Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы ислам

2009
Қазақстандағы ислам - e-history.kz

Исламның Қазақстанға келген және таралған уақыты туралы мәселе дереккөздердің аздығына байланысты әлі күнге дейін қажетті деңгейде жария болмай жүр. Көшпелі түркілер арасында исламды таратудың алғашқы қадамдары VIII ғасырда басталса керек. Алайда, түркі халықтары, оның ішінде қазақтар арасында ислам дінін мақсатты түрде, жақсы ұйымдастырып тарату Қараханидтер дәуірінде басталған. Мемлекеттік дін ретінде ислам Оңтүстік Қазақстан халқының қоғамдық өмірінің барлық салаларына біртіндеп ене бастады.

Бұны Оңтүстік Қазақстанның көптеген археологиялық материалдары, сәулет ескерткіштері дәлелдейді. Ислам әсерімен ежелгі жерлеу дәстүрлері түрленіп, о дүниемен байланысты көне түсініктер біртіндеп ығыстырыла бастады. қорған етіп жерлеумен қатар, тастан қаланған мұсылмандық сағаналар пайда бола бастады. Дәстүрлі жерлеу ХVI-ХVII ғасырда ислам ығыстырып шығарды. Исламға дейінгі жерлеулер ислам әсері аз тиген, Қазақстанның шет аудандарында ғана сақталуы мүмкін. Бұл үрдісті зерттеуші Р. Мұстафина егжей-тегжейлі зерттеп, сипаттама жасаған.

ХVI-ХVII ғасырларда қазақтардың Орта Азия халықтарымен және Еділ бойы татарларымен экономикалық және мәдени байланыстарының дамуы исламның Қазақстанда қарқынды тарауына және ықпалының күшеюіне себеп болады. Исламды уағыздаушылар Бұқара, Самарқан, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан шыққан ортаазиялық миссионерлер болған. Фазлаллах ибн Рузбиханның айтуынша қазақтар «Құранды оқиды, намаздарын орындайды, балаларын мектепке береді, ораза ұстайды, үйленеді және неке шартынсыз мүлдем үйленбейді».

ХVIII – XIX ғасырда Қазақстанда исламның кең қанат жаюына мұсылман дінбасыларына қолдау көрсеткен патша үкіметінің дін саясаты көп септігін тигізді. Бұл туралы қазақтардың тұрмыс – тіршілігін зерттеп, бақылаған этнографтар мен саяхатшылардың жазбалары айтады. П.С. Паллас «қырғыздар мұсылман заңын ұстанады» дейді. И.Г. Георгидің жазуынша, ислам дінін қабылдаған қазақтар өз дінін құрмет тұтқан.

Дегенмен де ХVIII ғасырда қазақтарда әлі де болса пұтқа табынушылық дәстүрі мықты болған. «Қазақ халқының Геродоты» атанған А. Левшин қазақтар түрлі діннің ішінен мұсылман дінін артық көрген, алайда басқа мұсылмандарға тән фанатизм оларда байқалмайды деп атап өткен.

ХIХ ғасырда қазақтар арасында ислам нығая түсті. Ш. Уәлихановтың айтуынша: «Татар молдаларының, ортаазиялық ишандардың және өздерінің жаңа діни ілімін уағыздаушылардың ықпалымен біздің халық барған сайын жалпы мұсылмандық кейпіне түсіп келеді. Кейбір сұлтандар мен бай қазақтар өз әйелдерін харамға қамағандай, жеке үйге қамап қояды. Құдайшыл қырғыздар Меккеге бара бастады, жыршыларымыз халық жырларының орнына халық өлеңіне салынған мұсылмандық апокрифтерді айтуда». Зерттеуші «әр қайсақ өзінің Мұхаммедтің ізбасары және мұсылман екенін біледі», дегенмен ол бұл сөздің мағынасын түсінбеуі де мүмкін» дейді. Оның пікірінше, көпшілік қазақ үшін ислам тек «дыбыс, бос сөз» ғана болып қала берген, оның астарында бұрынғы исламға дейінгі түсінік жасырынған.

232ca46592f5ad968fdd573a3d212c12.jpg

ХІХ ғасырдың аяғында Оңтүстік қазақстан қазақтарындағы ислам

Ислам Оңтүстік Қазақстан қазақтарына елеулі ықпал еткен. Бұны келесі хабарлама дәлелдейді: «Басқаларға қарағанда Ұлы жүз қазақтары мұсылманшыл. Рас, олар Құран оқымайды, өйткені көпшілігі сауатсыз, алайда барлық мерекелерді және оразаны құрмет тұтады, олар Күн батқаннан кейін топ болып, тізеге тұрып намаз оқығандарын бірнеше рет көрдік. Қазақтардың түгелге дерлігі бір ай бойы ораза ұстайды, ұстамайтындары сирек, олар кеш батқанға дейін тамақ, тіпті бір жұтым су да ішпейді». Құран жолаушыларға ораза ұстамауға рұқсат етсе де, жолда жүрген қазақтар ораза ұстағанын автор атап өтеді. Басқа хабарлама авторының жазуынша, қазақтар таңертең азанды ести сала, дәрет алуға асығады, одан кейін алғашқы намаз басталады. Қыста намазды үйде, жазда аулада оқиды. Таңғы астан кейін, ер адамдар қолын жуып, сақалын сипап «Алла әкбар» деп, өз шаруаларына кіріскен.

Оңтүстік Қазақстан қазақтары Ораза айт, Құрбан айт сияқты мұсылмандық мерекелерді тойлаған; түрлі жағдайлар бойынша құдайы, құдай жолына деп садақа берген.

И. Гейер аса қызықты жазбалар қалдырған. Оның айтуынша, ислам қазақтардың басым діні. Сонымен қатар, ол көшпелі өмір салты ғибадат етуге арналған арнайы құрылыстар салуды болдырмады деп санайды, оның айтуынша, оның қазақтардағы кездейсоқ сипаты осымен түсіндірілген, ал тұрақты жұмыс істейтін діни мекемелер мен тұрақты дінбасылардың болмауы олардың діни ой-өрісін дамытуды және исламның канондық түрде нығаюын қиындатқан. Араб тілімен үстіртін таныстық діннің мән-маңызы туралы бұлыңғыр түсініктердің тууына себепші болды деп санайды автор.

Көшпелі халықтардың, олардың ішінде қазақтардың отырықшы халықтармен салыстырғанда исламға дейінгі діни наным – сенім туралы түсінігі ерекше тұрақтылығымен және сақталуымен ерекшеленеді деген пікір талас тудырады. Әдебиетте отырықшы халықтардың да исламға дейінгі діни наным – сенімінің тұрақтылығы мен сақталуының кем болмағаны туралы көптеген мысалдар баршылық. Осыған қатысты, мысалы С. Асфендияров былай деп жазған: «большая зависимость земледельца от естественно-исторических условий создавала «сложную магическую и магическо-религиозную практику, сложные обряды и культы... у кочевых народов... она значительно беднее. Это обстоятельство находится в тесной зависимости от способа хозяйствования кочевников. Скотоводство не связано столь разнообразными нитями с природой, как земледелие. Здесь связь более однообразная. Нередко поэтому мы имеем у кочевых народов монотеистические верования».

Ислам ықпалының нығаю процессі қазақ қоғамындағы адамдардың құқығы мен міндеттерін, қоғамдық және жеке бас тәртібінің нормаларын анықтайтын әдет-ғұрып ережелеріне және қоғамдық құқықтың дәстүрлі кодексінде де байқалады. Патша әкімшілігінің өкілдері әдет-ғұрып ережелерінің мықтылығына қарамастан: «Мұхаммед дінінің уағыздарының тамырын тереңге жібергені сонша, қырғыздардың халық өмірінің көне адамгершілік негіздері мүлде босаңсыған, қырғыздар халық сотында мешітте молдалар арқылы Құранмен ант ете бастады, сәлде тағып, қажылыққа барып, мұсылмандық фанатизмге бойдай бастады»,- деп жазкған. Исламды тек қазақтар ғана емес, Ақмола облысының орыс тұрғындары да қабылдай бастау ислам дінінің ықпалының күшейе бастағанын көрсетеді.

Бұқара, ташкент, Хиуа сияқты ортаазиялық ірі дін орталықтарымен қатар қазақ арасында ислам дінінің нығаюына Оңтүстік Қазақстандағы Қожа Ахмет Яссауи мазары үлкен рөл атқарды. Патша әкімшілігінің ХІХ ғасырдың екінші жартысына жататын ресми құжаттарына сәйкес «близость г. Туркестана, а главным образом постоянное сообщение с ним, служат главнейшими проводниками мусульманства». Патша әкімшілігі өкілінің хабарлауынша, Түркістанға сәлде таққан, қолдарына таспиқ ұстап, алдарында Құран жатқан, арба мінген қазақтардың керуені Түркістанға қарай созылуда.

Сонымен қатар құжаттарда «Түркістан қырғыздардың қажылық етудің маңызды орны ретінде ғана рөл атқарып қоймайды», оған қоса «Мұхаммед пайғамбардан тарап» және мұсылмандық фанатизммен ерекшеленетін қожалардың да орны» деп көрсетілген. Патша әкімшілігінің деректері бойынша біршама қазақ Мекке мен Мәдинаға қажылыққа барған. «Теміржолдың салынуының арқасында жыл өткен сайын көптеген адамдар Мекке мен мәдинаға қажылыққа баруға мүмкіндік алды, ол жақтан олар діни орталықтардан діншілдік барлық тәсілдерін үйреніп, басқа қырғыздарға қарағанда, қажылар жиі қолданатын «шариғат» сөзінің әдет-ғұрыптық жағын дәлдікпен үйреніп, мүлде басқа көзқараспен оралады». Мұхаммедтің туған жеріне қажылыққа барған тұлғалар – қажылар, қазақтардың пікірінше, ерекше ғажап күшке ие болады. Олардың қасиетті жерден әкелген кез-келген заты, қажылық кезінде киген киімі емдік қасиетке ие. Сондықтан да адамдар ауруынан жазылу үшін қажылық жасап келгендерге қол ұшын тигізуге тырысқан. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?