«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ұлттық академиялық кітапханада «Конституция» залы ашылады

2309
Ұлттық академиялық кітапханада «Конституция» залы ашылады
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханада «Конституция» залы ашылып, бірқатар салтанатты іс-шаралар өтеді

Бүгін, 24 тамызда сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына байланысты Ұлттық академиялық кітапханада «Конституция» залы ашылады. 

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасы Конституциясы және Қазақстанның мемлекеттік бейнелемесі туралы оқырмандардың таным-түсінігін қалыптастыру, сондай-ақ Ата Заңды құрметтеуге тәрбиелеп, белсенді азаматтық ұстанымдарын әрі құқықтық сана-сезімін қалыптастыру. 

Міндеттері: Қарапайым қағидалардан бастап егеменді еліміздің құқықтық жүйесіне дейінгі материалдарды, шет елдердің Конституцияларын ұсыну. Бұлар Қазақстан Республикасы Конституциясының құрылу тарихына қатысты фотографиялар, баспа, аудио және бейнематериалдар; Конституцияның әр жылдардағы басылымдары; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұлықтау рәсіміндегі жазбалары; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жұмысы туралы материалдар, т. б.. 

Салтанатты шараға ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы И.И. Рогов, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшелері, ҚР Парламентінің депутаттары, елордалық зиялы қауым, белгілі заңгерлер, ғалымдар, қаладағы мәдени мекемелердің жетекшілері қатысады. 

Конституция Залының экспозицицясы 4 бөлімнен тұрады: 

1. Қазақтың әдет-ғұрып ережелері; 

2. Қазақстан Конституциясының тарихы; 

3. 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конститциясы; 

4. Шет елдердің Конституциялары. 

Экспозицицияның басты бұйымдары қазақтың әдет-ғұрып ережелері мен Қазақстан Конституциясының, сондай-ақ шет елдердің Конституцияларының тарихына байланысты 300-ден аса кітап, кітапша, кино-фото-фоно құжаттардан құралған. Конституция Залы ғалымдар, студенттер, оқушылар, кітапхана оқырмандары, кітапқұмарлар, сондай-ақ мемлекет тарихы бойынша әуесқойлардың жұмыс жасауына арналып отыр. 

Сонымен қатар, залдың ашылуы аясында, «Уголовное обычное право казахов» атты кітабының қайта басылған нұсқасы таныстырылады. Авторы Күлтелеев Тайыр Молдағалиұлы (1911-1953) – тұңғыш заңгер-ғалым, Қазақстандағы құқықтық білім беру мен заң ғылымын дамытуды алғашқы ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың әдет-ғұрып ережелерін зерттеуші. Көп жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Т. М. Күлтелеевтің докторлық диссертациясы дүниеге келді, алайда оны қорғап үлгере алмады. 1955 жылы аталған еңбек С. Я. Болатов, Л. В. Дюков, С. 3. Зиманов, А. А. Филимонова және В. А. Ким бастаған ғалымдардың күш салуымен монография түрінде жарық көрді.