Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Гималай асқан қазақтар (1-бөлім)

2342
Гималай асқан қазақтар (1-бөлім) - e-history.kz

Қазақ халқының тарихындағы аса бір қасіретті оқиға – Шыңжаң қазақтарының Гансу, Чиңхайға ауып, ақыры Гималай асып Үндістанға дейін жеткен босқын көшінің тарихы. Бұл көш туралы естеліктердің сорғалаған қансыз, аққан жассыз бірі жоқ. Жаңбырша жауған оқ пен жалтылдаған жалаң қылыш астынан тәңірі өзі сақтап тірі алып шыққан бейнетшіл, қасіретті тағдыр иелері тіпті өткенін еске алудан да жасқанатынын жазылған, таспаға түсірілген естеліктерден аңғаратын едік.

Осы бір қасіретті сапардың басталуына тегі не себеп болды екен? Құтты мекенінде отыра тұрып, әрі қарай қарсыласа беруге болар ма еді? Осы сұрақтар төңірегінде бірнеше матриалдарды қарай отырып жауап іздеген едік.

Алдымен қолға алған кітап Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған көш» естеліктер кітабы. Халифа Алтай өзі бала кезінен сол көштің ішінде болып, соңында елді Түркияға жеткізуге жетекші болған қайраткерлікке дейін жеткен тұлға. Бұл кітапта ол көштің алғашқы басталған сәтінен тартып соңғы нүктесіне дейін, одан әрі Түркиядағы елдің халі, өсіп-жетіліп, ел болғанына дейінгі барша оқиғаларды тұтастай қамтуға тырысқан. Екінші кітап Қалбан Ынтыханұлының «Босқын қазақ көштері және деректі әдебиет» атты монографиясы. Осы кітапта көштің басталу себептеріне тұтас өңірлік саяси-экономикалық және этностық себептерді қарастыра отырып толық жауап берген деуге болады. Сонымен қатар бұл кітап тарихи оқиғаларды нақты архив деректерін дәлел ете отырып дәлме дәл баяндап жеткізеді. Пайдаланған әдебиеттердің молдығы, бұрын-соңды жазылған немесе айтылған көш туралы естеліктер мен мемлекет тарапынан жасалған заң-ережелер, келісім-шарттар мен Қытай деректерін кеңінен пайдаланып, оқырманға барынша толық мәлімет береді. Үшінші атап өтетін кітап ағылшын Годфри Лайастың Бақытжан Бұхарбай «Аспантау асқан үркін көш» деп қазақшалаған кітабы. Бұл кітаптың ең басты ерекшелігі босқын қазақтардың Түркия жерінде тірі жеткендерінің өз ауызынан естіген естеліктерін негіз еткені және ерте жазылғаны. Кітапта автор қазақ көшін дүние тарихындағы сондай атаулы босқын хикаялармен қатар қоя отырып, оның шынайы мәнін, азаттыққа деген талпынысын басты орынға қоя отырып суреттейді. Бұл кітапта сондай-ақ, Түркияға жеткен қазақтар айтып берген ән-жырлар, күйлер мен Қаражорға секілді билер туралы да ақпараттар беріледі. Годфридың өзінің айтуынша жырларды әрі айтқызып, әрі төте жазумен қағазға да түсіртіп алған екен. Осы үш кітаптан бөлек көш жолын көзімен көрген қаншама адамдардың басқа да естеліктері біздің тақырыпты байыта түседі.

Алғашқы көштің басталуы – халықтың жаны мен малы өсіп жайылымға жаңа жер іздеуден басталды деуге болады. Бұған Бөке батырдың көші мысалы бола алады. Қазақтар алғаш Жоңғардан босап қалған жерге көшіп барған соң, біртіндеп өрісін кеңейтіп, жергілікті монғол билеушілерін бірде тарту беріп алдаса, бірде күш көрсетіп қорқыта жүріп жаңа жерлерге ие бола берді. Шын мәнінде Алтай, Трбағатайдағы бұл жерлер Жоңғар шапқыншылығынан бұрынғы қазақтардың ата қоныстары болатын. Қазақтар жер сұрағанда көбінесе сол ата-бабадан қалған белгілерді дәлел етіп, бұлтартпай отырады. Өстіп мал, жаны өсе беріп, қонысы кеңейген сайын көрші отырған монғолмен де, тіпті қазақтардың өз іштерінде де барымта-сырымта болып, кішігірім қақтығыстар болып тұрған. Дегенмен осының бәрін қазақ-монғол өз арасында дала заңдарымен, билердің келісі арқылы шешіп отыруға тырысқан. Ол кезде Алтайға қоныс тепкен керей тайпасы Әбілпейіз ханнан өтініш етіп төре сұрап әкеп, тікелей Чиң патшасынан көк тас алып, Бейжіңдегі патша сарайына төте қараған екен. Тіке басқарушы саналатын Бейжің алыс болғандықтан, ішкі жақтағы дау-шар, өріс-қоныс ісін түгел қазақтар өздері шешіп, емін-еркін көшіп-қонған болатын. Бұл еркіндік Алтай қазақтарының ең шалқып, мұңсыз-қайғысыз өмір сүрген жылдары ретінде есінде қалған.

Бөке батырдың ауа көшуіне нақты себеп монғол-қазақ арасындағы жер таласы, барымта-сырымтадан ұлғайып, монғол билеушісі Сары уаңның Бөкенің ауылын шауып, малын олжалап, інісі Шөке бастаған бірқанша адамын тұтқындап кетуінен басталады. Бұл дау ара ағайындықпен шешілгендей болады да, барымталанған адамдар қайтарылып беріледі. Бірақ Бөке кек тұтып жүреді де, ыңғайы келген бір күні Сары уаңның елін шауып, көп мал, бір қанша адамын барымталап, сол беті Боғда тауының етегіне қарай ауып кетеді. Бұл қазақтардың алғаш Алтайдан ауа көшуі болса керек. Одан әрі үкімет Бөкені Алтайға қайтадан қайтару мақсатында қанша талпыныстар жасаса да Бөке алған бетінен қайтпайды. Әскери күш қолданса, жақсы дайындалған Бөке қолы бетін қайтарып тастайды. Осылай үкімет жағынан түрткі көбейген соң Бөке батыр елін бастап Тибетке қарай ауады. Соңынан қуған үкімет әскерінің бетін қайтарып, мол шығынға ұшыратады. Алайда Тибетке жеткен соң үстірттің ауа райына үйлесе алмай, от тегі жетіспей көптеген адам қайтыс бола бастайды. Бұны қазақтар «ыс тию» деп атаған. Ол жақта да Чиң патшасының сұрауымен Тибет билігі қазақтарды кері қайтарып жіберуге тырысады. Адам өмір сүруіне аса қолайсыз иен жерінде отырады. Мал, жан шығыны мол болады. 1903 жылы ыс тиіп ауырып Бөке батыр қайтыс болады. Бөкенің өлгенін естіген Шыңжаң үкіметі әскер жіберіп, Тибеттің Есекбатты деген жерінде отырған Бөкенің елін басып алып, қайтадан шыңжаңға айдайды. Бөкенің денесін көрінен қазып алып, басын кесіп Үрімжіге алып келеді де көшеге іліп қояды. Онысы кімде кім үкіметке бағынбай өз бетімен кетсе көретін күні осы дегені болса керек. Алайда бұл хаюандыққа қатты ызаланған қазақтардан қорқып Бөке батырдың басын қайтарып береді. Сөйтіп Бөкенің денесі Тибетте қалады да, басы Алтайға жерленеді.

Бөкенің Алтайдан шығып Боғда төңірегіне баруынан кейін де Алтай қазақтары бірлі-жарымдап осы өңірлерге қоныстана береді. Сөйтіп қазақтар Құмыл маңындағы Баркөл, Аратүрік деген жерлерге дейін барып жетеді. Осындағы әрбір көштің өз себебі бар. Бірі алдыңғы ел барып қоныстанған соң, кең, шұрайлы қоныс бар деп естіген соң, оның үстіне мына жақта жер тарылып, ел мен мал өскен соң көшсе, бірі билеуші қытай, монғол ұлықтарынан қаққы көріп, ел бастаған серкесі тұтқындалып жатқан соң амалсыз көшкен. Көштің ең қарқын алған тұсы 1911 жылы құрылған Қытайдың жаңа үкіметі Жұңхуа Мингоның 1919 жылы Алтайды Шыңжаңға қаратқаннан кейін молая түскен. Қазақстан жерінде Совет үкіметі құрылып, Монғолияда да қызыл билік жүзеге асқаннан кейін Шыңжаң қазақтарына да бақылау мен тыңшылық күшейе бастады. Бұның сыртында Совет үкіметі монғол әскерін пайдаланып Алтай қазақтарын жиы қудалап отырды. Сол оқиғаның бірі қазақ тарихында «Кенжебек айдаған» деген атпен қалса, бірі «Жа лама қырғыны» деп аталады. Алтай тауын мекендеген керей мен аздаған найман елі әуелде 1800 жылдардың ортасына дейін, Қытай мен Ресей империясы шекара сызығын белгілегенге дейін қазіргі Қазақстан жеріне де, Монғолия жеріне де қыстап, жайлап көшіп-қонып жүре берген. Жаңадан құрылып, Монғолияны да өз ықпалына алған Совет үкіметіне қазақтардың екі мемлекет арасында емін-еркін жүруі ұнамаған ұқсайды. Осындай еркін өмірді тоқтату үшін Монғолия тарапынан да неше рет қазақтарға қарсы әскери шабуылдар жасалып тұрған. Осындай қысымдар, шабуылдар тыныш елді үркіте түседі. Осы себептермен Алтай елі бөліне көшіп, Шонжы, Манастан бастап Баркөл, Құмылға дейін жетіп қоныстанды. Осылайша Солтүстік Шыңжаң өңірі негізінен қазақтар қоныстанған аумаққа айналды.

1931 жылы Шығыс Шыңжаңның Аратүрік ауданында Әйембет Шаяхметұлы, Баркөлде Әліп Жамысбайұлы бастаған қазақтардың Жин Шурын үкіметіне қарсы көтерілісі мен Құмыл жерінде Қожанияз бастаған ұйғырлар көтерілісі туды. Бұл көтерілісті Құмылмен іргелес жатқан Пішән, Аратүрік ауданындағы ұйғырлар, Баркөлмен көршілес Мори ауданындағы қазақтар да қолдап, көтеріліске атсалысты. Бұл көтеріліс Шыңжаң үкіметін қатты састырды, Жин Шурын қалың әскер шығарып, көтерілісті бірден басып тастамақ болды. Саны көп, қаруы сайлаулы жауға аз топпен қарсы тұру қиын екенін білген Қожанияз Шыңжаңға көршілес Гансудан мұсылмандығын ортаға сап Гансудың билеушісі дүнген Ма Жұңиңнан көмек сұрады. Ма Жұңиң келісіп, қалың әскер бастап келіп көтерілісшілерге қосылды. Күллі мұсылманның басын қосып исламды ту еткен ел құрамыз деп ұран тастады. Көтеріліс негізінен Солтүстік Шыңжаңды толық қамтыды. Жин Шурын әскері қаншама жазалау жорығын жасаса да жеңіліп, тоз-тозы шықты. Шыңжаңдағы жағдайды бағып отырған Совет үкіметі озық қарулармен қаруланған бір полк әскер жіберіп Жин Шурынға көмек берді. Жин Шурын бұл әскерді Құмылға орналастырып, ақыры мұсылмандар көтерілісі жеңіліске ұшырады. Ма Жоңиң Оңтүстік Шыңжаңға өтіп кетті. Ұйғырлар көтерілісін бастаған Қожанияз бен Жолбарыс үкіметтің қолтығына кірді.

Осы көтеріліске Әліп Жамысбайұлы ат-көлік, азық-түлікке мал беріп қолдаған болатын. Бұл Шыңжаң билеушілеріне жақпайды. 1932 жылы Әліп Баркөлдің Ойтау деген жеріндегі Күзеулігіне келіп қонып отырады. Өзінің ұлы Елісхан мен інісі Қожақын бастаған атқа мінер азаматтарды түгел келе жатқан қыстың қамын қамдауға тауға жібереді. Сол күндердің бірінде үкімет әскері ауылдың үстінен түсіп өңкей бала-шаға, кемпір-шалды түгел қырып кетеді. 117 адамды шауып, атып өлтіріп, малын олжалап кетеді. Бұл қырғыннан үш-ақ адам қашып құтылған деседі. Ауылды шабуға жергілікті жердегі бейбіт қытайларды да айдап салып, қолдарына қару беріп, түскен олжадан оларға да бөліс береді. Бұл оқиға тарихта «Әліп шабылған» деген атпен қалды.

Елісхан ауылына оралғанда қан-жоса боп қырылып жатқан елді көреді. Қанға бөккен әкесін, анасын, әйелін, бала-шағасын, туыс-туғандарын көреді. Қанша ауыр қасіретке батса да тез есін жиып, тонап қашқан жаудың соңынан қуып, айдап кеткен малының жартысын қайтарып, тұтқынға түскен адамын босатып кері қайтады. Осы қырғынға үкіметтің айтағымен белсенді араласқан жергілікті қытайлар болатын. Елісхан енді солардан кек алады. Осы қақтығыстар жергілікті қазақ-қытай арасына ешқашан ымыраға келмейтін жаулық әкелді. Елісхан бастаған бұл көтерілісті Жин Шурын үкіметі бірден әскер шығарып басып тастай алмады. Себебі үкіметтің өз ішінде билікке талас басталып кеткен болатын.

1933 жылы 12 сәуірде Шың Шыцай әскери төңкеріс жасап Жин Шурынды тағынан тайдырды да, өзі өлке төрағасы болып жайғасты. Шыңжаң тарихында бұны «12 сәуір оқиғасы» деп атайды. Жаңа ғана билік басына келген Шың Шыцай әбден орнығып алу үшін жергілікті халыққа барынша жұмсақ болып, ымырашылдық танытады.

Қалбан Ынтыханұлы келтірген дерек бойынша 1935 жылы Елісхан алыс-жуықтағы қазақтардың билеушілерін жинап әкесі Әліпке ас береді. Асқа мыңнан астам адам жиналады. Осындай сәтті күткен Шың Шыцай да арнайы хат жазып, адам жібереді. Хатта Әліп ауылын әскерлердің жаңсақ шауып алғанын, сол үшін кешірім сұрайтынын айтады. Елісхан сонда жиналған елдің алдында Шың Шыцайды кешірмейтінін, одақтас тауып қол жинап келіп кек алатынын айтып серт береді. Сондай мақсатпен Гансу жеріне көшетінін жалпақ жұрттың алдында жария етеді. Мыңдаған шақырымға созылған, қан мен жасқа малтыққан қасіретті босқын көш осындай асқақ мақсатта басталған болатын.

(Жалғасы бар...)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?