Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тың игерудегі тәжірибелер

1205
Тың игерудегі тәжірибелер - e-history.kz

Биыл Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына жетпіс жыл толып отыр. Қазақстан Республикасы – астық өндіруші және өзін-өзі астық өнімдерімен толық қамтамасыз ете алатын мемлекеттің бірі деген желеумен аз уақытың ішінде ондаған миллион гектар жер жыртылып, қазақ даласының ту-талақайын шығарды. Мұны сол кездегі иделогия бойынша тың игеру науқанын – мемлекетіміздің қауіпсіздігінің кепілі әрі құлазып жатқан сүреңсіз даланы отан игілігіне беріп жатырмыз деп түсіндірді. Адам мекендемеген құлазыған далада дамыған поселкелер салынып, электр жарығы, қуатты техникасы бар мындаған совхоздар құрып жатырмыз деп ұрандатты.

Нақты айтар болсақ, ССРО басшылары қазақ даласын тұнған байлық деп көрді. Осыған байланысты Қазақстанның мүмкіндігін барынша пайдаланып қалуға тырысқаны белгілі. 

«Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» 1966 жылғы №3 санында Целиноградта (қазіргі Ақмола облысы) В.И. Ленин атындағы бүкіл одақтық Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының көшпелі сессиясы өткені айтылады. (1966 жылдың 31 қаңтары мен 4 ақпан аралығы) яғни бес күнге созылған көшпелі жиында Қазақстанның сол-түстік аудандары мен Батыс Сибирьдің далалық аудандарын игеру мәселесі сөз болған. Жалпы жиынға ұзын-саны екі мындан аса адам қатысқан. Олардың арасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары Г.А. Мельник, Қазақ ССР Министрлер Советі Председателінің бірінші орынбасары И. Г. Слажнев, ССРО Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Г. И. Воробьев болған. 

Сессияда қазақ даласының тұнған байлық екені әрі тыңның барлық мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғаны туралы мәселе көтеріледі.  Журналдың аталмыш санында Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сибирьдің далалары, орманды далалары 2,5 миллион шаршы километрден асатын ете көлемді аймақты алып жатыр. Осы ұлан-байтақ дала Целиноград, Көкшетау, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Семей, Орал, Ақтөбе, Орынбор, Курган, Новосибирск, Омбы облыстарынын және Алтай өлкесінің жері.

Қазақстанның солтүстік аудандары мен Батыс Сібірдің далалық аудандарының халық шаруашылығындағы маңызы аса зор. Мұнда халықтың қаһарман еңбегімен ондаған миллион гектар жер игеріліп, Отан игілігіне пайдалынылды. Адам мекендемеген құлазыған далада поселкелері, электр жарығы, қуатты техникасы бар мындаған совхоздар құрылды.

Қазір елдің осы бөлегінде 50 миллион гектардан аса егістік, он миллион гектардан аса шабындық және 90 миллион гектардай табиғи жайылымдар бар. Колхоздар мен совхоздар ондаған миллион ірі қара, қой, шошқа, жылқы, көптеген құс өсіруде.

Мемлекеттің тың және тыңайған жерлерді шаруашылық мақсатына игеруге жұмсаған шығыны жүз еселеп өтелді. Қазақстанның он жылдың ішінде 20 миллион гектар тын игерілген бес солтүстік облысында ғана астық өндіру 4,5 есе өсті. Осы уақыттың ішінде мемлекет бұл облыстардан 58 миллион тонна астық алды. Ірі қара мен кұс саны екі есе, ал шошқа үш есе өсті, қой саны анағұрлым көбейді», – делінген. 

Сонымен қатар, ауыл шаруашылық айналымына қосылған ете көлемді жер байлығы әлі де жеткілікті турде пәрменді пайдаланылмай отырғаны айтылған. 

Айтпақшы, аталмыш журналдың осы санында шөл және шөлейт жерлерді игеру мәселесәне қатысты да зерттеу материалдар жарияланғанын байқадық. Енді осы материалдардың біразына назар аударсақ: 

«Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» 1966 жылғы №3 санында жарияланған зерттеу мақала «Шөл және шөлейт жерлердегі жайылымдарды жақсартып, тиімді пайдаланайық»  деп аталады. Авторы ретінде Қазақтың мал шаруашылығы институтының жайылымды жақсарту бөлімінің бастығы, ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты С. Прянишников деп көрсетілген:

Республикамызда 1178,9 миллион гектар табиғи жайылымдық жер бар. Оның 133,4 миллион гектары шөл және шөлейтті аймақта. Мал шаруашылығын, оның ішінде әсіресе қой шаруашылығын бұдан былай да өркендете беру мүддесі бұл жерлерді игере түсуді талап етеді. Осы мақсатпен республикамызда қой өсіретін 185 жана совхоз ұйымдастырылмақ.

Шөл және шөлейт жердің жазы ыстық, қысы қатты болып келетіні белгілі. Шөлейт жердегі табиғи шөптің шығымы гектар басы 2-5 центнерден, шөлде 0,5-3 центнерден аспайды. Сондықтан күнбе-күн өсіп отырған мал басын тек табиғи шөппен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Казакстанның ғылыми-зерттеу мекемелері мен озат шаруашылықтары шел және шөлейт жерлердегі жайылымдарды жақсартып, шөп шығымын 3 есе, тіпті онан да көбейтуге болатындығын дәлелдеп берді.

Жайылымды жеңіл-желпі жақсартудың көптеген әдістері бар. Оған қар тоқтату, тырмалау, дискілеу, тыңайтқыш сіңіру, үстемелеп шеп егу жатады. Осылардың ішіндегі ең қарапайым және онай әдісі – қар тоқтату. Мысалы, Ақтөбе облысындағы бұрынғы Темір тәжірибе станциясында кар тоқтатылған бозды-бетегелі даланың шөбі, қар тоқтатылмаған участокка қарағанда, 15-31 процент бітік өскен. Қазақтын мал шаруашылығы институтының Бозойдағы тәжірибе егістігінде (Алматы облысындағы шөлейт аймақта) екпе шөптің шығымы қар тоқтатқаннан кейін екі еседей артқан.

Шөлде кар тоқтату үшін СВ4-2,6 қар айдаушы пайдаланылады. Қарды желдің өтіне кесе көлденеңінен, әрбір жалдың арасын 15-20 метрден етіп үю керек. Парға жыртылған жерде ыктырма дақыл ретінде енін 1,5 -2 метр, арасын 15-20 метрден етіп сафлор еккен дұрыс. Өзбекстанның ғылыми-зерттеу мекемелерінің тәжірибесіне сүйеніп, қара және ак сексеуілден, теріскен және басқа бұта тектес өсімдіктерден де жасыл алқаптар жасауға болады екен.

Бозойдағы тәжірибе егістігі мен Ақтөбедегі жемшөп және жайылым жөніндегі тәжірибе станциясы және басқа да ғылыми мекемелердің мәліметтеріне қарағанда, шөл және шөлейтті жердегі жайылымдарды тырмалап, дискілеудің қажеті жок көрінеді. Сондай-ақ жайылымдарға тыңайткыш сіңіріп жақсарту шаралары да аз зерттелген. Сонда да болса, ылғал мол түскен жылы тыңайтқыш берілген жайылымның оты жақсаратындығы көрініп отыр. Ал табиғи жайылымдарға тыңайтқыш шашпаса да болады.

Үстемелеп шөп егудің пайдасы да оншалықты нәтиже берген жоқ. Бірақ Бозойдағы тәжірибе егістігінде ылғал мол түскен жылы үстемелеп шөп егіп, оны eкмәрте дискілеп тырмалағанда, шөптің шығымы едәуір жақсар- ған. Табиғи жайылымның шебі төрт жылдың ішінде орта есеппен 2 еседей көбейген. Мұның өзі де тек үшінші жылы еркек шөп өсіп-жетілгенде ғана сезілген: беде екінші жылы айналымнан түсіп қалған. Қызылорда облысының Приарал ауыл руашылық станциясы (К. Ділімбетов, Т. Нұржанов) еркек шөптен гөрі тырмаланған жерде баданалы көденің шығымды болатындығын дәлелдеді.

Есептеулерге қарағанда, жайылымда жеңіл-желпі жақсартуға шығын аз жұмсалғанымен, өнімнің өзіндік құны, жайылымды түбірінен жақсартқандағы өнімнің өзіндік құнынан қымбатка түседі екен. Сондықтан жайылымды түбірінен, яғни оны жыртып бағалы жемшөптік дақылдар егіп жақсарту керек.

Жұмысты алдымен участок таңдаудан бастау керек. Бұған топырағы жақсы және су режимі ойдағыдай болатын беткейлердің етегі мен жазық жерлер қолайлы. Шөлде, ең алдымен, жусан мен раң тәріздес шөп өсетін тау беткейлерін жақсартқан жөн. Лайсаңды сортаң шөл мен саздақ жерлерді жақсартуға болмайды.

Қазақстанның ғылыми мекемелері мен колхоздардың тәжірибесі үлкен аумақта айдалған шөл және шөлейт жерлерді көпжылдық шөптер егіп, шабындық пен жайылымға айналдырып жіберуге болатындығын көрсетіп отыр. Тарақша еркек шөп, сібірлік бидайық, майман тарлау, изен, көк беде, сары беде, эспарцет шелейт жерлерде, тарақша еркек шөп, изен, теріскен, күйреуік т.б. шөптер шөлде жақсы өседі.

Екпе шабындық пен жайылымның оты 10-15 жылға дейін сақталады. А.В. Каширинаның мәліметтеріне қарағанда, Бозойдағы тәжірибе егістігінен 10 жылдын ішінде орта есеппен: еркек шөптен гектар басы 12,1, беде мен еркекшөптің аралас егісінен 10,4, изеннен 16,9 центнерден өнім түсіпті. Ал, осы уақыттың ішінде табиғи шабындықтан гектар басы 2,3 центнерден пішен орылған. Әсіресе, таракша еркек шөп ұзақ жылдар өніп-өсе береді. Мысал үшін 1964 жылы: (1949 жылы егілген) оның әр гектарынан 16.4 центнерінен пішен жиналған. 

Бозойдағы егістікте еркек шөптің «Бозой» деген гибриді шығымды. Бұл гибрид Ақтөбенің далалық еркек шөбі мен Сарытауқұмдағы жергі лікті сибирьлік бидайықтың еркін тозандануынан пайда болған. Қазір бұл өсімдік көбейтіліп өсірілуде. Актөбедегі шабындык және жайылым жөнідегі тәжірибе станциясында көпжылдық еркекшөп өсірілуде.

Бүкілодақтық егіншілік институтының Приарал тәжірибе станциясының мәліметтеріне қарағанда, Актөбе облысының құмдақ топырақты шөлейттерінде Ақтөбенің жергілікті тарақша еркек-шөбі, ал саздақты жерінде сибирьлік бидайық жақсы өсіп өнетін көрінеді. Шөлейт жерде беде ұзак шыдай алмайды, 4-5 жыл өткен соң шықпай қалады, Алайда, Е. В. Погорельцованың мәліметтері бойынша бедені кең қатарлы әдіспен сеуіп, оны егістікте ұзақ жыл сақтап қалуға болады екен. Оған жылма-жыл күтім жасалып тұрса, беде 14 жылға дейін өніп-өсе береді.

Жамбыл облысының Луговой ауданындағы қой өсіретін Ления атындағы совхозда еркек лен беде-еркекшөптің аралас егілген егістіктері бар. Шаруашылық Мойынқұмдағы 3 мың гектарға жуық жайылымы мен шабындығын жақсартып алған. Алматы облысының «Прогресс», «Рославль», «Қаскелең» совхоздарының да еркекшөп егілген жайылымдары мен шабындықтары бар.

Шөлейт жерде өсетін құнды астықтұқымдас өсімдіктің бірі – майман тарлау. Ол – қуаншылыққа төзімді, бітік өсетін өсімдік. Онын түбі қалың бітеді де, жапырағы қаулап өседі. Кейбір жылдары жинап алғаннан кейін де, мал жайған соң да өсе береді. Әсіресе, оның ерте көктемде өсіп-жетіліп мал жаюға жарайтындығын айтсаңшы. Майман тарлау егістігін жайылымдық ретінде мал жайып пайдаланған дұрыс. 

Бозойдағы тәжірибе егістігінде бір гектардан 25 центнер пішен орылған. Бұл оның жайылым оты ретінде жинамай пайдаланғанда өнімді болатындығын көрсетеді. Ал егер шөбі шабылатын болса, гектарынан 9 ценнерден-ақ пішен түседі екен, яғни еркекшепке қарағанда шығымы едәуір төмендейді. Еркек шөп пен майман тарлаудың әр гектарынан бір центнердей тұқымдык дән түседі. Алайда, бұлардың дәні ерте сусып түсетін болғандықтан, олардың тұкым шаруашылығын жолға қою қиын.

Шөл және шөлейт жерлердің отын кіргізуде изеннің алатын орны ерекше. Изен қой, түйе жә не жылкының жыл он екі ай сүйсіне жейтін азығы. 1949 жылдан бастап Бозойдағы тәжірибе егістігінде изен екпе дақыл ретінде өсіріліп келеді. 1958 жылы Сарытауқұмдағы Шолақеспе деген жерде изен егілді (А.Д. Нежевлева, Е. Әлімов). Осы жерден изеннің жабайы түрі табылып, оның дані комбайнмен жиналды. 6 жылдың ішінде екпе изеннің әр гектарынан 9,4 центнерден құрғақ пішен түскенде, табиғи изеннің әр гектарынан 2,3 центнер ғана өнім алынған.

4-5 жыл өткеннен кейін изеннің шығымы біраз кемиді. Оның өнімін 4 еседен астам көбейту үшін, тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ерте көктемде дискілеу керек. Бұл агротәсілді әр түрлі ауданның өндірістік жағдайында қолданып көрген жөн. Казір біздің тәжірибе шаруашылығымызда әр жылда егілген 800 гектарға жуық изен егістігі бар.

Шөл және шөлейт жерлерге екпе шөптер мен бірге бір жылдық жемшөптік дақылдар егуге де болады. Екпе шөптер жазда курап біткеннен кейін, мал азы ғындық жемшөптік шөптер өсіп жетіледі. Ал күзде өсетін шөптер бұл кезде әлі де жетіліп үлгірмейді. Сондықтан да жемшөптік дақылдар өсірудің маңызы зор.

Шөл және шөлейт жерлердін әртүрлі аудандарында егілетін қарабидай, сорго, судан шебі, арпа, могар, сафлор ойдағыдай өсіп келеді.

Республикамыздың оңтүстік-шығысында қарабидай ерте көктемде өсіп-жетіліп, гектар басы 35 центнерден пішен береді. Алайда, оның бір қолайсыз жағы бар, ол – дәннің құйылуына мұнда ылғал жетіспейді. Бұл жылы өңірде могар мен сорго жақсы өседі, ал судан шөбі оларға қарағанда шығымсыздау.

Актөбенің тәжірибе станциясы мен Приарал тәжірибе станциясының мәліметтері бойынша, республикамыздың солтүстік батысында бәрінен де сорго өнгіш екен: Орталық Қазақстанда судан шөбі шығымды болады.

Өзбекстанның ғылыми-зерттеу мекемелерінің тәжірибесін қолдана отырып, екі жылдан бері республикамызда сафлор өсіріліп жүр. Сафлор белокқа бай және онда амин қышқылының түр-түрі жеткілікті. Алматы облысының шөл және шөлейт жерінде сынап көргенде оның шығымы бірсыпы ра жемшөптік дақылдардан кем соғатыны байқалды. Бірақ оған, басқа дақылдардан гөрі, шығын аз жұмсалады. Мысалы, бір гектарға сафлордың 15-20 килограмм-ақ тұқымы себіледі. Оның тұқымын Алматы облысының тау бөктерінде өсіруге болады. Қазір софлордың әр гектарынан 4-5 центнерден тұқым алынып жүр.

Жайылымдық жерлердің отын жақсартып, оны ұзақ пайдалану үшін ол жерлерді ұқсата білу керек. Жайылымды өріске бөліп, мал жайғанда жайылымның оты қашпайды. П.Ф. Кошелеваның мәліметтеріне қарағанда, малды беталды жайып баққаннан гөрі, жайылымды өріс-өріске бөліп пайдаланғанда ісектердің салмақ қосуы 11,2 процент артады екен. Сонымен бірге әртүрлі жайылымдардың оты 14 проценттен 21,9 процентке дейін жақсарады.

Жайылымдық пен шабындықты бірыңғай пайдалана бергеннен пайда жоқ, өйткені шөптің шығымы төмендейді. Ал егер оларды орнын алмастырып кезектестіріп отырса, жайылым тозбайды, оты жақсарып құты кіреді.

Алайда, шөл және шөлейт жердегі жайылымдарды өріс-өріске бөліп пайдалану жөнінде Қазақстанның өзінде жинақталған тәжірибе қазір жоқ. Мұндай тәжірибе керек-ақ.

Шөл және шөлейт жерлердегі жайылымдар мен шабындықтарды шөп егін жақсарту арқылы жемшөп өндіруде қол жеткен казіргі табысымыз аса қуаң болған жылы мал басын жемшөппен камтамасыз етуімізге кепіл бола алмайды. Сондықтан қой өсіретін жаңа шаруашылықтар құрған кезде жергілікті су көздері мен жерасты суларын пайдалана отырып, суармалы егіншілікті өркендету керектігін естен шығармау керек. Тәлімі жерге егін салумен бірге суармалы егіншілікті дұрыс үйлестіре білгенде ғана шөл және шөлейт жерде берік жемшөп қорын жасап, малды шалғайдағы жайылымға айдаудан құтыламыз.

Жалғасы бар...

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?