Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жоралғылы жорық

1784
Жоралғылы жорық  - e-history.kz
Жазылған тарихтың жалғасы. Ұлы хан Кенесарының тағдырына қатысты жүргізілген ғылыми-тарихи экспедицияның кезекті жорығы жайында сөз қозғалады

Ертеңiнде ерте тұрып, Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография мұражайына (Кунсткамера) бардық. Директоры Чунер Михаилұлы Таксами иманжүздi адам екен. Жылы қабылдап, ашық-жарқын сөйлестi. 

– Мен сiздердiң неге келгендерiңiздi алдын ала бiлiп отырмын, – дедi кiрген бетте. 

Бiз сыр алдырмауға тырысып, әңгiменi әрiден бастадық. Түрлi мәдени-рухани байланыстар тiлге тиек етiлдi. Әңгiме үстiндегi бiр орайлы сәттi пайдаланып, Оразақ ағаның хатын қолына ұстата қойдым: 

– Оразақ аға сәлем айтты. Курстас дос екенсiздер ғой. 

– Сәлемет болсын! – Ол кiсi хатты асықпай оқып шықты. – Айттым ғой, iздеп келгендерiң белгiлi болды. Ашық айта берiңдер! 

– Кенесары ханның бас сүйегiн iздеп жүрмiз, ағасы! 

– Бiлем. Бұл жөнiнде маған Манаш Қозыбаев талай мәрте телефон соғып, тауып беруiмiздi өтiнген. Бiз iздеттiргенбiз. Бiрақ таба алмадық. Омбы губернаторы ол бастан күлсалғыш жасатқан дейдi ғой. 

– Иә, ондай да сөз бар. 

– Эрмитажда болған деседi. Бiрақ оған күмәнiм бар. Өйткенi бiзге түскен әр сiрiңке түгiл, әр ши жоғалмайды. Дегенмен, тағы да iздеттiрiп көрейiк. Iздеңдер. Мен тұрғанда бiздiң мұражайдың қандай есiгi де айқара ашық болады. Бәрiне өзiм ескертiп қоямын. Менiң ұлтым – нивх, яғни аз ұлттанмын. Ойласам жүрегiм ауырады... – Ол кiсi бiраз мұңайып отырып қалды. – Бiзде антропология бөлiмi бар, алдымен менiң атымнан соған барыңыздар. Өзiм де ескертiп қоямын. Онда алпыс мыңнан аса бас сүйек бар. Бiрақ ондағы қызметкерлер бүгiн жоқ, ертең болады. Мiндеттi түрде айтып қоямын. Алаңсыз бара берiңіздер! 

b316d7087de3f6d4394c667f7844d4a2.jpg

* * * 

Бiз ол күнгi уақытты бос өткiзбес үшiн Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтына барып, әйгiлi түркiтанушы Сергей Кляшторныйға жолығып, Нәйлә апамыздың хатын табыс еттiк. Зиялы адам екенi сөйлеген сөзiнен-ақ сезiлiп тұр. Жатсынып, жатырқаған жоқ. Көптен таныс адамдардай әңгiмемiз тез жарасып кеттi. 

– Халқымыздың тарихына қатысты мұрағаттарды көзiмiзбен көрiп, түстеп-түгендеп қайту үшiн келдiк, — дедiк әрiден сөз қозғап. 

– Иә, бұнда қазақ халқының тарихы мен тұрмыс-тiршiлiгiне байланысты жазба жәдiгерлiктер мен зат-бұйымдар өте көп. Оларды түстеп-түгендеуге ұмтылғандарың орынды. Мен мұндай игі қадамдарды әрқашан қолдап-қуаттап отырамын. 

– Қандай ақыл-кеңес берер едiңiз? 

– Бiрiншiден, Эрмитажды жақсылап қарап шығуларыңыз керек. Екiншiден, бұрынғы ССРО халықтарына арналған Этнография мұражайына, үшiншiден, Орталық Тарихи архивке, төртiншiден, Пушкин үйiне, бесiншiден, География қоғамының архивi мен кiтапханасына кiрiп шықсаңыздар, көп нәрсенi көресiздер. 

– Хандардың патшаға сыйлаған заттары қайда екенiн бiлесiз бе? 

– Олардың барлығы Эрмитажда. Бiрақ көрмеге қойылмаған. Оның бәрiн Эрмитаждың Шығыс бөлiмiнен сұрап бiлуге болады. 

– Сiз қазақ ханы Кенесары Қасымовтың бас сүйегi туралы бiлесiз бе? 

– Жоқ. Оны Нәйлә Бекмаханова жақсы бiлуге тиiс қой! Жалпы бас сүйектердiң бәрi Антропология және этнография мұражайында ғой. Оның антропология бөлiмiн Гохман басқарады. Екеумiздiң қарым-қатынасымыз жақсы. 

– Бiз ертең сол кiсiге жолығайық деп отырмыз. 

– Онда мен бүгiн ескертiп қоямын. Ол кiсi – өте зиялы адам. Саясат-маясатыңа қарамайды. Ешкiмнен, ештеңеден қорықпайды. Дәл қазiр Ресейдiң нөмiрi бiрiншi антропологі сол. Ол ешқашан өтiрiк айтпайды. «Бар» десе – бар, «жоқ» десе – шынымен жоқ. 

* * * 

Бiз ертеңiнде Антропология және этнография мұражайының антропология бөлiмiне барып, меңгерушiсi Илья Осипович Гохманмен ашық сөйлестiк. 

– Кеше Чунер Михаилович пен Сергей Григорьевич екеуi хабарласып, сiздерге жәрдем беруiмдi өтiнiп едi. Мен бұл екеуiнiң сөзiн жерге тастай алмаймын. Бiрақ жоқ нәрсенi бар деп тағы айта алмаймын. Кенесары ханның бас сүйегiн осыдан он шақты жыл бұрын Қазақстан Орталық Комитетiнiң тапсырмасымен сарсыла iздегенiм бар. Өзiмiздi де, Эрмитажды да түк қалдырмай сүзiп шыққанмын. Бiрақ, өкiнiшке орай, таба алмадық. Маған сенсеңiздер, Кенесары ханның бас сүйегi Эрмитажда немесе бiздiң қорда жоқ. 

– Сiздерде Кейкi батырдың бас сүйегi бар дейдi ғой? 

– Иә, Кейкi батырдiкi бар. Оның барлық құжаттарын сiздерге бiздiң бөлiмнiң жетекшi маманы Юрий Кириллович көрсетедi. Егер уақыттарыңыз болса, Қазақстанға байланысты каталогтың бәрiн қарап шығуларыңызға болады. 

– Қырғыздарды да қарап шығуға болатын шығар? Бiр кездерi бiздi қырғыз деп те атаған ғой. 

– Әлбетте, көңiлдерiңiз әбден сенгенше қараңыздар. Ешқандай қарсылық жоқ. 

15c83f6b1b806851fe90e335255d34e6.jpg

Бiз тарих ғылымының докторы, антрополог Юрий Чистовтың көмегiнiң арқасында Антропология мұражайындағы алпыс мың бастың тiзiмiн қарап шықтық. Кейкi батырдың бас сүйегiне байланысты құжаттарды тауып алдық. Атамыздың бас сүйегiнiң нөмiрi 3383 екен: «3383. Череп знаменитого бандита казаха Кейки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Советский период. От Д. Д. Букинича в дар в 1926 г. Документы: Записка Собирателя. 3/ХI-33» деп жазылған негiзгi құжатта. Ал екiншi бiр жазбада: «Инв. № 3383. 45 лет. Череп знаменитого киргизского бандита Кейки Тургайского уезда, Кайдаульской волости, свирепствовавшего в Степи в 22 и 23 году. Наводил ужас своими зверствами на местные населения и на переселенцев двигавшихся из Ак-Тюбинска на Атбасар. Был очень набожен и всегда в малитвах раскаивался в приступлениях. 

Его бандиты участвовал и в отрядах красных и в отрядах белых. Участвовал в осаде киргизами города Тургая, в 1916 году. Он почитается киргизами за свою храбрость и считается «батырем» не смотря на свой невзрачный вид (низкого роста, худощавый). 

Был неоднократно арестован, но всякий раз бежал. При поимке голову отрубили китменем и доставили в г. Тургай где она была вывешена на площади. Д. Букинич» деп көрсетiлген. 

Алпыс мың бас сүйектiң iшiнде қазақ жерiнен қазып алынғандар да жетерлiк. Батыс Сiбiр генерал-губернаторы болған Гасфордтың атынан да көптеген бас сүйектер жiберiлген екен. Мәселен, бiр құжатта: «5281. Черепа казахов из погребений в Кокчетавском и Каркаралинском округах, доставленные в Анатомический музей АН по распоряжению генерал-губернатора Западной Сибири, генерала от инфантерии Гасфордта в 1859-61 гг. Дар. 

Документы: 1) Копия отношения и. д. военного губернатора области Сибирских киргизов от 27.IХ.1859 г. за № 1787; 

2) Копия отношения и. д. военного губернатора области Сибирских киргизов от 6.ХI. 1859 г. за № 2041; 

3) Выписка из статьи Бэра...» деген ақпарлар бар. Бұған қоса көптеген дәйектемелер кездеседi. Бiр өкiнiштiсi, Кенесары бабамыздың бас сүйегi туралы ешқандай дерек таба алмадық. 

* * * 

Антропология және этнография мұражайының Орта Азия және Қазақстан бөлiмi бар екен. Чунер Таксами мырзаның ерекше қамқорлығы арқасында осы бөлiмнiң ғылыми қызметкерлерiмен жақын танысып, жүйелi iздестiру жұмыстарын жүргiздiк. 

– Кеше менi Чунер Михаилович шақырып алып, сiздерге көмектесуiмдi өтiнген едi, – дедi осы бөлiмнiң белдi қызметкерi, ғалым Валерия Прищепова. – Жалпы бiздiң Орта Азия және Қазақстан бөлiмiнде қазақ, өзбек, тәжiк, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ халықтарының мәдениетi мен тұрмыс-тiршiлiгiне байланысты он мыңнан аса құндылықтар бар. Өздерiңiздiң де танысуларыңызға болады. 

Жалпы Антропология және этнография мұражайының Орта Азия және Қазақстан бөлiмi бойынша жинақталған құнды қазына-байлықтар XVIII ғасырдың басынан бастап түсе бастаған екен. Ал 1896 жылы император II Николай Романовтан осы бөлiмге қазақтар сыйлаған қару-жарақтар мен тұрмыстық заттар көптеп тапсырылыпты. 

1881 жылы Шоқанның әкесi Шыңғыс Уәлихановтан да көптеген зат-бұйымдар түскен екен. Соның iшiнде бiзге ерекше ыстық көрiнгенi — сыртына «Пшак принадлежал полковнику Чингизу Валиханову из Кокчетавского уезда Акмолинской области» деп өрнектелiп жазылған терi сапты пышақ. Бағасы 5 сом деп көрсетiлген (Ол кездегi 5 сом жақсы аттың құны болған). Қазақ сұлтандарынан түскен бұндай бағалы заттар мұражай қорында баршылық екен. 

Тағы бiр ерекше атап өтер жайт, қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгiне байланысты фотоальбомдар шығарылған екен. Ұзақ жылдар бойы Антропология және этнография мұражайында қызмет iстеген фотограф Самуила Дудин бiрнеше мәрте қазақ жерiн аралап, Ресей Ұлттық Ғылым академиясының арнайы тапсырмасымен халқымыздың мәдениетi мен тұрмыс-тiршiлiгiне қатысты мыңға тарта фотосурет түсiрiп қайтыпты. Кейiннен олар фотоальбом болып шығарылыпты да. Егер осы фотоальбомдар Қазақстанда қайтадан басып шығарылса, бiрсыпыра олқылықтардың орнын толтырар едi-ау!..

С.М. Дудиннiң фотоальбомдарының iшiнде Шормановтар отбасы ерекше орын алыпты. Содан да болар, Мұса Шорманов Дудинге қолдан жасалған шитi мылтық пен адалбақан сыйға тартыпты. Бұл сыйлықтар да осы мұражайда сақтаулы тұр. Дудин мырза қазақтарды суретке түсiрумен шектелмей, халқымыздың тұрмысына қатысты көптеген дүние-мүлiктердi өзiмен бiрге ала кетiптi. 

1619cc9bd8ec497eb8cbe989c50e4377.jpg

Мұражай қорында сақтаулы тұрған сұлтан Мұхамед Құдаймендиннiң екi iшектi домбырасын көргенде қуанып қалсақ та, артынан кеудемiздi қыжыл кернедi. 

1908-1910 жылдары Семейге барған сапарында К. Щенников дейтiн оқымысты халқымыздың мәдениетi мен тұрмыс-тiршiлiгiне қатысты үш жүзден аса дүние-мүлiктi қанжығасына басып кетiп, осы мұражайға тапсырыпты. Сонымен бiрге фотолар мен көркем суреттердi де ала кетiптi. 

Бiз жақында ғана «Түркiстан» газетiнiң араласуымен Қазақстанға алдырылған «Түркiстан» альбомының бiр данасын да осы мұражайдан көрдiк. II Николайға сыйға берiлген қазақ айбалтасы мен пышақтар да осында тұр. Қазақтың ұлттық киiм-кешектерi де жетерлiк. Кейкi атамыздың басын алтын тапқандай осында алып келген Букинич дейтiн сумақай да халқымыздың талай-талай қастерлi дүниелерiн әкесiнен қалған мұрадай арқалап кетiптi. Кейкi атамыздың аруағы ұрды ма екен, ердiң жасы елуден аса бере аузына қан құйылыпты байғұстың. 

 * * * 

Бiз Кенесары бабамызға қатысты бiр дерек табылып қалар ма деген оймен Антропология және этнография мұражайының жеке мұрағатына да кiрiп шықтық. Бiрақ одан Мұхтар Әуезовтiң «Манас» жыры туралы жазылған мақаласының қолжазбасынан басқа ештеңе таба алмадық. 

* * * 

Антропология және этнография мұражайының, Петр Кунсткамерасының құрамындағы М. Ломоносов атындағы мұражайды да қарап шықтық. Халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiне қатысты зат-бұйымдар бұнда да тұр. Бiздiң бiр шұқшия қарағанымыз сөрелерде тiзбектелiп тұрған бас сүйектер болды. Бiрақ, қызметкерлердiң айтуы бойынша, бұнда аты-жөндерi белгiлi адамдардың бас сүйектерi жоқ екен. Барлығы да өте ерте замандарда өмiр сүрген адамдардың (молалардан қазып алынған) бас сүйектерi көрiнедi. Олардың жоғарғы жағында iлулi тұрған бiр жапырақ қағазға «Русский антрополог с 1842 по 1867 г. академик К. Бэр возглавял анатомический кабинет Российской Академии наук. Бэр собрал и изучал храниологическую («череп») коллекцию (около 300 черепов) из разных областей Россий и некоторых других регионов земли» деп әдемi әрiптермен жазып қойыпты. 

«Бэр мырза жинаған бас сүйектердiң тiзiмiн де қарап шығу керек екен ғой» деген ой түйдiм. 

 * * * 

Ресей Ғылым академиясының Санкт-Петербургтегi мұрағаты мен кiтапханасына да кiрiп шығу керек болды. Өйткенi Батыс Сiбiр генерал-губернаторы болған Гасфорд молалардан арнайы қазып алынған бас сүйектердiң барлығын Ғылым академиясының атына жiберiп отырыпты. Бас сүйектермен бiрге жiберген қатынас қағаздарының бәрi де «В Санкт-Петербургскую Императорскую Академию Наукь...» деп басталады. Мүмкiн, Кенесары бабамыздың бас сүйегiн де Ғылым академиясының атына жiберген шығар деген ой келдi. Егер бiз ойлағандай болса, академия мұрағатынан бiр деректiң табылып қалуы мүмкiн ғой. 

Бiздi академияның мұрағатына Антропология және этнография мұражайының жетекшi ғылыми қызметкерi Валерия Прищепова бастап барды. Өкiнiшке қарай, есiгi жабық тұр. Сұрастыра келе академия мұрағатының қыркүйек айына дейiн жұмыс iстемейтiнiн бiлдiк. Қаржы тапшылығына байланысты қызметкерлерiнiң бәрi демалысқа жiберiлiптi. 

– Бiздiң ғылыми мекемелердiң жағдайы осындай, – дедi Валерия Александровна өкiнiш бiлдiрiп. –Жүрiңiздер, академияның кiтапханасына барып көрейiк. 

Бiз академия кiтапханасында академия мұрағатының директоры Владимир Соболевті кезiктiрдiк. Валерия Александровна бiздiң академия мұрағатында отырып жұмыс iстегiмiз келетiнiн ескертiп, көмектесуiн өтiндi. Бiрақ Владимир Семенович оған ешқандай мүмкiндiк жоқтығын көлденең тартып, азар да безер болды: 

– Қазiр архивте бiрде-бiр қызметкер жоқ. Бәрi демалыста. Оларды шақыртып алғанымыз үшiн ақша төлеуiмiз керек. Ал архивте бiр қызметкермен жұмыс бiтпейтiнiн бiлесiздер. Сондықтан қыркүйекке дейiн ешқандай мүмкiндiк жоқ. Қыркүйек айында келiңiздер, көмектесемiз! 

* * * 

Ендiгi үмiтiмiз Мемлекеттiк Эрмитажда болатын. Мұражай директоры Пиотровский мырза бiзбен жұмыс iстеудi орынбасары Георгий Вилинбаховқа тапсырды. Аталмыш мырза бiзге онша iш тарта қойған жоқ, суық қабылдады: 

– Бiздiң Эрмитаж – әлемдегi ең үлкен музейлердің бiрi. Iргетасы 1764 жылы қаланған. Бүгiнгi күнi Эрмитажда үш миллионнан астам экспонат сақтаулы тұр. 

– Үзiлiп қалған мәдени-рухани баланыстарды жандандырсақ деген ойымыз бар. 

– Ешқандай қарсылық жоқ. 

Бiз бiрте-бiрте нақты шаруамызға көше бастадық: 

– Хандар мен сұлтандардың патшаларға сыйлаған заттарын көруге бола ма? 

– Нақтылыққа көшейiк. Мәселен, қандай заттар қызықтырады? 

– ХIХ ғасырдың 40-50-жылдары қазақ жерiнен келiп түскен заттардың тiзiмiн қарап шықсақ деп едiк. Каталогтарыңыз бар шығар? 

– Қолдарыңызда сол заттардың Эрмитажға келiп түскенiн дәлелдейтiн құжаттар бар ма? Әйтпесе, бiзде не көп, патшаларға сыйланған заттар көп. Олардың бәрiн көрсетiп шығу мүмкiн емес. Өте көп... 

Бiз оған ашылып ештеңе айта алмадық. Әңгiмемiз осы тектес сұрақ-жауаптармен ғана шектелдi. Маңдайымыз тасқа соғылғандай күй кешiп, Вилинбаховтың кабинетiнен iннен шыққан тышқандай сүмiрейiп-сүмпиiп шықтық. «Қатырдым ба, бәлем!» дегендей, езуiн ыржитып ол қалды. 

– Шынында да талайды көрген әккi екен. Қалай қусақ та ұстатпады ғой, – дедiм мен Тұрсын аға мен Шәрiпбектiң көңiлдерiн көтермек болып. 

Бiрақ екеуi де ләм-мим деп тiл қата қоймады. Бастары салбырап, өз ойларымен әлек боп бара жатты. Менiң де шақшадай басымды шарадай етiп түрлi ойлар қаумалады. 

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

(Жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?