Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаштың ақсұңқары

1609
Алаштың ақсұңқары - e-history.kz
Ф. Голощекин бастаған партиялық топ озық ойлы қазақ зиялыларын Қазақстанда қызмет ету мүмкіндігінен айырып, қуғындауын жалғастыра берді. Оған бұлтартапас дәлел болар нақты деректер мұрағатта жетерлік

Коммунистік партия билікке жеткен алғашқы жылдары озбыр да отаршыл саясатын жүзеге асыруға алдымен тосқауыл болар зиялы қауым өкілдерін өз жағына тартуға тырысып, алаш зиялыларына «кешірім» жасалғанын жариялады, жастар жағын коммунистік жылтыр сөздермен алдап-арбап өз саясатына тартуға талпынды. Алайда, қоғамда бір партиялық үстем билік бекіген сайын, саяси жүйе ұлт мүддесін ойлайтын, ұлттың болашағына бейтарап қарай алмайтын ескі интеллигенция өкілдерінің қызметін шектеп, олардың елдік ұстанымынан бас тартты. Коммунистік партия өз ішін ұлттық бағыттағы «жат адамдардан» тазарта бастады. 

 1920 жылдардың екінші жартысынан коммунистік партия қазақ оқығандарының ішіндегі Алашорда зиялыларына және жас ұлтшылдарға қарсы саяси күресті өршітті. БК(б)П Орталық Комитетінен партияның саясаты мен идеологиясын тұрақты орнатуға 1925 жылдың 13 қыркүйегінде Ф. Голощекин Қазақ Өлкелік Комитеті хатшылығына арнайы жіберілді. 

1b76cec69eddfa658cc7771f7cbbad7c.jpg

Ф. Голощекин Қазақстанға келгенге дейін Қазақ Өлкелік Партия Комитетінде С. Қожанов, С. Садуақасов, Ж. Мыңбаев және басқада ұлт тағдырын ойлаған жауапты қызметкерлер болды. Олар советтік билік жағдайында қазақ мемлекеттігін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып, оны іске асыру жолдарын іздеді. Ұлттық бағыт ұстанған коммунистер қазақ халқының басым бөлігі тұратын ауыл мәселесін көтеріп, «Бетіңді ауылға бұр» деген үндеу тастады. Ауыл жайын сөз еткенде, елдің хат танымайтын бұқарасымен, елмен араласып отырған, елдің жақсы жаманын, кем кетігін көзімен көріп, біліп отырған, ел ішіндегі бас көтерер тілектес адамдармен сөйлесуді, солармен ақыл қосып жұмыс істеуді мақсат етті. Мемлекеттік аппарат пен халық шаруашылығы органдарын қазақтандыру, Қазақстанның бес жылдық мерекесін тойлау, осы мерекеге арнап Советтік Қазақстан жайлы жинақ дайындауды қолға алды. Қазақ халқы үшін аса маңызды жер мәселесін шешуге бел шеше кірісті. 

Коммунистік партия көсемі И. Сталин аймақтардағы әр жауапты басшыға кадр мәселесінде: «Совет өкіметінің ескі техникалық интеллигенция жөнінде бір-ақ саясат – белсенді зиянкестерді талқандау, бейтараптарды жіктеу, адалдарын іске тарту саясатын жүргізуі мүмкін» деген бағдар берді. 1926 жылдың наурыз айынан оппазицияны қолдаушылар жоспарлы түрде алыс аймақтарға ауыстырылды. 1926 жылдың мамыр-маусым айларында ұйымдастыру-тарату бөлімі 1 497 партия қызметкерін орындарынан ауыстырды. Оның ішінде орталық органдағылар – 391 адам, ұлттық аудандарда – 980 адам. Яғни, ұлттық аймақтарға ерекше маңыз берілді. Коммунистік партия «БК(б)П Орталық Комитеті лениндік штабын толық қолдау үшін, темірдей тәртіп пен бірлік үшін фракцияға қарсы, топшылдыққа қарсы, ленинизмді бұрмалаушыларға қарсы» ұранын ұстана отырып жұмысын жалғастыра берді. И. Сталин: «Партия ішіндегі демократия дегеніміз фракциялық топтардың еркіндігі деген сөз деп ойлайды кейбір жолдастар. Ал бұған келгенде ғапу етесіздер, жолдастар! Біз партия ішіндегі демократияны бұлай түсінбейміз. Партия ішіндегі демократия мен фракциялық топтардың еркіндігі арасында ешқандай қатынас жоқ және болуы да мүмкін емес. 

...Фракциялық топтардың еркіндігі дегеніміз партия қатарын азғындату, партияны жеке орталықтарға бөліп бытырату, партияны әлсірету, пролетариат диктатурасын әлсірету деген сөз» – деп, партияның қатардағы қарапайым мүшелерінен: партияның ішкі бірлігін сақтауды, идеялық тазалықты, партия шешімдерін бұлжытпай орындауды талап етті. Қатардағы партия мүшелері партия көсемі көзқарасы мен партияның негізгі идеялық бағытын, оның сөйлеген сөздері мен жазған мақалаларынан ұғынып игеріп алып кетуге бейімделе тәрбиеленді. Коммунистік партия мүшелерінің барлығы идеялық жағынан біркелкі, саяси мәселелер жөніндегі көзқарастары, ой-пікірлері бір жерде тоғысып жатуы тиіс болды. Өзіндік ұстанымы, дербес ой-пікірі бар, партиялық қалыпқа қарсы азматтарды саяси тұрғыдан айыптады. Коммунистік партия көсемдері алдымен қазақтың оқыған зиялы азаматтарының ара «жігін» ашып алуды қажет деп тапты. «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылдың қаңтар айындағы (№ 278) «Тағы да партия жұртшылығы туралы» деген редакциялық мақаласында: «біздің үлкен кемшілігіміздің бірі – оқығандарға көзқарасымызды анықтап белгілегеніміз жоқ. ... оқыған қай жерде бітіп, коммунист қай жерден басталатыны осы күнге дейін анықталған жоқ», – деп жазды, партияда жоқ қазақ оқығандары туралы басқа да басылымдар мәселе көтерді.  

Ф. Голощекин қазақ зиялылары арасындағы «жікшілдер» мен «топшылдарды» жанталаса іздеп саяси-партиялық шара қолдана бастады. Қалыптасып келе жатқан әміршіл-әкімшіл жүйе партия бағытынан өзгеше ойлауға түбегейлі қарсы болғандықтан қазақстандық зиялы қауым өкілдерінің бір тобы «ұлтшыл», «жікшіл», «оппортунист», «зиянкес», «кондратьевшіл» және басқа да ағымдарға айыпталды. Қазақстанды өркендетуге емес, керісінше коммунистік партияның отарлау саясатын орнықтыруға арнайы тапсырмамен келген Ф. Голощекин алаш зиялылары жөнінде «оларды жұмысқа қосып, партияға ала тұрсақ та, олардың байшыл, ұлтшыл салт-санасына қарсы күресу керек» деген пікірінде қасарысып тұрып алды. Бұл тек бірінші хатшының ғана емес, жалпы коммунистік партияның «ескі» интеллигенция туралы ұстанған бағыты еді. Бұл идеяның астарында қазақ халқының берекесін кетіру, төңкеріс салдарынан әбден қалжыраған халықты партия саясатына ауыз ашпастан бас шұлғып көне беретін құлға айналдыру саясаты тұрды. Бұл пиғылды дөп басып түсінген С. Садуақасовтай асыл азаматты Ф. Голощекин қазақ ұлтшылдығына, оңшыл ағымға, әр түрлі «шылдықтарға» айыптады. Саяси айыптау шаралары партия қатарын қазақ коммунистерінің ұлттық бағыт ұстанған тобынан тазарту науқандарындарына ұласты. 

0af25194c52a5c7db89bac2bd9f6ed14.jpg

С. Садуақасовтың жиырмасыншы жылдардың алғашқы жартысындағы қызметі туралы замандастары қаламынан туған кейбір естеліктер былай дейді. Сол жылдары жауапты қызмет атқарған Н. Сырғабеков: 

«1920-1925 жылдары Садуақасұлы партияға өзіміздің адамдарымызды көбірек кіргізу керек. Өзбекстанда өзбектер өздерінен коммунистерді көбейтіп, орыстарды жеңіп алып отыр. 

Біз де солардан үлгі алуымыз керек. Біз әлі орыстың үстемдігінен құтыла алмай келеміз. Бізге бостандықтың ұшығы ғана тиіп отыр. Олай болса, біздің қатарымызда орыстардың табанын қайыру қолынан келерліктей білетін адамдар болуы керек. Орыс жандаралдары қазір іске қосылмай отыр ма? Ендеше, бізде Алашордашыларды іске тартуымыз керек. 

...Орыстар өздерінің үстемдігін күшейту үшін Алашордашылармен біздің арамызды ашуға тырысады. Алашордашыларды біздің республикада зиянды адамдар қылып көрсеткісі келеді. Орыстардың мұндай ұлы ұлтшылдығына біз Кенжеұлы, Бөкейханұлы (Абдулла), Әуезұлы Мұқтар (Мұқтар ол кезде коммунист) тағы басқалар күшін пайдалануымыз керек. Әсіресе, соңғы кезде көзге түсіп жүрген Мұстамбайұлы Ыдырыс, Кадаленко Нұрғали, Темірбек Жүргенұлы, Әбдірахман Байділдәұлы, Ғаббас Тоғжанұлы тағы басқаларды пайдалануымыз керек. Біз күштердің бәрін бір жерге және иіріп отырмай Қазақстанның түрлі түкпірлеріне таратып, әр қайсыларымыз өзіміздің ниеттес тілектестерімізді көбейтуіміз керек. Осы ретпен ұйымдастыру жұмыстарын күшейте жүргізсек, сонда ғана біз Өлкелік партия комитетін өз қолымызға ала аламыз», – деп айтқанын еске алады. 

Ал коммунист Ғ. Тоғжанов та: «1925 жылдың басында білем, Сұлтанбек бір сөзінде «Қазақта коммунист бар ма? Қазақ коммунистерін бір шыбықпен айдау керек» дегендей айтып еді. Смағұлда осы пікірден алыс кетіп отырған жоқ. Смағұлға да партия деген әр нәрсені кітапшалағандық, демагогтық. Смағұлша да коммунист жолы – Ленин жолымен қазақты бастауға болмайды», – деп жазды баспасөзде. Ал, Смағұлдың өзі мерзімді баспасөзде: «... солшылсымақ коммунистеріміз оқығандарды шетінен айдап тастау керек дейді. Оқығандарды жамандап олар саяси олжа түсіріп жүр. Олар оқығандарға оқу құралдарын жазғызуға қарсы, оқығандарды мектепке мұғалім қылуға қарсы. Біздің ойымызша оқығандардың білімін пайдалануымыз керек. Олар кітап та жазсын, мұғалім де болсын, бірақ ол кітапты сыннан өткізіп отыратын өзіміз. Айғайды қойып, іске кіріселік, шетінен боқтамай жаманын тастап, жақсысын еңбекші елдің керегіне жаратайық», – деп коммунистік партияның ұлт зиялылары туралы ұстанып отырған саясатына өзінің салмақты пікірін білдірді. Алайда, Ф. Голощекин бастаған партиялық топ озық ойлы қазақ зиялыларын Қазақстанда қызмет ету мүмкіндігінен айырып, қуғындауын жалғастыра берді. Оған бұлтартапас дәлел болар нақты деректер мұрағатта жетерлік. 

Осындай қолдан жасалған қуғындаудың бірегейі С. Садуақасовқа қарсы әдейі ұйымдастырылған саяси науқан болатын. 1926 жылдың 17 ақпаны күні Қазақ Өлкелік Комитеті Бюро мәжілісінің жабық бөлімінде Халық Ағарту Комиссары, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы С. Садуақасовтың Ф. Голощекин атына өзін қызметтен босатуын сұрап жазған өтініші тыңдалды. Садуақасов біріншіден, өзін әдебиет, оқулықтар жазу жағына пайдалану, ал әкімшілік орынға өзінен гөрі іскер, болмаған күнде іскерлігі кем емес басқа адамды қою қажет, екіншіден, менің өтінішімнен саяси астар іздеп керек емес, олай болғанын қаламаймын да», – деді. С. Садуақасов қызметкерлердің кейбір бөлігінің шығармашылық қара жұмыстарға жегілетін уақыты жеткенін, оған алдымен, өз қызметін ұсынатынын да айтқан және өзін Халық Ағарту Коммиссариаты мен газеттегі жұмыстардан босатуын өтінген. С. Садуақасовтың бұл өтінішіне Халық Комиссарлар Советі төрағасы Н. Нұрмақов, Еңбек Халық Комиссары М. Тәтімов, Орталық Атқару Комитеті төрағасы Ж. Мыңбаев, БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті Үгіт-насихат бөлімі бастығы О. Жандосов қарсылық білдіріп, өзінің қызметінде қалдыруды сұрады. О. Исаев пен І. Құрамысов С. Садуақасов өтінішін қанағаттандыруды ұсынды. «Рас, біз Ильичсізде өмір сүріп отырмыз, Садуақасовсызда өмір сүре аламыз, сондықтан оның өтінішін қанағаттандыру керек», – деді І. Құрамысов. 

С. Садуақасовтың редакторлық қызметіне қатысты БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті Бюро мәжілісі 1926 жылдың 24 ақпанында өткізілді. Мәжілісте О. Жандосов «Қазақ баспасөзі туралы», Ә. Байділдин С. Садуақасов және ол редакторлық ететін «Еңбекші қазақ» газетті туралы баяндама жасады. Баяндамашы Ә. Байділдин С. Садуақасовтың «Қазіргі дәуір – іс дәуірі», «Оқу ісінің кемшіліктері» және басқа мақалаларын сынға алды. 

С. Садуақасовтың аталған мақаласында сол жылдардағы шолақ белсенді коммунистердің сөйлеген сөздері мен жазған мақалаларында айтылатындай жаттандылық, жасандылық жоқ, нағыз ұлтын сүйген азаматтың күнделікті өмірден туып отырған келелі мәселелерді көрсетіп, шешу жолдары қарастырылды. Алайда, ұстанған ұлттық бағыты газеттің мақсатына, коммунистік партияның Қазақстанда социалистік қоғам құру идеясына қарама-қайшы келген Смағұл Сәдуақасов «Еңбекші қазақ» газеті редакторлығынан босатылды. 

95b7b77916e0b9ed7a37d48869e19612.jpg

1926 жылдың ақпан айында Т. Рысқұлов Қазақстанға жіберілген болатын. Ол осы жылдың 10 сәуірінде БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті Баспасөз бөлімі бастығы, 19 сәуірде «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып бекітілді. Редколлегия мүшелігіне Т. Рысқұлов, С. Садуақасов, О. Жандосов ұсынылды. Әрине, Қазақстанға Т. Рысқұловтың келуі және идеологиялық мәселелердің діңгегі болып табылатын баспасөз бөлімін, «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясын басқаруы Ф. Голощекинді қанағаттандырмады. Ол дереу Т. Рысқұлов пен С. Садуақасовтан және олардың идеясын қолдаушы топтан құтылу жолдарын қарастыра бастады. Қазақстандағы «сәдуақасовшылдыққа» және басқа «шылдықтарға» қарсы саяси күрес науқандары кең өріс алды. Ұлт зиялыларына қарсы саяси шабуылдың өршуі кейбір жауапты қызметкерлердің Қазақстаннан кетуіне алып келді. С. Садуақасов БК(б)П Орталық Комитетіне Комакадемияға оқуға түсу туралы өтініш жасады. БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінен өзінің осы өтінішін қолдауын өтінді, алайда, С. Садуақасовтың өтініші қабылданбады. БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті 1927 жылдың 22 маусымында С. Садуақасовты Ташкенттегі ПедВУЗ-ға ректорлық қызметке жіберді. 

Ф. Голощекиннің Қазақстанда жүргізіп жатқан саясатына «Қазақстаннның тізгіні тұтасымен Ф. Голощекиннің қолына берілген. ... ұлт өкілдерін қалай «тәрбиелеуде» білгіңіз келсе стенограммадағы оның сөздерін қараңыз. Оның жүргізіп отырған бағыты лениндік ұлт саясатын келеке етуде» — деп баға бергендер болды. Алайда, мұндай пікірлер назарға да алынбады. Ұлт зиялыларын қуғындау саясаты жалғаса берді. Қазан төңкерісінің 10 жылдығына орай Ораз Исаұлы «Ұлтшылдықтың аты «Алашорда» деген мақала жариялады. Мақалада қазақ зиялыларының алдыңғы толқыны саналатын алаш идеясы төңірегіне топтасқандар мен ұлттық идеядан нәр алған С. Садуақасов, С. Қожанов, Ж. Мыңбаев, Ы. Мұстамбаев, Ж. Сұлтанбеков сияқты жас ұлтшылдардың қызметіне тиісті саяси баға берілді. «Қазақстанда қиыншылықтар көп соның негізгісі байшыл-ұлтшылдармен, алашордамен байланысты» деп мәселеге партия ұстанған саясат деңгейінде пікір білдірген автор, партиялық идеологияны қалыптастыруға да кедергі болып келген осы ұлтшылдар деген тұжырым жасады. Партия белсендісі Ізмұқан Құрамысов «Ұлттар және байшыл ұлтшылдар туралы» деген ұлт зиялылары арасындағы идеялық күрес тақырыбына арнап жазған мақаласында Смағұл Садуақасұлын «ұлттан шыққан «бақытсыз» демократ атады. Әрине, алаш зиялылары саясат пен рухани-мәдени саладан күшпен аластатылғаннан кейінгі кезеңдерде ұлт жанашыры С. Садуақасовтың ұстанған бағытына теріс саяси баға беріліп, бақытсыз күн кешкені рас болатын. 

Көп ұзамай С. Сәдуақасов, С. Қожанов, Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов бірінен кейін бірі жауапты партиялық қызметтен алынып, Қазақстанның тізгіні толығымен Ф. Голощекиннің қолына өтті. Оның ұстанған бағытын лениндік партия бағыты деп түсінген қазақ коммунистерінің бір тобы соның соңынан ерді. 

«За партию» журналы 1927 жылдың соңғы санында Ф. Голощекиннің «Партийная организация перед ХУ съездом» деген мақаласын жариялады. Голощекиннің осы мақаласына жауап ретінде және партияның ХУ съезі алдындағы пікір таласқа үн қосу мақсатымен С. Садуақасов 1927 жылдың 31 қазанында «Правда» газетіне «Ұлттар және ұлт адамдары» деген мақаласын жолдады. Мақалада Орта Азия мен Қазақстанды саяси-экономикалық жағынан дамыту, елде орын алып отырған олқылықтарды съезд алдында ортаға салу мәселесі көтерілген болатын. С. Садуақасов: «Шындықты тура көзге айту керек. Иә, орталық органдар өз жұмысында ұлт мәселесінің мәніне жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Өнеркәсіпті дамытудың болашаққа жасалған бес жылдық жоспарында да шет аймақтардың мұқтажы ескерілмеді», – деп ашық жазды. Коммунистік партия саясаты мен идеологиясының басты насихатшысы Мәскеулік органдар Қазақстан сияқты шет аймақтардың өркендеп дамуына, ұлт кадрларының жетілуіне құлықсыз болғандықтан мақала уақытында басылмады. Мақала съезд өткеннен кейін алғаш жолданған «Правда» газетінде де емес, «Большевик» журналында басылды. 1928 жылғы «Большевик» журналының №1 санында жарияланған «Ұлттар және ұлт адамдары» деген С. Садуақасов мақаласы жариялана салысымен оған қарсы пікір білдірушілер көбейді. С. Садуақасов аталған мақаланы съезд алдындағы пікірталасқа үн қосу мақсатында жазғанын, съезд өтіп кеткен соң оның маңызды болып табылмайтынын айтып «Правда Востока» газетіне хат жолдады. 

b967dc04471e3b0302597ae752ee52af.jpg

Садуақасовтың өзі қазақ зиялылары «жік-жік болуды тастап, алашордамен, Қожановпен қоян қолтық келіп, ұйымдасу керек, отаршылдармен осылайша бірлесіп күресу керек» деген қазақ коммунистерін ұлттық мақсатқа біріктіру идеясына тоқтады. Ол қазақ коммунистерін өзінің осы идеясы маңына топтастыруға ұмтылды. Ф. Голощекин 1926 жылдары С. Садуақасұлы «тек садуақасовшылдардың ғана көсемі емес, қожановшылдардың да, рысқұловшылдардың да, қысқасы неше түрлі ұлтшылдардың көсемі болып алған-ды» және «Еңбекші қазақ» газетінің ... ұлтшылдардың бірсыпырасы сотқа тартылғанда Өлкелік Комитеттің бюро мүшесі болып отырып, Смағұл соларды жақтады. Ішінің ауырғаны сондай сотта отырып, жылап та жіберді», – деп жазғандары осыны аңғартады. Сондықтанда, коммунистік қызыл идеология мен саясат мүмкіндігінше қазақ коммунистерін ұлттық мүддеге ұйысып қызмет істеуіне тосқауыл қойды. Қазақ халқының біртұтастығын жойып, коммунистік интернационализм деген отаршыл идеяны санаға сіңірудің нақты шараларын жүзеге асырды. Ол ұлттық идеяның жол басшысы алаш зиялылары және жауапты қызмет атқарған қазақ коммунистері атымен әр түрлі «шылдықтарды» ойлап тауып, әр «топты» жеке-жеке жойды. 

ССРО-дағы саяси жүйе ресми партиялық иделогиядан «басқа бағытта ойлаушылармен» ымырасыз күрес жүргізу арқылы қалыптастырылды, саяси қуғын-сүргіндер толастамады. 1925 жылы дін адамдарын, 1928 жылы ірі байларды, ал 1929-1931 жылдары «ұлтшылдарды», 1934 жылы «солшылдарды» атқан зұлматты науқан 1937-38 жылдардағы жаппай жазалумен жалғасты. Қуғын-сүргіннің шырқау шыңы болған 1934-1938 жылдары 30 387 коммунист партия қатарынан қуылды. 1935-1938 жылдары партиядан шығарылған 25 833 адамның 8,5 мыңы «халық жауы» деп табылды. 

«Қазақ елі ... мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып білу керек» деген ұстанымынан айнымаған алаштың ақсұңқар азаматы Смағұл Садуақасовтың қоғамдық-саяси қызметіне советтік дәуірде бір жақты баға берудің салдарынан оның аты да аталмады, еңбектері мүлдем зерттелмеді. Советтік қызыл империя құрбаны, ұлт үшін отқа түскен асыл ер Смағұл Садуақасовтың есімін ел есінде мәңгі қалдыру, оның еңбектерін оқулықтарға енгізу, артында қалған мол мұрасын зерттеу – бүгінгі ұрпақ алдындағы үлкен парыз. 

Данагүл Махат, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?