Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құнанбай қандай тұлға?

3574
Құнанбай қандай тұлға? - e-history.kz

Сурет: Рафата Бегишева

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жанынан құрылған «Алқа» әдеби-мәдени клубында Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» кітабы талқыланды. Жиынның тізгінін ұстаған журналист Дәурен Дариябек жазушы мен оқырманды байланыстырып, қызықты ойларды ортаға салды. Ал өз кезегінде оқырман қауым толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, жазушыдан тұшымды жауап алды. 

Дәурен Дариябек Құнанбайдың қазақ тарихындағы рөліне тоқталып, тұлғаны данышпан, әулие екенін айтты. Журналист өзінің ойын «Стив Джобс» кітабы арқылы жеткізуге тырысты.

«Уолтер Айзексонның «Стив Джобс» деген керемет кітабында «Егер сен әулиеңді іздеп бүкіл әлемді шарласаң, оны көрші үйден табасың» деп жазады. Өткенде Қали Сәрсенбай әлеуметтік желіде Мұхтар Әуезовтың «Даладан іздеген даналық үйіңнің төрінде отырады» деп айтқанын жазды. Сол кезде мен бұл сөзді Мұхтар Әуезовтың аударуына не әсер етті екен деп ойладым. Абай – Шәкәрім секілді Стамбұлға немесе Құнанбай секілді Меккеге барған жоқ. Бірақ бір жерде отырып ұлылық тудырғаны оның Физули, Шамиши, Сәйхалиларға дейінгі ұлы данышпаны, әулиесі үйінде отырды. Ол Құнанбай еді», – деді жүргізуші. 

 

КІМ ДАНЫШПАН? ҚҰНАНБАЙ МА, АБАЙ МА?

 

Тұрсын Жұртбай үш-төрт жылдан бері Абайдың көзқарасы мен өмірбаянын қайта қарап жатқанын айтады. Жазушы соның ішінде шариғат, тариғат, мағрифат, ақиқатты аяқтап, қазір қайта саралап жатқанын тілге тиек етті.

«Осы нәрсеге қырық жылдай дайындалып едім. 1994 жылы шыққан «Күйесің, жүрек сүйесін» деген кітапта «Абайдың қара сөзіндегі 38-ші қара сөздің кілтін таптым. Бірақ ары қарай тарқатуға сауатым жетпейді» деген ем. Одан бері де 30 жыл өтті. Менің шет тілім араб тілі болып, сан рет оқталсам да кейін қайтып едім. Бірақ ендігі санаулы тіршілік қалғанда жеріне жетпеседе төбесін бір көрсетіп қояын деп кірісіп едім. Алла сәтін салып көптен бері еңбектенген кітап бітті. Бірақ Абайға бұрыңғы таңғалған, таңғалған ба? Абайды мен адам деп есептемеймін. Бұл Алланың бір жаратқан пендесі. Ал мені қырық жыл бойы ойландырған Құнанбай еді. 

Құнанбай туралы алай дейміз, былай дейміз, бірақ сол ауылда өскендіктен әр түрлі көзқарастарды білесің. Ел аузында аға сұлтан туралы көп естелік кездеседі. Сондай таласта «Кім данышпан? Абай ма, жоқ әлде Құнанбай ма?» деген сұрақ қойылады. Біздің ауылдың арғын, тобықты, найман және ортасында керейдің шалдарының айтысы осы болатын. Менің әкем қостаған адамдар «Құнанбай данышпан» дейді, оқыған Мекіш пен мен «Абай данышпан» дейміз. Осындай көп сөздерді естідік. Бірақ мені ойға қалдырған Құнанбайдың данышпандығына көз жетіп, жоғарыда айтқан төрт нәрсеге баруға себеп болған оқиға болды. 

Абайға қарасаң «Жат тыныш. Заман менікі» деп Құнанбайға ерік бермеген адам  сияқты. Бос сөз. Менің ойымша бұл оқиға 1876-1878 жылдары болған болуы керек, өйткені Абайдың Қызылмола болысында болыс болып, Әйгерімге қол салған жылдарымен шамалас келеді. Құнанбайдың Меккеден келгеннен кейін 7 жылда үстінен 18 арыз түсіп, мырзақамақта жатқан кезі бар. Онда мамайдың даугері Қызылмола болсының болысы Абаймен айтысып, теңдігін ала алмаған соң Құнанбайға келіпті. Ол «Сіздің Абай деген балаңыз «Әділетті болмады», менің жерімді алды. Таймақкөлді қайратып беріңіз. Айтыңыз балаңызға» дейді.

Сонда Құнанбай: «Ей, Мырза тура мына сенің атаң құрсағынан бір туған егізімнің сыңары көзтаңбалы арғынымнан айырып, «Сырты түк, іші боқ» бес байтал үшін құнды қылып, елімді бая-шая етіп еді. Содан ел ауып Шығыстағы найманның қолтығына кірдік, бірде бая, бірде шая, бірде жау, бірде дос, бірде тірі, бірде өлі болып өмір сүріп енді тыныштыққа келіп едік. Оны бұзған егізімнің сыңарынан айырған мына сенің атаң еді, Мырза. Енді маған неге келіп тұрсың? Жәбір сұлтаны деген сұлтан болады. Абайың сол Жәбір сұлтаны. Мағанда міне үш ай болды келіп, сәлем берген жоқ. Бар, арызыңа билік айтпаймын» дейді.   

Үзікбай шығып кетеді. Бұл сөз Абайдың құлағына жетеді. Бұл Абайдың сотты  болайын деп, 7 рет тергеуге түсіп жатқан шағы еді. Пәленің бәрі сол Әйгерімнің әрекеті басталған болатын», – дейді ғалым.

 

«ОБАЛЫҢА ҚАЛЫППЫН ҒОЙ АБАЙ» – ҚҰНАНБАЙ    

 

Әкесінің сөзін ести салып Абай Құнанбайдың ауылына барады. Өзінің айыбын түсінген Абай әкесінің қас-қабағына қарап, бірнеше күн бойы үнсіз жүреді.

«Абай әкесінің үйіне келсе Құнанбай ақ көйлек, ақ дамбал, ақ тақия, ақ шымылдықтың ішінде алдына ақ жайнамаз жайып отырады. Абай рұқсатын сұрап кіріп, таңғы және екінді шәйін ішеді. Сөйтіп бір апта сәлем беріп келіп кетіп тұрады. Әлгі кеудесін керіп, «Тек жат, тыныш жат» деген Абай көрінбейді. Рұқсат сұрап кіреді, рұқсат сұрап шығады. Артық сұрақ қоюуға Абайдың дәрмені жоқ. Сый, ізет. Бір аптадан кейін бе, жоқ әлде 10 күннен кейін бе қайтпақ болады да таңғы шәйдан кейін «Тәте, мен келгелі біраз күндер болды. Ел қызметі шұғыл еді. Қайтуға рұқсат беріңіз» дейді. 

Сонда Құнанбай «Еее, Абайжан, бара ғой, рұқсат», – дейді. Орнынан қозғала беріп Абай «Тәте, бір сұрақ қоюға бола ма?», – дегенде «Қоя ғой Абайжан» дейді. Абай: «Мен келгеде мынау бір жұқа кітап үстелдің үстінде тұр еді. Сол жұқа кітапты таңертең қарап, бір бетін оқисыз да ұзақ ойланып отырып ары қарай жылжисыз. Міне бір апта болды, оның жартысына келген жоқсыз. Сіз бір аптада ойланып оқитындай қандай күрделі кітап еді? Білуге бола ма?», – дейді. Құнанбай: «Ай, Абайжан-ай бұл бәдуам ғой» дегенде Абай мырс етіп күліп жіберіп «Бәлі, тәте, мен сізді дүниенің сырын біліп, ақиқатқа кетті ғой десем, бәдуам деген тіл сындыруға арналған шағын ғана дүние емес пе? Сіз беріде қалған екенсіз ғой», – дейді. 

Сонда Құнанбай: «Ай, қап-ай, обалыңа мен қалыппын Абай. Кезінде үш ай медресседе оқытып, тастамай алып кетіп ем. Обалыңа қалған екенмін ғой. Жетпеген екенсің, жеңіл оқыған екенсің ғой. Мен сені түбіне жетті ме десем, тоқымай оқыған екенсің ғой. Бәдуам деген шариғат, тарихат, мағрифат арқылы ақиқатқа қол жеткізетін кітап емес пе? Соның әр сөзін ойлап, іштей қорытып отырамын. Қап, обалыңа қалыппын ғой Абай, жетпей оқыған екенсің ғой» дегенде Абай басын шайқап, орнынан тұрып есіктен шығып кетіп бара жатқанда: «Үлкендермен байқап сөйлесу керек екен. Мына қара шалың қандай терең еді. Расында да үстірт оқыппын ғой. Кемшін екенмін ғой» деп айтты дейді. 

Бұл Абайдың қырық жасында айтып тұрған сөзі. Енді кім данышпан? Осыдан кейін Құнанбаймен ойнап көріңіздер. Абайдың үш айлық кемдігін үш жылдық оқуға балап тұр ғой. Біз дүниеде оқымағаны жоқ данышпан дейтін Абайға «үстірт оқыған екенсің» деп ақыл айтқан Құнанбайдың оқығаны, тоқығаны қайда? Сонда дүние не боп кетеді? Біздің танымымыз қайда кетеді? Міне, Құнанбайды түсіну үшін оның осындай тұлғалық қасиеттерін білу керек. 

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолында» Байсал, Қаратай, Сүйіндіктер отырған кезде «Осы тобықтыда шешен кім?». Құнанбай. «Ер кім?». Құнанбай. «Әділ билеуші кім?». Құнанбай. Сонда Байсал «Ей әділ, шешен, көсем Құнанбай болса, біз неге оның соңынан тас алып қуып жүрміз? Мұнымыз не?» дей келе Байсал «Әттең не қылайыны жоқ қатал» дейді. Қатал билік. 

Құнанбай атқа мінерінде Алладан тәу етіп «Ей, Алла Тағала, дәулет бер, сөз бер, билік бер. Осы үшеуін берсең тең қып бер. Алып жүре алмасам Алланың жазылған ең сорлысы болайын» деген екен. Кейін Құнанбай: «Алла Тағала осы үш тілегімді де берді. Тек өзімнің ағайыныма қадірім болмады, балтырымнан қауып алды да отырды, алды да отырды. Сонда ағайынмен тату қыл» деп неге тілемедім екен?» дейді. Осы өкініште Абайдың да, Құнанбайдың да, тіпті қазақ қоғамының да зар өкініші бар деп ойлаймын. 

Жаңағы бәдуамды 30 жылдай іздестіріп, ақыры оны осыдан үш жыл бұрын тауып, ақиқатқа көз жеткізуге тырыстым. Шындығында аталған кітап баланың әліппесі сияқты оңай. Бірақ әр сөзіне жауап іздесең бүкіл Құранның асты-үсті түгел шығады. Құнанбай оқыған нұсқасын таптым деп айта алмаймын. Бірақ 1904-1912 жылы шыққан бәдуамдарды оқыдым. Үлгісі біреу. Соған негізді құрып алдым», – дейді жазушы.

 

АҚСАҚАЛДАР НЕГЕ АДАСТЫРДЫ?

 

Тұрсын Жұртбай Құнанбай мен Абайдың өмібаянын Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы арқылы түсіну дұрыс емес екенін айтады. Нақтырақ айтсақ жазушы әке мен баланың арасында қандайда бір қайшылық болмағанын ескертті. 

«Құнанбай мен Абайдың арасындағы қарама-қайшылықтар менің ақыл ойымды да екіге бөліп жіберетіндей болды. Алғашқы қалам ұстаған кезімде шалдардың әңгімесін қағазға түсіремін, ұстазым Рымғали Нұрғалиев «Дұрыс, дұрыс» дейді де бастырмайды. «Ол деген былай» деп өзіме ақыл айтады. Абай ауданына келіп кеткеннің бәрі данышпан, мен ғана ақымақ болдым. Содан Шәкәрімнің бақыршысы, Мұхтардың досы болған Кәбіш Кәрімқұлов, Жұмакүлбай, Шәкір Әбеновпен сөйлескен кезде олар басқаша айтады. «Саған дұрысын айтайық, өз баламызсың ғой» дейді ғой. Менің алдымда келген Әубәкір Нілібаев, Оралхан Бөкейлер басқаша жазады. 

Содан университет бітіргеннен кейін «Қорғансыздың күніндегі» прототип туралы екі-үш нұсқа шығып кеткеннен кейін мен өзім жазып алған материалды жариялап жібердім. Содан әлгі шалдар «Иә, сөйтіпсің ғой» деп мысқылдайды. Бір досыма «Мына шалдардың тілін шығару керек» деп айттым. Себебі менің өзім 23 жасқа келдім. Бұрын бала деп менсінбеуі мүмкін. Содан не керек «Менің бір-ақ бұйымтайым бар. Ал енді шындықты айтыңыз. Маған айтқанда былай, әнеу күні келіп кеткен жазушыға басқаша айтқасыңдар? Қайсысы дұрыс? «Мен міне масқара болдым» дегенде ол «Онда айтайын» деді. 

Абай ауданына аптасына құрып кеткенде бір министр немесе оның орынбасары бармаса іштері кеуіп кететін заман ғой. Қазірде солай. Ол міндетті түрде райкомға барады. Олар Семей жақтағы Бекен, одан кейін Ырзықбай, Қабыш, Ниязбек, Ыбырай, Көкшеде Жұмакүлбай, ең шетіндегі Аягөзде Шәкір қу отырады. Семей мен Аягөздің арасы 190 шақырым жер. Сонда бірінің айтқан сөзін Аягөдегі Шәкір растап отырады. Әр үйге кіргенде бір-бір қойдан сойылады. Содан мен оларға «Біріңнің сөзіңді екіншің қалай қайталайсыңдар. Ол кезде телефон жоқ. Неге өтірік айтасыңдар» деймін ғой. 

«Әй, саған айтпаса болмады. Өзіміздің баламыз болған соң сенің білгенің дұрыс» дейміз. Ал енді ана қырттарға олай айтпасаң болмайды. Апта сайын келіп бір қойымызды жеп кетеді. Күт дейді, әңгіме айт дейді. Әңгіме айтайық деп «Таңға жуық Кебек атқа мініп шыққанда» деп бастасақ: «Еее, оны білеміз ғой» деп өзіңе ақыл айтады. Ең аяғында өзі данышпан болып кетеді. Сендердің жазушыларың тіпті қырт. Бізге Абайды «ол былай ғой» деп үйретеді. Және бір жыл емес, екі жыл емес. 30 жыл бойы көргеніміз осы. Содан қой бұларға мазақ болғанша біз оларды мазақ қылайық» дедік. 

Қалай? Бірақ оқиғаны айтады екен. Бізде оны қазір «ключевой слова» дей ме? Бір сөзді анау жақта отырған Бекен айтып жібереді, Қасқабұлаққа келген кезде «Ол не еді?» деп айтады ғой. Мысалы біреуі «Таң сыз беріп келе жатқанда. Бұл ең басты мәселе» деп айтса, екіншісіне барғанда «Таң арқан бойы көтерлігенде» дейді. Бұл сөзді мысал үшін айтып отырмын. Келген қонақ «Ой жаңа ана жақта таң қараңғысында деп айтып еді ғой» дейді. «Жоқ ол дұрыс айтпаған ғой. Одан құрық бойы көтеріліп қалған» дейді. Жейдебайға келген кезде «Жоқ ол кезде сәске болатын» деп айтады. Қарауылға келгенде талтүс болады. Жұмакүлбай екіндіге айналдырып жібереді. Ең соңында Әуезовпен теңдес сөйлесетін философ Шәкір «Олар қырта береді. Бұл оқиға тура ымыртта болған» дейді. Әлгілер «Сонда қалай болып кетті өзі? Анда таң қараңғысы еді, мұнда ымырт болып кетті. Шыр айналып кетті ғой. Батысым шығыс болып кетті ғой» дейді. Сол кезде анау «Сен өзі оқып туғансың ғой, Абайды білесіңдер. Абайдың өзі «Батысым шығыс болып кетті, шығысым батыс болып кетті» деп айтты емес пе?» деп өзіне тарпа бас салады. 

Осы 40-50 жылдың ішінде Абай мен Әуезов туралы кім жазбады дейсің. Міне солардың бәрінде шалдар өзара ақылдасып, ақын-жазушылар мен ғалымдарды жаңылыстырып отырған. Ауылдың шалдары «Өйткені өзімізге Абайды үйретеді. Мазақ болдық. Сойған қойды қойшы әйтеуір үкімет қайтарып береді. Ал енді саған шындықты айтайық» деді.

Осыдан бастап менің көзім ашылып, ұлым дегізіп Ырғызбайдың қатарына қабылдады.  Одан кейін Тұрағұлдың қызы Мәкен апай батасын берді, шындықтар айтылды. Ол «Бір адам шындықты білу керек, бұрын екеу едік, 92 жасқа келіп Бекен қайтыс болып кетті. Шындықты жеткізетін жасырын біреу болмаса, көзі тірі адам қалған жоқ. Ал мен айтайын десем маған сенімді адам керек. Оны екінің біріне сеніп айта беруге болмайды. Әркімде бір құпия болу керек емес пе?» деді

Осы білгендердің нәтижесінде 1977 жылы Омбының архивіне барып, Құнанбай туралы екі мың беттік іспен таныстым. Онда аға сұлтандығы бар, мұсағұл соғысы мен Бөжейдің ісіне қатысты «Өмірлік және көркемдік шындық» деген «Абай жолы» романындағы Құнанбайға қатысты шынайы оқиғаларды жаздым», – дейді жазушы.

 

ТАРИХИ ШЫҒАРМА ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛАДЫ?

 

Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясында бір абзац шындық жоқ. Ал мектеп пен университетке дейінгі әр түрлі оқу орындары Құнанбай тұлғасын «Абай жолы» арқылы танып біліп жатыр. Жазушы Құнанбайды Әуезовтың романы арқылы танудың қате екенін ескертеді.

«Лекция оқыған кезде «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясында бір абзац шындық жоқ» деп айтамын. Жоқ. Бар десеңдер маған көрсетіңдерші. Мен енді сонша қара басып, ит болып кетпесем 10-15 рет, ал кейбір даулы оқиғаларды 20-30 рет сөзбе-сөз қарағанмын. Жоқ шындық. Өтірік. Ал Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясы артында бір сөйлем өтірік көркемдік шындық жоқ. Бәрі көркемдік шындық деймін. Неге? Бұл шындығында да солай. Идея деген болады, ол өз алдына бөлек әңгіме. Көркем шығарма мың шындықтан құралады. Мың шындықтан жақсылап тұрып хисса сияқты жылап немесе күліп отырып тыңдайтын шығармаса жазса, міне жігіт. 

Мен студенттеріме «Сендер өсекші деген мамандық алып шығасыңдар. Өйткені көркем әдебиетті оқығаннан кейін ол өсекші. Қырық өтіріктен бір шындық шығарсаңдар міне сол кезде нағыз жазушы боласыңдар. Көркем әдебиет дегеніміз шығарма, шығарады. «Абай жолы» Әуезовтың шындығы, ал «Құнанбай» менің шындығым. 

Тарихи роман жазған кезде 7 қағиданы сақтау керек. Бірінші тарихи кейіпкердің физологиялық қасиеттерін бұрмаламау керек. Мәселен Құнанбай соқыр ма, оның «көзі сау екен» деп жазуға болмайды. Тіпті «сау екен» деп жазғандар да болды. Екінші Құнанбай феодализмде өмір сүрді ме, қоғамдық формацияны өзгертуге болмайды. Үшінші ғылым мен техниканың жаңалықтары жоқ кездегіні бар деп жазуға болмайды. Төртінші үй-іші, қатын-баласына қиянат жасауға болмайды. Бесінші ұстанған дініне өзгеріс енгізбеу керек. Алтыншы жағрияфиялық жағдайды сақтау керек. Мысалы «Абай ауданы мен Шыңғыстауда есек мініп жүр еді» деп жазсаңыз өтірік болады. Есек қарда жүре алмайды, өйткені тұяғы үсіп қалады. Мен есекті Алматының маңындағы бір ауылға барғанда бірінші рет көрдім. Тынымбайлар «Есек» деп жазғанда жыным келетін. Жоқ нәрсе. Сондай-ақ Абайға банан жегізуге болмайды. Осы жеті қасиетті міндетті түрде сақтау керек. 

Өмірлік шындық біткен жерден көркем шығарма басталады. Сондай-ақ тарихи шығарманың кез келгені идеяға бағынады. Не айтқысы келді жазушы? 1956-1957 жылдары Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда Абайдың кейбір туысқандары мен Сәбит Мұқанов бастағандар адамдар арыз жазған болатын. Сол кезде Жоғары соттың бастығы жазушыны шақырып алып «Мұха, бейбіт келісім болады. Сіз соған келісіңіз. Әйтпесе бұл арыз Лениндік сыйлықты алмасын деп жазылып отыр. Арызын алғаннан кейін көрерсіз» деген екен. Өзара келісімге келіп, арыз алынғаннан кейін 1957 жылы жазушыға Лениндік сыйлық берілген. 

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын қалай жазғаны туралы «Мен көркем шығармаға тән жазушыға тиісті қасиеттерді пайдаландым. Менің ең басты идеям дүние жүзіне Абайды ұлы ақын екенін қазақ халқының тарихи өмірі арқылы көрсету болды. Абайдың өзін ғана емес, бүкіл қазақ халқының дәстүр-салтын дүниежүзіне танытуға мән бердім. Ал ол жолда мен өзіме жазушыға тиесілі міндеттерді пайдаландым. Сондықтан да Құнанбайды маған әке мен баланың арасындағы қоғамдық қарама-қайшылық ретінде көрсеткім келді» дейді. 

Әке мен баланың ортасындағы қарама-қайшылық деген Тургеновтің  «Отцы и дети» деген шығармасы негізінде коммунистік идеяға жақындатып берген дүние болды. Негізі әке мен баланың арасындағы қарама-қайшылық христиандық идея. Ал Ленинің «Әке мен бала қарама-қарсы болған кезде революция туады» деген сөзі бар. Мұхтар Әуезов «Ленин айтқан революцияға алып келдім» дейді. 

Өкінішке қарай мектепте де, университетте де Абайдың өмірін «Абай жолы» роман эпопеясы арқылы оқытады. Неткен сорақылық. Біздің Абайға жанымыз ашымайды екен ғой. Абайға жанымыз ашыса, оның көрген азабы мен тозағын сезінгіміз келсе, Абайдың өз өмірін неге бағаламаймыз? Абай және оның әкесі мен атасы Құнанбай мен Өскенбайды тарихи тұлға ретінде түсіндірейік. Әкесіне қарсы алдынан шығып көрмеген Абайды әкесінің бетінен алып «Жат тыныш, заман менікі» деп төбесінен түкіртіп қоя ма? Бұл біздің үлкен қателігіміз деп ойлаймын», – дейді ғалым. 

 

 

ҚОДАР МЕН ҚАМҚА ОҚИҒАСЫ ӨМІРДЕ БОЛҒАН БА?

 

Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Құнанбайға тағылатын үш бірдей айып бар. Оның ең біріншісі Қодар мен Қамқаның арасындағы жағдайға байланысты. 

«Бірінші Қодар қамқа оқиғасы. Сол арқылы біз Абайдың жан дүниесін көріп, «осы қиянат арқылы әкесіне қарсы болып өскен екен» ғой деп ойлаймыз. «Жазықсыз Қодар мен Қамқаны өлтірді»  деп «Құнанбай деген қандай қиянатшыл, қандай қатал адам» деп ойлаймыз. Солай ғой. Керемет жанымыз ашиды. Құнанбайға тағылатын ең бірінші айып жер үшін Қодар мен Қамқаны жазалады дейді. Бұл көркем шындық. Өмірлік шындық емес. Қодар мен Қамқа оқиғасын Абай көрген жоқ. Бұл менің есептеуім бойынша 1834-1835 жылдар аралығында өткен оқиға. Мұхтар Әуезовтың өзі күнделігінге «Қодар мен Қамқаның оқиғасын Абай естіген болуы керек» деп жазады. Бірақ бұл оқиғаны Әуезовтың өз романында алуға толық қақысы бар. Сондай оқиғаны 1914 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров «Жазықсыз қаза» деп жазады. Бұл қазақтың қоғамдық өмірінде болған шындық. 

Шын мәнісінде Қодар мен Қамқа оқиғасы өмірде болған. Шәкәрім өзінің «Қодардың өлімі» поэмасында ол турады жазған. Өзінің жалғыз ұлы өлген соң жылына жетпей келінімен қосылып, әуей болған. Және өзімен қоса тобықтының есейген 10-15 қыз-жігітімен қазіргі Базаралының Шынықты деген қыстағында жатқан. 

Егер де аға сұлтан би, әділ, мораль, дін тұрғысынан алғанда ел басқарып отырған Құнанбай қайын ата мен келіннің арасындағы салдақылықты қоштайтын болса, онда оған билік неге керек? Ондайды мақұлдайтын болсақ,  мен келінімнің бетіне қалай қараймын, не қасиет қалады қазақта? Ол бүгінде жазаға тартылатын шаруа. Ар ұялар іс, дінді былай қойғанда. Егер де оған шара қолданбаса, ел азып-тозып кетпей ме? 

Және ол болған оқиға. Өзінің туысы барып көрген және оны Құнанбайдың алдына өзі алып келген. Содан кейін екеуінен сұрау алған. Қамқадан «Не арманың бар?» деп сұрағанда «Қодардың кеудесінен бір иіскетші» деп жауап берген. Сонда Қамқаның шешесі қызынан бас тартып, бетіне түкірген. Осыдан кейін дарға асылған. Қодар қашып кетіп, таудың басына барып өзі секіріп өледі. Лақтырды дейді ғой. Жоқ өзі қорқып жартастан секіріп кеткен. Сол жартас қазірде бар. Шәкәрімнің қыстағы. Сол жартас. 

«Бұларды о дүниеде қара жерде қабылдамайды» деп өртеп жіберген. Егер де осыны қателік немесе әділетсіздік десек, онда қайын ата мен туған келінді ойнас қылып өмір сүрейік. Осы ма Құнанбайдың кәнісі? Осы үшін Құнанбайды айыптауға бола ма?  

1956 жылы Мұхтар Әуезовты «Қодар, Қамқа оқиғасы болды, бірде болмады депсіз. Бұл болған оқиға»  деп сотқа берген. Сонда Әуезов «Романда солай сезіледі. Өздерің «Абай жолын» оқып көріңдерші. Ал мен авторлық текске жауап беремін. Қодар мен Қамқаның оқиғасы баяндалған кезде, бір жерде бұл оқиға болмап еді деген авторлық текс жоқ. Менде жіберіп аламын ба деп 10-15 рет қарадым. Әуелі «болыпты» деп Барақ сұлтан айтады. Одан кейін Жұмабай, Сүйіндік, одан кейін Жорға Жұмабай барады. Солардың сөзінен кейін Құнанбай Қодар мен Қамқаны жазалауға шешім қабылдайды», – дейді жазушы.

Басты суреттегі фото: Қазақфильм

Жалғасы бар...

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?