Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Павлодарда Малайсары батырға ескерткіш орнатылады

2213
Павлодарда Малайсары батырға ескерткіш орнатылады  - e-history.kz
Павлодар өңіріндегі жекеменшік «Малайсары-Тархан» қоғамдық қоры облыс орталығында бой көтеретін Малайсары батыр ескерткішінің үздік эскиздік жобасына жариялаған байқаудың қорытындысын шығарды

Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі елімізге белгілі өнер адамдарына, оның ішінде суретші, сәулетші қайраткерлердің шығармашылығына серпін берді. Өңір-өңірде хандық кезінде ел қорғап, жерді басқыншылардан сақтаған батырлар мен хандарға құрмет ретінде ескерткіш белгілер орнатыла бастады. Соның бір жарқын көрінісі – Павлодарда орнатылатын Малайсары батырдың еңселі ескерткіші. Бұл туралы bnews.kz ақпарат порталының тілшісі хабарлайды.

Қоғамдық қордың төрағасы Ермат Байқұрмановтың айтуынша, республикалық деңгейдегі байқау қорытындысы бойынша алматылық мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Құсайыновтың жұмысы үздік деп танылды. 

«Еліміз бойынша жарияланған байқауға қатысуға ниет білдірген 5 мүсіншінің жұмыстары тарихшы-ғалымдар, қала әкімі, жергілікті мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ өңірдің құрметті азаматтарынан құралған комиссия тарапынан мұқият қаралды. Болашақ ескерткіш Павлодар қаласының орталық Кутузов көшесінің бойында салынады деп жоспарланған», – дейді Е. Байқұрманов. 

88e07d1ae71a56e3ef499f4639a0281b.jpg

Мүсінші Болат Құсайыновтың айтуынша, биіктігі 11 метрлік ескерткіш таза қоладан құйылмақ. Жұмыстарды атқаруға бір жыл уақыт керек. «Мен үшін қазақ батырларының образын ашатын ескерткіштердің орны бөлек. Павлодарда жарияланған байқау туралы естіп, комиссия мүшелерінің назарына мүсіннің екі нұсқасын ұсындым. Бір ескерткіш Малайсары тұрған кейіпте, ал екіншісі тұлпарымен бірге жасалды. Бұл ескеркіш арқылы Қазақ хандығы тұсындағы батыр ата-бабаларымыздың жан дүниесін ашып, бүгінгі күнге жеткізу. Мүсінде ержүрек батырдың ішкі жан дүниесін барынша ашуға тырыстым. Туындының ерекшелігі — қазақилығы. Ескерткіш «мәңгілік» материалдан, яғни қоладан құйылады», – дейді Б. Құсайынов. 

Ескерткіш Павлодар қаласының орталық көшесі – Кутузовтың бойында орналаспақ. Нысанның жалпы биіктігі 11 метр, нақтырақ айтқанда, тұғыр 5 метр, ал мүсіннің өзі 6 метр болады. «Малайсары-Тархан» қоғамдық қоры мүшелерінің айтуынша, ескерткішті соғуға облыстың жомарт азаматтары қаржылық қолдау көрсетеді. 

Еске сала кетейік, Малайсары шамамен 1700-1756 жылдар аралығында өмір сүрген Орта жүздің батыры әрі биі. Арғын ішіндегі бәсентиін руынан шыққан. Тарихшылардың мәліметтеріне сүйенсек, Малайсары Абылай ханның сұлтан кезінен сенімді серігі болған. Ресейдің қол астына кіруге қарсы болған ержүрек азамат Қазақ-қалмақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт бітім жасау саясатын ұстанғаны тарихтан мәлім. Қазіргі Павлодар облысы Май ауданындағы Малайсарының туған жеріне, Жоңғар Алатауының батыс сілеміндегі тауға Малайсары есімі берілген. 

Ақмарал ЕСІМХАНОВА

bnews.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?