Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ даласына болыстық билік жүйесінің орнауы

1830
Қазақ даласына болыстық билік жүйесінің орнауы - e-history.kz

Қазақ даласын отарлаушы патшалық Ресей билігі 1868 жылы «Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарын басқару жайлы уақытша ереже» қабылданып, бұған дейін қазақ қоғамында қалыптасқан аға сұлтандық билікті жойып, ресейлік басқару жүйесін жақтайтын болыстық басқаруды нығайтты. 

Бұл оқиға туралы жазушы Әбіш Кекілбаев: «1868 жылы қабылданған жаңа низам ережесінен кейін расына келсек, ел ішінде алауыздық пен берекесіздік өршіп кетті, байырғы қалыптасқан ел билеу жүйесі әдейі аяққа басылды, орыстар өздері өмірге әкелген сұлтан билігін жойды да, жаңадан «уездный начальник», «земский начальник» дейтіндер пайда болды. Қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды, басқа топырақта қалыптасқан бюрократтық билеу жүйесі күшпен телінді. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықайлардың «партияшыл», «топшыл» күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу да содан шықты», – деп баяндайды. 

Осы жаңа низам (ереже) жайлы орыс тарихшысы Румянцев: «Бұл низам енгізілгеннен соң қазақ халқының тарихы жайлы баяндауды аяқтаймыз, өйткені, бұдан былай қазақ халқының тарихы жоқ», деп, аса қуанышты түрде жазыпты (Киргизский народ в прошлом и настояшем. – СПБ., 1910. Стр. 34).

Қысқасы ресейлік басқыншылар бұған дейінге хандық билікті жойып, одан кейін азғана уақыт халықты алдаусыратып «аға сұлтандық» билік дәстүрінен енгізгенімен бұны да тиімсіз санап, ақыры қазақ қоғамының ең төменгі ұстыны рулық бірлікті ыдырату үшін «болыстық билік» жүйесін енгізді. 

Бұл оқиға туралы Ақселеу Сейдімбек: «Бір қап, бір саптан тарайтын Орта жүздегі қаракесек руы 25 болысқа бөлінді. Басқа рулардың да көрген күні осы болды. Ру атымен аталатын болыстар топоним атымен ауыстырылды. Мысалы, «Тоқырауын болысы» жаңаша «Қызыларай» деген сияқты. Бұндай зымияндықтың арғы жағында рулық дәстүрді ұрпақ санасынан өшіру саясаты жатты. Бұлар сөз жоқ халықтың этникалық жадын өшіруге бағытталған шаралар. Осыдан кейін, кім оязға пара берсе, майлы қасықтай жылтылдаған жағымпаз болса, соның айы оңынан туатын болды» (Тарақты Ақселеу. Көшпелілер тарихы. – Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1995. – 108-109 бб) деп жазыпты.

Яғни отаршылар әуелі қазақ қоғамының рулық тұтастығы жүйелене отырып, қоғамдық басқарудың биік иерархиясы хандық билікті берік ұстап тұрғанын жақсы білді. Өйткені қазақ халқының дәстүрлі ру-тайпалық жүйесі мен сол жүйеге орайласа қалыптасқан потестарлы-саяси құрылымын жоймайынша, қазақ қоғамына толық үстемдік ету мүмкін емес еді.

Ол үшін қазақтардың ішкі ісіне араласып, әсіресе ру-жүздердің әскери-саяси жағынан басын қоспауға қатты әрекет жасап, тайпалық одақ арасына от салып, рулық араздықты қоздыруды көздеді. Сөйтіп, олар қазақ қоғамын рулық бөлшектеу арқылы ғасырлық қалыптасқан бітім-құрылымын, ұлыстық тұтастығын, ағайын аралық береке-бірлігін бұзудың өте бір таптырмас тетігін тапты және оны жүйелі түрде, заң мен әскери құрылым күштерді пайдалана отырып, іске асырды. 

Бұндай келеңсіз құбылыстарды тоқтатуға аға сұлтандардың шамасы да келмеді, билігі де болмады. Ғалым Тұрсын Жұртбай айтқандай: қарадан шыққан аға сұлтандардың дабырайған аты ғана болды. Барлық істі қасындағы көмекші екі орыс майоры жүргізді. Болыс сайлау рулық құрамды әдейі есепке алмай, территориялық бөлік бойынша жүргізілді. Бұл аралас рулардың ортасына от тастағанмен бірдей болды. 

1914 жылы «Айқап» журналының 13-санында жарияланған, ІІ Екатерина патшайымның қолы қойылған «Қазақ жерін отарлау жоспары» жайлы құпия жарғыда: «Қазақтың ру басылары мен сұлтандарын бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей таластырып, бірінің етін бірін жейтіндей іс қылу керек. Ол үшін атам заманнан қалыптасқан хандық билікті алып тастау арқылы, қара қазақтың билікқұмар нәпсісін оятып, арасына от тастап, быт-шыт ету керек», – делінсе (Қадыржан Әбуов. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. Алматы: Қазақстан, 1994. – 47-б.), «Қазақ» газетінің 1913 жылғы № 21 санында жарияланған мақалада: Семей уезі Аршалы елінде болыс сайлауы өткен. Сайлауда жеңген болыс қарсы болған елу үйдің (басқа рудың) шаппасын, жайылымын тартып алған.  Жеңілгендер ақыл сұрап көрші мұжыққа барады. Олар былай деп ақыл берген: «Сендер одан да біздің болысқа бодан болуға арыз жазыңдар», – дегені жайлы жазылған.

Осы мақалада айтылғандай жеңілген қазақтар Семей губернаторына шағым жолдаған. Губернатор жіберген шенеунік арыз-шағым бойынша тексеріс жасап: «қазақтардың арасында жерге талас болып жатыр», деп, екі жақтың да шабындық, жайылымдық жерін тартып алып, орыстың болыстығына алып берген. Осылай отарлаушылар қолдан дау тудырып оны өз пайдасына асырып отырған. 

Абай атамыз налып айтқан: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғының себебі не?» дейтін жан наласының түбірі осы отарлықта  жатыр (Үшінші қарасөзі).

 Түркістан өлкесін отарлау және басқаруымен аты танымал генерал Н.И. Гродеков 1867 жылы өлкені басқару жайлы қабылданған жарғының іске асыру тетігін қарастыру кезінде: – қазақтарды бұрынғыдай ру-руымен болыстық басқару жүйесін құруға болмайды, мүмкіндігінше бір болыстық әкімшілікке әр рудың адамдарынан топтастырсақ олардың басы бірікпей берекесі кетеді. Бұл біз үшін тиімді», дегенді айтады (Н.И. Гродеков. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. 1 том. – Ташкент. 1889 г. Стр. 13).

Осылай қазақ даласына болыстық басқару енгізілгеннен кейінгі аса қатерлі құбылыс «болыс сайлау» деген қитұрқы саяси науқан жүргізілді. Осы тәсіл арқылы қазақ даласын түбегейлі отарлауды көздеген патша өзінің отаршыл саясатын өте зымияндықпен жүргізді. Ондағы мақсат - ел арасына болыс сайлау науқаны арқылы тұтас елдің бірлігін бұзып, берекесін кетіру еді.

Атап айтқанда, дуандарды көбірек ашып, елді округ-болыстарға бөлшектеп, қараны төреге қарсы қою, беделді тұлғалардың мансапқорлық бақталастығын қоздыру, сайлау арқылы бір-бірімен қырқыстыру тәсілін арнайы жүйелеп қолданды. 

Осылай, отаршылық сана сіңген мансаптылар лауазымы жоғарылаған сайын ел мүддесінен гөрі жеке басының мүддесі көбірек қорғалып, елді басқарушы емес, халықты талаушы, іріткі салушы сипаты басым болды. Даңғыл ақын Дулат Бабатайұлы:

Шен-шекпенге сатылып,

Батпаққа елді батырып,

Дұшпаны берген оқпенен,

Еліне қарай атылып..,

...Жатып ішер жалмауыз,

Борсық тұмсық қанды ауыз,

Ұлық қылған құдай-ай,

Қазақтан шыққан «кәпірді».., – деп жырласа, 1869 жылы туып 1916 өмірден өткен жыршы-ақын Мақыш Қалтайұлы:

Руссия бір заманда қазақты алды,

Алған соң низамменен жолға салды.

Өздерінен қазақтың қойды хакім,

Болыснай деп атады оның атын.

Бір болыстан би етті бірнешені,

Және қойды тексер деп адам хақын.

Ісім ақ деп бұларға тіпті сенбе

Хақың кетсе құдайға тапсыр-дағы,

Бұлардың мекеніне жақын келме...,  деп болыстың биліктің нағыз бет-бейнесін айтыпты. 

Осы орайда жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай: «Бұл сайлау жүйесі бойынша елдік мүдде деген мүлде қозғалмады. Яғни қазақ елінің мұң-мұқтажын көздеген ортақ бағдарлама талқыға салынбады. Әр болыстың құқы өз шегінде ғана жүрді. Демек, ортақ елдік мүдде өшті деген сөз. «Бас басына би болды».  Ал, ол би-болыстар ел ішіне алауыздық әкелді. Қазақтың тұтастығы жойылды. Берекесі кетті», – дейді (Тұрсын Жұртбай. «Күйесің, жүрек... сүйесің». – АлматыҚайнар2009. – 32-б).

Осынау қазақ даласындағы ауылнай, болыс сайлауларын көріп-біліп отырған алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан «Таласпен болған биде не қасиет, не әділдік болады» деп налиды. Қазақтың бүлініп жүргенінің себебі әділ биліктің жоқтығынан екенін айта отырып, ол: «Шариғатта қисық билік айтқан бидің орны тозақта деген. Бұл қалай? Мұсылманшылықтарың қайда?» – дейді  (Әбдіжәлел Бәкір. // «Егемен Қазақстан», 2008. 23 қыркүйек).

Ал дана бабамыз Абай айтады: «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ... Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к...і ашылса да, қам жемейді (Жиырма екінші қарасөз).

Расында Абай өмір сүрген дәуір отарлаушылардың толық күшейген тұсы және осында сөз болып отырған болыстық сайлау мәселесі қатты күрделеніп, әр ру өз лағын теке қоюға ұмтылған заман-тын. Жалынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай:

Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны,

Ақ пейіл, бауырмалдық қалып кетіп,

Желбуаз, сұрқия боп қызынғаны,

Мас болып партияға қызып алған,

Даланың табиғатын бұзып алған,

Елдігіне, жеріне һәм дініне,

Құрылды талай тұзақ, талай қақпан... 

Қазақты отарлаудың ереже-низамын дайындаушылардың бірі Мельниковтың Омбы генерал-губернаторы Н.Н. Сухотинге берген мәлімдемесінде: «Соңғы кезде би мен болыс сайлауы жүйесінің шырмауықтай шатасып, тұрғындардың желігіп алғаны сондай, 1897 жылы партия арасындағы жанжалды бәсеңдетпеу үшін Жетісу далалық генерал-губернаторы көптеген болыстарды бірнеше жеке бөлікке бөліп тастады. Алайда, қолданылған шара күткен нәтижені бермеді. Сайлау тұсында қазақтардың арасында пара, ант бұзу, бақастық, жанжал, кісі өлтіру іспетті қылықтар бұрынғыдан да өршіп кетті, отырықшылыққа кесірін тигізіп, егін егу жайына қалды. Болыс пен би сайлауы болатын жылдары олардың сайлау науқанына желігіп кететіні сондай, Жетісу облысындағы қазақтар егін егіп, астық оруды да ұмытып кетті», – дейді.

Міне, отарлаушылар тарапынан таңылған жабайы сайлаудың зардабы. Әрине, берекесіздікті патшалық әкімшілік тиімді пайдаланды. Болыс сайлауында параға даңғыл жол ашылды. Халықтың сайлауынан өтпесе де, қаржының күшімен болыс болу халық арасында сайлауға деген сенімді жоғалтты (Әбдіжәлел Бәкір. // «Егемен Қазақстан, 2008. 23 қыркүйек). Тағы да Абай атамыз айтқандай, болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді (Үшінші қарасөз). Сөйтіп, буыны босаған береке одан әрі ыдырай түсті. 

Осы орайда тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің мына бір дерегіне назар аударған дұрыс сияқты. 1891 жылғы дала Ережесі бойынша болыс сайлау үшін әрбір елу шаңырақ өз жиналысын өткізіп, әуелі болыс сайлауға өздерінің атынан қатысатын адамды (выборщик) анықтайтын болған. Аршалы елінде сол тәртіп сақталып, 1898 жылғы болыс сайлауда жүз үймен жеңген жақ, қалған елу үйге алым-шығынды төлеткен, онымен қоймай шабындық жерін төрелік жасап шауып алған (Мәмбет Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. – АлматыСанат, 1995. 76-б). 

Осылай болыс сайлау арқылы жүргізілген отарлау саясатының ең жиіркенішті көрінісі – 1907 жылғы маусымда екінші Мемлекеттік Дума қуылғаннан кейін шыққан «3-ші июнь законы» еді. Осы заңға байланысты «халқы надан, депутаттық олардың қолы емес», деген желеумен бүкіл қазақ депутатсыз қалды. Сөйтіп, қазақ мәселелері бөтен халық сайлаған депутаттардың қарауына көшті. Думаның тәжірибесі дәлелдегендей, олар өзге ұлттың мәселелерін терең зерделей алмады.

Оның сыртында, кешікпей болыс пен ауылнайларға орыс тілін білу туралы талап қойылды.  Семей облысының әскери-губернаторы Тройницкий 1910 жылы жазған қызметтік есебінде: «...Болыс сайлауына қатысушы үміткерлер ауызекі орыс тілін білгені дұрыс, орыс тілін білмейтіндерді бұл қызметке бекітпеймін деген талап қойдым. Екі ғасыр бойы Орыс державасының құзырында болған қырғыз (қазақ) елінің биліктегі өкілдері орыс тілін білмеуіне қалай да жол бермеу керек. ...Осы қолданған шара нәтижелі болды, қазір болыстық управительдер орысша сөйлесе алады, келесі сайлауда ауыл старшындарына осындай талап қойылатын болады», депті. 

Бұл үрдіс генерал-губернаторға қарасты барлық уездерге қолданылады. Оған мына бір Қарқаралы уезіне қарасты Сарыбұлақ болысына жіберілген құжат куә. Онда: «Семей губернаторының биылғы жылғы (1912) 6 шілдеде шыққан №11483 жарлығына сәйкес мынаны хабарлаймын: Дала генерал-губернаторы мырза жұрт арасында орыс тілін тарату мақсатында, орыс тілін білуді болыстық управительдер ғана емес, ауылдық старшындардан да талап етіледі. Бұдан былай қызметке орыс тілін білгендер ғана сайланады.

2-уческе крестьян начальнигі Афлеров» (Мәмбет Қойгелдиев. Алаш қозғаласы. АлматыСанат, 1995. – 74-б).

Жоғарыдағы оқиға жайлы «Қазақ» газеті 1913 жылғы №15 санында: «Қазақтың қайбір сайлауында орысша білмейтін кісі болыс болмайды деп бұрынғы болыс болып жүрген қадірлі кісілерді жолда қалдырды...», деп Әлихан Бөкейханов ашына жазады. 

Бұдан біз не түйеміз: қазақы обал-сауапты білетін ескінің жөн-жосығынан хабардар, ағайынға қадірлі адамдарды биліктен шеттетіп, олардың орнына орысша білім алған «түземдік элита» тілмаштарды болыс сайлау үшін жасалған шара еді. 

Абай айтады: Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп, елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды? (Үшінші қарасөз).

  Расында бұрынғы береке-бірліктің түгі қалған жоқ. Басқаға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таласатын сұмдық-сойқан дәстүр қалыстасты (Абай. Үшінші қарасөз).

Ал қара халық болса, менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып күн көретін заман туды (Он бірінші қарасөз).

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Біздің қазақ орысқа қараған соң «болыс» деген, «ауылнай» деген шықты. Осы «болыс болдық», «ауылнай болдық» дегендерге қариялар айтатын:

«Болыс болдым дегенше,

Орыс болдым десейші,

Ауылнай болдым дегенше,

Ауыл айналған ит болдым десейші», –  дейді екен. Бұл болыс ауылнай сайлаумен болатын болды, ол сайлау шармен болатын болды. Сонан соң жұрт құрып, су түбіне кете бастады, сол кеткеннен әлі кетіп жатыр», деген екен (Мәшһүр Жүсіп. Қазақ тарихы. Шығармалары. 8-том. Павлодар, 2006. – 290-б).

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?