Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

XIX ғасыр аяғындағы мәдени жұмыстардың негізгі бағыттары

2717
XIX ғасыр аяғындағы мәдени жұмыстардың негізгі бағыттары - e-history.kz

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан территориясында қоғамдық өмір жандана түсті. Оның негізгі көрсеткіштерінің бірі - Қазақстанда қоғамдық кітапханалар қызметінің қалыптасуы еді. Өлкедегі ең алғашқы кітапханалардың ашылуы орыс ағарту ісі мен мәдениетінің қазақ даласында таралуымен тығыз байланысты еді.

 Ақмола облысындағы кітапханалардың ашылуы XIX ғасырдың 60-жылдарына келеді. «Сібір патриоттары» қоғамының мүшесі Е.Усов Омбы қаласындағы кітапхананың негізін қаласа, осы жылдарда В.И.Квятковскийдің жекеменшік кітапханасы ашылып, оқырмандарға қызмет көрсете бастады. Кейінгі жылдары бұл кітапхана қоры қарқынды түрде орыс, қазақ, түрік тіліндегі жаңа әдебиеттермен толықтырылып отырды. Бұдан басқа Омбы қаласында 1871 жылы ашылған Орлов қалаған жеке меншік кітапханасы жұмыс істеген. Бірінші жылдары кітапханаға жазылушылардың саны 60-қа жетсе, 1894 жылары олардың саны 20-ға азайған. Өйткені кітапхана тек қана кішкентай екі бөлмеден және кітаптарға арнаған екі-үш шкафтан ғана тұрған. Кітапхана қоры мардымсыз, жаңадан ешқандай кітаптар түспеген. Сондықтан оқырмандары да аз болған. Бұл кітапхнаға қарағанда 1872 жылы ашылған Омбы қаласындағы мұғалімдер дайындайтын семинарияның кітапханасының қоры біршама жақсырақ болды. Кітапхана қоры 2532 кітаптан тұрды. Мұнда қазақ халқының тарихы және тұрмысы жайлы көптеген әдебиеттер де жинақталды. 1878 жылы И.Я.Словцов пен И.Козловтың көмегімен Ақмола статистикалық комитетінің кітапханасы ашылды. Кітап қоры 870 томнан тұратын кітап қоры болды. Кітаптардың басым бөлігі Қазақстанның және Сібірдің тарихы мен географиясына арналды. 1885 жылдан бастап кітапхана әдеби журналдарды да жазғызып, оқырман қауымға ұсынды.

Петропавлға XIX ғасырдың 80-жылдары көптеген саяси жер аударылғандардың келуіне байланысты, қаланың қоғамдық өмірі белсенді түрде дамыды. 1885 жылы ашылған қалалық кітапхана қарқынды түрде жұмыс істей бастады. Кітапхана қоры 1912 жылдың 1-ші қаңтарында 8961 томдық кітапқа дейін көбейген. Кітапханада Одессадан жер аударылып келген П.С.Анненков меңгеруші қызметін атқарған. Дегенмен, патша өкіметі жер аударылғандардың кітапханалармен байланысына жол бермеудің жолын қарастыра бастады. Соған байланысты кітапхананың қызметі біршама тоқтап қалған. Саяси жер аударылғандардың көмегімен ашылған келесі кітапхана Көкшетау қаласында 1893 жылы ұйымдастырылды.

1889 жылы Омбы қаласында тағы бір - қалалық көпшілік кітапханасы ашылған. Кітапханаға жазылушылардың саны 1893 жылы 100 адам болса, 1894 жылы тегін оқитындардың саны 419, ақы төлеп оқитындардың саны 300-ге жеткен. Халық Ағарту Министрлігіне қарайтын училищелердің оқушылары мен мұғалімдеріне кітаптарды тегін пайдалануға рұқсат етілді. Кітапханада оқу залы жұмыс істеген. Ондағы оқырмандар негізінен жастар болған. Кітап қоры орыс және шетел авторларының әдебиеттерімен және 38-ге жуық мерзімді басылымдармен қамтылған еді. Омбыдағы «Бастауыш білім беру жағдайын қамту қоғамы» жанынан ашылған кітапханада 1890 жылы барлығы 1197 дана кітап қоры болған екен. XIX ғасырдың 90 жылдарында Омбы қаласында жаңадан үш кітапхана: бастауыш білім беру жағдайын қамту қоғамының кітапханасы, әскери кітапхана жұмыс істеген.

1897 жылы Ақмола қаласында, 1900 жылы Петропавл және Атбасар қалаларында оқу орындарының кітапханаларымен бірге, жалпы жұртқа қолайлы көпшілік кітапханалар жұмыс істей бастады. Бұлардан басқа әр бір мектеп пен училище кітапханалары да болған.

Революцияға дейінгі Қазақстанның барлық облыстарында мемлекеттік, ведомствалық, медициналық, мектеп, ауылшаруашылық, теміржол кітапханалары құрылды. Ақы төлеп оқитын қоғамдық кітапханалар да болды.

ХХ ғасырдың басында Қазақстанда   ауыл шаруашылық   мектептердің жеке кітапханалары жұмыс істеді. Ақмола облысының Петропавл, Көкшетау, Атбасар қалаларының ауылшаруашылық мектептерінің кітапханалары өз оқушыларын әртүрлі оқулықтармен қамтамасыз етіп отырды. 1900 жылы Атбасар мекебінің басшысы А.Осипов мырза кітапхана үшін А.С.Пушкиннің шығармаларын, оқу бағдарламасына қажетті К.Тимирязевтің «Жизнь растений» т.б. әдебиеттерге тапсырыс берген. Көкшетау ауылшарушылық мектебінің басшысы Ернулиев мырза да кітапханаға арнап Пушкин, Некрасов, Плещеев, Лермонтов, Никитина, Шевченко, Короленко, Гаршина т.б. авторлрдың еңбектерін алдырған екен.

ХХ ғасырдың басында Қазақстанда халықтың салауаттық қамқорлық қоғамы ақы төлеп оқитын қоғамдық кітапханаларға қарсы көпшілік жерлерде тегін кітапханалар мен оқу залдарын жандандыра түсті. Бұл қоғам 1902 жылдың қарашасында 10 ақысыз кітапханалар ашты: оның бірі Ақмола қалалық асхананың жанынан, 6 Халық ағарту министрлігінің селолық мектептерінде 3 селолық шіркеу мектептерінде орналасты. 1902 жылы Көкшетау уезінде қамқорлық комитетінің 5 тұрақты кітапханасы, Петропавл уезінде 4 тұрақы және 41 көшпелі кітапхана жұмыс істеді. Ал Петропавл уезіндегі қамқорлық кітапханалардың тұрақтысы мен көшпелісінің жалпы саны 49-ге жеткен болатын. Мәселен, «Степной край» газетінің 1905 жылғы 24 ақпанда Петропавл қаласының халықтың салауаттық қамқорлық қоғамының жұмысы жайлы және қамқорлық қоғамы қаладағы өрт сөндіру депосында әр бір жексенбі күндері оқу залдарын ұйымдастыртыны туралы айтылады.

Ең алғашқы асхана-шайханада орналасқан қамқорлық кітапхана-оқу залы 1902 жылы Петропавл қаласында ашылды. Кітапхананың меңгерушісі болып Герман Иванович Мазик тағайындалды. 1905 жылы кітапханаға келген оқырмандар саны 2859 болды. Бұл жерден мынадай мерзімді басылымдарды: «Свет», «Уральская жизнь», «Сибирская жизнь», «Русское чтение», «Ремесленная газета», «Степной край» және «Природа и люди», «Родина», «Вокруг света» т.б. алып оқуға болатын еді. Абонемент күн сайын таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 20-ға дейін жұмыс істеді. Кітапхана   жексенбі және мереке күндері де оқырмандарға қызмет көрсетіп тұрған. Күніне 70-80 адамға қызмет еткен көрінеді. 1905 жылы кітапхана қарқынды түрде жаңа әдебиеттермен толықтырыла бастады. Осы жылы 232 сом тұратын жаңадан 841 дана кітап жаздырып алды. Сонымен, барлық кітап саны 2000 данаға жетті. Асхана-шайханада орналасқан қамқорлық кітапханаларындағы абонементке арналған жеке бөлмеде барлық кітаптар жеке шкафтарға бөлініп орналастырылған. Ал кітапханаға келушілер шайхананың жалпы залында орналасқан арнайы столды пайдаланып, осында отырып кітап оқыған, журнал, газеттермен танысқан.

«Халықтың салауаттық қамқорлық ұйымдары» 1904-1905 жылдары Петропавлда кітапхана ісін ұйымдастырумен қатар негізінен патриоттық тақырыптарға арналған халықтық оқулар өткізіп тұрған.

Бірақ, 1905 жылы 23 желтоқсандағы Петропавл қаласына әскери жағдайды енгізу туралы патша жарлығына байланысты халықтық салауаттық қамқорлық ұйымының жұмысы күрт төмендеді. Қаулыда: «ерекше бұйрық шыққанша газеттерге жазылу тоқтатылсын, барлық сметалық шығынар облыстық комитетінің мақұлдауымен жүргізілсін» - деп көрсетілді. Көкшетау уезіндегі қамқорлық ұйымының кітапханасы туралы мындай мәліметтер келтіруге болады: «кітапхана қорындағы кітап саны 655 дана, жазылушылар саны 7360 адам, оқырмандар саны 5271-ге жеткен. Кітапханада «Нива», «Степной край», «Природа и люди» және т.б газет, журналдарды жаздырып алып отырған. Кітапханада   бір шкаф, 12 орындық, екі шам, сағат, 2 кітап қоятын шкаф, стол, оқырмандарға арналған стол т.б. заттар болған.

1902-1905 жылдр аралығында   Көкшетау уезінің ауылдық жерлерінде ең алғашқы кітапханалар оқырмандарға қызмет көрсете бастады. Осы жылдары Владимир ауылында кітапхана-оқу залдары, Көкшетау, Зеренді,   Сандықтау және Максимова,   Павловск, Кривоозерный, Канстантиновск, Каменск, Дмитревск ауылдарында ашылды. Мысалы Зеренді кітапханасына келушілер саны 124, ал жалпы кітап саны 317 дана болған. Бір жылдың ішінде кітапхана қорына 83 жаңа кітап сыйлыққа тартылған. Соған қарамастан кітап қоры мардымсыз еді, 1910 жылы кітап саны тек 317 ғана көбейген. Әрине, қаладағыларға қарағанда ауылдық жердегі кітапханалардың материалдық жағдайы біршама төмен деңгейде болғаны мәлім. 1907 жылы Кривоозерный ауылында шайхана жанынан кітапхана-оқу залы ашылған болатын. Сол жылдың наурыз айында Көкшетау уезі Викторовск ауылында тегін қызмет көрсететін кітапхана-оқу залын ашу туралы рұқсат берілген болатын.

1911 жылдан бастап Көкшетау уезіндегі кітапханалардың жұмысы төмендейді. Макинка және Кривоозерный кітапханалары мүлдем жабылып қалды. Ал Көкшетау қаласындағы кітапхана 7 ай бойына кітапханашының қаржысына жұмыс істеп келді. Сондықтан да Көкшетаудағы жалғыз кітапхана жабылып қалса қаланың зиялылары және қарапайым халық кітап және мерзімді басылымдарды оқудан жұрдай болатынын айтып Кривоногов, Карпов, Семенюк мырзалар жоғарыға арнайы хат жазып, көмек сұраған. Дегенмен, әкімшілік органдары кітапханаларға көмек көрсетуге және оны әрі қарай дамытуға асықпады.

Бұлардан басқа жекеленген көпестерде, қоныстанушыларда, шіркеу қызметкерлерінде, ауыл зиялыларында өздерінің шағын жекеменшік кітапханалары болған.

1903 жылы Петропавл, Көкшетау уезінің қазақтарының жекеменшік кітапханаларынан көптеген әдебиеттер тартылып алынған. Бұған дәлел ретінде Көкшетау қаласының имамы Науан Хазірет пен оның шәкірті Шәймерден Қосшығұловтың үйін тінту кезінде цензура рұқсат етпеген кітаптар мен қолжазбаларды айтуға болады.

1907 жылы Ақмола облысында жартылай ашық немесе тіпті жасырын түрде әрекет еткен кітапханалар да болған. Мысалы, Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Атбасар қалаларында осындай кітапханаларды социал-демократиялық және шаруа ұйымдарының мүшелері құрды. Мұндай кітапханалардың оқырман қауымының негізгі бөлігі қарапайым шаруалардан тұрды.

Қазақстанның Ресей империясының саяси, экономикалық, мәдени өмір саласына енуі отарлық шет аймақтардың байлықтарын игеру, табиғи ресурстарын зерттеуді қажет етті. Соған байланысты, Қазақстан территориясын зерттеумен Ресейдің Ғылым академиясы, Географиялық қоғамы, Археология, тарих және этнография қоғамы және тағы да басқа ұйымдар айналысты. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда жергілікті өлкетану қоғамдары, ұйымдары ұйымдастырылған болатын. Бұл өлкетану қоғамдарының негізгі мақсаты «өлке туралы статистикалық, географиялық, этнографиялық материалдар жинап, зерттеу» болды. Біз зерттеп отырған Солтүстік Қазақстан аймағын зерттеуде өлкетану қоғамы үлкен жетістіктерге жетті. Географиялық қоғамның 1877 жылы ашылған Батыс Сібір бөлімінің құрамында Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Петропавл қалаларының өлкетанушылары да қызмет атқарған және олар бөлім жұмысына көп көмек көрсетіп отырды.

XIX ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында Қазақстанның Ресей империясының қол астына толығымен енуіне байланысты өлкеде болып жатқан күрделі де әр алуан өзгерістер қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің дамуына үлкен әсерін тигізді. Сонымен қатар, аталған уақытта қазақтың ақын, жазушы, педагог-ағартушылардың, яғни қазақ зиялы қауымының қалыптасуы мен олардың әлеуметтік-саяси көзқарастарының дамуы ең алғаш қазақтың ұлттық баспасөзінің дүниеге келуіне өзіндік әсерін тигізді.

Мерзімді ұлттық баспасөз тіліміздің қолданылу аясын кеңейтумен қатар, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысының дамуына да үлкен әсер еткен.

Ақмола облысында патша өкіметі тарапынан ең алғашқы ресми газет 1888 жылдың 1қаңтарынан бастап, 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін Омбы қаласында «Дала уалаятының газеті» деген атпен (орысшасы – «Киргизская степная газета») қазақ-орыс тілдерінде тәулігіне бір рет шығып тұрды. Бұл «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша болды. Газет сол кездегі Далалық өлкенің генерал-губернаторының ресми баспасөзі еді. Газеттің редакторлары болып: И. Козлов, К. Михайлов, Г. Абаза, А. Попов, Д. Лавров қызмет атқарған. Қазақ тілінде шығатын номерлерін басқарушылар Ешмухамед Аблайханов, Дінше Сұлтанғазин, Рахымжан Дүйсембаевтар болатын.   Газет екі бөліктен тұрды. Ресми бөлігінде - патша жарлығы, басқару органдарының өкімдері мен нұсқаулары, өлкенің шет аймақтарын игеру процесі және патша әкімшілігінің жүргізіліп жатқан «бұратана», яғни қазақтар үшін «өркениетті міндет» деп саналатын саясаттың мағынасын түсіндіруге тырысты.

Газет қазақ елін дүниежүзілік мәдениетке тарту, қазақ халқының мәдениетін дамыту жолында үлкен рөл атқарды. Жалпы, бұл газет, аударма газет болды, сондықтан ол өз бетінде А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, М.Ю.Лермонтов сияқты орыс жазушыларының шығармалары, Қазақстанды зерттеген орыс ғалымдары Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, А.Е.Алекторов және тағы басқаларының мақалалары аударылып, қазақ оқырмандарына таратылды. Қазақ халқының арасында газеттердің беделінің өсуіне шығыс классиктері шығармаларының үлгілерін басып шығару көмектесті. Газет үкімет тарапынан шыққан ресми газет болса да, көп уақыт Сібірге айдалып келген, бостандықты көксеген адамдардың ықпалында болып, олар мұны халық газеті етуге тырысты. Газетке дұрыс бағыт берген сондай жандардың қатарында Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев, Л.К.Чермак т.б. бар. Потанин, Ивановский, Добромыслов, Обручев, Алекторов газет бетіне мақала-хабарларымен қатар өздерінің жинаған ауыз әдебиет нұсқаларын да жариялады. Сонымен, қазақ халқының тұрмысын, мәдениетін, әдебиетін зерттеуші орыс ғалымдары газет бетінде солтүстік өңірдің тарихына, мәдениетіне, этнографиясына байланысты мақалалармен, қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап бай материалдар басып шығарған.

«Дала уалаяты газетінде» сол кездегі қазақтың оқығандары мен ғалымдарының өмірі, олардың атқарған қызметі туралы құнды мақалалар шығып тұрған. Мәселен, газеттің 1894 жылғы 18 санында: Шоқан Уәлиханов ғалым, өнер иесі, халықтың кадет заңын біліп, даңғыл, биік жолға шықса да өзінің туған жайын жатырқамай һәм ұмытпады... Тағы да ғылым өнерінің қымбат екенің біліп, құрмет тұтып өзінің халқын бек жақсы көрер еді. Ләйкін Россия халқының қорғап, қоршап болысқаныменен Азия халықтары ілгері басып һәм надандықтан құтылар ма деп ойлар еді» - деп, Шоқан Уәлихановтың туғанына 60-жыл толуына арнап мақала берілген. Ал, 1895 жылғы 15 нөміріндегі: «Қазақтар, оқу, ғылым үйренуге ұмтылыңдар!» –деп аталатын мақалада қазақ балаларын орысша оқыту мәселесін патша үкіметі де қолдайтыны туралы, қазақ даласында орыс мектептерін одан әрі ашу қажет екендігі жазылған мақала жарық көрген.  

20180729162319-1000x_.jpg

«Дала уалаятының газеті» отаршылдық империяның жергілікті әкімшілік орыны бола тұра, мерзімді басылымның бетінде қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті туралы материалдар шығып тұрған.

Газеттердегі қазақша қосымшалар өкімет атынан ресми шығып тұрған. Бұл газеттерден басқа қазақ халқы ешқандай газетті білмеді. Өзінің ата тілінде дербес баспасөзі болмады. Оқыған-тоқығаны бар жұрттар дүниедегі барлық оқиғаны оқып - біліп отырғанда, қазақ халқы құлаққа ұрған танадай тым тырыс жүрді.

Қазақ тіліндегі ресми газеттер (қосымшалар) алдына саяси мақсат қойған жоқ. Қазақ халқына әдет-ғұрып, салт-дәстүр, әдеби нұсқаларды насихаттады. Осындай жағдай бірінші орыс революциясына дейін сақталып келді.

XIX ғасырдың аяғында Омбы қаласында – «Степной край» газеті шықты. Газет бетінде ресми хабарлардан басқа қарастырып отырған өлке туралы этнографиялық және өлкетану жайлы көптеген материалдар басылып тұрды. Сонымен бірге, қазақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен көші-қон поселкілері жайлы болды. Бұл газет бетінен шаруалар мен жергілікті халықтардың ауыл шаруашылық мәселелері туралы мақалалар көп жарияланып тұрды.

Облыстағы оқу ағарту мәселесі жайлы да газет бетінде көптеген мақалалар жарияланып тұрған. Мәселен, 1905 жылғы 15 ақпанда шыққан «Степной край» газетінің санында Петропавл қаласында осы жылдың 26 қаңтарында ашылған бірінші ер балаларға арналған училище туралы мақала жарық көрген. «Училищені ұстау үшін қаладан 1000 сом, мұғалімдерге баспана және 300 сом көлемінде төлем ақы бөлінген. Училище кешені қала сыртындағы жаңадан салынған үйде орналасады» деген жаңалықтар жазылған. Ақмола облысында өткізіліп тұрған жәрмеңкелік сауда туралы да газет бетінде мақалалар көптеп жазылған. Газеттің 1894 жылғы № 59, 62 сандарында облыстағы сауда саттық және жәрмеңкелер, әсіресе Тайыншакөл жәрмеңкесі жайлы материалдар берілген.

XIX ғасырдың екінші жартысында қалада бұдан басқа «Сельскохозяйственный листок» орыс және қазақ тілінде, «Епархиальные ведомости», «Областная ведомости» және әртүрлі қоғамның «Труды» атты жеке басылымдары жарық көрген.

Мәселен, «Епархиальные ведомости» атты мерзімді басылымда да оқу ағарту мәселесі жайлы материалдар жарияланған. Мысалы, газеттің 1911 жылғы санында Ақмола облысы бойынша бастауыш шіркеу мектептері туралы статистикалық деректер берілді.

Ресейдің орталық аудандарында болып жатқан саяси толқулар мен бас көтерулер жайлы ақмолалықтар осы газет беттерінен оқып, біліп отырды.

1905 жылы 24 қараша айында мерзімді баспасөздер үшін шыққан уақытша ережеге дейін, жаңадан газет, журнал шығару үшін ең алдымен Ішкі істер министрлігінен рұқсат алу керек болатын және министрлік өзі басылымның шығу тәртібін қадағалап отырды. Мерзімді баспасөздерге арналған уақытша ережеден кейін, мысалы, 1905 жылдың аяғында ғана Омбы баспасөзі «Иртышский вестник», «Степь» атты газеттермен толықтырылды. 1906 жылы Омбы мерзімді баспасөздері санына ғана емес, енді сапасына да көңіл бөле бастады. Осы бір жылдың ішінде Омбы қаласында жаңадан 10 газет және журнал жарық көрді.

1907 жылдың басында Петропавл қаласында Қазақстан бойынша ең алғашқы заңды түрдегі большевиктік «Степная жизнь» газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Газеттің нақты редакторы және шығарушысы В.В.Куйбышев болған. Газеттің екінші нөмірінде патша үкіметінің қоныс аудару саясатын қатты сынайтындай корреспонденция жарияланды.

Бірақ бұл газеттің төртінші санынан бастап шығаруға тыйым салынды. Өйткені газеттің үшінші санында II-ші Думаны таратып жіберу мен депутаттарды қамауға алуына байланысты қарсылық білдіріп жазған мақала жарияланған болатын. «Степная жизнь» газеттің өмірі қысқа болғанымен оның бетінде патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы еңбекшілердің наразылығын күшейтетін мақалалар ерекше назар аударады.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ой-санасын оятуға ұран салған ресми емес, қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы 1905-1907 жылдардағы жалпы азаттық қозғалыспен байланысты болды. Бірақ та бұл басылымдардың жарық көруі көптеген қиындықпен келді. Мысалы, 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден Қосшығұловтың бастамасымен «Улфат» газетіне қосымша ретінде «Серке» газетінің бірінші саны жарық көрді .

Газеттің редакторлары «Серкені» маңыраған отарды бастаған серкедей жолбасшы болып, халықтың ой-санасын оятып, азаттық жолындағы күреске үндейтін өткір етуге талпынады. «Серкенің» жұмысына Думаның басқа қазақ депутаттары да белсене араласып, патша өкіметінің отаршылдық езгісіне қарсы ұлттық дербестікті ұран еткен үгітін осы газет бетінде жүргізбекке бел байлады. Газеттің редакторы М. Дулатов болды, ал оған Дінмұхамед Сұлтанғазин, Халел Досмұхамедов, Серғазы Лапин сияқты қаламгерлерде қызмет атқарды.

«Серке» газетінің 2-ші санында М.Дулатов «Арғын» деп қол қойған «Біздің мақсатымыз» деген мақаласында: «Қазағым менің, елім менің! Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық…Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіптен де керек емес нәрселерге жұмсалады, ал орыс шенеуніктерінің әбден дандайсып, кедей қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып алатыны, енді оның тілі мен дініне, әдет-ғұрпына қол сала бастағаны, бұқараның бұндай теңсіздігі мен құқықсыздығы халықтың ыза-кегін туғызып отырғаны айтылып, «Қазақ жеріне бұл мұжықтарды не үшін көшіреді? Әлде Ресейде жер аз ба? Жоқ, аз емес. Ресей патшасы ұлан-байтақ қазақ жерінің үстіндегі малға, астындағы кенге қызығады. Қару жұмсамайды, оқ шығармай, білдірмей алдап алу саясатын көздеп отыр»- деп көрсетеді. Үкімет цензурасы бұны «қазақ халқына үндеу ретінде айтылып, үкіметке қарсы қоюға бағытталған әрекет» деп танып, газетті жапқызып тастады.

Газет шыққаннан кейін (газет Петербургте шығарылған болатын) бірер күннен соң, полиция келіп, барлық санын жинап алып, құлыптап кеткен. Газеттің ұсталуының себебі, үкіметке қарсы үгіт М.Дулатовтың еркін ойлы материалдарының шығуы екен.

Осылайша, қазақтың тұңғыш ұлттық газеті екі санын шығарып, өмір сүруін тоқтатқан болатын. Бұдан бұрын «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» сияқты мерзімді баспасөздер шығып тұрғанымен, бұл газеттер генерал-губернатор ведомоствасының аудармасы ғана болатын. Ал «Серке» газеті ойы да, тілі де қазақша алғашқы газет еді.

Елді жаңалыққа оятуға тірлік жасаған тәуелсіз баспасөзінің келесі қарлығашы 1907 жылдың ақпан айында Троицк қаласында жарық көрген «Қазақ газеті» басылымының алғашқы саны шығарылып, халыққа таратылды. Бұл газет патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрес жариялай келді. Сондықтан да, патша өкіметі газеттің бірінші нөмірінен бастап жапты. Алайда, қалың қазақ елінің айнасындай болған, білім мен өнерді, мәдениетті насихаттап, жұртшылыққа таныстырған «Қазақ газеті» кейін А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың арқасында оқырмандарымен қайта қауышып,   1913 жылғы ақпаннан бастап қазақтың ой-санасын оятып қана қоймай, оның ұлттық мұрасын көздің қарашығындай сақтауға, қастерлеп, қадірлеуге ұран сала үндеген «Қазақ» апталық газеті үш мың данамен қайтадан шыға бастайды.

Жалғасы бар

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?