Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тауық және тарих

3040
Тауық және тарих - e-history.kz
Қазақы таным бойынша тауық жылы ауыр жыл болып есептеледі. Тауық жылы қазақ тарихында қандай оқиғалар орын алды деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Олай болса айтулы оқиғаларға көз жүгіртсек

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұлы ақын Абайдың өлеңдер жинағы жарыққа шықты

1909 жылы қазақ халқының мәдени өмірінде айрықша маңызды тарихи оқиға болды. Абай өлеңдері жеке кітап болып басылып шықты. Бұған дейін ұлы ақын шығармаларын біреуден біреу көшіріп алып, көбінесе ел арасына, оның өзінде де бір аймақта ғана ауызша таралып келсе, енді байтақ қазақ даласының о шеті мен бұ шетіндегі қалың қауым поэзияның мөлдір бұлағынан еркін сусындауға мүмкіндік алды. Сол тұстағы баспасөз Абай кітабының жарық көруін, жарқырап атқан «әдебиет таңына» балауы да кездейсоқ емес-ті. Кітап «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғлының өлеңі» деп аталған. Бір ғажабы – Абай кітабы орыс мәдениетінің орталығы Петербургте басылған еді. Мұқабасында «бастырған Кәкітай, Тұрағұл Құнанбайоғландары» деп жазылған. Абай мұрасы – қазақ әдебиетінің асыл қазынасы. Сондықтан да айтылу оқиғаның қазақ әдебиеті ғана емес тарихынан да алатын орны ерекше.

Жаңа экономикалық саясат

1921 жылы 8-16 науырызда РКП (б) Х съезі өтіп, онда жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу туралы шешім қабылданды. ЖЭС-тің мәні: азық-түлік салғырты азық-түлік салығымен ауыстырылып, еңбек міндеткерлігі жойылды; сауда жасауға, жерді жалға алу, жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат етілді; кооперация мен шаруашылық есепке еркіндік берілді. 1920-1921 жылдардағы Кеңес үкіметінің саясатына наразылық білдіру ашық бас көтеруге ұласты. Халық наразылықтары Семей облысын, Қостанай, Ақмола, Петропавл, Көкшетау уездерін қамти бастады. Шаруалар «Кеңестер коммунистерсіз болсын!», «Салғырт жойылсын!», «Азық-түлік диктатурасы жойылсын!» деген ұрандар көтерді.

Ашаршылық

1921 жылдың жазында Қазақ өлкесінің солтүстік батыс аудандарында құрғақшылық басталды. Сол себепті Орынбор, Орал, Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы егістік қурып кетті. Республика бойынша 2,3 млн адам аштыққа ұшырады. Ауыл шаруашылығындағы қиыншылықтар 1923 жылғы өнімге дейін жалғасты. 1922 жылы Қазақстан халқының саны 1914 жылмен салыстырғанда 1 млн адамға кеміді. Жаңа экономикалық саясат өз нәтижесін тек 1920 жылдардың ортасында қарай ғана бере бастады. 1925 жылы халық шаруашылығын негізінен қалпына келтірілді. Өнеркәсіп өнімін өндіру соғысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда үштен екіге дейінгі көлемге жетті. Өнеркәсіптердің 60%-ы іске қосылып, көлік қатынасы қалпына келтіріле бастады. Егіс көлемі 3 млн гектарға жетіп, астық өнімін жинау соғысқа дейінгі деңгейдегі қалпына келді. Мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 26 млн басқа жетті. Жәрмеңкелер қайта қалпына келтірілді. Ойыл, Темір, Қоянды жәрмеңкелері сияқты жалпы сауда көлемі 20-23 млн сомды құрайтын 128 жәрмеңке жұмыс істейді.

Жер-су реформасы

1921-1922 жылдары Қазақ өлкесінде жер-су реформасы жүргізілді. Бұл реформаның мақсаты – Орал, Сібір казак әскерлеріне патша үкіметі тартып әперген Ертіс бойы, Орал өзінің сол жағалауы, сондай-ақ Жетісу мен Қазақ өлкесінің оңтүстігінде тартып алынған қазақ жерлерін шаруаларға қайтару еді. Жер-су реформасының нәтижесінде барлығы 1 млн 385 мың десятина жер қазақ шаруаларына қайтарылды. 1921 жылы құрылған «Қосшы» кедейлер одағы мүшелері жер-су реформасына белсене араласты. Бұл кедейлер одағы шаруалардың Кеңес үкіметіне деген сенімін нығайту мақсатында құрылған болатын. 1921 жылы Батыс Сібірде, Қазақ өлкесінің солтүстігі мен батыс бөлігіндегі жерлерді межелеу саясаты жүргізіле бастады. Үкімет тарапынан дайындық жұмыстары Орта Азияда ұлттық-территориялық межелеу және қазақ жерлерін қайта біріктіру бағытында жүргізілді. 1924 жылы 27 қазанда КСРО-ның ОАҚ сессиясында Өзбек ССР-ін (құрамына Тәжік АКСР-і енді); Түрікмен АКСР-ін, РКСФР құрамындағы Қара қырғыз автономиялық облысын, Қазақ АКСР-ін (құрамына Қарақалпақ автономиялық облысы енді) құру туралы шешім қабылданды. 1925 жылы республиканың астанасы Орынбордан Ақмешітке көшіріліп, оған Кеңес үкіметінің идеологиялық талаптарына сәйкес келетін Қызылорда деген атау берілді. Сол жылы қазақ АКСР-і Кеңестері V съезінің ұсынуы бойынша КСРО-ның БОАК-і республиканың дұрыс атын қалпына келтіру, яғни «Қазақ» деп атау туралы шешім қабылдады. 1928 жылы Қазақстанда губернияларға, уездерге, болыстарға бөлу жүйесі жойылып, жаңа әкімшілік бірлік – округтар мен аудандарға бөлу жүйесі енгізілді.

Ашаршылық ақыры

Қазақ халқы талай тарихтың ауыр кезеңдерін бастан өткерген қайсар да қайтпас халық. Тек өткен ғасырдың басында Қазақ халқы трагедияға толы түрлі оқиғаларды басынан кешірді: үлкен және кішілі революциялар, отарлық қанау, репрессия, ұжымдастыру, тәркілеу, аштық және т.б. сындардан өтті. Ұлы Жұт жылы атанған 1932-1933 жылдары. Олар, яғни кеңес өкіметі Мал шаруашылығын күйзелісті шығынға ұшырады. ¥жымдастыру карсанында- 40,5 млн. мал болды. 1933 жылы 4,5 млн. мал қалды. қыстың кездерінде келіп жүн салығы деп малды қырқызып жүндерін адып кетеді. Бірде келіп сүйек салығы деп, малдың сүйектерін алып кетеді. Бұлар әрине қолдан жасалған болатын. Бұл жағдай бүткіл Қазақстанды қамтыды. Келіспегендері атылды, келіскендері артынан аштықтан қырылды. 1930 жылы- 313 мың адам; 1931 жылы- 755 мың адам; 1932 жылы 769 мың адам қайтыс болды. 1930-1932 жылдары барлығы 1 млн. 750 мың қазақ немесе халықтың 40% -ы жаппай кырылды. Актөбе облысында 1930 жылы 1 млн. 12500 адам болса, 1932 жылы 725800 адамға кеміген (71%).Балқаш ауданында 1930 жылы 60 мың адам болса, 1932 жылы 36 мыңы қырылып, 12 мыңы баска аймақтарға көшіп кетті. 1930-1931 жылдар аралығында 1 млн. 70 мың адам Қытай, Иран, Ауған жеріне т.б. көшті. 616 мыңы қайтып оралған жоқ. 414 мыңы кейін елге оралды. 1930-1933 жылдары 2,1 млн. адам аштықтан қырылды. 1933 жылы қазақ көрген қасірет, қолдан жасалған қиянатқа нүкте қойылды. Бірақ аштық біткенімен қазақ халқы үшін орны толмас ауыр оқиға болды.

Жеңіс жылы

Ұлы Отан соғысы 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жыл Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. 1945 жылы 9 мамырда 1 418 күнге созылған соғыстың аяғы біздің жеңіспен аяқталды. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

 

Жасанды жер серігі ұшырылды

1957 жылы 4 қазанда қазақ жерінен (Байқоңыр ғарыш айлағынан) әлемде тұңғыш рет жасанды жер серігі ұшырылды. 1958 жылы 1 ақпанда орбитаға тұңғыш америкалық ЖЖС — “Эксплорер-1” шығарылды. Кейінірек өз ЖЖС-терін басқа елдер: 26.11.1965 — Франция (“А-1” серігі), 11.2.1970 — Жапония (“Осуми”), 24.4. 1970 — Қытай (“4 айна-1”), 28.10.1971 — Ұлыбритания (“Просперо”), 18.7.1980 — Үндістан (“Рохини”) ұшыра бастады.

 

 

 

Қазақ өнерінің өрлеуі

1969 жылы режиссер С.Елеусізов қойған «Дала әуені» атты концерттік бағдарламамен «Гүлдер» эстрадалық жастар ансамблі тұңғыш рет шымылдығын ашты. Ансамбль гастрольдік сапармен Қазақстанның барлық облыстарында, Ресейдің бірқатар қалаларында және Германия, Бельгия, Куба, Грекия, Пәкістан, Португалия, Өзбекстан, Малайзия елдерінде болып, өнер көрсеткен. 1976 жылы Гаванада (Куба) өткен жастар мен студенттердің 2-ші дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанған. Ансамбль репертуарлары негізінен қазақ халық әндері мен күйлерінен, билерінен, отандық және шет ел композиторларының шығармаларынан, күрделі концерттік бағдарламалардан тұрады.

Ұлттық валюта қолданысқа енді

Қазақ елі үшін ағымдағы жылғы бірқатар атаулы даталармен қатар, мән-маңызы жағынан беделі жоғары тағы бір күн бар. Ол - ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енген күні. 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталған еді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді.

Ел Елбасын таңдаған жыл

2005 жылғы Қазақстанның ішкі саяси үдерісінде орын алған ерекше оқиғаның бірі - Президент сайлауы. Осы жылдың желтоқсанында Конституция шеңберінде Президенттік сайлау өтіп, ел өзінің басшысын таңдады. Сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысушылардың 91 пайыз дауысын алып, ел сеніміне ие болды. Өзінің жеңісін ел алдында жариялай отырып, Елбасы: «Бұл жеңіс - халықтың жеңісі» деп атап өтті.

 

Тарихи оқиғаларға толар тауық жылы

Есік ашып, босағаны аттаған биылғы тауық жылынан күтер үміт пен еліміз үшін тарихи оқиғалар баршылық, атап айтар болсақ биыл XXVIII қысқы Дүниежүзілік Универсиада Алматыда 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Алдын ала мәлімет бойынша, оған FISU альянсына кіретін 50 елден бес мыңнан астам студент қатысады. Шамамен үш мыңға жуық еріктілер қатарын жұмылдыру жоспарлануда. Қазақстанның студенттік құрамасының сегіз қысқы Универсиадаға қатысқан тәжірибесі бар. Осы уақыт аралығында Қазақстан құрамасы қоржынына 43 награда салды. Одан өзге үстіміздегі жылы елордамызда әлем жиналатын EXPO- 2017 халықаралық көрмесі. EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізу – Қазақстанның негізгі ірі жобаларының бірі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы бастама Мемлекет басшысына тиесілі. 

Материалды әзірлеген: Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?