«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қайым Мұхамедханұлы және абайтану мәселелері

4129
Қайым Мұхамедханұлы және абайтану мәселелері
«Абай шығармаларының текстологиясы жайында» – Қ. Мұхамедхановтың күрделі еңбегі. Бұл тектес зерттеу әзір қазақ әдебиетінде жоқ. Ал зерттеу нәтижесінің іске аспауы – ғылымға қиянат

Қайым Мұхамедханұлы 2004 жылдың 30 маусымы күні фәни дүниеден озды, өткен жылы дүниеге келгеніне 90 жыл толды. Семей қаласы әкімінің шешімімен Қайым Мұхамедханұлына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Осы конференция қарсаңында, тұжырымдап байқасақ біршама іс тындырылған екен. «Алаш» баспасынан 4 томдық жинақ жарық көрді. Бір қуаныштысы, бұл бұрынғы төрт кітапты тұтастай сөзбе-сөз қайталамайды екен, оған жарияланбаған біраз дүниелері қосылыпты. 

Екінші – Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Қайым туралы сөз» – «Слова о Каюме» дейтін үлкен естелік кітабы шықты. Бұл да болашақтағы жазылатын естеліктердің бастамасы, үлкен ша¬руа. Мерзімді баспасөзде көптеген материалдар жарық көрді. Бүгін республикалық конференция басталып отыр. Қайым Мұхамедханов атындағы әсем безендірілген дәрісхананың ашылу сәтінде бірге болдық. Ал атқарылмақ істер, болашақта біз жасауға тиісті жұмыстар одан да көп. Олар не: ғалым мұрасын жан-жақты зерттеу, жарияланбай қолжазба күйінде қалғандары болса әуелі көлемін анықтап, соңынан жариялауға ұсыну. Таңдамалы шығармаларының тым болмаса екі томдығын орыс тілінде шығару. Ғалым есімін мәңгі есте қалдыруға байланысты іс-шараларын нақтылап, жүзеге асырсақ, тек ұлтымыздың алдындағы борышымызды ақтау ғана емес, қазақ мәдениетіне қосылған қомақты үлестен саналары шүбәсіз. 

Қайым Мұхамедханұлы «Абай» және «абайтану» ұғымдарын бір-бірінен ажырамас тұтастықта үнемі біздің құлағымызға құйды, жадымызға сіңірді. Абай қазақтың тілі, ділі, әдебиеті, мәдениеті, рухы, ұлттық санасы сияқты тиянақты түсініктерді көз алдымызға әкеледі. Ендеше Абай туралы сөз тұтас қазақ руханияты ұғымына ұласып кетері хақ. 1889 жылдан бері баспасөзде Абай жөнінде жазылған дүниелер қолымызда, мәселе – сапалықғылымдық тағылымында. Елбасының соңғы екі сұхбаты бүгінгі таңдағы қазақ дүниетанымының деңгей-дәрежесін де, болмыс-бітімін де айқындап берді. Оның біріншісі – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ұлықбек Есдәулетпен сұхбат. Қазақ әдебиетінің қазіргі даму жағдайы қандай? Елдің бәрі қазақ әдебиеті жоқ, тоқырау заманын бастан кешіп жатырмыз дегенде осының мән-мағынасын толық ашып берген Президентіміз болды. Екінші – Мереке Құлкеновпен «Ана тілі» газетіндегі сұхбатта «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп аталатын тілдің даму бағдары мен оның болашағы туралы мәселені үлкен бір теориялық әрі практикалық дәрежеге көтерді. 

Президенттің Абай мұрасына қатысты сұңғыла пікірлері – өркениетті қалыпқа түскен жүйелі құбылыс. Ол кісі Абай жөнінде үнемі айтып келе жатыр. «Абайды таныту арқылы әлемге қазақ елін танытамыз, Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс», – деген толғамы біздің құлағымызға жеткелі қашан, тек ұғар құлақ болса. Ұлықбек Есдәулетпен сұхбатында: «Абайдың нақылы, Жамбылдың жырынсыз өскен ұрпақ уызына жари қоя ма, – дей келе, – әлі есімде Украинада болған кездерімде Абай өлеңдерінің бір томдығын өзіммен бірге ала жүрдім. Елді сағынған сәттерімде бабамыздың өлеңдерін оқып, сағынышымды басатын едім. Әдебиетіміздің киесі де, иесі де өзі ғой», – дегені кімге ой салмайды, кімді тебірентпейді? Тек ынтамен тыңдап, таза ниетпен қабылдай алсақ, мұнан артық орамды ой айту мүмкін бе?! 

Абайтану қазіргі таңда тарам-тарам тараулары бар іргелі ғылымға айналды. Абайтану асқан белес артта қалса, алар асу мұнартып қол бұлғайды. Демек, тындырылмақ шаруа баршылық. Осы орайда үлкеніміз бар, кішіміз бар, ғалымымыз бар, студентіміз бар үнемі жадымызда сақтайтын бір сөз бар, ол Міржақып Дулатовтың пайғамбарлық болжамы, осыны жадымыздан шығармауымыз шарт. Міржақып Дулатов: «Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадірлі халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», – деген. Міржақып сәуегейлікпен айтқан заманға аяқ басқандаймыз. Абайдың қадірін танып, қасиетін ұлықтаған зиялы ұрпақтың қолында толайым табыстардың куәсіндей том-том зерттеулер мен монографиялар жұртшылық игілігіне айналғалы қашан. Сондықтан біз абайтану жоқ, қазақтың ғылымы жоқ демей, барды көрмей, қол жеткенді елемесек, онда парасатқа бастайтын жол болмайды. Табысқа масаттану да шынайы ғылымға жат мінез. 

Сөз арасында конференцияға қатынасушыға, әріптес қауымға, әсіресе, студент-шәкірттерге ащы шындықты бүкпесіз айтуды азаматтық парызым деп санаймын. Дәл бүгінгі күнге дейін Абайды зерттеуде науқаншылық белең алуда. 150 жылдық мерейтой қарсаңында жапа-тармағай таласа-тармаса қолдарына қалам алып «абайтанушылар» тізімінен көрінгілері келсе, той тарап үлгерместен әлгі «зерттеушілерден» көз жазып қалдық.

Университеттер мен көпшілік жоғары оқу орындарында «Абай-тану» арнайы курсы міндетті оқылатын пәндер қатарына енбейді. Академиялық институттың абайтану бөлімінің мерейтойлар кезеңінде істің басы-қасында болып, артынша жабық жатуы үлкен қамқорлықтың белгісі емес. Ұстазымыз Қайым Мұхамедханов көзі тірісінде осындай одағай жайларға қатты қамығушы еді. 

Соңғы кездері Абай есімін алдына қалқан етіп ұстап, ақыл-ойға сыймайтын ертегі-аңызшылардың пайда болуына қалайша немқұрайлы қарайсың. Олардың қатары көбейіп кетсе, қоғамдық сана, ұлттық руханият үшін қауіпті құбылыс. Бірер ай бедерінде теледидардан қазақ мәдениеті төңірегінде өзінше ой бөліскен бір «шешен» сөзінің дәмін келтіру ниетінде Абайды куәға тартып: «Су ішкен құдығыңа түкірме» деді емес пе ұлы Абай, бұл кәрінің де, жастың да есінде болуы керек», – деп кіжіне, екілене сөйледі. Сеніп қала жаздадым. Абайды оқымайды, ұқпайды екенбіз ғой деп өз-өзіме налыдым. Ерінбей-жалықпай қос томдықты бірнеше рет аударып шықтым, ондай сөз жоқ екен. Абайды өзінің қажетіне сәйкес бұрмалап түсіндіріп, көлденең көк атты ұлы ақын айтпаған сөзді айтқызып, тұнығымызды лайлап, жадымызды шимайлап жатса абыройдан айырыламыз. Абайдың әр сөзіне абай болайық! Қазынамызды қастерлейік, қасиет тұтайық, ағайын! 

Абайтану ғылымының зерттеу объектісі үнемі молайып, көкжиегі кеңейе түсуі керек. Ұлы Әуезов негізін салып берген абайтану ғылымының Қайым Мұхамедханов араласпаған тармағы жоқ. Біз де шағын баяндамамызда қордаланған мәселелерді түпкілікті шешіп тастау міндетін өз алдымызға қойған жоқпыз.

Қайталап айта беруге, үнемі зерттеушілер көз ауласында болуға тиісті мәселе – текстология, мәтінтану. Әбден тексеріліп, қалыпқа түскен мәтінсіз байсалды ғылыми тұжырымға келу мүмкін емес. Данышпан Абай қапысыз айтқан: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» Ақынның биік идеялық-эстетикалық принциптері өрнектелген. Дей тұрғанмен, «сөз түзелді» дегенде бастапқы қалыптағы мәтін ұғымының да есепке алынғандығын жадымыздан шығармайық. 

Қайым Мұхамедханұлы өмір бойы Абай текстінің дәлдігін қадағалап, қолынан келгенше бір әріптің бұрмалануына жол бермеуге тырысты. Ал уақыт пен қоршаған орта өз таңбасын қалдырмай қойған жоқ. 

40e17a7bc349b176347503fcdbbbf5db.jpg

Екі томдық шыққаннан соң да [1995 ж. – А.Е.] өзінің сөзінің өтпегеніне Қайым Мұхамедханов қынжылып, талай айтып еді. «Екі жүз елу сөзді түзеттім, жүз жиырма сөзге түсінік жаздым, бірақ баспаға берген кезде «өздерінше түзеткен», – деп қиналатын. 

Мен бұл жерде бос сөзділікке бармай, «Егемен Қазақстанның» тілшісі, Қайымның шәкірті Дәулет Сейсенұлымен сұхбатын ұсынайын: «Өзі Абайдың артына тастап кеткен өсиет-аманатын орындау үшін, ең алдымен, оның сөзін қалың бұқараға ақынның «іші алтын, сырты жақсы сөздерінің жақсысын» бұрмаламай жеткізе білуіміз керек. Рас, ақынның ұлы дүбір тойы қарсаңында соған талпыныс жасалғанын жоққа шығаруға болмас. Соған орай, М. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтында бұрын жабылып қалған абайтану бөлімі қайта ашылды. Осы бөлім ақынның екі томдық академиялық жинағын шығаруға кірісіп кетті. Бұл іске Семейде жатқан мен де шақырылдым. Абайдың бұл жолғы академиялық жинағы екеу емес, төрт томдық болып шығу керек еді. Амалсыз осы екі томмен қанағат етуге тура келді. Ал енді бүгінде соның өзіне көңілім толмайтынын несіне жасырайын!» – деп жүрекжарды шындықты қамығып, қапаланып қайталайтын. 

«Тегінде біздің академиялық жинақ туралы түсінігіміз қызық, – деп әңгіме өрбітер еді Қайым Мұхамедханов, – бұрын да ұлы ақын шығармаларында қате кеткен сөздер тағы да қайталанып жататын-ды. Сөйтсек, әлгі академиялық жинақтың редакциялық алқасына енгендер шидің басын сындыруға ерініп, бұрынғы жинақтың парақтарын ақ қағазға желімдеп, баспаханаға сол күйі жібере салудан тайынбапты. Кейбір «білгіштер» ақынның 1909 жылы шыққан жинағын қолына ұстап көрмесе де, сенімен ақын өлеңдерінің текстологиясы хақында айтысқысы, салғыласқысы келсе, екіншісі: «Кәке, көз үйренген, қалыптасып кеткен сөзді өзгертіп қайтеміз», – деп сырғақсиды». 

Болмаса тағы бір сұхбатында: «... Біздің ауылдың ақсақалдары былай айтатын бұл сөзді», – деп қыңырланғанына қатты ренжитін. Кемпір мен шалдың сөзінен ғылым жасалмайды, Абайдың өзі қалай айтып еді, сол текске қарай ұмтылуымыз керек деуші еді. Ендеше әлі де Абайды зерттеу аяқталмайды. Әуелі дұрыс текст қолымызға тимей, соны түзеп алмай, барлығы салыстырып зерттелмей, әңгіме шырайы кірмейді. 

«Абай шығармаларының текстологиясы жайында» – Қ. Мұхамедхановтың күрделі еңбегі. Бұл тектес зерттеу әзір қазақ әдебиетінде жоқ. Ал зерттеу нәтижесінің іске аспауы – ғылымға қиянат. Енді тоқталмағымыз – «Абай және орыс әдебиеті». Іргелі мәселе. Абай нәр алған үш қайнар бұлақтың ең басымы орыс, батыс әдебиетінен алған үлгі-өрнектер екендігі үнемі құнтталып келгені белгілі. Ілгеріректегі зерттеулерде бұл фактор басымдылыққа ие болып, ешбір дау туғызбайтын аксиомалық дәрежеде қарастырылатын. Дәл осы тұста саясат тигізген ықпал бар дегенді ойға да алмаушы едік. Орыс және батыс әдебиеттерінің Абайға ықпалын саясаттан тыс, момақан мәселе қатарында қарастыру ағаттық екен. 

М. Әуезов қайтыс болғаннан кейін 1967 жылы жарық көрген «Абай Құнанбаев» атты мақалалар мен зерттеулер жинағын құрастырып, алғы сөзін жазған – ірі әдебиетші Ысқақ Дүйсенбаев. Сол кітаптың 48-бетінде Құнанбай айтыпты деген сөз келтірілген: «Кезі келген жер¬де айтпақ болып жүрген сөзім бар еді, соны айтайын: ең әуелі – сен жұрттың бәріне күліп сөйлейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге кәдірің болмайды. Екінші – көрінгенмен жақын боласың, кісі танымайтын, желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші мінің – орысшылсың».

Абай әкесіне өз пайымдауын ұсынады да, үшінші «орысшылсың дегенге – оның қолында зор қуат, өнер, білімі бар. Егер сол өнер- білімді үйренуден қашсақ, ол – надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын», – деп жауап қатады. Орысшылсың деген Құнабайдың сыны да, оған Абай жауабы да ақынның 1933, 1940 жылдардағы жинақтарының алғыс өздерінен алынып тасталған. Оның себебі де белгілі. 

1932 жылы жарияланған әйгілі «Ашық хатта» М. Әуезов: «...Өз шығармаларының көпшілігімен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы боп шықтым... Түгелдеп айтқанда, төңкеріс жылдарының қоғамдық заказы мен төңкерісшіл жұртшылықтың тілегіне біржолата үйлеспейтін сөздерім болған... Соған ұқсаған қателер Абай шығармаларын тексеруімде де бар», – дейді. 

Үш ғасырға созылған бодандық бұғауы тоталитарлық жүйе теперіші қателеспесе де «қателестім», адал болса да «жаздым, жаңылдым» дегізді еріксіз. Жоғарыда көрсетілген 1967 жылғы кітапта «орысшылсың» деген сөзден кейінгі «орыстың дұшпандығын ұмытасың» деген Құнанбайдың сыны алынып тасталған, ал оған Абайдың берген жауабы саясат әуенімен «редакцияланып» кеткен. 

М. Әуезовтің 50 томдық жинағының сегізінші томында Абайдың жауабы ұлы жазушының музей-үйінің архивтік қорынан алынып төмендегіше берілген: «Орысшылсың дегенге: заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек» (71-б.). 

Жалпақ жұртты ауызына қаратқан Құнанбай пайымы мен кемелдікке талпынған Абай танымы жарыса бой көрсетеді. Бодандық қамытын киген елдің өкілі Құнанбай мен Абайдың патша саясаты және орыс отаршылдығына қатысты қалыптасқан тиянақты түйіндері бар. Түрмеге қамалған, тінту көрген, үйқамақта отырған, маңайын тыңшылар шырмаған, жөнсіз, жосықсыз айып тағылып, тентіреп ұлықтың есігін тоздырған әке мен бала жүрегіне шаншудай қадалған өктемдік із-түссіз қалған жоқ, көкіректерінде шемен боп қатты. Қитұрқы саясаттың соңынан әлі де көзсіз ере бермей, әсіресе, «Абай және орыс әдебиеті» аңғарында сөз қозғағанда жоғарыдағы ойларымыз зерттеушілердің назарынан тыс қалмаса еңбегіңіздің еш кетпегені. Қазақ әдебиетін орыс әдебиетінің шәкірті ретінде ғана тану тоталитарлық жүйенің көлгір саясатының елесі есебінде ғана қабылдануы керек бүгінде. 

Келесі проблема – Абай шәкірттері, Абайдың ақындық мектебі. Бұл – Қайым Мұхамедханов ұстазымыздың басты тақырыбы. Абайдың ақындық мектебі сияқты құбылыс – қазақ әдебиетін былай қойғанда, әлем әдебиетінде де ұшыраспайтын сирек құбылыс. М. Әуезов жазады: «Өзге ақындар «шәкірт» деп аталған соң, Абай – әрине, олардың басшысы, ұстаз болмаққа керек. Әрбір әдебиеттік мектеп осындай аға ақын мен іні ақындардың екі буынынан құралатын болса, ең алдымен сол әдебиеттік мектепте басшы ақынның бағыты, стилі, өзгеше идеялар, өз халқының әдебиет тарихына кіргізген анық тарихтық көркемдік жаңалықтары – қысқасын айтқанда, барлық қасиеттері әр алуан бой көрсететін болады». М. Әуезов негіздеп, қалыптастырған Абай шәкірттері жөніндегі ғылыми тұжырым көпе-көрнеу бұрмаланып, қаншама қиянпұрыс пікірлер айтылмады?! 

Қ. Мұхамедханов 1951 жылы «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. М. Әуезов пен оның шәкірті Қ. Мұхамедхановты кінәлап, тырнақ астынан кір іздегендер: «Абайдың ақындық мектебі» деген не? Ол қандай мектеп? ... Орыс әдебиетінде жоқ мектеп бізге қайдан келген?!», – деп бет қаратпаса, кейбірі: «Бұл ақындық мектеп тек Абай аулында болғаны ғой!», – деп келемеждеді. Бұл – ғылыми айтыс емес, Қайым ағамыздың ұстазы, кемеңгер М. Әуезовке тура бағытталған дөрекі шабуыл еді. «Жаптым жала, жақтым күйенің» «нәтижесінде» Мұхамедханов Карлагтың қаншеңгел тырнағына ілінді. 

aa12dcf96f0c86a3edf366562bc15ace.jpg

Тар қапастан құтылғаннан соң қайсар ғалым 1958 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар» деп ат қойып, кандидаттық диссертациясын қайта қорғады. 

Екі диссертация нұсқасын салыстырып оқып қана қоймай, ежіктеп оқу шарт. Негізгі діңгекті ойдан ауытқымағынымен кей тұстарда шегініске барып, айтпақ ойларын бүркемелеуге мәжбүр болды. Тумы¬сынан алған жолынан қайтпайтын, қандай қиыншылыққа кездессе де шындықтан ауытқымауды зерттеушілік жұмысының басты кредосы етіп алған Қ. Мұхамедханұлы таңдаған тақырыбына өле-өлгенше адалдығын дәлелдеп кетті. 

Абай ұлттық идеяның жүйе ретінде қалыптасуының бастауында тұр. Сондықтан да Абайдың әдебиет мектебі, ақындық дәстүрі ұғымдары мазмұн жағынан көкжиегін кеңейтіп, ғылыми-теориялық маңызды салаға ұласа алды. Абайдың ізбасарлары, шәкірттері ұлттық сезімнің ұлттық санаға ұласып, шырқау биікке бағыт алған шығармашылық еңбектерімен қызмет жасап, ХХ ғасырдың бас шенінде қазақ әдебиеті арқалаған зіл-батпан салмақты қайыспай көтерген ренессанстық тұлғалармен қарым-қатынаста маңдай терлерін төкті. Бір сөзбен түйіндегенде, Абайдың әдебиет мектебі ақын-шәкірттері, ақындық айналасы ұғымдары қазақ әдебиеттану ғылымына қайта оралды. 

Жазушы кітапханасы – қазақ әдебиетшілері жете мән бермей келе жатқан мәселелер санатында. «Қазақтың бас ақыны – Абай» (А. Байтұрсынұлы) кітапханасы зерттеу объектісіне толық енбесе, ол қуанарлық жағдай емес. Ақын кітапханасы түптеп келгенде жазушы лабораториясының құпия сырларын ашуға жәрдемдесетіндігін ескерсек, мәселе тіпті маңыздана түседі. Мәдениеті дамыған елдерде жеке кітапхана, әсіресе, жазушы кітапханасы проблемаларына айырықша көңіл бөлінеді. Алысқа ұзамай-ақ орыс әдебиетіндегі жатымды үлгілерге үңілейік. 

Әдебиет зерттеушісі Б.Л. Модзалевскийдің ұлы Пушкинге арнаған бірнеше кітабы бар. Соның ішінде әдебиетшілердің қолынан түспейтіні – «Библиотека А.С. Пушкина». «Исследователю подчас прямо необходимо бывает знать, для правильности вывода, что именно читал он, имел ли он в руках то или другое сочинение, в какой мере был он знаком с ним, какие места книги остановили на себе его внимание», – деп қадағалайды Б.Л. Модзалевский. 

Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, А.С. Пушкиннің жеке кітапханасында мөлшермен 5000-дай кітап болған, көбі жоғалып кеткен. Пушкин музейі қызметкерлерінің жанкешті еңбегімен 1500-дей дүние жиналған. Оның ішінде тізімдегі ұлы ақын кітаптары, не фотокөшірмелері, болмаса дубликаттары қорға түскен, паспортталған. Осының ішінде баға жетпес қымбаттылары – А.С. Пушкиннің таңдану, не сұрақ белгілерін қойған тұстары, асты сызылған, я болмаса жазбаша белгі салған жерлері. Сол бойынша ақынның оқырман ретіндегі мінез-құлқы, табиғаты сараланған. Айтайын дегенім осы тектес ізденістерге төл әдебиетті зерттейтін ғылымымыз мұқтаж. 

Ізденімпаз ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Кемеңгердің кітапханасы» («Парасат», 1995, №8) және «Абай Құнанбайұлы» (Ақиқат, 1995, №8), мақалалары мәселені тұңғыш рет арнайы қоюымен қымбат. Он жыл өтсе де кейінгі жас зерттеушілер тарапынан қолдау таппауы қынжыларлық жағдай. 

Иә, Абайдың жеке кітапханасы болған. Семей шаһарындағы кітапханалардың баршасының тұрақты оқушысы Абай онымен қанағат етпей, басқа ірі қалаларға барған туыс-таныстарын, жақын жолдастарын, балаларын базарлыққа кітап сатып әкеліп сыйлауға дағдыландырып, дәстүрге айналдырған. 

Өкініштісі, бірнеше монография мен диссертацияға жүк боларлық кешенді тақырып жабулы қазан күйінде қалуда. Жеке кітапхана жинау өнегесімен шектелмей жастарды оқуға тәрбиелеу, пікір жарыстырып, ой таластыру, оқыған, естіген дүниелерді сыннан өткізу, тағысын тағылар ұлы ақынның айналасына ізденімпаз өнерлі жастардың шоғырлануының алғышарты іспетті. 

«Жас кезінде парсы жұртының ертегілерін: Иамшіт, Қаһарман сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көрген «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елге «Мың бір түнді» таныстырған кісі менің әкем еді. Орыс кітабындағы Густав әмір сықылды әңгіме кітаптарды оқып елді таныстырды, біздің ел «Мың бір түннен» жалығып, орыс романдарына әуестеп кетті», – деп еске алады Турағұл Абайұлы (Әкем Абай туралы. – Алматы, 1993). Бұл – мың мысалдың бірі ғана. Ақын кітапханасының бізге көрінген шет пұшпағы. 

Задында қазақтың сәлемдесуі, қонақ күтуінде дәстүрлі мәдениеттің көрінісі айқын десек, оның үстіне Абай аулында ертегі, әңгіме айту, шежіре тарату, ән салу, күй шерту, сал, серілер өнерін тамашалау, ақындарды айтыстыру берік ірге тепкен мәдени құбылыстардан саналған. Дойбы, тоғызқұмалақ ойнау, салбурынға шығу, саят құру қазақтың атадан балаға мирас өнері де осында. Ұзатылған қыздың жасауының көркі дана ақын өлеңдерінің көшірмелері болса Абай аулының мәдениеті емей не дерсіз?! 

Осы тізбелеген дүниелер зерттеу нысанына айналар күн алыс емес. Ләйім солай болғай! 

Арап Еспенбетов, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор