Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақиқаттың ақыры

2209
 Ақиқаттың ақыры - e-history.kz

1991 жылы 12 желтоқсанда ҚР президенті Н. Назарбаев арнайы Жарлық шығарып, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылықтан босатылып, ақталу қағаздарын ала бастады.

Енді жуырда үкімет басшысының орынбасары, вице-премьер Е. Тоғжанов 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалған азаматтардың «ақтау туралы» анықтаманы ала алатынын айтты. Анықтама алу тәртібі барынша жеңілдетіліп, дәлелді құжаттарды жергілікті прокуратура органдарына ұсыну арқылы қол жеткізуге болатын болған. 2020 жылы Алматы қаласында ақталған желтоқсандықтардың саны 400 болса, 2021 жылы 516 адамға жеткен.

Ақталу қағазының арғы жағындағы тағдырлар

Желтоқсан оқиғасының жалыны шарпып, өрімдей жас шағында өмірдің ауыр талқысына түскен, елінің ертеңгі болашағы деп басын қатерге тіккен Гүлнар Байбосынова да арада отыз бес жыл уақыт өткенде қолына ақталу қағазын алды. Сол кезде кейіпкеріміз желтоқсанның ызғары тәнін тоңдырып, жанына жара салып, қуғын көріп, азап тартты. Алты ай тергеуден тергеуге тартылып, басқан ізі аңдуға алынды. Алайда бұның бәрі Қызылорда топырағында туған қайсар қыздың рухын сындыра алмады. Гүлнар Байбосынова бұл күнде киноа актриса, қоғамдықдық жұмыстардан да ат ізін аулақ салмайды, араласып тұрады. Гүлнар ханыммен әңгімеміз желтоқсан оқиғасының өрбуі, одан кейінгі тағдыры, соқтықпалы-соқпақты өмір жолы жайында жүлгесін жалғады.


«Далой Колбину», «Каждому народу своего вождя»

Тәнге түскен, жанға жамалған жараның жазылуы оңай емес. Әрине, уақыт бәріне емші дейміз, бірақ біздің жанымызға да, тәнімізге де түскен желтоқсаннынң қайғысы мен күйігі жазылмайды. Қаншама тағдырдың  арбасын аударып, ошағын ойран етті. Осындай келеңсіз жайтты қозғау, жүректі бір аунатып  жібергендей  әсер етеді...

1986 жылдың 16  күні күні кешкілік сабақтан қайтып келе жатқан бейқам, аңғал, алаңсыз студенттер едік. Курстасымыз Арман Жұмашев алдымыздын жүгіріп шығып, «Гүлнар, естідіңдер ме?! Мәскеуде пленум болды. Д.Қонаевты қызметінен алып тастапты. Енді біздің елді басқару ісіне  Колбин деген орыс ұлтынан сайланды» деді ентігін баса алмай. Біз де Сәуле екеуміз жатақханаға келіп, барлығына хабарладық. Өнер институты болғандықтан ұран сөздерді де жаздырып, жедел әзірлікке кірісіп кеттік. Алматыдағы барлық жоғары оқу орындары бір-бірінен хабар алып жинала бастаған екен. Таңға дейін ұран сөздерді жазып, жатақхана маңына жиналған 50 шақты студентпен алаңға қарай бет алдық. Алаңға келсек, адам қарасы аз, селдір. Тек бірен-саран милиция формасындағы адамдар қауіпсіздікті күшейтіпті. Сол күні табиғаттың өзі қазақ қоғамының нарызылығын қолдап, үстірт жағдайға  қарсылық танытқандай түнеріп, ауа-райы да ерекше ызғарлы, қарлы қара суығы бет қаратпай ұйытқып тұрды.  Иегіміз дірдектеп жаураған  барлығымыз алаңда тұрмыз бүрсеңдеп. Курстасым Арман: «Гүлнар сен орысша да қазақша да жақсы сөйлейсің ғой, біздің ұранымызды айтшы», –  деді. Өрімдей жаспыз ол кезде,  саясатты да білмейміз, Кеңес Одағы деген алып күшке қарсы шыққанымыз да қаперде жоқ. «Далой Колбину», «Каждому народу своего вождя» деп айғайладым. Қасымда тұрғандар дуылдатып қол соғып, қошеметтеп ала жөнеледі. Мен де шабыттанып қайталай бердім. Одан кейін біз орталық алаңды тастап, «Атамекен», «Менің Қазақстаным» әнін айтып Абай атындағы педагогикалық  институтқа қарай кеттік. Ондағы ойымыз: қатарымызды толықтырып,  педагогикалық  институттың студенттерін де ертіп шығу. 

 

«Ты за это ответишь!»

Ол уақытта  қазіргідей  ұялы телефон, сымсыз байланыс деген жоқ, ел басына екіталай шақ туғанда өзгелер неге үнсіз жатыр деп оқу орындарын аралауды ұйғардық. Алдымен барғанымыз Абай атындағы педагогикалық институт болды.  Оқу орнының алдына келсек, мұғалімдер ғимараттың есігін жауып алыпты. Студенттер терезені сындырып шығып, қатарымызға қосылып жатты. Дәл сол оқу орнының алдында милиция формасындағы жігіт бір студент қыздың жолын бөгеп, жібермей тұр екен. Торға түскен торғайдай шырылдаған қазақ қызына, замандасыма жаным ашып бірден ұмтылдым.  Әлгі есерсоқ тәртіп сақшысының кеудесінен итеріп, қызды босатып алдым. Сондағы ұлты орыс милицияның «Ты за это ответишь!» дегені әлі есімнен кетпейді. Одан әрі жиналған студенттер Гоголь көшесінің бойындағы ЖенПИ-ге келіп, жатақханаға кірдік. Ол жерде де қыздарды мұғалімдер жібермей «жіпсіз матап» алыпты. Бірақ араларынан 5-6 қыз біздің қатарымызға қосылатын болды. Біз оларды күтіп тұрғанымызда, форма киген, сірә, қызметі тәуір лаузымды тұлға болу керек, өйткені қолында дауыс ұлғайтқышы бар. Қабағы да қатулы. «Студенттер  ешқандай да көтеріліс, митинг болмайды,  бұлай топтанып тұруға рұқсат жоқ, тараңыздар. Ертеңгі күні оқудан шығып қаласыңдар. Тіпті заң жүзінде қудаланасыңдар»,– деп бізді сақтандырып таратпақшы болды. Бірақ әбден күш алып, бір байламға беріп алған жастардың бұл айтқаны райынан қайтара алмады. Қатарымызды тағы да толықтырған біздер сол күні алаңға барып, ұранымызды айтып жатақханаға аман-есен қайттық. Бірақ сол күні түнде жатақханада шұғыл жиналыс болып, ертең таңертең жатақхана есігі жабылатынын, ешкімнің сыртқа шықпайтыны, егерде алаңға өз бетімен шығып кетер болса, қатаң жаза арқалайтынын, тіпті оқудан шығып қалатыны  қатаң ескертілді.

 

«Ауыр соққыдан қансырап, құлап жатқан қыз-жігіттердің күңіренген үнінен құлақ-шекең шымырлайды»

Біз ертесінде Сәуле екеуміз бірінші қабаттың терезесінен қашып шығып, алаңға бардық. Кешегідей емес,  ол күні адам қарасы қөп жиналды. Кеш батып қараңғылық тұмшалай бастағанда «Метель» басталды. Қара форма киініп, қаруланған жасақ жастарды аямай соққыға жығып жатты. Қатты соққыларды алаңның алғы шебіндегі қыздар алды. Айғай-шудан денең тітірейді. Ауыр соққыдан қансырап, жерде құлап жатқан қыздар мен жігіттердің күңіренген үнінен құлақ-шекең шымырлайды. Күштік құрылымның киімін  кигендер мені ұстап алып, сүйреп апарып алаңдағы көлікке келіп отырғызды. Қарасам бірнеше қыз отыр екен. Арамызда таяқ жеген бір жігіт бар. Бізді қаланың сыртына, Қаскелең маңындағы Жандосов аталатын ауылдың іргесіндегі дөй далаға қолдарындағы қаруларымен аямай ұрып-ұрып тастап кетті. Күн суық, бір-бірімізге демеу болып, жолдың жиегіне дейін жаяу әрең жеттік. Автобуспен қалаға келе жатқан егде жастағы кісі тоқтап,  сол көлікпен қалаға жетіп, жанымыз аман қалды. Бір айдан кейін сессия басталып, сабаққа оралғанда бізді тергеу басталды. Сәуле екеумізді ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тексеріп, қорқытудың түрлі қысымын жасады. Отбасым туралы толық мәліметті алдыма жайып салды.  Әрине, оның барлығы психологиялық қорқытудан болды. Комсомол қатарынан шығарылдық. Ол кезде бұл өте үлкен ұят саналатын. Партия қатарына әне-міне өтеміз, партбилетті қолымызға аламыз деп жүрген жастың жалындағын отын өшіргенмен тең бұл. Сәуле оқудан шықты. Мені ұстаздарым, институт басшылығы қорғап, әрең алып қалды. Желтоқсанның бізге тигізген ызғарын ұмыту оңай емес. Денсаулығымызға да әсер етті. Төртінші курста оқып жүргенде тұрмысқа шықтым. Бірақ бала көтере алмағандығымнан 4 жылдан кейін ажырастық. Театрға да қайта барып есігін ашпадым, кино саласына кеттім. Ақталу жөнінде 2006 жылы естідім, бірақ қат-қабат шаруамен жүріп, бұған көңіл бөлуге уақыт болмады.  Ақыры, міне, желтоқсан оқиғасына 35 жыл толғанда ақталу қағазы қолыма тиді.  Жаратқаннан еліміздің егемендігі мәңгілік болып, Тәуелсіздік деген тәтті ұғымымыз тұғырынан таймаса екен деп тілеймін.

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?