Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жауды жайратқан жамбылдық жауынгер

874
Жауды жайратқан жамбылдық жауынгер - e-history.kz
Сарғайған көне газет беттері сұрапыл соғыс туралы сыр шертеді

– Әкем соғыс тақырыбын мүлде қозғамауға тырысатын. Соғыстан аман-есен оралған ол Шу ауданында біраз жыл зоотехник болып қызмет атқарып, 1971 жылы бұл дүниеден өтті, –  дейді майдангердің қызы Роза Қадырбекова бізге көнерген газет ұсынып. 

1983 жылғы 14 маусымда жарық көрген облыстық «Знамя труда» газетіндегі полковник Г.Захариктің «Партизан жүздіктерінің бірі» («Один из партизанской сотни») деген мақаласында жамбылдық жауынгер Шәлібек Қадырбековтың ерлігі ерекше бейнеленген екен:

«1919 жылы дүниеге келген, комсомол мүшесі, Шу ауданының тумасы Шәлібек Қадырбеков жиырма екінші партизан ротасының атаулы тізімінде тоқсан тоғызыншы болып енген. Рота командирі Ростим Александрович Дмитриев пен Шәлібек Қадырбековтың партизандық жолы 1943 жылы гитлершілдердің ірі гарнизоны орналасқан Могилевке жақын жерде 121 партизан полкінде тоғысады. Партизандар жау іргесіне орналасқандықтан күн сайын қақтығыстар болып тұратыны заңдылық. Ал Шәлібектің мазасыз партизандық өміріндегі осындай ұрысқа толы күндері екі жүзден асады. Ол бұл ротада бір жылдай болады. Қарулас достары да оны  әбден танып-біліп алған. Солай болатын да жөні бар. Өйткені, талай рет жау бекінісіне бірге аттанып, тастай бекінген дұшпанның горнизондарын талқандаған жайы бар.

Адамның қайсарлығы, әсіресе,  өліммен бетпе-бет келген қас-қағым сәтте туындайды екен. Шәлібек те алғашқы шайқаста-ақ өзін батыл, әрі қиын сәтте ұтымды шешім таба білетін тапқыр партизан ретінде көрсете білді. Ол жауды атқанда мүлт жібермейтін мерген еді, гранатаны да шеберлікпен лақтыратын. Шегінер кезде жарылған машинадан екі «шмайсер» мен пулеметті өзімен бірге ебін тауып ала кетті. Ал партизан үшін қару алтыннан қымбат олжа екені белгілі. Партизанның да әскери бөлімшелердегідей ұрыс жағдайына машықтанған өзіндік іс-қимылы болады. Мұндай әрекет оның тәжірибесіне, жасына, дене пішініне және қабілетіне тікелей байланысты. Ал Шәлібектен соғыс тәртібі қырандай қырағылықты, түлкідей айлакерлікті, дыбыссыз жүрісті, барыстай шапшаңдықты талап етті. Мұның бәрі жинақталып, есептің дәлдігі мен жағдайды тез пайымдауға тұрақты қабілет керек. Сондықтан да, командование Шәлібекке және оның қарулас достары, белорус жігіттері Сергей Кабышевке, Григорий Буяковке және, ағайынды Сергей мен Михаил Лавреновтерге сенім артып, оларды ең жауапты және аса қауіпті тапсырмаларды орындауға, сақшылардың көзін ың-шыңсыз жоюға жұмсайтын. Айналасы ілмекті сыммен қоршалып, мықты бекінген жаудың Ермоловичтегі гарнизонына қазанның қараңғысында шабуыл жасап, талқандау жөнінде шешім қабылданды. Операцияның нәтижелі болуы жаудың сақшыларын ың-шыңсыз құртуға байланысты еді. Бұл жауапты тапсырма құрамында Қадырбеков те болған батыл жігіттердің еншісіне берілді. Операцияның алдында жігіттер бірнеше күн күзетшілердің іс-қимылын бақылауға алып, сақшылардың ауысуы мен қозғалыс бағыттарын қадағалаумен болды. Әрекет ету аймағында екі посты мен қарауыл үйі орналасыпты. Барлаушылар алдымен оқ шығармай, ешбір сыбыссыз сақшылардың көзін жоюға, содан кейін қарауыл үйін гранат арқылы жарып жіберуге бәтуаласты.

Белгіленген түнде партизандар екі топқа бөлініп, нысаналы жерге ың-шыңсыз жетіп, сақшылардың келуін тосты. Олар да көп күттірген жоқ. Операция қас-қағым сәтте орындалды. Жау ұясына шабуыл жасауға жол ашылды. Артынша партизандар гарнизонға бірнеше бағытта бас салып, бас-аяғы бір сағатқа жетпейтін уақытта дұшпан бекінісін жойды. Жеңіске жеткен партизандар қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, киім-кешек, азық-түлік секілді мол олжаға кенеліп, көптеген гестапо құжаттарын қолға түсірді. Княжицадағы жау гарнизонын желтоқсан айында талқандадық. Қадам бассаң, табан астыңдағы қар мен мұз сықыр-сықыр етеді. Сонда да диверсиялық топ патрулдерді қиналмай-ақ алып, дұшпан бекінген бекіністің күл талқанын шығарды. Рота командирі Р. А. Дмитриев Шәлібекті көзсіз батыр, әрі тапқыр, шұғыл шешім шығара алатын өжет жауынгер деп білетін...

...Көптеген партизандар Қызыл Армия бөлімдеріне қосылып, тілемсек жауға соққы беру үшін жауынгерлік жорықтарын жалғастырып кетті».

Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА





Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?