауыңыз гоминдаңмен бірігіп кеттіңіз?» деген алғашқы сауалға, «Сіз ғой, батыр адамсыз, діни парыз бен иманның обал-сауабын, кешімін, соғыстың заңдылықтарын жақсы білесіз. Ашық майданда қаза тапқандардың құнын екі жақ та жоқтамайды. Олар – шейіт. Ал тұтқындалған әскер – сіздің дәргейіңіздегі әскер. Соғыс жолында да, дін жолында да олар сіздің қарауыңыздағы мүсәпірлер, әскери мейман. Оның үстіне олар және олардың үй-іші, туыстары, рулары – сіз күресіп жүрген мемлекеттің азаматтары. Бәрі қазақ. Оның ішінде сіздің өз руластарыңыз да бар. Сіз қоршауда қалған бір полкті түгелдей қырып жібердіңіз. Онымен қоймай қолға түскен 236 тұтқын әскерді сапқа тұрғызып қойып неге бауыздап өлтірттіңіз? Сондай-ақ 36 офицерді неге мойынына тас байлап Ертіске ағызып жібердіңіз? Қалай көтерілістің құрбандығына шалдыңыз? Олардың руы керей болмағаны үшін ғана ма. Олар да қазақ, олар да мұсылман еді ғой?» деген екінші сауалға және «Сіз – батыр адамсыз, халық батырысыз. Өлімнен қорықпайсыз. Күш те, қуат та, мергендік те, қоянқолтық соғыстың тәжірибесі де бір бойыңызда бар. Астыңыздағы атыңыз да атысқа үйренген сыралғы. Сізде сыралғы, қолыңызға оңтайлы, түзу бір мылтық бар. Ол от алмаса, қойныңызда оқталған қалта тапаншаңыз бар. Одан қалса – қылпылдаған қанжарыңыз бар. Жау қапылыста қоршағанда неге атыспай қаштыңыз. Сізді қуған он жеті-он сегіздегі, атқа шаба алмайтын, мылтық атып үйренбеген, әскер де емес, әскердің қазаншысы, бозөкпе қытай баласы екен. Ол атпен шауып келе жатқанда оқ ата алмаған. Атыңыз тайып жығылды дейік. Әлгі балада жалғыз-ақ мылтық бар. Оның өзі оқтаулы ма, жоқ па, белгісіз. Сонда жаңағы екі мылтықтың бірін, не қанжарыңызды пайдаланбай: «Қолыңды көтер!», – дегенде еш қарсылықсыз көтеріп, алдына түсіп, өңмеңдеп неге жүре бердіңіз? Сіздің мына азапқа түспейтіндей мүмкіндігіңіз бар еді ғой» деген үшінші сауалға жауап жазушы-ғалымның «Біртұтас Алаш идеясы» кітабында берілген.  

«Оспанды Жағда Бабалықұлы «тергеуі», былайша айтқанда, формальді дүние болатын, – дейді тарихшы Әлімғазы Дәулетхан. – Оспанды тергеу ісі бойынша бір емес, бес комиссия жұмыс істеген. Олардың әрқайсысында бес адамнан болса, тек жергілікті шағын комиссияның құрамындағы жалғыз қазақ – Жағда болатын. Орталықтан келген комиссия, әскери-өндірістік, өлкелік сот, т.б. қосқанда бір адам бүкіл тергеуді шешпейді ғой. Оспанның үкімі Жағда тергегенге дейін шығып қойған». Тек түрме ішіне кіргенде Оспанның бейнесі ақтық сәтін күтіп отырған өрліктің символы болып елестеген. Иман-кәмілі бойында, түңіліп әуреге түспеген хас батырдың тұлғасы көрінген дейді екен Жағда ақсақал.

Қазақ көші және Жағда Бабалықұлының мұрасы

ХХ ғасырдың ортасына дейін Совет одағы мен Қытай үкіметінің арасы айтарлықтай жақсы қарым-қатынас болып келгені белгілі. Тек 50-інші жылдардың аяғына қарай Хрущев билігіндегі Одақ пен Мао басқаратын Қытай арасындағы байланыстың салқыны екі империяның дипломатиялық қарым-қатынасының ушығуына алып келді. Сол уақытта Совет үкіметі Қытай елі алған мемлекеттік қарызды қайтаруды талап етті, егер оны қайтара алмаған жағдайда ақша орнына адам беруіне рұқсат деді. Соғыстан кейінгі одақ құрамындағы ҚазССР-да еңбек күші анық байқалғандықтан, Қытай тарапы ұсынатын қарымтағы адам беру саясаты орайы келген шаруа іспеттес болды. Азаттық үшін ақырып теңдік сұраған, қолына қару алып қақтығысқа шыққан және онысымен қоймай жеке-дара мемлекет болу, Шығыс Түркістан республикасын құруды көксеген ержүрек қазақтардың азаюы Қытай үшін көктен тілегенін жерден берген оңтайлы жағдай еді. Сонымен екі ел арасында келісімге қол қойылып, Советтен алған қарызды қайтару үшін Қытай үкіметі 60 мыңнан артық адамды шекарадан өткізіп беруге келісті. Нәтижесінде 60 мың емес, 200 мыңнан аса адам «кранның бір жағынан май, бір жағынан сүт ағатын» Совет одағының аумағына өтіп, азаматтық алды. 

1962 жылы көппен бірге Жағда Бабалықұлы де елге келді. Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдарға дейін ол кісі әр түрлі қызметтерде абыройлы еңбек етті. Әсіресе халық мұрасы, ұлттық этнография мен сөздік қорымыз бойынша қыруар деректер жинады. Қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі жеке атаулар мен ұмыт болып бара жатқан көне сөздердің мағынасы туралы ой-толғамдар, зерттеулері республикалық басылымдарда жиі жарық көріп тұрды. «Қырандар», «Саят», «Мал аурулары» атты кітаптардың авторы Жағда Бабалықұлы қарапайым халыққа қажетті дүниені жазатын қаламгер болды. Нағыз халықтық тұлғаға айналды.

Отыз жыл аңдудағы өмір

Жағда Бабалықұлының өмірінің соңғы жылдарында қасында жиі болған, аға-інілі болып араласқан рухани серігі Қасымхан Бегманов атақты этнографтың еңбектері түгелі дерлік баспа бетін көрмегенін айтады. «Жағда Бабалықұлын «сегіз қырлы, бір сырлының» нақ өзі десе де болғандай, – деп еске алады Қ. Бегманов. – Өйткені ол кісінің ел білмейтін керемет қасиеттері көп. Жағда ақсақал ою ояды, кесте, қолғап, шұлық, бас киім тоқиды, мәсі, етік тігіп, аяқ киімнің қай түрін болса да жамай береді. Арнайы мамандығы болмаса да, бұл кісі заманында білікті құрылысшы болған. Қытайда жүргенде өз сызбалары бойынша үлкен пеш салып, одан алғаш рет мың жарым тоннадай шойын қорытып алған да, бұл ісіне жоғары білімді металлургтер қатты таңырқаған сәтін толқи отырып баяндайды».

Сонымен бірге Жағда Бабалықұлы Қытай жерінде «Ер Тарғын» операсын сахналаған, ондағы батыр ролінің сауытына балықтың қабыршағын жапсырған жаңашылдығы бар режиссер ретінде аймаққа аты шыққан. Осы қойылымды екінші мәрте басқа өлкеге апарғанда сахнаға атпен шығарып елді таңырқатқан екен. Ал сурет салудағы шеберлігі анау-мынау кәсіби мамандардан кем соқпаған, оның туындыларын өз көзімен тамашалаған Қасымхан аға ақсақалдың көп шығармалары көзі тірісінде жарық көрмегеніне қынжылады. Оны айтасыз, саясат ісіне араласпай, тек этнография саласында қыруар еңбек жазған қадірлі қарияны советтің үндеместері 1961 жылдан 1991 жылға дейін, бақандай 30 жыл бойы бақылауда ұстаған. Қызығы да, шыжығы да сол, күн сайын белгілі бір уақыттарда телефон шалып, «тұтқынның» үйде бар-жоғы тексеріліп тұратын болыпты.

Ұлтты сақтайтын – тіл

«Ұлтты не сақтайды?» деген маңызды сауал өзекті жанның ойында тұратыны заңдылық. Осы сұрақ Жағда Бабалықұлын да ойландырмай қоймайды, ол кісі алғашында «Ұлтты сақтайтын – тарих» деген тұжырымды ұстанады. Алайда бұл ойды уақыт өте келе «Ұлтты сақтайтын – тіл» деген ұстанымға бекітеді. Осыған тоқтайды.

Жағда Бабалықұлы – Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы. Желтоқсан жастарын алаңға алып шыққан Г. Колбиннің келуінен бөлек факторлардың бірі де қазақ тілінің сол кезеңдегі жай-күйі болатын. Алматыдағы жалғыз қазақ мектебінің жабылуы ұлтқа жасалған қастандық деп бағаланды. Егер сол кездегі қазақ мектептері түгел жабылып, ана тілінде оқытатын орын қалмаса, расында да қазақ ұлт ретінде жер бетінен мүлдем жойылатын еді. Ақсақалдың айтып отырған тұжырымы да осындай ойлардан туындаған абсалютті шындыққа негізделген ой болатын.

Қазақ халқының мол мұрасын бойына сіңірген тау тұлға, ұлт қазынасының жоқшысы Жағда Бабалықұлы 2010 жылы 3-інші сәуір күні 92 жасында Алматыда дүние салды. Ақсақалдың бұ дүниемен қоштасарда айтқан өсиеті: «Тәуелсіздікті көрдім. Мәңгілік тілеймін». Ұл-қыздарына осы сөзді құлпытасқа қашап жазуды өсиет еткен екен. Ұзынағаштың іргесіндегі Қарасу жақтағы Сарыбай би ауылындағы бейітке жерленді.

Туғанына ғасыр толып отырған ғұламаның қалған еңбегін жинастырып шығару, елге насихаттау, сол арқылы ұлттың ұлттығын сақтауға үлес қосу – ендігі ұрпақты басты міндеті саналмақ.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?