Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Аңсап келдім, Атажұрт»

2931
«Аңсап келдім, Атажұрт» - e-history.kz

Егер қоғамдағы жаңалыққа сергек қарай алмасаң, әртүрлі оқиғаға жаның ауырмаса, айналаңды сезіне алмасаң журналистикаға келудің қажеті жоқ. Қоғамның тайып кеткен тегершігін түзеймін дейтіндер, соған ниеті барлар ғана журналист бола алады. Олар қоғамды жақсы жағына өзгертуге болатынына сеніп, сонымен бірге сөзге серт етіп келеді. «Серт бұзғанның орны шоқ (Абай)» екенін біліп келеді. Ондай журналистер бар, арамызда жүр. 

Кеше қалалық №5 балалар кітапханасында журналист, «Астана ақшамы» газетінің шолушысы  Қалиақбар Үсемханұлының «Аңсап келдім, Атажұрт» кітабының тұсаукесері өтті. «Астана ақшамы» газеті редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков ағамыз салмақты өріп жүргізген  бұл жиында «Елорда-ақпарат» медиахолдингі директоры Олжас Сыдықбек, тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлы, түрколог-филолог Қаржаубай Сартқожаұлы, кітаптың шығуына қолдау танытқан «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсынхан Зәкен, «Қандас» медицина қауымдастығының төрағасы, онколог маман Жеңіс Қалиязымұлы  сөз сөйледі.

Жаңа кітап «Ой түбінде жатқан сөз», «Сөз сырына құштарлық», «Тілдестірмек тілшіден» атты үш бөлімнен тұрады. Алғысөзін жазған тарихшы, ғалым-жазушы Қойшығара Салғараұлы осы үш бөлімнің әрқайсына шолу жасап, ерекшелігі неде, атап айтар тұсы қандай, соған мән берген. «Тақырыбының әртүрлілігіне қарамастан, жинаққа енген шығармалардың қай-қайсысынан да сыртта жүріп, атажұртқа жетуді ұзақ жылдар бойы армандап өскен азаматтың елге, жерге деген сарытап сағынышының жылы лебі сезіліп тұрады. Тіпті аңсаған еліне жетіп, мұндағы жасалып жатқан тірліктің бәрі бірдей баяғы өзінің қиялындағдай ғажап емес екенін көріп, соның ішінде көңіл қалдырар кейбір кеселді кемшіліктер туралы ашына жазғанының өзінен де біреулерді айыптаудан гөрі соған өзінің де кінәсі бардай сезініп, соның тез жойылып, енді қайталанбауына үлес қосуды перзенттік парызы санайтыны аңғарылады», дей келіп, кітапқа «этнографиялық танымдық шағын дүниелер жинағы» деп баға берді. Ақсақалдың бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ, шынымен де Қалиақбардың әр мақаласында қадау-қадау ойлар, ертең үшін алаң мен елдің алдынан күтер жақсылыққа деген үміт жатыр.

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр ағамыз Қалиақбардың халықаралық тақырыптарға барып, толымды сараптама жасайтынын айтып өтті. Шынымен де қаламы жүйрік журналистің ютуб каналындағы Украина мен Ресей арасындағы жағдайға қатысты «Ой түрткі» сараптамасы танымалдыққа ие. 

Айта кетейік, журналистердің шеберханасы аталып кеткен «Астана ақшамы» газетінде жұмыс істеген кезде мұндағы аға-апалардан, замандастардан үйренгеніміз көп болды. Соның ішінде журналист Үсемханұлы Қалиақбардың этнография жағын біршама білетінін байқадық, Айдың атына дейін қате жазып, сыйлы қонаққа тартылатын бастың да жөн-жосығын онша біле бермейтін, бірыңғай орыстың дүниесін оқып көзін ашқан біз секілділерге Қалиақбардың ұлттық танымы әжептәуір әсер еткені  рас, бұл турасында Еркін ағамыз да кітаптың таныстырылымында «көшпенділіктен қол үзіп қалғандықтан бұрындары киіз үйдің суретін  газетке бергенде киіз үйдің түндігі жабулы тұрғанына мән бермейтінбіз, оның жаман ырым екенін қазір түсініп келе жатырмыз» деп, Қалиақбардың салт-дәстүрге жетік екеніне мысал келтіріп, жақсы айтып өтті.

Еңбек жолын Шыңжаң газетінен бастаған, Еркін Қыдыр ағамыз айтпақшы, «қытай көрген» Қалиақбардың 2021 жылы «Астана ақшамына» «Аңсап жеттім, атажұрт» деп аталатын мақаласы шықты. Тәуелсіздік туралы жазбаған журналист жоқ шығар, бірақ Қалиақбардың осы мақаласының шынайылығы – шеттегі ағайынның сол кездегі көңіл-күйін тап басуы, үміт пен сенімге билеткен көңілін бере алғандығында болу керек, әйтеуір мақалада  оның атажұртқа деген «оригинал» сағынышы көрінген, сол кездегі естеліктен бастап атамекен деген ұғымның өзіне құрметі алабөтен. Осының өзін шағын әңгімеге айналдырса да тебірентерлік дүние шығар еді. 

Журналист Қалиақбар Үсемханұлы мақала жазғанда әйтеуір жазу үшін емес,  бүгінгі күн бедеріндегі қоғамның түйткілді тұстарын, шешімін күткен мәселелерін қаузап, «арлану - ақылдының ісі» дегенге сүйеп, жетпей жатқанды жеткізіп айтады, не айтса да ұлттық мүдде тұрғысынан келеді. Автордың «Бізде біртұтас тарих жоқ, қазақ тарихы Қазақстан тарихымен шектелмейді» деп қадап айтып, «Тілге қатысты күрес: жеңіп тұрып, жеңілдік» деп ақиқатқа қосылатыны содан. «Ел іргесі бекем бе?» дегенге алаңдап, «Тілді айтса, тілі қышып», «Рулық санадан ұлттық санаға қашан көтерілеміз?» деп сұрақ қойып, «өзі де, сөзі де өзгерген қазақты» қашан «алаш атын арқалаған» елге айналар екен» деумен келе жатқан журналист. «Төртінші биліктің тұрманы көп» деген мақаласында да журналистік мәртебе өз биігінде болмаса, ұлттық мүдденің де төрге шыға қоймайтынын ашық айтады. 

Тақырып дегеннің мақаланың алтын тәжі екенін о баста түсінген Қалиақбардың ойы ұшқыр. Тақырыптары «Жер аңсаған жылқыдай», «Байшатының ұясы», «Көбеген көтерген көкшұбар тас»... деп кете береді, бұл бір әңгімелердің тақырыбы сияқты. Тыным көрмейтін, қашан болсын ізденісте жүретін Қалиақбар Үсемханұлының әңгіме жанрына да қалам тартып жүретінін білеміз. Оның соңғы кездері жаза бастаған қазақы әңгімелерінің де қарасы көбейіп, оқырман назарын аудара бастады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?