Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дұшпанның сағын сындырған

1406
Дұшпанның сағын сындырған - e-history.kz
Венгрияны азат ету кезіндегі Балатон қорғаныс операциясы туралы майдангер естелігі

Жуырда бізге Қызыл Жұлдыз, Даңқ, Отан соғысы ордендері иегері Алтынбек Төлегеновтың баласы Абай Төлегенов әкесінің  Венгрияны азат ету кезіндегі Балатон қорғаныс операциясы жайлы айтқан естелігін тапсырды. Бұл — айтуға ғана оңай. Соғыс күндерінде гитлершілер оны өз пайдасына шешу үшін іс-қимылдарын өзгерте отырып, жойқын шабуылға шықты. Олар жеңіске жету үшін барлық күштерін үйіп-төккенімен Қызыл армияның тегеурініне төтеп бере алмады. Біз бүгін осынау тарихи ұрыс жайлы жазылған материалды оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Сонымен…

Балатон қорғаныс операциясы — бұл Қызыл армияның Ұлы Отан соғысы кезіндегі неміс фашистерінің ең ірі алапат шабуылына қарсы тұрған соңғы қорғаныс операциясы. Ол 3-Украин майданының 1-Болгар және 3-Югославия армияларының көмегімен 1945 жылғы наурыз айының 6–15 күндері аралығында Балатон көлінің маңында жүргізген соғыс қимылы еді. Ұрыс барысында Кеңес әскерлері «Көктемгі жаңғыру» деген құпия атпен шабуылға шығып, Германия қарулы күштерінің екінші дүниежүзілік соғыстағы ірі операциясын талқан етті. Қызыл армияның қысқы шабуылы кезінде Берлинге төнген қауіпке қарамастан, немістер 1945 жылдың көктемінде Венгрияға қарсы шабуылға шықты. Олар Кеңес әскерлерін Дунайдан әрі ығыстырып, Вена қаласы мен Германияның оңтүстік аудандарына төнген қауіпті сейілтуді жоспарлаған еді. Оның үстіне Балатон аймағында Германияның танкілері мен әуе күштері үшін аса қажет мұнай көздері орналасқан. Вермах командованиесі үш бағытта түйісетін соққы беру жоспарын жасады. Басты соққы Балатон көлі мен Веленің аралығында СС-тің 6-шы танк армиясы мен 6-шы далалық армияның күшімен Оңтүстік-Шығыстан Дунафюльдвар бағытында ұйымдастырылды. 

Екінші соққы Капошвар бағытында 2-ші танк армиясының күшімен Надьканижи ауданында жоспарланды. «Е» тобындағы армия құрамында 91-ші әскери корпус Доньи-Михольяца ауданынан солтүстікке қарай 6-шы армияға қарама-қарсы шабуылдау керек болды. Шабуыл нәтижесінде неміс командованиесі 3-ші Украин майданы бөлімдерінің негізгі күшін жойып жіберуді көздеген болатын. Венгриядағы неміс әскерлерін күшейту мақсатында батыс майданынан (Арденн ауданынан) арнайы СС-тің генерал Зеппа Дитрих басқарған 6 танк армиясы жіберілді. 1945 жылғы, ақпан айының екінші жартысында Кеңестік барлау топтары Венгрияның батыс бөлігінде немістердің танк армиясы шоғырланып жатқандығын анықтады. Кешікпей жаудың жоспары да белгілі болды. Жоғарғы бас қолбасшының тапсыруымен 2–3 Украин майдандарына қорғаныс шептерін құрып, Балатон аймағындағы дұшпанның әскери топтарын құртуды тапсырды. Мұнымен бірге Венаға шабуылдың дайындығын жалғастыруды талап етті. Жоғарғы бас қолбасшының нұсқауын орындай отырып, 3-Украин майданының әскерлері қорғанысқа дайындық жұмыстарына кірісті. Курскі иініндегі тәжірибені пайдалана отырып, негізгі соққы берер бағытта танкіге қарсы қорғаныс шебі жасалды. Майданның инженерлік әскери бөлім бастығы Л. З. Котлярдың басшылығымен үлкен көлемдегі қорғаныс жұмыстары жоспарланды. Дұшпан танкілеріне қарсы күреске баса назар аударылады. Бұл үшін Гантадан Балатон көліне дейінгі 83 шақырымдық учаскеде 66 танкіге қарсы аудандар құрылып, майдан артиллериясының 65 пайызы шоғырландырылды. 

Аса қауіпті бағыттардағы артиллерияның тығыздығы бір шақырымға 60–70 зеңбірек пен минометтен келді. Қорғаныс тереңдігі кейбір учаскелерде 25–30 шақырымға созылды. Қорғаныс қимылдарының сәтті жүргізілуі оқ дәрі мен жанар майдың уақытылы жеткізілуіне байланысты болды. Сондықтан, операцияға дайындық барысында оны материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінді. Майдан қоймалары Дунайдың шығыс жағалауына орналастырылды. Ал өзеннен өту үшін неміс авиациясы мен көктемгі сең кедергі келтірді. Дегенмен, қорғаныс әскерлерін үздіксіз қару-жарақтармен қамтамасыз ету үшін қосымша аспалы жолдар салынып, бензин құбырлары тартылды. Негізгі соққы берілетін тұсқа майдан әскерлері екі тосқауыл тұрғызды. Бірінші тосқауылға екі армия — 4-ші гвардиялық армия Гант-Шерегейеш учаскесіне бекініп, 26-шы армия Шерегейеш учаскесі мен Балатон көлінің шығыс жағалауына жайғасты. 27-ші армия майданның екінші тосқауылына орналасты. Жанама бағытта, Балатон көлінің батыс жағалауынан Коньи-Етвешке дейін 57-ші армия қорғаныс шебін құрды. 3-ші Украин майданының сол жағына жапсарлас 3-ші Югославия армиясы орын тепті. Майданның резервінде 18-ші және 23-ші танк әскерлері, 1-ші гвардиялық механикаландырылған және 5-ші гвардиялық атты әскер корпустары тұрды. 9-шы гвардиялық армия келесі шабуылға шығатын болғандықтан, оны Вена шабуылына қосуға Жоғарғы бас қолбасшы рұқсат бермеді. Неміс шабуылы 6-ші наурыз күні түнде басталды. 

Немістер алдымен 1-ші Болгар және 3-ші Югославия армияларына шабуылдап, Драва өзенінен өтті. Ені 8 шақырым болатын майдан шебіндегі екі плацдармды басып алды. Бұл учаскедегі қорғанысты күшейту үшін резервтен 133 атқыштар корпусы жіберілді. Бір сағаттық артиллериялық атқылаудан кейін, сағат 7-де неміс әскерлері 57 армия орналасқан жерге шабуыл жасады. Көп күш жоғалтқан олар әупірімдеп армияның қорғаныс шебіне ілікті. Алайда, армияның қолбасшысы жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде немістердің алға жылжуы тоқтатылды. Немістердің негізгі шабуылы 30 минуттық артиллериялық атқылаудан кейін Веленц пен Балатон көлдерінің аралығында сағат 8 ден 40 минөт өткенде басталды. СС-ты 6-шы танк армиясы мен 6 далалық армия 4-ші гвардиялық және 26-шы армия орналасқан учаскелерге шабуыл жасауға ауысты. Қорғаныс шебін бұзу үшін неміс командованиесі танкімен жасырын шабуылдауға көшті. Майданның кейбір учаскелерінде бір мезгілде 70 танкі мен атқылаушы зеңбірек шабуылға шықты. Кескілескен ұрыс болды. Кешке қарай шабуылдаушы жақ 4 шақырымға дейін алға жылжып, Шерегейеш тірек пунктін басып алды. Оларға қарама-қарсы шабуылға командование 18-ші танкі корпусын жіберді. Келесі күні немістер шабуылға жаңа күшпен кірісті. 26-шы армияның жолына авиацияның көмегімен 200 танкі шабуылға шықты. Майданды ұзына бойы барлаған неміс командованиесі Кеңес әскерлерінің осал тұстарын іздестірумен болды. Кеңес әскерлерінің командованиесі-де қарап жатпай, қауіпті учаскелерге танкіге қарсы резервтен тың күштерді жіберіп отырды. 26-шы армия орналасқан жерде жағдай қатты шиеленісті. Олардың шебіне екі дивизия жаяу әскер 170 танкінің көмегімен шабуылдаушы болды.

Тығырықтан шығу үшін майдан қолбасшысы көмекке 5-ші гвардиялық атты әскер корпусы мен 208 өздігінен жүретін артиллериялық бригаданы жіберді. Бұдан басқа тағы да қорғаныс шебін күшейту үшін ұрысқа 27-ші армияны да қосты. Нәтижесінде немістер Кеңес әскерлерінің қорғаныс шебін бұза алмады. 8 наурыз күні, таңертең шабуылға неміс командованиесінің негізгі күші кірісті. Майдан даласының әр шақырымына шабуыл зеңбіректері мен 40–50 танкіден шоғырландырған немістер Кеңес әскерлерінің қорғаныс шебін бұзуға тырысты. Қалың тұман аэродромды жиі жауып, әуе әскерлерінің іс-қимылдарына кері әсер еткендіктен, Жоғарғы бас қолбасшының шешімімен 10 наурыз күні немістердің шабуылына қарсы 2-Украин майданының 5-ші әуе армиясы тартылды. Бұдан кейін немістер жеңіске жету үшін жаппай танкі шабуылына көшті. Жер-дүниенің үстін қарақұрым танкі жауып кеткендей болды. Әр шақырымға 100-ден аса ауыр танкілер орналасты. Ұрыс күн мен түнге жалғасып жатты. Бес күнге созылған қияң-кескі ұрыстың нәтижесінде немістер Кеңес әскерлерінің қорғаныс шебін бұзғандай болды. Алайда, бұл олардың түпкілікті жеңісі емес еді. Дұшпанның алдынан тыл армиясы шығып, аяусыз ұрыс болды. 10 күнге созылған қан төгістің нәтижесінде дұшпан 15–30 шақырымға жылжып, алға ентелей түсті. Қасық қандары қалғанша қарсылық көрсеткен Кеңес әскерлерінің батылдығы мен жақсы жабдықталған қорғаныс шебінің арқасында немістер Дунайға жете алмады. Олардың артында резерві болмады. Үлкен шығынға ұшырап, ақыры 15 наурызда шабуылды тоқтатты.

Балатон шайқасы екінші дүние жүзілік соғыстағы Германия қарулы күштерінің соңғы әрі ең ірі шабуылы болды. Бұл соғыста 3-ші Украин майданынан 32899 адам қаза болды. Кеңестік мәлімет бойынша немістер 40 мыңдай адамынан, 300 зеңбірегінен, 500-ге жуық танкісінен және 200 ұшағынан айырылды. Немістер мақсаттарына жете алмады. Көп әскери техникалары мен сарбаздарынан айырылған дұшпан батыс Венгриядағы жағдайын әлсіретіп алды. Қызыл армия дұшпанның бетін қайтарып, Дунайға қарай жол ашты. Сөйтіп, оның батыс жағалауына қорғаныс шебін орнатты. Болгар әскері жау шабуылын тойтарып, өздері шабуылға шықты. Нәтижесінде Драва Саболч пен Драва Полконя қалаларын және бірнеше елді мекендерді азат етті.


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?