Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Cұлтан Оразалы шығармашылығындағы тұлға образы

2189
Cұлтан Оразалы шығармашылығындағы  тұлға образы - e-history.kz

Публицистика ол алдымен сөздің құдіреті. Күн жылытпаған суық көңілді сөз жылытуы мүмкін.  Ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың бұл атауға «көсемсөз» деп екпін түсіруі тегін емес. Шаршы топта сөз бастау қиын. Сөздің кең аудиторияға таралып, ой елегінен өтетінін ескерсек бұл майданның машахатын етене түсінеміз. 

Сөз – жанды құбылыс. Жабыны тұлпар, жапалақты сұңқар ету де қолынан келеді. Сөз әркімнің бағына бұйырып, қолына қона салмайтын шоқпар. Қыздыра соқсаң шоқ қалдырасың, суық соқсаң ұятқа қаласың. Сөздің құдіреті арқасында талай таланттарымызды халық таныды. Жұрт көзінен тасада жүріп, танымның төріне жайғасып алатын тұлғалар болады. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанданың» кебін киіп, талантын көп алдына көрсетпеуі мүмкін. Өзінің ортасынан бас оздыра туған таланттардың шығармасын оқырман қауым көбіне түсіне бермейді. «Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын, жұрт бүгіншіл менікі ертеңгі үшін» деп ондай тұлғалар жалғыздықта ғұмыр кешеді. Бұл әрине біздің ұғымымыздағы тастанды жалғыздық емес, даналықтың шынына жетелейтін жалғыздық. Өзің үшін жазып оқырманнан айырылуға болады. Оқырман үшін жазып, өзіңнен айырылуға болады. Шын талант осының алдыңғысын таңдайды. Ал оқырман оны түсіне бермейді. Төменде жатып ойлауды жақсы көреді . Бұл заңдылық ғылым мен таным пайда болғаннан бері адамзат өкілімен қатар жасап келеді. Грек ойшылы Диогеннің бөшке ішіне кіріп өмір сүруі, Ахмет Иассауидің қылуетке түсіп жазумен шұғылданғаны, осы сабақтастықтың Шәкәрімге дейін ұласқаны бұл пікірімізге мысал бола алады. Әріден қаузамай-ақ, бергі әдебиетіміздің өзінде халық танымай жүрген тұлғалар жетерлік. Асқар Сүлейменов: «Егер жазуға мүмкіндігің болмаса, ойлама» деген тұжырым жасапты. Кейбір тұлғаның ойын  халыққа жеткізу үшін, қолды жіпсіз байлап қойған шеңбер болды. Кеңес үкіметі кезінде бұл шеңберден асу өлімге жетелейтін. Шыдамның шегі не жеңу, не жеңілу. Сол уақытта шыдамай бас көтергендердің бәрі жеңіліп қалды. Біз кеңес үкіметін жеңіле жүріп, жеңдік. Қызыл тіл кісенге түскен уақытта, көп азаматтарымыз тоталитарлық жүйеге үнсіздікпен қарсы тұрды. Бір данышпан  айтыпты: «Егер үндемегеннен артық қылып айта алмасаң, үндеме». Сол заманда үнсіздіктен артық қылып айтсаң басың кететін еді. Біздің зиялы қауым іштей күйініп, халықтың алдына көп шыға бермеді. Осы кезеңде Сұлтан Оразалының жеке тұлғалар бейнесін ашу мақсатындағы очерктері мен «Сұхбат» телебағдарламасы батыл қадамдар жасады. Халықтың жүрегіне шығармасы арқылы ғана жол тартқан тұлғалар бейнесін ашты. Шынайы ойы мен болмысын танытты. Алдымен очерктің қандай сипаттарға ие екенін анықтап, ғалымдар тұжырымдамасымен  ой сабақтап көрейік.

Көркем – публицистикалық жанр ретінде очерк болмысында әдебиеттің көркемдеу құралдары мен публицистикалық элементтердің қатар өріліп, шендесіп жататынын пайымдауға болады. Ал, очерктану – әдебиеттану саласының бір түрі. 

Шығарма мен оған қойылатын талаптар мен шарттарға да белгілі дәрежеде жауап береді. Очеркке берілген анықтамалардан аңғарылатыны, очерк – өзінің табиғатында өмірдегі өзгерістерге тез бейімделетін жанр. Әдебиеттану терминдерінің қысқаша сөздігінде: «Очерк – эпикалық, суреттеушілік әдебиеттің бір түрі, ол басқа түрлерден (роман, повесть, әңгіме) айқын мағлұматтарымен ерекшеленеді, яғни очеркте нақты өмірде болған оқиғалар белгілі дәрежеде дәлірек бейнеленеді, оған қатысушылар өмірде болған адамдар» дейді. Ал, Г.Поспелов «Әдебиет теориясында»: «Бірыңғай көркемдік міндет атқаратын новелла мен әңгімеге қарағанда, очерк баяндау тұрғысындағы шығарма, оның мақсаты – бейнелі түрде елестете баяндау, әрі бейнелі хабарлау» деген тоқтамға келген.

Қазақ әдебиеттануының негізін салушылардың бірі академик Зейнолла Қабдолов: «Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк. Бұл да қысқа көлемді шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлігі, адам өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен, әртүрлі суреттер арқылы шебер, тартымды бейнеленуге тиіс»  дейді.

Профессор Тауман Амандосов: «Көркем – публицистикалық жанрлардың бір түрі – көркем очерк. Очерк үгіт пен насихаттың жауынгер де әсерлі формаларының бірі екендігін өмірде дәлелдеген, дәлелдей де беретін көркем-публицистиканың алғы шептегі жанры болып қалыптасты. Бұл жанр өмір шындығының құбылыстары мен оқиғаларын батыл да терең талдап, тартымды тілмен шағын «сурет» салып береді» деген тұжырым жасайды. Міне, очерк теориясында зерттеушілердің қай-қайсысы болсын очеркке көркем-публицистикалық жанр деп баға береді. М.Горький очеркке берген анықтамасында оның түп-төркінін «очертить», «очерчивать» деген етістіктерден шыққанын ескеру керек екенін атап айтқан. Яғни, белгілі бір заттың елесін сызу, беру деген сөз. Белгілі бір идеяны әсерлі, айшықты формада жеткізу, оны бейнелеу құралдары негізінде көркемдеу деген сөз.

Әсілі, очерк – шын оқиғаны қысқаша суреттейтін, көлемі шағын, әдеби көркем шығарма. Егер осындай анықтамаға ден қоятын болсақ, онда қазақ очеркінің пайда болуы, қалыптасуы ХІХ ғасыр аясынан бастау алады деуге негіз бар.

Басты назар аударатын мәселе очерктің көркем – публицистикалық жанр екендігін дәлелдеу. Очерк қаншалықты нақты, адресі бар шығарма болғанымен, одан эстетикалық ләззат алуға болады. Очеркші, жазушының міндеті – өмірді көркем нақышпен бейнелеу. Очеркте оқиғалар мен фактілер жаңа мазмұнға ие болады, көркем образға кенеледі. Егер очеркте образдылық болмаса хабар, корреспонденциядан айырмашылығы болмас еді. Очеркті образды публицистикадан бөліп қарауға келмейді. Оның әңгіме, повесть, романнан басты айырмашылығы – публицистикалық элементтерінің басымдығында. Очерк өмір шындығын көркем құралдардың көмегімен (образдылық, портрет, сюжет, композиция, пейзаж тағы басқа) сонымен қатар публицистикалық элементтердің (публицистикалық жинақтау, тарихи параллель, анологиялық цитата, цифр, құжат, қаулы-қарар, өлең-жыр т.б.) көмегімен жеткізетіні мәлім.

Түптеп келгенде очерк - шындықты саяси тұрғыдан қорытатын жанр. Оқырман очеркті оқып отырып одан адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, фактінің «психологиясын», оның ішкі жан-дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейтіні тағы талассыз. Очерктің негізгі түрлеріне талдау жасау міндетті де маңызды мәселе. Қазақ әдебиетінде очерктің қалыптасқан, бір жүйеге түскен түрлері мен формалары бар. Әдебиет пен өнердің басқа жанрлары сияқты очерктің түрлері де тыңнан туып, дамып, өзгеріп, жаңғырып отырады. Бұны, әрине, жеке авторлар ойлап тапты деу қиын. Қоғамның дамуына, экономика мен мәдениеттің өсуіне сәйкес очерктің жаңа түрлерінің белең алуы, бұрыннан бар түрлердің кенжелеп қалуы да заңды құбылыс. Очерк түрлері жайында күні бүгінге дейін әдеби-зерттеу еңбектерде әрқилы пікірлер айтып жүр.

Қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының өсу, өркендеу, даму кезеңдерін зерделей отырып, очерктің жеке түрлерін жүйелеуге, оларға белгілі бір сипаттама беруге толық мүмкіндік бар. Қазақ әдебиетінде көркем очерк жанрының зерттелмей келе жатқан бір қыры – очерктің көркемдік элементтері, табиғаты десе орынды. Очерктегі табиғат көрінісі, портрет жасау шеберлігі, көркем образ, типтендіру, шегініс, диалог, авторлық пайымдау («вымысел»), тіл мен стиль мәселелері байсалдылықпен парықтауды қажет етеді. Мәселен, автор пейзажды суреттей отырып, өзінің, кейіпкерінің табиғатқа көзқарасын білдіреді. Пейзаж очерк мазмұнымен, оқиға желісімен қабысса, адам характерін ашуға ұрымтал пайдаланылса ғана автордың шеберлігі ретінде ден қойдырады. Сол сияқты адам портретін – кейіпкердің өмірге көзқарасын, бет-әлпетін, сөйлеу мәнерін, мінезін суреттеу барысында да очеркшінің шеберлік-шалымы айрықша қажет. Очерктегі ойдан қосу, фактографияның рөлі жөнінде де әртүрлі пікірталастар бар. Автор тарапынан шығармашылық ой қосу, қиялға берілу, қосымша сипаттаулар, түптеп келгенде фактіні күшейту үшін ғана емес, очерктің сюжеттік-композициялық желісін ширату үшін де керек әдістер. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой.

Сұлтан Оразалы шығармашылығында бұл элементтер кең етек алады. Қазақ халқының жақсы мен жайсаңын бейнелеген сом туындылары бүгінгі жас мамандарға танымдық тұрғысы мен ақпараттық мәнде көмекші құрал ретінде пайдаланылып келеді. Тұлғаның мінезін ашудағы психологиялық эксперименттер мен қиялдан туындаған көркем ойлары халық жүрегінен орын алып қана қоймай, сілкініс жасады деуге болады. Сұлтан Оразалы тұлғалар бейнесін жазып қана қойған жоқ, оны көгілдір экран бетіне келістіріп, деректі фильм ретінде ұсынды. Көзбен көріп, құлақпен тыңдаған деректі фильм көрермен көзайымына небір заңғар тұлғаларымызды паш етті. Тұлға образын сомдаудағы Сұлтан шеберлігін қазақтың дана ойшылы Абай Құнанбаевтан бастағанды  жөн көрдік. «Абай – қазақтың ұлы биі» деген атпен жарық көрген еңбегінде публицист ақынды былай бейнелейді:

Сарыарқаның бір бүйірінде жатқан Шыңғыс атты шағын өлкенің даңқын әлемге жайған ұлы Абайдың ғажайып жырлары мен сұлу саздары екені ақиқат. Абай – өз ұлтының барша асыл қасиетін бойына сіңірген, оның ақыл-парасатының, адамдық арлы мінезінің, ақындық қуатының жиынтық бейнесіне айналған, әлем мойындаған ұлы ақын, ойшыл, композитор. Сонымен қоса, қазақ жұртының барша қасіретіне «жан жарасы» сыздап, «қан жүрегі» қайғыға батқан, «қам көңілі тынбай» әділдік, ақиқат іздеген күрескер. Ол – жауларына қарсы, даланы кернеген надандық пен озбырлыққа қарсы өткір жырларымен қоса, заң қуатын да қару етіп жұмсап, билік айтқан, заң жазған кемеңгер. 

Осынау шағын жолдардан біз білетін Абайдың бейнесі айқын көрініп тұр. Қазақ баласы үшін ғана емес, адамзат өкілі үшін Абай жұмбағының сыры ашылған сайын құпиясы жұмыртқалай беретіні тылсым һәм күрделі дүние. Алаш зиялылары айтқандай: «Абайдың бір беттік өлеңіне, жүз бет коментарий» беретін күн жетті. Публицист айтып отырғандай, ақын қазақ болмысы мен мінезінің биік өресі, жиынтық образы. Әлем француздарды танымай  тұрып Бальзактың ішкі дүниесіне еніп кететіні тәрізді, қазақты таныр алдында Абай тереңдігіне үңіліп көзі жетсе, бізге деген ерекше ықылас пен құрмет туындар еді. Өмірді өзгертіп, таптаурын түсініктерді тар шеңберден кеңістікке алып шыққан Абай өлеңі ақиқат пен ардың жиынтығынан тұратын еді. Бұл жайында Сұлтан Оразалы:

Абай бойындағы ақындық қуаттан биліктегі, жұрт меңгерудегі даналығы еш олқы емес. Биліктің баянсыздығы, елді түзетпек болған әрекетінің нәтижесіздігі жанын күйзелткенімен, ол өмірінің ең бір қызулы шағын осы жолға арнады. Өмірде әділеттіктің барлығын, зұлымдыққа қарсы тұратын күш ақыл, білім, адамгершілік екенін дәлелдеумен болы. Бірақ қаптаған озбыр топтар, тұтасқан надандық оның адымын аштырмады.

Абай билігінде ешқашан ұқсас нәрсе болмаған. Ол ауыл арасының болымсыз кикілжіңдерінен бастап, барша қауымды толғандырған, ел мен елді, ру мен руды жауластырған, түйіні шиеленіскен дауларға дейін араласып, өзінің шешімін айтады. Осындай биліктерінің барлығында терең мағына, астарлы өнеге жатады. 

Ұзын кепті қысқа қайырған публицист шеберлігінің мәніне жақындап көрейік. «Еңбегінді бағалар еш адам жоқ, түбінде тыныш жүруді теріс көрмедім» деген ақын ешқашан қазақтан алшақтаған емес. Жас өмірін, мәз өмірін болыс болуға арнап, әділдік орнатуға тырысты. Әкімшілік билік пен байлығы бар адам әділдік орнатады деп Абай ашығын айтады. Сол замандағы ақын көтерген мәселе әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Қалтасы бар сөзінің қарымы жоқ пенделер жылтырыған дүниенің артына түсіп, бос алданышпен өтіп бара жатқан өмірі арқылы өзіне де, өзгеге де қиянат жасап жатқанын білсе де білмегендей болып жүр. Қауашағы ілімді тереңнен қаузап, адамгершілік жолында тер төгіп жүргендердің материалдық дүниесі ақсап жатыр. Бұл біздің бүгінгі болмысымыз. Ақшасы бар адамдар ғылымға пысқырып та қарамайды. Егер ғалымның қолында Абай айтқан байлық пен билік болса сөзсіз ноқтасыз ойлауға құрылған әділдік орнар еді. Рухани дүниесі мен материалдық дүниесі қос қанатындай қатар дамыған адамнан өскелең ұрпақ үлгі алып, «болмасаң да ұқсап бақтың» кебін киер еді. Публицист Абайды осы тұрғыда бейнеліп, ел басқарудағы қуаты мен қарымы өзге қабілетінен еш кем емес екенін айтады. Абай қазақтың ғазиз досы, әділ сыншысы. Өкінішке орай біздің биліктегі лауазым иелерінен бастап, қатардағы қарапайым адамның көбі ақын сөзін өнеге тұтады, бірақ орындамайды. Мүмкін замандастарымызға ықпал ете алмай жүрген сіз бен біз кінәлі шығармыз. Бұл ретте Сұлтан Оразалы айтады:

Қазіргі заңгер ғалымдар Абай айтқан биліктерді негізінен төрт топқа жіктейді. Олар: жер дауы, жесір дауы, мал дауы, ар дауы. Бұлардың арасында алуан сипатты, адам мінезінің түрлі қырлары ашылатын, бір-бірімен кірігіп, қабаттасып жататындары да бар.

Публицист сөзіне еріксіз бас шұлғисыз. Келіспеске амал жоқ. Адам мінезіндегі кеселдің жер-жебіріне Абайдай қазақта ешкім жеткен жоқ. Ақын теріс мінездің әділ сыншысы ретінде қазақты эволюциялық революцияға шақырады. Өзінің отыз екінші қара сөзінде: «Ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен не біреудің орынсыз сөзіне, не бір кез-келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып, үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін – қыларлық, тұрам дегеніне тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік – бір ақыл, ар үшін болсын!» - депті. Көлеңкеңізге тура қараңыз, көзіңіздің нұрын ішкі дүниеңізге түсіріңіз. Ақын айтқан мінез беріктігі бойымыздан табыла ма? «Аллаға адал қайту антым еді, шаршатты тіршіліктің шарты мені» деп бүгінгі ақындар жырлағандай, күйбең тірліктің ығына қарай қырық құбылып жүрген жоқпыз ба? Сұлтан Оразалы айтқан адам мінезінің бір-бірімен кірігіп, түрленіп жатқаны осы тұс. Ақын портретін жасауда публицистке ешқандай мін таға алмаймыз. Біз мысалға алған қысқа жолдардың өзінде ақынның кесек кісілігі мен түйдек ойы, шалқақ кішілігі мен әділ төрелігі жатыр. Сұлтан шеберлігінің ұшқыны жатыр. Абай қазақтың болмысын көрсететін түп қазығы, қараңғы түнде жол сілтейтін бағдаршамы. Публицист айтқандай Шыңғыстауды ғана әлемге танытатын ұл емес, адамзат өкіліне қазақ атынан сөйлеуге жарайтын жиынтық образ. 

Сұлтан Оразалының тұлға образын сомдаудағы шеберлігіне замандастары да жоғары баға бергенін көреміз. Академик Зәки Ахметов былай депті:

...Әрине, Абай жөнінде аз айтылды десек, тарихқа қиянат. Ал сол айтушылардың көп жағдайда бұрынғы шиырдан ұзап шыға алмай жататыны тағы жасырын емес. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде «Абай елі» альбом-шежіресі – Абай әлеміне жаңа  бір қырынан келудің тың нышаны.

   Журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы жоғары бағасын былай беріпті:

...Сұлтекеңнің тележурналистігін сөз еткенде, оның көрерменнің көзайымына айналған, «Қазақ зиялылары» туралы антология деп аталатын тележобаны жүзеге асыруға сіңірген еңбегін айтпау қиянат болар еді. Бұл Тәуелсіз еліміздің жаңа экономикалық, құқықтық және саяси мәдениетін көтеруге жасалған үлкен қадам. Өскелең ұрпақтың саналы да салауатты болып өсуіне қосылған қомақты үлес.

Очерктегі диалог автордың ұшқыр қиялы, фантазия қуаты арқылы шығарманың идеялық-көркемдік өрісін биіктете түседі. Очерк кейіпкері жазушы, не журналистпен дәл шығармада көрсетілгендей сөйлеспеуі мүмкін. Алайда, автордың суреткерлік құбылысты қарымына орай очерктің тілі мен стилінде өзіндік ерекшеліктер болатыны аян. Очерк тілі – бейнелі, айшықты, жатық, қарапайым, қалың көпшілікке түсінікті болуы шарт.

Очерктегі образ жасау тәсілінің өзіндік ерекшелігі арналы әңгімеге арқау. Образ көркем шығармаларға ғана тән, очеркке тек нақтылық керек деген пікірде біржақтылық бар. Очеркшіге өмірдің қайнаған ортасында жүрген, сол ортаның елеулі де қалаулы тұлғасы ретінде танылған, болмыс-бітімі үлгі-өнеге боларлық кез-келген адам кейіпкер бола алады. Қаламгер үшін очерк кейіпкерінің мінезін, рухани жан-дүниесін, мақсат-мүддесін, ой-сезімін шыншылдықпен суреттеу - образ жасаудағы, характер ашудағы басты мұрат болса керек. Очеркте экспозиция, оқиғаның өрбуі, шарықтау шегі, шешуі мақсатта болады. Қазақ әдебиеті тарихында очерк жанрына ден қоя зерттеген ғалымдар санаулы ғана. Тек кейбір ғалымдар мен жазушылар әр кездері очерк туралы ойларын жол-жөнекей ортаға салып, мақалалар, зерттеулер жазған. Әрине, уақыт пен әлеуметтік ортаның, адам мен қоғамның «жанды» шежіресі ретінде очерктің рухани мәдениет аясындағы мән-маңызы айрықша зор. Бұл тұрғыдан келгенде очерк жанрына қоғамды шыңдайтын, талғамды жетілдіретін мәдени-рухани ықпалды «құрал» деп қарап, оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттеріне ғылыми зердемен ден қойып отыру қажет. Бұған қазақ топырағында туындаған очерктер сандық та, сапалық та өресімен әбден лайық. Бүгінгі таңда қазақ очеркінің 250-300 томдай болатын мәтіндік материалдары бар. Бұл – мәдени-рухани толымды қазына. Ал, оның көркемдік-эстетикалық болмысын ғылыми зердемен парықтау – тарихи міндет. Міндеттің алдында ұятты болып қалуды біздің де ар кешірмейтінін жас ізденуші ретінде жақсы білеміз. Сұлтан сомдаған тұлғалар келбетінің ағартушылық қасиеттеріне ғылыми зердемен тоқталып, ішкі ахуалдың тереңдігіне үңіліп көрейік. Әлбетте тереңдік пен биіктікті әркім өз тұрғысында өлшейді. «Құрбақа аспанды құдықтың түбінде жатып көредінің» қамытын кимей, ойдың кеңістігіне кең құлаш жая шолуды жөн көрдік. Портреттік бейне жасаған кездегі диалогтың орны ерекше екенін ғалымдар пікірінен де аңғардық. Осы ретте Сұлтан мұрасының шоқтығы биік қолтаңбасы ретінде қалған «Сұхбат» бағдарламасы көптеген хас дарындарын халық алдына шығарып, жасандылық пен жағымпаздықтан ада шынайы келбетін қауыштырды. Ол бағдарламаның өміршеңдігі мен өршіл тұсы автордың өзі айтқандай, атын аңызға талант пен талаптың арқасында айналдырған аңыз адамдардың тұлғасын сомдауы еді. Сондай тұлғалардың біріне жазушы Ғабиден Мұстафинді қоссақ ешкім қарсы болмас. Публицист жазушы тұлғасы мен келбетін былай бейнелейді.

Тарихта әрбір басқан ізі, жүрген жері, өмір сүрген мекені қасиетті саналатын тұлғалар бар. Олар – халықтың жүрек түкпірінен мәңгі орын алған, сүйікті перзенттері. Абай, Шоқан, Қаныш... Қазақ халқы атын да, затын да қастерлейтін бұндай аяулы есімдер аз емес. Соның бірі – жазушы Ғабиден Мұстафин. Ол – өмірі мен өнері бір-бірінен ажырағысыз, халқымыздың тарихындағы ұлы суреткерлердің бірі. Оның шығармаларында өзі ғұмыр кешкен өткен ғасырдағы қазақ қоғамының келбеті көркем бейнесін тапқан. Иә, бүкіл замандастары, барша оқушылары, әдеби сын бірауыздан мойындағандай, ол – өз заманын бейнелеуде көшбасшы болған қаламгер.

Абай қазақтың бас ақыны. Терең таным мен биік өренің жаршысы. Қанша айтсақ та бағасын нақ басып бере алмайтын алынбас қамалы. Шоқан қарапайым қазақ топырағынан шығып, ғылымның тұтқасын өмір сүру мәніне айнылдырған ағартушы. Орыс оқымыстылары қазаққа деген құрметтің әлқиссасын Шоқаннан бастады. Қаныш қазақ кенінің негізін салушы, әр тасын мақтан еткен ерен ері, ғылым көшбасшысы. Сұлтан Оразалы осындай алып тұлғалар қатарына Ғабиден Мұстафинді қосады. Қазақтың сүйіктісіне айналған тұлғаларды тізіп келіп, қатарына Ғабиденді шендестірумен-ақ жазушы бағасы мен бейнесін асқақ қылып көрсетті. Өнер мен өмірді қатар алып жүру күрделі құбылыс. Көп жағдайда өнерде асқақ бейнесін қалдырған адамдар, өмірдің пендешілік шартын бұза алмай ұсақ тірліктерге барып жатады. Ғабеңнің әдебиеттегі бейнесі, адамгершілік ұстанымы өмірде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Пікірімізді нақты ету мақсатында ғылыми дерек жиынтығына кезек беріп көрейік.

Ғабиден Мұстафиннiң жастарға өсиетi «Жазушылық – қасиеттi ұғым. Бойға бiткен талантты қастерлеумен бiрге, адамшылықты да ұмытпау керек. Жастар жүрегiн кiр-қоқыстан, бойын жаман әдеттерден таза ұстағаны жөн» дейді. Өздерiне жағылар күйенi бiлiп айтқандай.  Адам болу ең қиын мамандық депті Куба жазушысы Хосе Марти. Адам болып туу оңай, бірақ сол мәртебені сақтап қалу қиын. Өзге алдында батылдық танытып, қажырлы еңбек ете білетіндер жетістіктерге жетіп жатады. Өз алдыңда батылдық танытып, өзіңнің кемшілігінді жеңу, мәңгілік жеңістің жемісі. Әлемді өзгертем десең өзіңнен баста деген даналар даналығы осыны меңзейді. Ал Ғабең жазушылығындығы қасиет пен адамгершілікті қатар қойып, суреттеген қаламгер. Мұхтар Әуезов: «Ғабиден жазушылығының ерекшелігі – ол ең алғашқы жауапты қадамынан бастап өз арнасын, тақырыбын тапқан жазушы» деп ерекше ықыласын білдіреді. Сұлтан Оразалы тілге тиек еткендей, Ғабиден Мұстафин өз бағасын көзі тірісінде алған классик. Жазушы жайында публицист былай дейді:

Миллиондаған адамдардың тағдырын талқандаған Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқына да оңай түскен жоқ. Қан майданда әрбір төртінші қазақ боздағы қаза тапса, тылдағы жанқиярлық еңбек Ұлы жеңістің жақындауына өлшеусіз үлес қосты. Ғабиден қолына қару алып соғысқан жоқ. Бірақ өнер адамдарының үлкен тобымен жауынгерлердің рухын көтеру үшін Калинин майданында бірнеше ай болып, қан басқан даладағы шайқастарды қос көзімен көрді. 

Екінші дүниежүзілік соғыс әділеттің жеңісі болды. Рухы өр, тәні бекем халықтар бірлігінің жарқын көрінісі іспетті болашаққа ұлы сабақ ретінде қалды. Ғабиден қару алып қан майданда қан төкпесе де, жауынгерлерге рух берді. Тәннің жеңілісі бір бөлек те, рухтың жеңілісі мүлде басқа. Соғысты алмай-ақ, қарапайым тірліктегі күрестің өзінде рухани демеушің болмаса өмірден түңіліп кетесің. Азат күннің астында отырып қорқақ һәм құл болуға болады, ажал оғы кеудеңе тіреліп тұрса да батыр һәм азат болуға болады. Оның бірінші себебі ажалдың хақ екенін, екі өлмек жоқ екенін түсінетін адамдар өлімнен қорықпайды. Екінші себебі адамға рухани күш беріп, ішкі ахуалдағы қорқынышқа төңкеріс жасайтын адамдар болады. Олар кім? Публицист айтпақшы, оның бірі мен бірегейі  Ғабиден Мұстафин. Сөздің құдіреті. Өлгенді тірілтпесе де, өшкенді жандырып үзілгенді жалғайтын қара сөздің киесі. Оны игерген жазушы талантында жатыр. Сұлтан Оразалы жазушы бейнесін танытуда ұтқырлық жасап, осыны бір ауыз сөзбен ғана айтып отыр. 

«Қарапайымдылық пен даналық, дарын мен таланттылық, ойының тұнықтығы, пікірінің ашықтығы – осының бәрі де Ғабиденнің бойында бар қасиеттер еді» дейді публицист бір сөзінде. Кем мағынаға оза жайылып кең сөйлеуге болмайтынын айтыпты алаш зиялылары.  Бірақ, екі жолдан тұратын Ғабиден бейнесінде адам баласының ізгі қасиеттері жатыр. Жазушының тұлғасының алыптығы ма, әлде публицист тілінің өткірлігі ме? Екеуін бөліп ажырата алмайсың. Қарапайымдылықты алға шығарып жазудың өзіндегі публицист шеберлігіне тәнті боласың. «Қарапайымдылық, жақсылық пен ақиқат жоқ жерде ұлылық та жоқ» депті орыс ойшылы Л. Толстой.

Ал П.Буаст болса, қарапайымдылық-өзіңнің адамдық қадір-қасиетіңді түсіну деп ой қорытады. Бірақ бұлардың бәрін бір сөзбен қайыратын қазақ мақалы бар. «Ұлық болсаң кішік бол». Публицист  Ғабиден қарапайымдылығын алға тарта отырып ұлы екенін емеурінмен сездіреді. Жазушы дарыны мен талантына шүбә келтіретіндер өз кезінде болған шығар, бірақ қазір жоқ. Талант дегеніміздің өзі еңбектің қайнауында пісіп жетіледі. Еңбексіз талант пен дарын от шашу сияқты, бір сәтке аспанда сауық құрады да жоғалып кетеді. Ал аспанда от шашу мен фейрверк аяқталған кезде шын жұлдыздар қалады. Ғабиден дарыны мен таланты ерен еңбекпен келіп, мәңгілікке құштар сезіммен бірге жасап келеді. Өзінің әр шығармасында еңбекті насихаттап өткен жазушы, оның бағасын біледі. Ой тұнықтығы мен пікір ашықтығы жазушының ғана емес, адам баласының асыл қасиеті ретінде әркімде болу керек. Вольтер айтыпты деген сөз бар: «Мен сізді жек көрем, бірақ пікіріңізді білдіруге барынша көмектесем». Бұл қазақтың байырғы дала заңы. Ханның халықпен кеңесіп, ақылсыз кеңес бастамайтын данылыққа жеткен қарапайымдылығы. Бұл  Ғабиден бойынан табылса таңғалудың қажеті жоқ, дегенмен құндылықтар девальвацияға ұшырыған сол замандағы пікір ашықтығына құрметпен қарауымыз керек.  Публицист Ғабиден бейнесін толық ашқан. Жазушы шеберлігі жайында ол былай дейді.

Ғ. Мұстафин әдебиетке аз біліммен келсе де, ұстазы Максим Горький тәрізді кемеңгерлікке жетіп, заманындағы биік мінберлерден ұлағатты ой айта білді. Осы орайда кемеңгер жазушының әдебиетке аз біліммен келгенін қалай түсінеміз? Сөздің Сұлтаны нені меңзеп отыр деген заңды сұрақ туындайды. Ғабиден Мұстафин өз сөзінде ешқандай мектеп көрмегенін айтады. Мектеп дегеніміз тура мағынасында емес әрине. Он жасында бір жылдық орыс мектебін ғана тәмәмдаған баладан дана қалыптасты. Бұл да бір Ғабеңнің принцпіне дәлел, сабақ болып тұрғандай. Өз дәрежесіне тек еңбекпен жеткен ойшылдан ғибрат алмасқа амал жоқ.

   Бұл Сұлтан шығармашылығындағы тұлға образын сомдаған бірер туындының мысалы ғана. Қоғамдағы бірегей тұлғалардың бейнесі «Сұхбат» бағдарламасында көптеп жарық көрді. Академик Рахманқұл Бердібаев бұл жайында өз пікірінде  «С.Оразалиновтың теледидардағы еңбегінің ең сүбелісі қатарында оның әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлерімен жүргізген тамаша сұхбаттарын атаған жөн. Олардың мәнділігі соншалық – арада жылдар өтсе де, әсері мен тартымдылығы еш әлсірейтін емес. Ірі әлеуметтік, мәдени мәселелерге жұртшылық назарын аударатын, суреткердің творчестволық әлеміне бойлататын, атақты қайраткерлерді көруші қауыммен бетпе-бет ұшырасатын «сиқыр» осы сұхбаттар еді. Мәселен, Шыңғыс Айтматовпен жүргізген сұхбаты Сұлтанның парасат деңгейінің биік екенін де танытқан еді. Әрбірі өз алдына елеулі құбылыс саналарлық мұндай сұхбаттар тізбегінен С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Ғ. Мұстафин, Ш. Айманов, 

І. Есенберлин, С. Бегалин, А. Тоқпанов, Т. Ахтанов тәрізді ұлы тұлғаларды да көреміз» дейді. Бұл пікірге біздіңде енді  еш алып қосарымыз жоқ.

 

                                                                                                    (жалғасы бар)

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?