Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бай-өлкеден Бийскіге барған керуен

2955
Бай-өлкеден Бийскіге барған керуен - e-history.kz
Ежелгі көк түріктердің солтүстік шебі Таулы Алтайдың батыс сілемі Бие дариясының бойында орналасқан Бийск атты қала бар. Әкімшілік орталығы Алтай өлкесіне қарасты өндірісті аймақ. 

Елді мекеннің тағаны алғаш 1708 жылы бекініс ретінде қаланса, уақыт өте келе ресейлік саудагерлер Моңғолия, Қытай елдеріне, тіпті Үндістанға дейін тауар жөнелтетін маңызды нысанға айналды. Қазірдің өзінде Ресей Федерациясының Орталық Азияға шығатын сауда-саттық қақпасы іспеттес. Сонымен қатар қала Новосибирскіден басталып, шығысқа қарай Алтай жоталарын тіліп өтіп, Моңғолияға жалғасып жатқан Шүй жолының (Чуйский тракт) ең маңызды нүктесі. Сондықтан да болар қала­ның шығыс жақ шығаберісінде атақты «Чуй­с­кий тракт» музейі орна­лас­қан.

Музей төрінде тұрған жәдігер

Өткен жылдары жолымыз түсіп, осы музейге ат басын бұрған едік. Мекеменің көрме экспозициясында тұрған фотосурет көзімізге оттай басылды. Жәдігердің анықтамалығында «Монгольский караван в помощь Советской армии был организован осенью 1941-го (по другим данным – 1942-го) года в западно-монгольском городе Ульгей-Кобда» деп жазылыпты.

Хош сонымен... Бала күнімізде еміс-еміс естуші едік «Екінші қанды соғыста Қобда бетінің қазақтары Бийскіге керуен тартып барған» дейтін әңгімені. Неге барды? Не үшін барды? Ол жағын білмейтін едік. Бертінгілер айтатын «Ұн-шай әкелген шығар» деп.

Десе де аспанмен тілдескен Алтай тауларын көктей өтіп, асу-асу белдерді, асқар-асқар шыңдарды қиялай кесіп, жүздеген қырқаның бөктерін тіліп жасаған жолдарға қарап, құдай-ау сонау 40-шы жылдары жол жоқ мына қия-құздардан, оны қойшы ағыны атан түйені допша домалататын Шүй, Қатун, Арғуты дарияларынан түйелі керуен қалай өтті екен деп арлы-берлі қанша ойлансам да байыбына жетпеуші едім.

Бірақ осы бір қияметтің қыл көпіріндей қиын жолды Ұлы Отан соғысы жылдары аталарымыз көктей өткені рас. Бұл көш керуенде тек қазақтар ғана емес, моңғол ағайындар да болғанын айта кеткен жөн. Бұлар осы жылдары «соғысқа көмек» ат­ты науқан астында халықтан жиналған, атап айтқанда, қолдан илеп жасаған тері тон, киіз пима, аң терілері мен дестелеген жүн... т.б. дүниелерді тиісті жеріне жеткізіп беріп, қай­тар жол­да ұн-шай, тұз, қызыл бидай, нан өнім­дерін, кездеме-мата артып қайтқан екен.

Маңызды сапарға шықпас бұрын үкімет ел ішіндегі керуенге жарайтын мық­ты, сү­йекті, тойынған түйелерді жи­наған. Ол кезде «түйемді бермеймін» деп айтуға еш­кімде дәт жоқ. Өйткені бірнеше жыл бұрын, яғни 1938-1939 жылдары мемле­кет көлемінде жаппай жүр­гізілген репрес­сияның кесірінен жұрттың бетке ұстар тұл­ғалары түгелдей ұсталып, жылаған бала, еңі­реген әйелдің қу даланы жаңғыртқан зар­лы жоқтауы әлі өшпеген тұс. Қысқасы, үкі­метке үн қатудан халық қатты қорқып қалған.

Қазақтардың керуенбасы Сәдібақас деген кісі екен. Сәкең бұған дейін бірне­ше дүркін Қытай еліне, одан қалды қазір­гі Шығыс Қазақстан облысының Катон­қарағай аулы ірге тепкен Сарымсақты жәрмеңкесіне керуен тартып келіп-кетіп жүрген. Тәжірибесі мол, қайсар жан.

Бертінде Бийскіні бетке алған керуе­н жайлы ел аузында сақталған деректер негізінде поэма жазған ақын Зуқай Шәріп­ақынұлының бір толғауында:

Сәдібақас қосбасы тым ыспарды,

Орайына келтіріп жұмыстарды,

Түйе басы жүн артып үш қанардан,

Бес кіреші, бес түйе мініске алды, – деген жолдар кездеседі.

Кейін осы бір ұзақ тарихи сапар жайлы аталарынан естіген әңгімелерді хатқа түсіріп сақтаған Тайып Тәукейұлы, Мұсабай Ұтқанұлы, Зұқай Шәріпақынұлы, Бодаухан Тоқанұлы қатарлы адамдардың естелігінде және жоғарыдағы Бийск музейінің қызметкерлері жинаған жазбаларда, сондай-ақ осы керуен жайлы жазған алтайлық журналист Анато­лий Муравлёвтің «Неизвестный Алтай. Транс­граничный маршрут» атты кітабында, ең негізгі құжат Қобда аймағынан аттанған екінші керуенді бастап шыққан жолбасшы, кейін Моңғол елінің ауылшаруашылық саласында ұзақ жыл тер төгіп, Еңбек Ері атағына ие болған, сол жылдары 18 жас­тағы бозбала Борондонұлы Лубсынның естелігінде көп дүние айтылған екен.

Бұл естелікті 2005 жылы Қобда уни­вер­ситетінің оқушысы М.Ганболат деген жігіт ескі көздің өз аузынан жазып алып «Тарих тағылымы» атты жур­налға жария­лапты. Осы жазбаларды оқып отырып, ке­руен­ші­лердің басынан өткен қиын­дық­тарды көргенде жаныңыздан қасым боласыз.

Мұз төсеніп, қар жастанған күндер

Қолымыздағы деректерді салыстыра қарап отырып ұққанымыз, керуен 1942 жылы қыркүйектің ай толған 15-і күні жолға шыққан. Ең әуелі ұзақ сапар­ға аттан­бай тұрып, кәнігі кірешілер (керуен­шілер) ел ішінен таңдап алынған атан жілік түйелердің өркешін мықтап таңып, қо­мын қажамайтындай берік әрі жұмсақ шом жасап, қажетіне қарай бірнеше қыл­­бұйда, сары қарағаннан жонған мұ­рын­дықтар, оған қосымша арқан-жіп да­йын­дап, бір түйеге 200 кило жүк артқан екен.

Ұзақ жол, алыс сапар кезінде күзде тойынған түйелердің қоңын жоғалтып алмау үшін басты шарт – керуенді жүріс ырғағынан жаңылдырмау қажет. Ол үшін күніне 20-30 шақырым жолды еңсеріп, мүмкіндік болып жатса, нулы-сулы жерге дамылдап, түйелерді шөгеріп дем алдыратын болған.

Жиырма бес жасында осы керуен сапында сапарда болған Ұтқан дейтін адам­ның естелігінде: «Шүйді өрлеген сайын қар қалыңдайды екен. Шіркін, жастық-ай деген, кейбір түнеулікте қатқан қарды күреп үлгермейміз, шатырымызды тігіп, түйелерді қоралай шөгеріп, жүкті ортаға үйеміз де жата кетеміз. Таңертең тұрғанда астымыздағы мұз еріп ағып жататын. Содан шолпан туғанда түйелерді тұрғызып, аяқ-қолын жазамыз да, күн шықпай түсірген жүкті қайта артып, соңғы түйеге керуен қоңырауын тағып алып, оның сылдыр үнімен батысты бетке алып тартып отырамыз» деп еске алса, байөлкелік ақын З.Шәріпақынұлының жоғарыдағы дастанында бұл оқиға:

«Жатар жердің жұқартып

қарын күреп,

Қора жасап аламыз, қару-білек,

Дөңгелете шөгеріп түйелерді,

Жүкті ортаға үйеміз, бәрінде рет»,

деп толғаныпты.

Осылай үдере тартқан керуеншілер үшін ең қиын, ең ауыр жол – Шүй және Қатун өзендерінің жалтыр мұзынан өтіп, биіктігі 1295 метр Шүй жолының 659-ша­қырымында орналасқан атақты Чике-Таман асуы болыпты. Тіп-тік асудың орта тұ­сына келгенде қатты жел тұрыпты. Ке­­руен­шілерден жеткен естелікте, сізге өтірік, бізге шын, ұйтқыған боран алдыңғы түйенің құмалағын ұшырып әкеліп, соңғы түйенің маңдайына тарс еткізіп ұрғанын көзіміз көрді делінген. Тіпті 30-40 градус аязда алдыңғы түйенің құмалағы жерге түскенше қатып қалып, оны табанымен басқан келесі түйе тайғанақтап аса қауіпті болды деген де сөздер бар.

Қыстың қыраулы күндері кірешілер ағашы тұтаса өскен орманды алқапқа келгенде түйелерді доғарып қойып, ақ қайыңның жапырағын бұтағымен қоса сыпырып бос қаптарға толтырып алады екен. Оны қоналқыға тоқтаған жерде түйелерге жегізеді. Әсіресе таңғы аяз күшейген тұста әр жануардың алдына 4-5 бұтақ қайың жапырағын тастап қояды. Ептеп қоңы қайта бастаған түйеге 10 бұ­тақ жапырақ жегізеді. Осы бір болмашы дүниені аужал көрген дала түлігінің көзі жайнап, ішіне ел қонып, үскірік аязды елең қылмай қунап шыға келетін көрінеді. Аты мал демесең, олардың да түйсігі ауыр жол, қиын сапарды жазбай сезеді.

Әсіресе керуеншілер Арғуты дариясы­ның үстінен өткенде үлкен қиындыққа душар болған екен. Қобда бетінің қарсыз, қағыр даласында өскен түйелердің табаны Алтайдың таулы-тасты тайғақ жолына шыдас бермей тілініп кеткендіктен, мұздан өте алмай қиналған көрінеді.

Қызық болғанда, құдай тілеуіңді бергір жер­гілікті жұрт көмектесіп, қолда­рын­да бар тері-терсегін және брезент бұйым­дарын әкеліп, қолы ісмер орыс әйелдері түйелерге арнап жалпақ шақай тігіп бермегенде және күллі халық болып, тайғақ мұздың үстіне құм-тас сеуіп, одан қалды қайыңның жапырақты бұталарын төсеп, тіпті жетпеген жеріне үстіндегі киімдерін жайып жіберіп, жүкті түйелерді өткізіскен. Тіпті қайран болмағанда керуеншілер өз үстеріндегі серкенің терісінен тігілген қаудыр тондарын шешіп, түйенің жолына төсейтін болған.

– Осы бір жоқшылық заманда, – дейді керуенші әкесінен естіген әңгімесін айтқан елорда іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғыны Тәйіп Тәукейұлы қария. – Жол бойындағы ауыл әйелдері керуенге 10-15 шақырымға дейін ілесіп келіп, тоқтаған жерде қолтықтап келе жатқан ыстық картобын ұсынып, үйдегі балаларына байпақ істеп беру үшін бір уыс шуда беріңдерші деп қиыла өтінеді екен. «Тоқшылық не дегізбейді, жоқшылық не жегізбейді» деген осы шығар.

Осылай мал тойынып, түйе қоңданған қоңыр күзде жолға шыққан керуен 42-ші жылдың қысын мұз төсеніп, қар жастанып далада өткізген...

1

Сарыатанды бас қылған байөлкелік керуеншілер 

Керуенбасы Лубсынның әңгімесі

Бұл сапарға Бай-өлке қазақтарымен бірге Қобда аймағынан да керуен ат­танғаны жайлы жоғарыда айттық. Қобдалық­тардың керуенбасы Б.Лубсынның «Тарих тағылымы» атты журналда жариялаған жазбасында мынандай жолдар бар. «Чике-Таман асуының нағыз көктайғақ кезіне тап болдық. Оқыс бұрылыстар мен тік құздардан талай түйе құлап өлді. Асуды қар басып қалыпты, үлкен керуеннің басында жүрген 8-ші топтың адамдары 400 метрге созылған 2 метр қалың қарды жатпай-тұрмай екі күн қазып, бізден кейін келе жатқан Бай-өлке қазақтарының керуеніне жол ашып бердік. Осы бір қиын сәтте жасы үлкен Тегісжарғыл деген керуенші есінен танып құлады. Біз не істерімізді білмей сасқалақтап жатқанда, керуеншілерге көмектесіп жүрген Тамара атты орыс әйел қолма-қол омырауын сауып жіберіп, бір тостаған сүтті Текеңе ішкізді. Құдайдың құдіреті орыс әйелдің сүтін ішкен соң Текең тіріліп кетті.

Жолда арықтаған немесе аяқ-қолы мертіккен түйелерді амал жоқ шөгеріп тастап кетеміз. Дүниеде бұдан өткен шара­сыздық болмас, әлгі қалып бара жатқан түйе көзінен жасы сорғалап ботадай боздап жылайды. Оны көрген керуеншілер де өкіріп-өксіп көз жасын төгеді. Жолда қалған түйенің жүгін басқаларына бөліп-жарып артып аламыз да тартамыз.

Бірде Майма аулына жақын жерге түнедік. Таңертең тұрсақ, Жамбы деген ақсақалдың керуенге берген қара атанының сірі табаны сөгіліп, артқы аяғының сілбісі жалбырап қалыпты. Таба­ны түскен түйені амалсыз ауыл адамдарына тапсырдық та жолға шықтық. Біз екі айдан кейін кері оралғанда, әлгі түйе бізді боздап күтіп алды. Ауыл адамдарының айтуына қарағанда, екі ай тыныш жатқан түйе кенет шырқырай боздап, ақсаңдай басып батысты бетке алып жөнеп берген. Дүние-ай деген, Жамбының қара атаны бізді бес шақырым жерден күтіп алды. Содан керуеншілерді иіскеп, шаршап келе жатқан түйелерді иіскеп көзінен мөлдір тамшылар құлап, ал кеп жыласын. Ұзақ жыл көрмей жүріп жаңа табысқан туыстардай біз де жыла­дық. Осы қара атан артқы аяғын көтеріп, үш аяқтап, ақсаңдаған күйі туған жеріне аман оралды.

Керуеннің келе жатқанынан хабардар жергілікті әкімдіктер кейде Ақтас, Онгудай, Шевалин, Майма, Черга сияқты үлкен ауылдарда жатар орын дайындап, күтіп алу рәсімін жасап, біздерге арнап кештік ұйымдастырады. Үстімізде ақ тон, қорбиып-қорбиып би кешіне кіріп келген бізді көрген орыстың қыз-келіншектері «Медведи пришли» деп қол соғып мәз болады кеп...

 * * *

Қиындықты көре жүріп, сонда да алған бетінен қайтпаған ержүрек керуеншілер бес айды арқа тастап, 1943 жылдың ақпан айының басында Бийскіге жетеді. Оларды Қызыл Армияның офицерлері құрмет көр­сетіп күтіп алады. Моңғолиялықтар әкел­ген көмекті қолма-қол шып-шырға­сын шығармай дереу майдан даласына жө­нелтеді.

Осы оқиға жайлы жоғарыдағы Луб­сын­ның естелігінде «Әуелі артып келген жүгімізді тізім бойынша өткеріп бер­дік. Офицерлер ЗИС-5 машиналарын тізіп қойып, түйелерді шөгермей қаптал­дастырған күйде тиеп алды» делінген.

Жер аңсаған сарыатан

Керуен болған соң оны бастайтын түйе болады. Сәдібақас басқарған қазақ керуен­шілерінің бас түйесі сарыатан екен. Оның иесі Тұлба сұмыны Қоңырөлең бөлімшесінің кедей шаруасы Байғара деген адам. Кемпірінің аты – Батиқа.

Осы сарыатан жайлы аңызға бергісіз әңгіме көп. Бұл жануар туралы дәл қазір Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үмбетей аулында тұратын 80 жастағы қарт ақын Зуқай Шәріпақынұлы «Туған жер» атты поэма жазды. Бұл туындысы жуықта облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен «Ой ұшқындары» деген атпен кітап болып шықты. Ақын атамыз осы толғауында сарыатанды:

Бір кедейдің кіреде сарыатаны,

Қызықтырып көргенді қаратады,

Маңғаз екен, елпек те бұйда қақпас,

Кірешілер мінезін жаратады.

 

Биіктігі қол жетпес қомдығына,

Таңданарлық қол-аяқ сомдығына,

Бөлек-бөлек санының бұлшындары,

Бұйым құрлы көрместей жолды мына, – деп суреттепті.

Байөлкелік керуеншілер үшін ең қиын сынақ – Қатун өзенінің үстіне орнатылған Усть-Селдегі аспалы көпірден өту болған сияқты. Ұйтқыған желге тербеліп тұрған мұндай көпірді көрмеген даланың түйесі аттап аяқ баспайды. Ақыры кірешілер жабылып жүріп мыңқ етпейтін сарыатанды қияметтің жолына салады. Жарықтық қарсы беттен орай соққан қарлы боранды қақ жарып, жалпақ табанын нық басып, таймай, тайсалмай жалғыз өте шыққан. Арғы бетке барған соң кірешілер сарыатанның жүгін түсіріп, өзін қайта әкеліп, оған керуендегі әлсіз түйелердің жүгін артып, сарыатанға екі-үш түйеден бөліп-бөліп тіркеп, керуенді аман өткізгені жайлы әңгіме сақталған.

Осы керуенде болған Тоқан дейтін адамның естелігінде: «Сарыатанның артынан қалған түйелерді бір-бірден жетелеп зорға өткіздік. Таңмен жағаласа бастаған ісімізді қараңғы түскенде күректің сабына майлы шүберек байлап лаба (алау) жағып әзер аяқтадық» деп жазылыпты.

Керуеншілер жолда өлген немесе мер­тік­кен түйелердің жүгін осы сары­атан­ға артады. Жарықтық бес түйенің жүгін бұйым құрлы көрмей, Алтайдың ақбас шың­­дарына қарап қойып, шудасына қат­қан мұзды жез қоңыраудай сылдырлатып, күртік қарды піл табанымен тарпи басып, көк теңізді қақ жарып келе жатқан желкенді қайықтай тартады дейді...

Бийскіге барған соң сарыатанның жүгін түсіріп, ЗИС-5 машинасына тиеп көргенде бір түйенің жүгі бір машинаның кузовын толтырыпты.

Осылай міндеттелген жүкті жеткізіп, артқа бұрылған керуеншілер орыс ағайын­дар берген сәлем-сауқатты артып алып жолға шығады. Адамды былай қойып, жануар түйелердің өзі туған жерін аңсағаны соншалық, кешке дөңгелете шөгерген жануарлардың басы таң атқанда түгелдей дерлік күншығысқа қарап қалады екен. Желбір танауларын көтеріп, боздап жатады дейді.

Сөйтіп, 2200 шақырым жол басқан керуен 230 күн жүріп, 1943 жылдың мамыр айының ортасында ел шетіне ілініп­ті. Бірақ көштің көркі болған сарыатан келмеген. Керуен Шүй аңғарына жеткенде сары­атан кенет ауырып, жолда шөгіп жатып қалады. Осы оқиға жайлы ет құлағымен естіген Зуқай атамыз өз жырында былай деп суреттепті:

Бұралаң жол ұзарды шуда жіптей,

Жүрер түйе азайды бұйда ірікпей,

Қара жер жоқ шөп жұлар ит жатағы,

Қатып, семді түйелер су да ішпей.

 

Көп секілді жол қырсақ бұларға әлі,

Түйе арықтап керуен жүре алмады,

Шөгіп қалды сарыатан жолдан шығып,

Не болғанын ешкім де біле алмады.

 

Болғанменен салтының қатал заңы,

Бауыздауға ешкім де бата алмады,

Тісін қайрап, көзінен жасы парлап,

Сарыатан да жан тыныш

жата алмады.

 

Келсе дағы алуан іс ойға жаман,

Бос сөз ғана көңілде қайдағы аман,

Аурудан сарыатан жолда қалып,

Шақ туар деп ешкім де ойламаған.

Осылай дерт меңдеп жолда қалған сарыатанды қиын күндерде жақсылығын көп көрген керуеншілер бауыздап кетуге қимай, тірі тастап жөнеледі. Жарықтық сарыатан көзінен жасы моншақтап жұртта қалады.

Арада үш ай өткенде жолда қалған сарыатан теңіздерді кешіп өткен аруанадай туған топырағына оралған.

«Бір күні, – дейді білетіндер, – түйе иесі Байқара таң бозымен ұйықтап жатса, сыртта боздаған сарыатанның үні естіледі. Жылы көрпені сілкіп тастап, етігін қоңылтаяқ сұға салып далаға жүгіріп шыққан Байекең қараша үйдің белдеуін иіскеп жылап тұрған түйесін көреді. Ол да жылайды. Осы оқиға жайлы ақын атамыздың жырында «Кіндік қаны малдың да тамған жері, Осылайша көксетер арман ба еді, Көздерінен мөлдір жас домалатып, Айтып сойды ақсарбас барғанда елі» деп баяндалыпты.

Бекен Қайратұлы

 www.egemen.kz 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?