Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қазақ арбасы» хақында не білеміз?

4564
«Қазақ арбасы» хақында не білеміз? - e-history.kz

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энциклопедияның бірінші томында: «Арба – екі немесе төрт дөңгелекті, атқа, есекке, өгізге, түйеге жегілетін жүк таситын көлік» деген анықтама беріпті. 

Жалпы арбаның тарихы тереңде жатыр. Тіпті біздің заманымыздан бұрынғы үш мыңжылдықтар шамасында өмір сүрген ежелгі мемлекеттер: Мысыр, Ассирия, Персия, Қытай, Үндістан, т.б. ұлыстар шайқас кезінде жауынгерлік арба пайдаланғаны туралы дерек болса, қытай жазбаларында көшпелі түріктер биік арба қолданатыны хақында баяндалған.

Ежелгі көк түріктердің әскери-шаруашылық тәртібін үлгі ретінде қабылдап қуатты империя құрған Шыңғыс хан ұлыстың жауынгерлік һәм шаруашылық қажеттілігі үшін: биік арба, күйме арба, қос дөңгелекті арба, төрт дөңгелекті арба, өгіз арба, түйе арба пайдаланғаны туралы еуропалық саяхатшылар П.Карпини, Г.Рубрук т.б. еңбектерінде мол дерек бар.

Осы орайда, ортағасырлық көшпенділер тұрмысын жіті зерттеушілердің назарын аударып жүрген бір дүние  бар. Ол  «Моңғолдың құпия шежіресі» атты көне кітаптың бірнеше жерінде айтылатын «қазақ арбасы» (моңғолша – хасақ тэрэг) хақында. Бұл терминді тарихшы-лингвистер қазіргі моңғол-қазақ тілдерінің үндестік заңына бейімдеп, ортақ атау «Қасақ арба» деп жазып жүр. Біз оқырмандарға түсінікті болу үшін «Қазақ арба» деп жазуды құп көрдік.

Сонымен таратып айтар болсақ, көне шежіренің 64-ші тарауында: «Қоңырат қауымы қашаннан бері басқаның жеріне көз алартып, адамын бұлап-таламаған. 

Жатқа жаулық ойламай, 

Қас сұлу қыздарын,

Қазақ арбаға отырғызып,

Қара мекен жұртының,

Қадіріне жеткен ел...» – деп жырласа, кітаптың 132-ші реттік тарауында: «Шыңғыс хан Белгүтейдің жаныған сөзін құп алмай сабаның піспегін суырып алып, шайқаса кетті. Сөйтіп жүржіндердің бетін қайтарып, Хорижин және Хуурчин қатындарды тартып алды. Ал тайшылар болса Белгүтейді ұстап алып, қазақ арбаға байлап тасады» деген мәтін болса, шежіренің 268-ші реттік тарауында: «Мунын көбірдің (жер аты) сазына қазақ арба батып қалып, оны бес атпен тарып шығарып, қатты қиналған сәтте сөнедтің Гилүгедей батыры бүй деді: 

«Қаған ием рақымына алды, 

Қаңғырлап қазақ арба кетті. 

Қаймана жұрт риза болды, 

Хан ұлы ұйығына жетті...»

****

Қазақ арба туралы моңғол тілінің түсіндірме сөздігенде: «Қазақ арба. Дөңгелектерінің табанын айналдара берік бұйыммен сақиналап көмкерген һәм ірі мал (сиыр, түйе, жылқы) жегуге арналған үлкен арба» деген анықтама беріпті. Оның сыртында маман реставраторлар көне деректердегі дәлел-сипатты негізге ала отырып, қазақ арбасының фото-сурет жаңғыртпасын жасапты (суретте).

Осы орайда, шежіре кітаптағы «қазақ-қасақ» термині турасында зерттеушілер не дейді?. Бұл сұраққа жауап іздемес бұрын мына бір деректі білген жөн. Көне және қазіргі заман моңғол жазбаларында «қазақ» атау-терминін «қасақ» немесе «хасаг» деп жазады. Мысалы, викисловарьда «хасаг (қасақ) – түркі тілдес халық» (хасахи – народ тюркской языковой группы) деген анықтама берілсе, 1984 жылы Моңғолия ғылым академиясы тарапынан жарық көрген 900 беттік «Моңғолша – қазақша сөздік» кітабының 575-ші бетінде: «қасаг – қазақ (түркі тілдес халық. Хасаг тэрэг – қазақ арба)» деген түсінік беріліпті. Демек, көне кітаптағы «қасақ тэрэг» атауы «қазақ арба» дегенге дөп келеді екен. 

Бұл тақырыпты барынша қаузаған моңғол-түркітанушы Нәпіл Базылхан мырза:  «Ескі моңғол жазба деректерінде, мысалы XIII ғасырдың туындысы «Моңғолдың құпия шежіресінде»  «qasgaq tergen – қасақ терген», яғни  темір құрсаулы үлкен арба деген мағыналы атау кездеседі. Біздің пікірімізше  «қазақ» сөзінің түп-төркіні осында болуы әбден ықтимал. Көшпелілерде  үстіне киіз үй қондырған үлкен арбалар болды. Көне түрік дәуірінде «теле» этнонимі «киіз үйлі арба» дегеннің байырғы нұсқасы. Сонымен қоса «қаңлы», «қыпшақ» деген атаулар да  «киіз үйлі арбалы» деген сөздердің баламалары» деген пайым айтады.

Сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы, моңғолтанушы Ислам Қабышұлы өзінің «Қазақтың шығу тегі туралы бірер сөз» атты 1978 жылы жарық көрген монографиясында: «Біздің заманымыздан бір ғасыр бұрын өмір сүрген ежелгі грек тарихшысы Страбон (б.з.б 64 – б.з 24) өзінің тарихи жазбаларында, көшпелі сақтар мал бағумен шұғылданып, олардың үйелмені (отбасы) сырты көн терімен қапталған, іші әсем оюланып үлкен арбаның үстіне ағашпен қиюластырып бекіткен әрі арқанмен таңып орнатылған шатырлы баспанада өмір сүреді. Бұл үйлерден жазда ыстық, қыста суық өтпейді», деп жазғаны бар дейді (Ислам Қабышұлы «Керейлер керуені». – Өлгей: 1978 жыл. 67-бет).

Демек ертедегі моңғол жазбаларында айтыла беретін қазақ арбаның шығу тегі сақтардың арбасына тірелері анық. Былайша айтқанда, қазақ арба деп жүргеніміз сақ дәуірінен келе жатқан бабаларымыздың төл мұрасы екені анық

Еуропалық танымал алтайтанушысы, дипломат-лингвист Г.И.Рамстедт (1873-1950) «қазақ» атауы құпия шежіредегі «қасақ терген» деген сөз тіркесінен шыққан десе, оны ирантанушы А.А. Семеновтің де қолдағаны байқалады. Бірақ,  кейбір өзіміздің отандық тарихшылар «қасақ терген» термині этностың емес арбаның атауы ретінде көрініс тапқан болу керек дегенді айтады (Қазақстан тарихы. Бес томдық. 2-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 305 б).

Бұл жерде біздің назарымызды аударған тағы бір дүние, тарихшы Ислам Қабышұлының: «Моңғолдар мұндай арбаны арыдан қолданбаған. Шыңғыс қаған күшейген тұста жеңілген найман, керей, меркіт тайпалары Алтай жоталарына ығысты да, таулы өлкеде қолдануға жарамайтын үлкен арбаларын тастап кетті. Оны пайдаланған моңғолдар арбаны нағыз төл иесінің атымен «қасақ арба» (хасаг терген) деп атады» дейді (Ислам Қабышұлы «Керейлер керуені». – Өлгей: 1978 жыл. – 81-82 бб).

Бұл пайым қай жағынан да көкейге қонады. Оның сыртында ХІІ-ХІІІ ғасырларда Моңғол үстіртін мекендеуші көшпенді тайпалар үшін «қазақ арбасы» қазіргі таңда әлемге әйгілі «тойота» көлігі сияқты бренд болғаны белгілі. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?