Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Рүстем Қайдаров: Француз ғалымы қазақтарды «бірегей халық» деп жақсы баға берді

2090
Рүстем Қайдаров: Француз ғалымы қазақтарды «бірегей халық» деп жақсы баға берді  - e-history.kz
«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровпен кездесіп, «Мәңгілік ел» халықаралық конференциясы туралы пікірін білген едік

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған Назарбаев университетінде өткен «Мәңгілік Ел» Халықаралық конференциясына Алматыдан арнайы келген «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровпен кездесіп, Елорда төрінде өткен конференция туралы пікірін біліп қайттық. 

Рүстем Есімханұлы Қайдаров, Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, БҰҰ Халықаралық ақпараттану академиясының және Дүниежүзілік ақпараттық парламенттің академигі, Совет Одағының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, генерал-майор: 

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы – ұлы мереке. Биыл елімізде бұл той үлкен деңгейде өтіп жатыр. Кеше ғана Ұлытау мен Бөкей Ордасында тойдың бірсыпарасы өтті. Жыл бойы түрлі іс-шаралар жоғары деңгейде жалауын көтерді. Енді міне, Елордамыздың төрінде тойдың салтанаты құрылып, Елбасы қатысқан алқалы жиын болды. Сол жиында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев қазақша да, орысша қазақ тарихын шетелдіктер мен құрметті қонақтарға жеткізіп айтты. Одан артық біз ештене айта алмаймыз. Елбасымыз шетел қонақтары қатысқан алқалы жиында керемет сөйледі. Тарихтың бүге-шүгесіне дейін айтып, Совет Одағы тұсындағы қазақ тарихының оқылмайтынын да жеткізе айтты. Ол тұста қазақ батырлары мен хандары туралы да сөз қозғалмады. Оларға ескерткіштер мен мәдени атаулар берілмеді. Бұның Елбасы баяндамасында толықтай қамтылды. 

7c81a8d652d5ac345653c57fae623160.jpg

Екінші бір іс-шара – Астана қаласындағы Назарбаев университетінде өткен «Мәңгілік Ел» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. Жаңа ұйымдастырушылар тарабы айтып өткендей конференцияға 26 елдің өкілі қатысып, пікірталас туғызуда. Жаңа ғана ғалымдарымыз айтқандай, біздің еліміздің тарихы 550 жылдықпен қана аталмайды. Оның мыңдаған жылдық тарихы бар. Айналып келгенде осы тарихтың барлығы – біздің бабаларымыздан келе жатқан батырлық үлгі, олардың жерін, елін сүюінен туындаған ерлік. Соның арқасында Қазақстан деген мемлекет өмірге келді. Оның заңды мұрагері біздерміз. 

Тағы бір айта кететін қуантарлық жағдай, «Мәңгілік Ел» конференциясында сөз алған француз ғалымы қазақтарды «бірегей халық» деп жақсы баға берді. Ол: «Еуропаның кез келген шағын мемлекеті, мысалы Германия не болмаса Францияда диалектілер мен халықтың бір-бірін түсінбеуі көптеп кездеседі. Әрине кішкентай ғана елдер үшін бұл қуанатын жағдай емес. Десе де Қазақстан үлкен жерде мекендеп отыра, әрбір халық бір-бірімен өз тілінде түсінісе алады, бір тілде сөйлей алады», – деді. Ол деген біздің халыққа деген құрмет, қазақ тарихына берген баға деп білемін. Соған қарағанда, біздің ата-бабаларымыздың рухынан келе жатқан, отанын сүйген қасиет бүгінгі ұрпағында да бар деп ойлаймын. Мысалы, соңғы Отан соғысында Совет Одағының батырларының саны бойынша бірінші орында орыстар тұратын болса, екінші украиндар, үшінші қазақтар. Яғни біз. Бұл деген – қазақ жауынгер, батырдың ұрпағы деген белгі. 

5e566ca6a6a63818e253b949404aa8c0.jpg

Сондықтан мен айтар едім, ұлтымызға берген биік рухтың күші қазірде біздің бойымыздан табылып, бабалардың аманаты жалғастыруымыз керек деп. Мәселен, отбасы деген – кішкентай мемлекет. Біз сол мемлекеттен патриоттарды тәрбиелеп шығаруымыз керек. Бүгінгі «Мәңгілік Ел» конференциясында талқыланған көптеген пікірлерді, зерттеулерді халықтың, жастардың санасына сіңіруіміз керек. Оларды жеке кітап қылып шығаруымыз керек. Жалғыз қазақтарға ғана емес, қазақстандықтарға. 

Пікірді жазып алған Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?