Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Араб жазба деректеріндегі Орта Азия тарихы

1999
Араб жазба деректеріндегі Орта Азия тарихы - e-history.kz

Сурет: egemen.kz

Біз көлемді бұл мақаламызда ортағасырлық арабтілді деректер арқылы Орталық Азияның тарихы мен географиясын зерттеу мәселелерін қарастырдық. Тақырыптың зерттелу деңгейі тарихнамалық тұрғыда жан-жақты сипатталып, шетелдік және отандық тарихнамада жеткен жетістіктер негізінде пайымдадық. Орталық Азияның тарихын зерттеу мәселесі арабтілді деректерде қамтылған этникалық тарих пен саяси тарих аясында қарастырылған еңбегіміз көбіне географиялық зерттеу жүргізу мақсатында  Орталық Азияның климаты, ландшафты, қалалары мен елді-мекендеріне барынша  назар аударуға тырысып бақтық.

Мемлекеттіліктің дамуы, этникалық аумақтың қалыптасуы, мәдени мұраның ашылуы, Орталық Азия халқының тарихи тағдырының көріністерін айқындау сынды мәселелер мықты арнайы деректік базаны қалыптастырумен тікелей байланысты еді. Отандық және шетелдік зерттеу тәжірибесі көрсеткендей, тарихи процестің әрбір кезеңі сол кездегі дамыған немесе басқа да мәдени-тарихи жазба дәстүрінің ақпараттық қабатымен тығыз байланыста болады.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, жалпы Орталық Азия тарихының IX-XII ғасырлар кезеңі және олардың негізгі ақпарат көзі IX-XY ғасырларда жазылған арабтілді тарихи және географиялық деректерге сүйенеді.

Араб жазба деректері жеке-жеке және топ-топ болып бірнеше рет ғалымдардың ұрпақтарымен тарихи зерттеу жұмыстарының негізі болды.  Белгілі бір тарихи және деректанулық тәжірибе жинақталды. Диссертациялық жұмыста біз ортағасырлық арабтілді деректерді ресейлік (кеңестік) және отандық шығыстанушылардың аудармасы негізінде пайдаландық. Араб жазба деректеріне географиялық және тарихи тұрғыдан жүгіну бізге Орталық Азия туралы қолда бар жазба деректерге толық сипаттама беруге мүмкіндік береді.  Бұл тәсілдің осы өлкенің ортағасырлық тарихын зерттеу үшін маңызы аз емес.

Араб тіліндегі жазба деректер кешенін талдау, ертеден бастап саяхатшылар Тамим ибн Бахр (IX ғ.) және Саллам ат-Таржуманның (IX ғ.) және әйгілі тарихшы Ибн Халдунның (XY ғ.) еңбектерімен аяқталатын жазбалары мен географ Ибн әл-Варди (XY ғ.) ортағасырлық авторлардың ақпарат көздері мен өзара тәуелділігін анықтауға, әртүрлі сюжеттердегі параллель орындарды бекітуге, қауесеттер немесе шығарма авторларының дәстүрлі идеялары негізінде әрдайым сенімді бола бермейтін ақпаратты түзетуге мүмкіндік береді.  Осыншама деректерді талдау барысында Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да аймақтарының тарихына қатысты ақпараттың негізгісі, яғни маңызды мәліметтер қамтитыны және қосымша деректері де анықтадық..

Енді ойымызды қарастырып отырған тақырып аясында жүргізілген зерттеу нәтижелерін шетелдік және отандық тарихнамалық аспекті аясында талдап өтсек.

Орта Азиядағы оғыздар мен түркімен тайпалары ортағасырлық жылнамашылардың, саяхатшылардың, географтардың және тіл мамандарының назарын ертерек аударған. Оларға тек шығыс емес, батыс тарихшылары да үлкен қызығушылық танытты, әсіресе крест жорықтары дәуірінде. Таңдалған тақырып бойынша салыстырмалы түрде кең көлемдегі дереккөздердің ішінде араб, иран және түркі тілдерінде жазылған шығармалар жетекші орын алады. Бұл дереккөздердің көпшілігіне В.В.Бартольд, В.И.Беляев және А.А.Ромаскевич, И.Ю.Крачковский, К.Каэн  өз зерттеу жұмыстарында тоқталып өткен болатын.  Сондай-ақ, аталмыш мәселеге К.Брокельманның  К.Сторидің, Х.Гиббтің, Ф.Розентальдің, Б.Шпуллердің  мұсылман тарихнамасы бойынша арнайы еңбектерінде де елеулі орын берілген.

XYII ғасырда ортағасырлық оғыздар мен түрікмендердің тарихы тек шығыс емес, батыс еуропалық тарихнамада да көрініс тапқан. Француз шығыстанушысы Де Эрбело бұл салада еуропалық ғалымдар арасында жетекші болды. Ол өзінің «Шығыс кітапханасында» оғыздар мен түркімендердің шығу тегі мен тарихи тағдыры туралы бірқатар араб-парсы деректерінен алынған мәліметтерді ғылыми айналымға енгізді.

Де Эрбелодан кейінгі оғыздардың этникалық және саяси тарихының кейбір мәселелеріне XYIII ғасырда француз орта ғасырлық ғалымы Жан Дегин тоқталған  болатын.  Ол өзінің «Ғұндардың, түріктердің, моңғолдардың жалпы тарихы» еңбегінде Селжұқ мемлекетіне біршама тоқталып өтеді, оның құрылуында оғыз және түрікмен тайпалары орасан зор рөл атқарғанын айтады.

Ағылшын ғалымы және публицисті Генри Хойл Хоуорс өзінің «History of the Mongols: from the 9th to the 19th Century» атты еңбегінде Рашид ад-Дин мен Әбілғазының деректеріне сүйене отырып, түркі тайпаларын тоқталып өтедіРесейдің революцияға дейінгі тарихнамасында оғыздар мен түркімендер тарихы мәселелерінің зерттеле бастауы XYII  ғасырға сәйкес келеді.  Бұл бағыттағы алғашқы қадамдарды В.Н.Татищев, одан кейін М.Н.Карамзин жалғастырған еді.

В.В. Бартольдтің Енисей мен Тянь-Шань қырғыздарының тарихына қатысты жеке-жеке тоқталған «Қырғыздар»  деп аталатын тарихи очеркiсінің де маңызы зор. Ол өзінің «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью» және басқа да еңбектерінде Орталық Азиядағы түркі халықтарының саяси жағдайына тоқтала келе, олардың этнологиясына, әсіресе ислам дінінің жай-күйіне, халықтардың тұрмыс-тіршілік өзгешеліктеріне қатысты ортағасырлық деректерге сүйене отырып, құнды мәліметтер береді. Ол көптеген шығыс деректерін салыстырып, түркілердің этникалық құрамына қатысты жан-жақты көзқарастарды талдайды.

Зерттеу жұмыстарымен қатар, түркі халықтары жөніндегі жазба деректердің аударылып, баспада жарық көре бастаған кезеңі де нық орныға бастайды. 

Сондай-ақ, Г. Саблуковтың еңбегімен аударылған ортағасырлық дерек болып есептелінетін Әбілғазы Баһадүрдің «Түрікмен шежіресі» атты еңбегінің де маңыздылығы сөзсіз.

Орталық Азия қалаларын зерттеуді А.Ю.Якубовский жалғастырып, медина мен сауда-қолөнер маңының әртүрлі әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы теорияны алға тартты .

1930 жылдардың аяғында С.Л.Волин Шығыс Мәуереннахр туралы мәліметтерді қамтитын араб деректеріне жүгінді.  С.Л.Волин жасаған басқа жарияланбаған аудармаларды алғаш рет 1960 жылы В.С.Храковский басып шығарды.

Орталық Азиядағы археологиялық зерттеулерді А.Н.Бернштам әрі қарай жалғастырған болатын.  Бернштам көп жағдайда археологиялық әдебиеттерде, әсіресе тарихи топографияға қатысты толық емес мәліметтерді нақтылай алды.  Одан кейін Орталық Азиядағы археологиялық зерттеулерді П.Н.Кожемяко жалғастырды.

О.Қараевтың  деректанулық монографиясында IX-XII ғасырлардағы араб авторларының мәліметтері тексеріліп, нақтыланып, қайта аударылған.  Сонымен бірге қырғыздар мен қырғыздарға қатысты бұрын беймәлім болған бірқатар жаңа деректер анықталып, сарапталған.

В.И.Беляев Орта Азия мен Закавказье туралы осы ат-Табари деректерінің жинағын жасауды көздеп, ат-Табаридің Хорасан мен Мавераннахрға қатысты бөлімдерін аударды, бірақ олар оның көзі тірісінде еш жарық көрмеген еді.

Мақаламызға арқау болған деректердің жарыққа  шығуы, тарихнамалық тұрғыда зерттелу деңгейінің біршама орнығуы жұмыстың жан-жақты зерттелуіне өзіндік септігін тигізді. Аталмыш зерттеулердің қатарына «Материалы по истории киргизов и Киргизии», «Материалы по истории туркмен и Туркмении» және Ф. Асадовтың аудармалық жұмысымен жарыққа шыққан «Арабские источники о тюрках раннего средневековья»  М. Кожобеков пен Т. Абдиевтың жинастырған, В. А. Ромодин жауапты редакторы болған «Кыргыздардын жана Кыргызстандын тарыхый булактары» сынды қажетті деректердің топтамасынан және кейiнірек жарыққа шығарылған «Қазақстан тарихы араб деректемелерінде»  сияқты жинақтардан ортағасырлардағы Орталық Азияда мекен еткен халықтардың территориялық тұрғыда орналасуы, этникалық құрамы мен саяси жағдайлары, олардың қалалары туралы мәліметтерді ала аламыз. Бұл жинақтардың құрамында 20-дан аса араб-парсы авторлары мен саяхатшыларының еңбектері (дереккөздері) қамтылған.

Ф.М.Асадовтың «Орта ғасырлардағы түркілер туралы араб деректері» жинағындағы деректердің қарастырып отырған тақырыбымыз бойынша маңызы жоғары.

Оғыз мәселесіне жіті назар аударғандардың ішінде В.А. Гордлевский, А.Ю. Якубовский, С.П. Толстовтарды да жатқыза аламыз. Осы процесті жалғастыра отырып, С.Г. Агаджанов алғашында мақалаларын, кейін  IX-XIII  Орта Азиядағы оғыздар мен түркмендер тарихының очерктері» атты еңбегін жариялады.

А.Ю.Якубовскийдің YIII ғасырдан XY ғасырға дейінгі түрікмендер тарихы қозғалған еңбегінде алдыңғы орта ғасырлардағы оғыздардың әлеуметтік-экономикалык жағдайы, шаруашылық өмірі және рулық тайпалық құрылымы туралы ауқымды мәліметтер қамтылған.

С.П.Толстов Сырдария оғыздарына қатысты ауқымды тарихи-археологиялық материалды ғылыми айналымға енгізіп, өзінің «Ғұздар (оғыз) қаласы» атты еңбегін жариялаған. Ол бұл зерттеуінде Сыр бойындағы оғыздардың қоныстары мен қалаларының сипаттамасын беріп, X-XI ғасырдың басындағы оғыздардың шығу тегі туралы да өз көзқарасын білдірген.

Біз зерттеп отырған тақырып бойынша этнограф, орыс шығыстанушы, археолог, Санкт-Петербург Ғылым академиясының академигі В.В.Радловтың еңбектерінің де маңызы зор.

Белгілі орыс тарихшысы және шығыстанушы, этнограф Н.А.Аристовтың көптеген еңбектері негізінен Орталық Азияның кейбір халықтарының тарихы мен этнографиясына арналған.

Енді өзіміздің отандық тарихнамаға қарай ойыссақ.

М.Тынышбаевтың «История казахского народа» атты еңбегі XX ғасырдағы қазақ халқының оғыздармен байланысы туралы этногенез мәселелеріне бағытталған еңбектердің қатарында алғашқы тарихи-этнографиялық еңбек болып есептелінді .

Кеңестік кезеңдегі қазақ зерттеушілерінің бірі Ә.Х.Марғұланның еңбектерінде біз тек көне аңыздар туралы ғана емес, оғыздардың орналасқан жері, қоныс аудару аймағы туралы да мәліметтер ала аламыз.

Қазақ ғалымы Б.Е.Көмековтің «Араб деректері бойынша X-XI ғасырлардағы қимақ мемлекеті» еңбегі мазмұны жағынан да, қамтылған деректері бойынша да тақырыбымызға сәйкес өте ұтымды жұмыстардың бірі болып есептелінеді. Автор еңбегінде Шығыс Мавераннахрды зерттеуге қажетті ортағасырлық араб деректерінің тарихи-географиялық мәліметтеріне толық деректанулық талдаулар жүргізеді.

Шығыстанушының қыпшақтану саласындағы алғашқы шәкірттері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде шығыстанушы-арабтанушы мамандығы бойынша білім алған арабтанушы 

Қ. Сәки мен Б. Батыршаұлы болды.

Б.Е.Көмеков дарынды шәкірттерімен жұмыс жасаумен шектелмей, өзінің лайықты ізбасары – араб тілін меңгерген және араб дереккөздерін зерттейтін қызы Р.Б.Көмекованы да дайындады.

Араб деректерін негізге ала отырып, қарахандықтардың, қарлұқтардың этникалық тарихына, олардың мекен еткен қалаларына тоқталып, зерттеу жүргізген С. М. Сыздықовтың да жұмыстарын кең көлемде қарастырып өтуімізге болады.  

Бұл бағыттағы жан-жақты зерттеулер көп томдық ұжымдық монографияларда бірқатар белгілі ғалымдардың, соның ішінде профессор, ҚР ҰҒА еңбек сіңірген академигі Т.Омарбеков бастаған, Б.Б. Кәрібаева, Г.Б.  Хабижанова, М.С.  Ноғайбаева сынды белгілі ғалымдар тобы қостаған зерттеушілердің жұмыстарымен көп томдық ұжымдық монографиялық еңбектер жарық көре бастады.

Қ. Р. Аманжоловтың «Түркі халықтарының тарихы» атты екі томдығында түркі халықтарының саяси мәселелері, қалыптасу тарихы қарастырылады. Г.Б. Хабижанованың «Тюркский фактор в становлении протоказахских племенных образований в IX-XII веков» атты докторлық диссертациясында оғыздардың қаңлылармен және жалайырлармен этникалық қарым-қатынастары жан-жақты талданған.

Сонымен қатар, кейінгі жылдары түркі тайпаларының этникалық мәселелерінің кейбір тұстары Ғ. Искакова , З.Майданәлі, М.Өскенбай  сынды жас зерттеушілердің зерттеу жұмыстарында көрініс тапқан.

Аталмыш тақырып  бойынша  З. С. Ильясованың да зерттеу жұмыстарын ескеріп өтуімізге болады. 

Осының бәрі жоғарыда талданып, сипатталған зерттеулер біздің тақырыбымыз аясындағы тарихи проблемалық және ғылыми кезеңдiк ерекшеліктерді айкындап берді.

 Бұл жердегі мақаланың басты мaқсaты Орталық Азия туралы мәліметтерді қамтитын ортағасырлық арабтілді тарихи-географиялық дереккөздеріне жан-жақты анализ жасау және осы деректер негізінде Орталық Азияның тарихы мен географиясының кешенді зерттелуіне үңілу.

Aтaлғaн мaқсaт нeгiзiндe кeлeсiдeй мiндeттeр қойылды:

1) тақырып бойынша тарихнамалық материалдарды пайдалана отырып, аймақ тарихы мен географиясының зерттелу деңгейін анықтау;

2) географиялық жанрдағы деректерде қамтылған Орталық Азия туралы мәліметтерді өзара салыстыру;

3) тарихи жанрдағы деректерде қамтылған Орталық Азия туралы мәліметтерді салыстыра талдау;

4) географиялық және тарихи жанрдағы шығармалардағы Орталық Азия туралы материалдардың өзара тәуелділігін немесе тәуелсіздігін анықтау;

Тарихи және географиялық жазбалар зерттеу жұмысында бөлек қарастырылатын болады, өйткені олардағы материалдың қолданылу, берілу сипаты әртүрлі, ол да зерттеу барысында сипатталады.

Мақала барысында қабылданған басты әдістемелік негіз арабтілді жазба деректерін салыстырмалы тарихи зерттеуге бағытталған: әрқилы дереккөздерден алынған мәліметтерді дәйекті түрде салыстыру, олардың мәліметтері бойынша тарихи сипаттамаларды анықтау және алған мәліметтерді талдауға көңіл бөлінгеніміз еді. Сонымен бірге, зрттеу пәні Орталық Азияның орта ғасырлардағы тарихы мен географиясы болғандықтан  пәнаралық тәсіл де басшылыққа алынды.

Зерттеудің деректік негізін Орталық Азия туралы мәліметтерді қамтитын арабтілді тарихи-географиялық деректер құрайды. 

Тарихи жазбалар бірнеше жанрға бөлінеді: жалпы тарих, әулет тарихы, билеушілер тарихы, қалалар тарихы, тарихи география, дін тарихы, тағы басқалары.  Ең құндысы - бірінші қолданылған ақпаратты қамтитын, яғни автордың жеке бақылауына негізделген немесе куәгерлердің сөзінен жазылған шығармалар.  Ортағасырлық авторлардың кейбір шығармалары жинақтау сипатында және басқа көздерден алынған мәліметтерді қамтиды.  Мұндай деректер де зерттеуші үшін құнды, өйткені оларда бізге жетпеген дереккөздерден алынған мәліметтер болуы да ғажап емес. 

Осы орайда Араб тілді деректерді екі топқа жіктеп қарастырсақ болады. Алғашқысына тарихи, жалпы сипаттамалық мәліметтер қамтылған деректерді топтастырсақ, екінші топта географиялық сипаттамалар қамтылған деректерге тоқталамыз.

Араб тарихи деректері кіретін бірінші топқа: «Тарих Халифа ибн Хайят» («Халифа ибн Хайят тарихы»), «Китаб футух әл-булдан» («Елдерді жаулап алу кітабы») әл-Балазури, «Китаб әл-футух» («Жаулап алулар кітабы») әл-Куфи, «Та'рих» («Тарих») әл-Иа'куби (әл-Якуб), «Китаб әл-булдан» («Елдер кітабы») Ибн әл-Фақих, «Китаб ахбар ат-тивал» («Ұзақ хабарлар кітабы») ад-Динавари, «Китаб әл-бад' ва-т-та'рих» («Жаратылыс және тарих кітабы») Мутаххар ибн Тахир әл-Муқаддаси, «Та'рих ар-русул ва-л-мулук» («Пайғамбарлар мен патшалар тарихы») ат-Табари, «Әл-Кәмил фи-т-та'рих» («Тарих бойынша толық жинақ») Ибн әл-Асир, «Мурудж аз-заһаб ва маадип әл-жауһар» әл-Масуди, тағы басқалары жатады.

Екінші топқа: әл-Хорезмидің «Китаб сурат әл-ард» («Жер суреті кітабы») географиялық еңбектері, Тамим ибн Бахрдың аты сақталмаған еңбегі және үзінділері, кейінгі авторлардың Ибн Хордадбехтің «Китаб әл-масалик уа-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер кітабы»), «Китаб әл-булдан» («Елдер кітабы») әл-Иа'куби, Ибн әл-Фақихтың аттас еңбегі, «Китаб әл-ә'ләк ан-нафиса» («Бағалы алқалар кітабы») Ибн Русте, «Китаб әл-Харадж уа-сан'ағ ал-китаба» («Харадж кітабы және хатшылық өнері») Кудама ибн Джафар, «Китаб ат-танбих ва-л-ишраф» («Ескерту және қайта қарау») әл-Масуди, әл-Истахридің «Китаб әл-масалик ва-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер кітабы») және Ибн Хаукалдың осы аттас еңбектерін жатқыза аламыз.

Мақаламыздың басты маңыздылығы оның материалдарын жоғары оқу орындарында оқыту үдерісінде және одан әрі тарихи зерттеулерде Орталық Азия тарихын жазу кезінде пайдалануға болатындығымен айқындалады.

Араб географтары мен тарихшыларының Орталық Азияның жекелеген аймақтары туралы деректері мазмұны мен нақтылығы жағынан әр келкі де, ұқсас та болып келеді. Оның себебі ақпараттың жинақталу тәсілдерінің әртүрлілігімен байланысты болды. Осыған орай, зерттеу жұмысында деректер мен олардың тарихнамалық зерттелу деңгейін айқындау мақсатында арнайы шетелдік, отандық тарихнама жіктеліп алынған-тұғын. 

Пәнаралық байланыс негізінде, тарихи мәліметтерді қамтитын деректер этникалық тарих пен саяси тарихи мәселелер аясында мәлімет беретін деректермен толықтырылса, географиялық мәліметтер арнайы аймақтың климаты мен ландшафты, қалалары мен елді-мекендерін зерттеуге бағытталған.

Сонымен қатар, Ибн Хордадбектің, Кудама ибн Джафардың, әл-Якубидің мәліметтеріне сүйене отырып: 

Заминнен Ферғанаға дейiнгi жол

Замин-Шаш бағыты

Шаш-Илақ, Шаш-Балаңқалақ бағыттары

Исфиджаб-Тараз бағыты

Тараз-Төменгі Нушаджан бағыты

Ферғана-Жоғарғы Нушаджан сынды бағыттарға қатысты сипаттамалар  толықтырылған. 

Одан бөлек, Сыр бойындағы қалалардың ерекшеліктері мен географиялық сипаттамаларына қатысты тың мәліметтерге қосымша ғылыми салыстырмалы талдаулар да  жүргізілген екен. 

 

Басты беттегі сурет: https://egemen.kz/article/208925-qazaqtynh-altyn-qazynasy

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?