Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құрбанғали Халиди және оның еңбектері

452
Құрбанғали Халиди және оның еңбектері - e-history.kz

Қазіргі кезде Қазақстан тарихына қатысты төте жазуда, шағатай тілінде, ескі өзбек, татар тілдерінде жазылған көптеген құнды деректер қазақ тіліне аударылып, сарапталып, ғылыми айналымға енгізіліп жатыр. Сондай деректердің қатарына ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында өмір сүрген, жерлесіміз Құрбанғали Халидидің «Тарих-и жарида-и жадида» – «Жаңа тарих жазбалары» (1889) және «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес тарихы» (1910) атты еңбектерін жатқызуға болады. Бұл екі еңбекте те Қазан қаласындағы «Өрнек» баспасынан жарық көрді.

Екі еңбек те  ескі өзбек, татар, түрік, қазақ тілінде жазылған және онда араб, парсы тіліндегі ғылыми терминдер өте көп қолданылады.

Құрбанғали Халиди 1846 жылы қараша айында Аягөз қаласында дүниеге келген. Оның әкесі, татар саудагері Халид – Қазан уезінің Урнаш Баши ауылының тумасы. Анасы Бибі Афифа да сол ауылда туған. Халид жастайынан қазақтармен сауда жасап, кейін Аягөз қаласына көшіп келеді. Сол жерде 30 жыл тұрады. Содан соң Қытайдағы Шыңжаң провинциясы Тарбағатай округінің орталығы Шәуешек қаласына көшеді [1].

Хазіреті Құрбанғали Аягөз медресесінде Мұхаммед Садық Ысмайылұлы есімді молдадан дәріс алып, кейін Семей қаласына барып, Әбдіжаппар Ғұбайдуллаұлының медресесінде оқуын аяқтайды [2]Ол жерде араб, парсы, түрік тілдерін меңгереді. Соның көмегімен шығыс тарихынан көп мағлұмат алады. Медреседе діни білім берілетініне қарамастан, өзінің зеректігінің арқасында Құрбанғали Халиди зайырлы ғылым салысынан да кенде қалмайды. Ол өзінің туған тілі татар тілінен басқа орта азиялық түркі тілдерін жақсы меңгерген, қазақ тілін жетік білген. Оған «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегіндегі қазақ ауыз әдебитінен келтірген мәліметтері куә бола алады. 

1874 жылы Құрбанғали Шәуешектегi бiр мешiттiң имамы болады және осы қызметтi ол өмiрiнiң соңына дейін, яғни 1913 жылдың 14 наурыз айына дейiн атқарады. Құрбанғали ресейлiк мұсылмандардың мәдени орталықтарынан алыста жүргенiне қарамастан, өз заманының рухани өмiрiнен әсте тыс қалған жоқ. Ғалым ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресейде түрiк тiлдерiнде шығатын кiтаптарды, газет-журналдарды ұдайы жаздырып алдырып отырған. Әсiресе ол 1905 жылдан бастап Орынборда айына екi рет татар тiлiнде шыққан «Шуро» журналының тұрақты оқырманы болған. Осы журналдың редакторы, белгiлi тарихшы Риззадин Фахруддиновпен хат жазысып тұрған. Тіпті Ыстамбұл қаласынан шығатын тарихи әдебиеттерді, мерзімдік басылымдарды жаздырып алып отырған [1]. 

Құрбанғали Халиди «Тарих-и жарида-и жадида» еңбегін 1886-1887 жылдары Шығыс Түркістанға жасаған саяхаты кезінде өзі көрген, кездескен адамдардан алған мәліметтерді пайдаланып, ғылым адамдарының жазған еңбектеріне сүйене отырып жазған. Сол себептен бұл еңбекті бір жағынан саяхатнама, екінші жағынан ғылыми-зерттеу жұмысы деп айтуға болады.

Автор бұл еңбекте Шығыс Түркістандағы Манас, Санчы, Үрімші, Дауаншы, Тұрпан, Астана сияқты қалалардың этникалық құрылымын, жер-су аттарын, мәдени ахуалын, мешіттері туралы мәліметтер беріп, сол қалаларда өмір сүрген атақты адамдар, олардың өмірі туралы жазады. Сонымен қатар Шығыс Түркістанның Тұрпан қаласында болғанда айтылған «Асхабу-л-Каһф (Үңгір иелері)» дастаны туралы, сол аймақтарда өмір сүрген дүнгендердің ислам дініне өтуі туралы мәліметтер береді [3]

Құрбанғали Халидтың «Тарих-и жарида-и жадида» - «Жаңа тарих жазбалары» атты еңбегінің көшірмелік нұсқасын Ахмет Вали Казани «Семипалатинская история. Факсимилия и перевод» деген атпен 2001 жылы Берлин қаласында бастырып шығарды. 

2013 жылы Анкара (Түркия) қаласында Бахаттин Генчалдың әзірлеуімен осы еңбектің транскрипциясы латын әріптерімен «KITAB-I TARIH-I GERIDE-I GEDID. KARI KURBAN ALI HALIDI»  деп басылып шықты.

1889 жылы шыққан кітап                                                                                                                  2013 жылы шыққан кітап

Бұл еңбек қазақ тіліне әлі аударылған жоқ. Қазақ тіліне аударылса, тарихшыларға, шығыстанушыларға қажетті мәліметтер алуға болар еді. Оған қоса бұл еңбек Құрбанғали Халидтың екінші «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты еңбегімен тығыз байланыста. Өйткені «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегінің бірнеше бөлімінде автор «Жаридамызда жазғанымыздай немесе жаридамыздан қарап оқи аласыз» деген сөздерді айтып отырады.

«Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегінің Қазанда басылған нұсқасы 798 беттен12 тараудан тұрады. Тараулар Ферғана хандары туралы, Алты шаһар жағдайы, Қазақтың ахуалы және хандары, Қалмақтар туралы, Ресейдің қазақ жеріне аяқ басуы және кейбір бекіністердің құрылысы, өзен, бұлақ, жыл ай атаулары, автордың қажылыққа барғандағы естеліктері, моңғол-татарлардың тарихы, Жапония туралы және Қытай хандары сияқты тақырыптарды қамтиды. 

Құрбанғали Халиди «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегін жазуда алдына қандай мақсат қойғандығын былай баяндайды: «اسلام اللرنده و سائر رجال ملل بين لرنده عمومى و خصوصى تواريخ كتابلر وار اما بزم بو طرﻓﻧﯓ اهلاف و اخلافنى مبين بيان ايدن بو سياقدا بر مجموعه نجيبه كورلمش اولمدغندن "الفضل للمتقدم" مفادنچه بوﯖا تعقيبا هر نه قدر مفصل تاريخ و تواريخ يازيلور ايسه ده شرق احوالندن بحث ايدنلره بو مجموعه م بر اساس اولوب لعل اهل انصاف بنم بو يولده ايدن سعيمى ضايع ايتمز محنتم بوشه كتمز و بوندن خبر اخذ ايدن اهل قلم ناممى يمان بتمز اميدنده يم.»  Аудармасы: «Ислам елдері мен  басқа да ұлттарда олардың өз тарихы туралы жазылған кітаптары бар. Ал біздің елімізде бұрынғы өткен оқиғалар мен  адамдар туралы анық баяндайтын кітаптар жоқ. Сондықтан да «Кім бірінші бастаса – атақ соныкі», – деген сөзге жүгіне отырып: «Осы уақытқа дейін қанша тарихи кітап жазылды, бірақ Шығыс өңірінің тарихын жазғысы келетіндерге осы еңбегім негіз болар деп үміттенемін. Әділ адамдар менің бұл еңбегіме көз жұма қарамас. Еңбегім босқа кетпес және шығармамды пайдаланған ғалымдар атыма кір келтірмес», – деп сенемін» [4, 5-б.]

Құрбанғали Халиди осы еңбекті жазуда көпті көрген адамдардан естіген ауызша мәліметтерді жиі қолданады. Сонымен қатар сол мәліметтердің дұрыстығын тексеру үшін көптеген ғылыми әдебиеттерді пайдаланғанын айтады. Ол «Раудату-с-сафа», «Мустафаду-ль-Ахбар», «Усул лисан арабия», «Тарих Табари», «Жуғрафия-и Кәбир», «Ғазауат-и Чин», «Жаһаннаме», «Құтадғу Білік» т.б. әдебиеттерді жиі қолданып отырған.

Қазақтың ахуалы және хандары атты тарауды жазуға Құрбанғали Халиди жиырма жылдай уақыт жұмсағанын және көп ізденгенін айтады: «اسياى وسطى و تركستان شرقيده اولان حوادثاتﻟرﻧﯓ ترقيمنى تمامدن صوﯖره قضاق و خانان قضاقستانﻟرى يازمغه ابتسار ايلديم بونلرﻧﯓ كثرتى بارچه ﻧﯓ آغزنده وار لكن خصوصى تواريخ و تذكرﻩلرى اولمدغندن حقنده هر كم بر سوز يازيب بعض دللرى مرض فاسد بر غرض وبغضﻟر محض تمسخر بى غرض وبغضﻟر حقيقتنى تفتيش قيلميوب مجرد فرض وبغضﻟر اصل حالﻟرينى بلديسه ده تفصيلدن رفض يعنى بياننى ترك ومجمل تاشلديغى ايله فقير بو بابده سعى بليغ وبذل بى دريغ ايدوب يكرمى يلدن زياده بوﯖا دائر اخبار و بوﯖا متعلق آثارلرى جمع و جم قيلب جملهﺴﻳﻧﯓ زبده سينى بو كتابچه ده درج ايلديم جدكدمز اهل ادراكه بعد التتبع معلوم اولور.     » Аудармасы: «Орта Азия мен Шығыс Түркістанда өткен оқиғаларды баяндап, тәмамдаған соң, қазақ және Қазақстан хандарының тарихын жазуға кірістім. Олардың барша тарихы көптің аузында сақталған. Бірақ арнайы жазба тарихы мен жазбалар болмағандықтан да, әркім әр түрлі пікір білдіріп келді. Олардың кейбіреулерінің дәлелдері жалған, арам мақсат үшін, кейбіреулері жек көрінішті ету үшін жазған. Кейбіреулер ақиқатты зерттемей, жай парыз үшін ғана қолына алған. Кейбіреулер негізгі тарихи жағдайды білсе де, оған жете мән бермеген. Осындай себептерді ескере отырып, мен бұл тараудағы тарихты шынайы түрде хатқа түсіруге үлкен күш салдым, жиырма жылдан астам уақытымды қазақ тарихына қатысты мәліметтерді жинауға жұмсадым. Олардың ішінен қаймағын қалқып алып, осы кітапқа енгіздім. Оқып шыққаннан кейін, жазғанымыз түсінігі бар адамдарға мәлім болар» [4, 140-б.]

Совет үкіметі заманында «Тауарих-и хамса-и шарқи» тарихшы-зерттеушілер еңбектерінде түпнұсқа күйінде қолданылса,  алғаш рет бұл еңбекті 1992 жылы ғалымдар Б. Төтенаев пен А. Жолдасов қазақ тіліне аударып, «Тауарих хамса (Бес тарих)» деген атпен Алматы баспасынан жарыққа шығарды [5]. Қазақ тіліндегі осы нұсқаны көптеген тарихшы ғалымдар дерек көзі ретінде өз еңбектерінде пайдаланып келеді. Мысалы, Е. Бекмаханов өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегінде: «Қазақстан мен Орта Азия тарихы жөнінде шығыс тілдерінде жазылған әдебиетінің ішінен Құрбан-Әли-Қажы-Халид-оғлының түрік-татар тілдерінде жазылған қызғылықты еңбегін айту қажет. Автордың араб, түрік және парсы тілдерінде көп-көп деректер келтіруіне қарағанда, бұл кісі шығыс елдері тарихының білгірі болса керек» [6, 17-б.] деп жазады. 

Сондай-ақ М. Мағауиннің «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» [7] атты еңбегінде, Ш. Керімовтың «Күйеу келтір, қыз ұзат» [8] атты еңбегінде «Тауарих хамса (Бес тарих)» кітабынан мәліметтер қолданған.

Сонымен қатар А.Н. Мұқанова «Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде» [9] атты алғашқы кандидаттық диссертацияны жазды.

Оған қоса шығыстүркістандық Хафиз Саттар Салих пен Қызыркелді Әбдірахманұлы «Тауарих хамса: бес тарих» [10]  деген атпен 2014 жылы Бейжің қаласындағы «Ұлттар баспасынан» жеке кітап етіп жариялады.

Жоғарыда аталып өткен аударма басылымдардың ғылыми ықтияттылықпен аударылғандығына қарамастан, араб, парсы, шағатай тілдеріндегі сирек терминдер мен ұғымдардың, адам мен жер аттарының жаңсақ оқылған жерлері, мазмұндалып аударылған, не мүлдем қалып кеткен тұстары, сол замандағы идеологиялық қысымға байланысты ислами пайымдаулардың дені қысқартылып кеткені байқалды.       

Сондықтан да 2019 жылы филиология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай бастаған топ еңбектің 4 бөлімінің қазақ тіліндегі нұсқасын қайта қарап, түпнұсқамен салыстырып, толық аударма жасап „Тауарих-и хамса-и шарқи“. Шығыстың бес елінің тарихы“ деген атаумен 2 том етіп шығарды. Кітап Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының баспа-редакция орталығы арқылы аз тиражбен басылып шықты.  Еңбектің қалған бөлімдері де толық аударылып, болашақта жарыққа шығады деген үміттеміз. 

1910 жылы шыққан                                                                                                                              2019 жылы шыққан

Құрбанғали Халидидің бұл еңбегінің ғылыми маңызы ерекше. Онда Қазақстан мен Орталық және Орта Азия ұлттарының ортақ тарихы бір-бірімен байланыстыра баяндалған, тарихи-шежірелік сипаты ерекше, мұнда жалпы түркі тектес ұлттардың этнографиясы, саяси-жағырапиялық кеңістігі, ел-жер атаулары барынша ғылыми бірлікте қарастырылған. Сондай-ақ қолжазба мәтінінен аталған ұлттардың әдеби тілінінің қалыптасу үрдісі барынша қанық аңғарылады. Бұл еңбек тарихшыларға, шығыстанушыларға, дін қызметкерлеріне, студенттерге және жалпы оқырмандарға қызықты мәліметтер береді деп сенеміз. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Дж.Х. Кармышева Казахстанский историк-краевед и этнограф Курбангали Халиди. // Советская этнография, 1971. - 1. – С. 100-110.
  2. „Шуро“, 1913, №6. 163 б.
  3. «KITAB-I TARIH-I GERIDE-I GEDID / KARI KURBAN ALI HALIDI»; yay. haz. Bahattin Gencal. – AnkaraTurk Tarih Kurumu, 2013
  4. Құрбанғали Халиди. Тауарих хамса. - Қазан: Өрнек, 1910. – 782 б.
  5. Құрбанғали Халид. Тауарих хамса (Бес тарих). / Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. – А.: Қазақстан, 1992. – 304 б.
  6. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында – А.: Санат, 1994. – 416 б.
  7. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет / М. Мағауин. – А.: Ана тілі, 1992. – 176 б.
  8. Күйеу келтір, қыз ұзат. / Ш. Керімов. – А.: Ана тілі, 1992. - 112 б.
  9. А.Н. Мұқанованың « Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса»/ Тарих ғылымның кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Қарағанды, 2007. – 30 б.
  10. Құрбанғали Халид. Тауарих хамса: бес тарих. / Ауд. Хафиз Саттар Салих, Қызыркелді Әбдірахманұлы. –  Бейжің, 2014. – 470 б.

Бауыржан МҰСТАФАЕВ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?