Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

XX ғасыр басындағы баспасөз бетіндегі азаттық идеясы

1617
XX ғасыр басындағы баспасөз бетіндегі азаттық идеясы - e-history.kz

Жалпы азаттық идеясы мен «азаматтық журналистиканың» қазақ топырағындағы ең алғашқы негізі қай жерде қаланды десек XX ғасыр басында қаланды деген болар едік. Шынтуайтында азаматтық журналистиканың даму тарихын оқи бастасаң көбі батыс елдерінде, оның ішінде  америкада пайда болғанын көреміз. Асылында солай ма?

Бабатанымнан қалға «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» өлшемімен қараса  біздің даламызда да азаттық идеясы мен «азаматтық журналистиканың» кей элементтерінің  ертеректен бастау алғанын көреміз. 

Иә, Қазақ халқының далалық ежелгі, көшпелі өмір салтында да азаматтық журналистиканың көріністері көп. Мысалға, «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сəлем береді» деген қанат сөзі бар. Бұл сөздің тереңдегі негізгі түсінігі, алыс саяхаттан оралған жан кәрі бол, жас бол сыртқа шығып, өзге елдерді көрген- білген азамат және оған далалық ақпараттың нағыз хабаршысы ретінде қарайтын болған.

Ерте замандарда яғни адамдар жазу-сызуды меңгергеннен бастап, тіпті адамзат баласы енді жаралған тұстан, оның санасындағы өсіп, даму деңгейіне сай осы ұжымдық журналистиканың көріністері болған десек, артық айтпаған болар едік. Расында да, адам баласының өзара ақпарат алмасу мүмкіндігі  жазу- сызу, оқудың арқасында одан əрі дамыды. Оның  ең басты қадамы ол хат ұғымы еді. Сол ерте заманнан бері хат ақпарат алмасудың ең басты құралы екендігі белгілі. Ежелгі жерімізді Ресей отаршылары əкімшілік бөліністерге  бөлгенге дейін тайпалардың басшылары және сол кездегі сауатты адамдардың бір-біріне жолдаған хаттары не болмаса көрші елдердің би-сұлтандарына жазылған пікірлері, хаттары өз алдына үлкен мектеп болған.  Енді «Балқожа бидің алыстағы білім алып жатқан немересіне жазған хатына» көңіл аударып көрелік.

 

Үміт еткен, көзімнің нұры, балам,

          Жаныңа жəрдем берсін құдай тағалам.

          Атаң мұнда анаңмен есен-аман

          Сағынып сəлем жазады бүгін саған.

 

Сонымен қатар, сонау ХV ғасырдағы халықтың қайғы-мұңын жырларына қосып, қазірде әдебиетіміздің асыл мұрасына айналған жыр-дастандары азаттық идеясының нағыз көрінісі болғандығы рас.  Бұл жайлы көптеген зерттеу еңбектерінде айтылатын деректер  бар. Ертеректегі ғалым-ақындарды қозғамасақ та, бертін заманғы  М.Мағауин, Б.Омаров, Б.Жақып сынды ғалымдар асыл мұрамызды зерттеп ғана қоймай ұлылар салған дана жолымыздың арнасын тазалап, еліміздің дана көсемсөзіне жаңа леп, жаңа дем берді.

Гомер жазған «Одиссея» бүкіл әлемдік поэзия өнерінің үлгісі саналады. Сонымен қатар Гомер бір халықтың шежіресін  айна қатесіз жеткізуші тарихи  тұлға. Ол шежірелі-публицистиканың негізін қалаушы  жəне тағы басқа да  ізгі сөздер Гомердің бір басына жетіп артылады. Гомер секілді одан да зор дəрежеге лайық өзіміздің жырауларымыз ұлы даланың мұң-қайғысын жүрегіне сыйдыра алмаған нағыз батырлар, екі дәуірдің арасын жалғастыратын нағыз дəнекер. Олардың əрқайсысы жылдар өткен де, тұлға ретінде зерттеліп, сол кездегі ақтаңдақ шындық ашылу үстінде. Ал Алатау алқабына дейінгі алып атырап, қазақ даласында осы бір азаттық идеясының пайда болып, алға жылжуына қаншама «дауылдар» мен «борандар» зар замандардың өксігі еш кедергі бола алған жоқ. Кейінірек еліміздің мұрасына айналған ауыз əдебиетіміздің қазыналары сол тұлғалардың жырлары болып қалды. Сөз бостандығының нағыз көрінісі біздің ұланғайыр жерімізде салтанат құрды. Асан Қайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шалкиіз мұралары, берісі Махамбет шығармалары — еркін де азат журналистиканың жарқын көріністері. 

Асан Қайғының қапас өмірдің  болмысын жыға танып, тіпті Жəнібек ханға:

          Шабылып жатқан халқың бар,

           Аймағын көздеп көрмейсің.

           Қымыз ішіп қызарып,

           Мастанып, қызып терлейсің,

           Өзіңнен басқа хан жоқтай

           Елеуреп неге сөйлейсің?!

           Қорған салдың бейнет қып,

           Қызметшің жатыр ішіп-жеп.

           Оны неге білмейсің?!

           Қатын алдың қарадан,

           Айрылдың хандық жорадан,

           Ел ұстайтын ұл таппас,

          Айрылар ата мұрадан!

          Мұны неге білмейсің?!

 

Еліміздің қастерлі жырауы, аруақты батыры атанған Ақтамберді мұрасын қарасаң, сонау қиын-қыстау замандарда ел басындағы бар ауру-сырқатын жүрегімен сезініп, жеріне жеткізе айтқанын таңдана да мұңдана оқисың. 

 

Күлдір де күлдір кісінетіп,

          Күреңді мінер ме екеміз,

          Күдеріден бау тағып,

          Ақ кіреуке киер ме екеміз!

 

Жағасы алтын, жеңі жез,

          Сауыт киер ме екеміз!

          Ор қояндай жүгінтіп,

           Аш күзендей бүгілтіп,

           Жолбарыстай шұбарды

           Таңдап мінер ме екеміз! деп, тек өзінің ғана емес, қаншама қиын да сұмдық қырғындарды көрген туған халқының ішкі арман- мақсатын жеткізіп отыр. Ендеше, көптің көкейіндегісін дөп басып шындықты көзбен көріп, сөзімен жеткізе білген Ақтамбердіні азаматтық идеясының өсіп, дами түсуіне  көп үлес қосты десек дұрыс болар.

Азаматтық журналистика еркін, тәуелсіз ,кең ауқымды және жаппай қол жетімді болса да, жоспарланып отырған ақпараттық саясаттың және кәсіби-журналистік нақты мақсаттың болмауы азаматтық журналистиканы қосымша ақпарат көзі мәртебесінде қалуға мәжбүр етеді, білікті сараптамалық ақпарат алу үшін аудитория бұрынғысынша кәсіби журналистикаға жүгінеді. Дегенмен, азаматтық журналистика кәсіби мамандар үшін ақпараттың жақсы қоры болып саналады.

 

                  XX ғасыр басындағы  баспасөзі бетіндегі ұлттық сипат 

 

    Газет «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болғанда, публицист кім деген заңды сұрақ туындайды. Халық көкейіндегісін жеткізіп, жүрегінен орын ала ала ма? Олай болатын болса қандай тақырыпты қаузағанда алады? Сократ айтыпты: «Пенденің бәрі философ, менің олардан айырмашылығым – ойларымды қағазға түсіріп жаза аламын». Шынында да шешуі күрделі ғаламды әр адам түрлі тұрғыда тани алады және оны сол қалпында жеткізіп жүргендер жетерлік. Бірақ бұның бәрі халық жүрегінде сақталып жатқан жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай бұл күрделі құбылыс және ол өмірді өнермен ұштастырған дарындар қолынан ғана келеді. Халық кімді жақсы көреді? Әр айтқанынан ұлттың болмысы аңқып тұратын, сөзі мен ісі келіскен қатепті қара нарларын ұлы дала мәңгі жоқтап тұрады емес пе?  Кешегі XX ғасыр басындағы алыптар еңбегі осы үдеден шыға білді. Осы орайда мына мәселеге тоқтала кетсек. Жалпы өзі ұлттық болмыс дегеніміздің өзі не? 

 Ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келе жатқан дүниетаным мен ұлтық факторларды анықтайтын белгілер ұлттың болмысын құрайды. Санада бекітіліп қалған салт-дәстүр, ананың сүтімен дарыған тіл, жүректің қалаумен келген дін, барлығы дерлік бір арнаға тоғысып халықтың сипатын, мінезін көрсетеді. Биікке жетелейтін өресі мен құлатқан күресі көп өмірде, өзіңді жоғалтып алмас үшін намыс отын маздатып отыратын жеке адамның мінезі де, осы ұлттық болмыстың тамырынан тарау алады. 

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейтіні осыны меңзейді. Демек, өз ұлтының құндылығын қастерлеп, мақтана алатын азамат әрдайым ұлты үшін қызмет ете алады. Бұл сөзімізге әргі-бергі тарихымыздағы азаматтар еңбегі куә болды. Біз айтып отырған жандар ұлттық болмыстың иісі өз шығармашылығынан аңқып шоқтығы биік азаматтар.  XX ғасыр басындағы алыптар еңбегінің басым бөлігі ұлттық сипатты насихаттап өтті. Көптеген газет бетіне жарық көрген түйдек ойлары осы күнге дейін өзектілігін еш жойған жоқ. Қоғамның шындығы арқау болған сол еңбектердің денінде қазаққа деген махаббаттың жатқанын аңғару қиын емес. Олардың көбі кәсіби публицис болды. Сонымен, публицистика дегеніміз не? Оның бойынан біз айтып отырған ұлттық нышандар көрініс таба ала ма? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында, пулицистиканың сыр-сипатына үңіліп көрейік.

    Публицистика (латынша: publicus – көпшілік, әлеумет) – қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады.

Қоғам өмірінде публицистика ерекше рөл атқарады – ол аудиторияның  интеллектуалдық және эстетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады. Француздың атақты лингвисті Ш. Балли «Ғылыми тіл бұл – идеяның тілі, ал әдеби тіл бұл – сезімнің тілі»,- деген болатын. Енді, біз бұған публицистика – ой мен сезімнің тілі дегенді қоссақ, артық етпес. 

Көсемсөз - белгілі бір мәселе жайында ой толғам. Бұл негізінен очеркпен үндес. Мысалы, журналистердің ұлт мәселесі жайындағы толғамдары, ой түйіндері, толғаныстары жазылған мақаланы публицистика дейміз. Ол ақпараттан да, сараптамадан да өзгеше. Мұнда субьективизм басым.

Публицистикалық стильдің басты белгілерін сол публицистикалық шығарманың қоғамдағы қызметіне қарай анықтауға болады. Бұл стильге императивтік үстемдік тән, ол негізінен көпшіліктің назарын аудару мақсатында жазылады. Ал осы стильдегі шығармаларға келетін болсақ, олар өздерінің айрықша батылдық сипатымен, саяси әрі кемшілікке қарсы күрестегі өзінің өткірлігімен ерекшеленеді. Публицистикада либералдық көзқарас айқын көрініп тұрады және бұл – осы жанрдың стильдік ерекшелігі. 

 Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль бірыңғай болып келмейді. Бір қатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпқа жазылған газет-журналдардағы материалдар, памфлет, очерк тағы басқа шығармаларды, ал шешендік сөздерді публицистикалық стильдің ауызша түріне жатқызып жүр. 

Публицистика өмірдің барлық салаларына назар аударып отырады. Бұлай дегенде мына жайларды ескеріп отырған ләзім. Публицистиканың қоғамдық пікірді қалыптастырудағы ролін тым артық бағалауға болмайды және ол тек публицистиканың ғана атқаратын рөлі деп қарасақ ағаттық болар еді. Қоғам мүшелерінің қоғамдық пікірлерін қалыптастыруға әсер ететін әр түрлі жайлар мен жағдайлар және құбылыстар мен фактілер толып жатыр. Қоғамдық пікірді қалыптастыруға өнер де, білім де, ғылым да, идеология да, заң да, философия да, мораль да кең түрде араласады. Яғни үнемі дамып және әсер жасайтын қоғамдық сананың барлық түрлері қоғамдық пікірдің қалыптасуына белсенді түрде қатысып отырады.

Қоғамдық пікірді қалыптастыруда публицистика да ерекше роль атқарады. Публицистика қалың бұқараның ойлары мен сезіміне әсер ете отырып, миллиондаған адамдармен бір мезгілде сөйлеседі де, оларды сендіре де біледі. Сондықтан публицистика, кейбір жағдайларда қоғамдық пікірдің қалыптасуын ұйымдастырушы ретінде, бұқараның ой-пікіріне әсерін тигізеді.

Ғылым мен көркемөнер сияқты публицистиканың да объектісі өмір шындығы болып саналады. Ал, енді осы өмір шындығына публицист нені зерттейді, ол қандай жайларға назар аударады, публицистің шығармасында әлеуметтік өмірдің қандай жақтары қамтылады? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін публицистик оның әдісін, мазмұны мен түрін, функциясын анықтап алған абзал. 

Көсемсөздің пән ретінде адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың көрінісі деген сөз, яғни өмірдің әлеуметтік саяси, экономикалық, өндірістік, ғылыми және рухани тағы басқа құбылыстарын, өмір фактілерін байыптап-түсіндіріп беретін пән деп бағалаған абзал. Бірақ мұның барлығын публицистика белгілі бір фактілер, құбылыстар мен проблемалардың өздері де сол әлуметтік жағдайларды кішкене ғана «бөлшектері», оның жеке көріністері болып саналады. Ал адамдардың экономикалық, саяси, рухани, идеологиялық қарым-қатынастарының нақты заңдылығы әрбір әлеуметтік жағдайға  объективті түрде әсер жасайды.  

Көсемсөзші өмір материалдарын зерттеп, белгілі қорытындыға келгенде де, дәлелдерін сипаттап, тақырыбын таңдап, фактілерін іріктегенде де белгілі бір принципті басшылықа алып отырады. Яғни шығарманың мазмұнды болып шығуы публицистің қолданатын әдісіне байланысты. Публицист өзінің баспасөз бетінде жүргізген үгіт-насихат және ұйымдастырушылық жұмыстары арқылы қоғамдық санаға белгілі бір үлес қосады, өзінің шығармасы арқылы көпшіліктің назарын аударып, сол мәселенің төңірегінде пікір туғызады. 

Бұл жандар ғылыми-социологиялық әдіс арқылы нақтылы әлеуметтік жағдайларды, жеке адамдарды, олардың қарым-қатынастарын зерттейді. Фактілер мен құбылыстар арқылы өмір шындығын көрсетеді, осылардың көмегімен адам сезімін оятады. Сонымен қатар публицистикалық шығарма адамды жігерлендіретін күш-қайрат беретін әлеуметтік сезімге бөлеуге тиіс.

бара жатқан болмысымызды іздеуге деген үндеу мен құлшыныс жатыр. Тәуелсіз ойлау, ол алдымен сананың еркіндігі емес пе? Санасы былғанбаған, өзінше ойлай алатын адам жағымпаздық пен жалтақтықтан бойын ада ұстайды. Азаматқа тән мінез, бұл екі кеселден алшақ болған кезде ғана жұғады һәм қалыптасады. Мінез бар жерді ұлттық сипатты насихаттау, сол жолда күресу бар. Немістің ойшылы Гете: «Байлығыңды жоғалттың ба-аз жоғалттың! Ар-намысыңды жоғалттың ба – көп жоғалттың! Ал ерлігіңді жоғалттың ба – онда бәрін де жоғалтқаның! Одан да адам болып тумағаның жақсы!» деп ой тұжырымдапты. Гете бәрін жолына құрбан қылып отырған ерлікті қалай түсінуге болады? Бұл, әрине, біз айтып отырған ұлт алдындағы ерлік, керек десеңіз әр адамның көрсетуге тиісті халық алдындағы мінезі. 

   Жалпы өзі кез келген публицист, шығармасын жазбас бұрын объектілерді аралап, бәрін байқап көреді, адамдармен сөйлеседі, өзінің зерттеуі туралы фактілер қоры жиналады, белгілі бір пікірге, қорытындыға келеді. Сөйтіп, фактілер мен құбылыстардың мәні және олардың жағымды және жағымсыз жақтарының беті ашылады. Публицист алдына қойған міндетіне сай болашақ шығармасының тақырыбын таңдай білуі керек, оны дамытып және өңдей білуге тиіс. Шығарманы публицистиканың қандай жанрында жазғанда да журналист осы үш заңдылыққа сүйенеді.

Шығарманың тақырыбы ұнамды, мамұны тартымды болуы публицистиканың негізгі міндеті. Бұл талап – публицистиканың үлкенді-кішілі жанрларының бәріне бірдей қойылатын ортақ және негізгі талап. Осы талаптың іс жүзінде орындалуы, ең алдымен, публицистің тақырыпты таңдай білуіне байланысты. Тақырып таңдаудың өзі өмір мектебінен туады, тақырып - өмірдің өзі ұсынатын идея.

Тақырып таңдалынып алынған соң, журналистің зердесінде өзінің ойлағаныдай болып қалыптасуы, автордың өмір тәжірибесінің молдығына байланысты. Тақырыпты дұрыс таңдай білу – дәл кезеңінде қалың бұқараның назарын аударып, өмірдің өткір фактісі туралы әңгімелесу, белгілі бір проблеманы көтере білу деген сөз.  

Тақырып таңдаудың мәні мен маңызын дұрыс түсініп, жоғары бағалау қандай абыройлы міндет болса, оны дамытудың мәні мен маңызы да осындай. Тақырыптың одан әрі дамытылуы мен байытыла түсуі оның бағытын анықтай түседі. Тақырып орынды таңдалып алынғанымен сол тақырып көтерген мәселенің шешілуі – тақырып дәрежесіне көтеріле алмай қалатын жағдайлар да аз кездеспейді. Бір тақырыптың өзін әр түрлі көзқарас тұрғысынан баяндауға болады. Сондықтан, алған тақырыпты әрі дамыта білуі – тақырыптың темір қазығы.

Тақырыпты дамыту дегеннің өзі – көңілде жүрген ой мен пікірлерді, көрген-білгенді бір ізге келтіріп, негізгі мәселелерді жүйелеу деген сөз. 

Шығарманың тілі мен стилі және жазылу мәнері қойылып отырған мақсатқа сай болса оның құндылығы арта түседі. Мысалы, теориялық тақырыпқа жазылған мақалаға үгіттік  сарын ұнамсыз, ал үгіттік материалдар ғылыми стильде жазылса, ол да ұнамды болып шықпайды. Міне, сондықтан мақала тілін әдеби  жағынан өңдей білу, әрине, үлкен шеберлікті талап етеді. Егер автор публицистика жанрларының ерекшекліктерін жақсы меңгерген болса, оның жазған материалының мазмұнды шығатындығы да сөзсіз.

Публицистикалық шығарманың мазмұны – автордың қоғамдық өмірдің фактілері мен құбылыстарын іріктеп бейнелеуі, олар туралы өзінің пікірлерін білдіруі, оларды ортаға салуы және де мұндай шығарманың мазмұны объективті және субъективті жайларға табиғи байланысты да болады. Бұл жерде мына бір жайды еске алған жөн. Өмір шындығының оқиғалары мен құбылыстары санадағы объективті көрініс болады да, ал публицистің өз ойлары, өз пікірлері мен идеясы субъективті болады. Сондықтан шығарманың мазмұнында бұл екі таным да жарасымды қабысуы керек. Ол үшін публицист өмір шындығын зерттеу үстінде қоғамдық өмірдің елеулі жақтарын байқайды, әлеуметтік мәні зор жайларға қанығады, осы зерттеулер арқылы келешек шығарманың арқауын тартады, желісін құрады. 

Публицистика – ақиқат өмірдің сырлы суреті, оның арқауы – шындық. Публицист өмірдің фактілері мен құбылыстарының бәрін бірдей, қалай болса солай жинақтай бермейді. Өзінің идеалына, жоғары саналылық мақсаткерлігіне керектілерін таңдап алып, шығармасына арқау жасайды. Бұл ретте ол өмір құбылыстарын өзінің дүние танымы мен әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды. Бұл публицистің дүние танымы мен әлеуметтік көзқарасын ол өмір сүріп отырған қоғамдық ортаны белгілейді. Демек, ол өзі өмір сүріп отырған қоғамы тұрғысынан, өзінің тобының мүддесі тұрғысынан келеді. Бүкіл публицистика, публицистің творчествосы қоғамдық өмірдің объективтік заңдылығының ықпалымен дамып отырады. 

Біз өмір сүріп отырған қоғамның шынайы құбылыстарын публицистің жеке көзқарасынан   аңғару қиын емес. Және ол көзқарас әрдайым ұлтты биік межеге, өреге шақырып отырады. 

Бір ғана мысал айтайық. XX ғасырдың екінші жартысында қазақ руханиятына, мәдениеті мен әдебиетіне талай дарындар келді. Олардың барлығы бір-біріне ықпал етті. Бір ғана академик Бейсембай Кенжебаевтың таланттарды тануының арқасында, талай азаматтарымыз халықтың жүрегінен орын алды. Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов сынды алыптардан талай ғалымдар қалыптасты. Әрине бұл тізімді тізіп, ұзарта беруге болады. Бірақ мақсат ол емес. Мақсат, әркімнің көзіне көріне бермейтін сәулені, өзінің шуағына бөлейтін нұрға айналдыра білетін адамдардың болатынын дәлелдеу. Публицист айтып отырған дарынды басшыларды да сол көрінбей, тасада талантын бұғып жатқандардан іздеу керек. Кезінде Алаш зиялылары: «Ұлттың зиялы қауымы 10 пайызды құраған кезде, ілгері жылу болады» деген тоқтамға келіпті. Ал осы 10 пайыз біздің арамызда бар ма? Бар болса қайда, әлде тани алмай жүрген өзіміз бе? 

Публицистиканың ерекшеліктері, ең алдымен, публицистің еңбек сүйгіштігі мен талант, қабілетіне, оның лабораториясының әр қилы бағыт алуына байланысты. Публицист өз жұмысын бүкіл жұрт алдында жария түрде қалың бұқарамен ақылдаса жүргізеді. Ол белгілі бір мәселе жөнінде қорытынды айту үшін шындық түбіне жету жолында талай бұралаңдардан өтеді, бұл жолда оның күмәндануы немесе қателесуі ықтимал, сөйтіп, ол талай сезім толқынында жүзеді. Демек, публицистің «лабораториясы» ғалым сияқты жабық бөлмеде емес. Ол өзінің барлық зерттеулерін өз аудиториясы алдында жария жүргізеді. Осы лабораториялық жұмыс үстінде публицист шындық құбылыстың қоғамдық-саяси мәнін бірден анық көреді. 

Журналист шығармасын жазу үшін бүкіл аудан шаруашылығын аралап, талай адамдармен дидарласып, өзінің зерттеулерін жұрт алдында жүргізіп, талай еңбек адамдармен пікірлесуі керек. Демек, публицист «лабороториясы» жазық далада, ашық аспан астында өз шығармасы кейіпкерлерінің көз алдында «орналасқан». Публицистиканың ерекшеліктері мен публицист еңбегі ерекшеліктерінің сыры, міне, осында болса керек-ті. 

Оқырман эстетикалық тұшым алатын, оның сана-сезіміне жақсы әсер қалдырарлықтай шығарманың тууы журналистке оңайға түспеді. Өйткені, журналист бүгінгі, дәл осы сағаттағы оқиғалар мен құбылыстарға іле-шала ілесуге міндетті. Өмір үні, заман тынысы бүгінігі оқырмандардың талғамы одан осыны талап етеді. 

Публицистика жанрларының айқын да жарқын болуы фактіге байланысты. Ал факті бойындағы әрекеттің көрінісі байқалуы дерексіз, құрғақ сөз емес, қайта өмір шындығы болып табылады. Оның өзі белгілі бір игілік өндіру жолындағы адамдардың істері. 

Публицистің баспасөзде жарияланғаны аудиторияға әсер етерліктей белгілі бір ықпалы болу үшін: біріншіден, тақырып орынды таңдалып, өмір талабына сай, маңызды және оперативті болуға тиіс; екіншіден, жазуға іріктеліп алынған фактілер өмір шындығына тууы керек; белгілі бір ой-пікір бар, жаңа бастаманы қолдайтын, немесе орын алған кемшілікті сынайтын материалды жазу үшін табиғатына сай жанрда жазылуға тиіс. Міне, осы факторлардың бірін немесе осы факторларды публцист түгел қолдана отырып жазған шығарма назар аудартады, ой туғызады, немесе белгілі бір іске, әрекетке үндейді.     

Фактісіз публицистика жоқ, сондай-ақ фактісіз ойды да байыптауға болмайды.Оқырмандарды тек декларациялар мен пікірлер айтумен, жалпылама, жалаң сөздермен сендіру мүмкін емес. Фактілерді жиыстырулардан, оларды көрсете білуден, салыстырудан, дәлелдей және байыптай білуден журналистің шын шеберлігі байқалады. 

Бұл жағынан алаш көсемсөзі әрдайым фактімен келеді. Және оған адамдарды сендіреді. «Статистика өтіріктің үшінші түрі» деген әзіл-шыңы аралас пікір айтылып жүр. Бірақ, публицист келтіретін статистика өмірдің өзі. Біреудің сараптамасын емес, өзінің басынан өткерген шындықты тұщымды жеткізеді. «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деп кеткен біздің қазақ шын дана ғой. Ұлт дегеніміз – тілдің, діннің, рудың ғана бірлігі емес, ұлт алдымен мүдде бірлігі. Орыс қоғамы туралы Салтыков-Щедрин жазады емес пе, «Бiзде тең сөйлесу деген жоқ, не тұмсықтан ұрады, не қолыңызды сүюге рұхсат етiңiз дейді». Орыстың осы мінезін қазақтың бойынан көру қиын емес. Жалпы бұл мінез адамзаттың қасіреті болып тұр. Бiр француз ойшылы, А.С.Пушкин жазған «Балықшы мен балық» ертегiсiн оқып шыққаннан кейін: «Орыс славянофилдерiнiң кiтаптары жиналып келiп А.С.Пушкиннiң жалғыз ертегiсiне татымайды, – дейдi ойшыл. Осы ұлы шығарманы да ең алғаш болып алаш көсемінің бірі Ахмет Байтұрсынов аударған еді.  – Теңiз жағасында жырық шылапшынға салып кiр жуып отырған жаман кемпiр мұхиттар мен теңiздердiң әмiршiсi болғысы келедi. Шылапшынның жырық болғаны қандай жақсы. Әйтпесе бұл кемпiр шынында да мұхиттың әмiршiсi болар едi». Үнді халқының бағына біткен реформатры Ганди айтыпты: «Халықтың жүрегіне  жаратушыға деген сенім ұялату керек. Құдайдан қорыққан адам еш нәрседен қорықпайды» депті. 

Қоғамдық өмірдің барлаушысы ретінде публицистке білімдарлық та тән қасиет. Ол жаратылыс пен қоғам даму заңдылығын жан-жақты меңгерген маман болғаны нұр үстіне нұр. Публицистиканың ауқым мол дүние. Оның ойы мен қыры да көп, қиясы мен құзы да аз емес. Оқырмандар бұқарасы публицистен татым, тұшымы мол шығармалар күтеді. Бұл талаптар мол білімдарлықтан туса керек. Білімдарлықтың өзі зейінділікке байланысты. Әлеуметтік құбылыстар мен сан алуан фактілерді, деректерді пайдалануының өзі публицистен ерекше ұқыптылық пен зейінділікті талап етеді. Жиналған көл-көсір фактілердің ақиқаттығына, шындығына, дәлме-дәлдігіне оқырманды сендіру, шеберлікке жетіле беру публицистің абыройын арттырады, халық оның шығармасын сүйіп оқиды, оның есімін құрметтейді.  

Қоғамдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік актуалды немесе көкейкесті мәселелер осы біз әңгіме қып отырған публицистика жанрының жүгі. Публицистикаға қалам тартқысы келетін кез-келген журналистің басты міндеті қоғамдағы болып жатқан түрлі оқиғалар мен елдің ахуалын өз көзімен көріп, соны баяндау. Жәй ғана баяндау емес, материалды оқып отырған немесе көрермен сол оқиғаның ішінде жүргендей өзін сол қоғамның бір мүшесіндей сезінуі тиіс. Оқырманның немесе көрерменнің жүрегіне жол табу үшін қандай басты принциптерді ұстану қажет. Ол белгілі бір образ арқылы немесе оқиғаның кейіпкері арқылы берілуі мүмкін.

Публицистиканың жанрлары ретінде газет беттерінде жазылатын фельетондарды, шағын мақалаларды, тұрғындардың болған жағдайды баяндай отырып жазған хаттары тағы басқа бола алады. Жалпы публицистика жанрлары туралы аз айтылып, кем жазылған жоқ. Бұл жанр кеше пайда болған жоқ, бұл адамдар арасында алғашқы жазу үлгісі қалыптасқалы бері қоғаммен бірге өмір сүріп келеді деуге болады. Көсемсөздің жеке адамның суъбективті пікірінен, ойларынан, бағдарламаларынан, жалпыға ортақ қоғамдық көзқарасынан қалыптасатынын аңғардық. Ұлттық сипаттың нышандары да осы публицистиканың бойынан табылады.  Біз бұл мақаламызда жалпы көсемсөздің табиғатына тоқталдық, ендігі тақырып XX ғасыр басындағы баспасөз бетінде көтерілген тақырыптар турасында болмақ...

                             

                                                                       (жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?