Кеңгір, Талдысай, Жезді, Сарысу өзендерінің бойы ежелгі өркениет орталықтары ғана емес, қазақ тарихында өзіндік шежіресі бар жерлер. Бұл жерлердің тарихы туралы көптеген тарихшы ғалымдар, археологтар өз еңбектерінде жазып өтті. Сол еңбектердің барлығында қазіргі Кеңгірдің бойындағы Жезқазған, Ұлытау, Жезді аймақтарында қолөнер кәсібі мен кен қорыту ісі, металлургия өңдіру істері жазылған. Бұл еңбектерді жазып көрсетуде кенді аймақтың ежелгі кеніштерін зерттеген археолог Ә.Марғұлан, академик Қ.Сәтбаевтың сіңірген еңбектері зор.
Жоғарыдағы Жезқазған, Ұлытау, Жезді аймақтарындағы ежелгі қоныстар мен өңдіріс ошақтардың, түсті металлургия кеніштерінің қола, сақ, орта ғасырлар дәуірлерін қамтып айтқанда 1 миллионнан астам тонна мыс рудасы алынған. Аса ірі көне кен орнына «Кенқазған» жатады. «Кенқазғаннан» көне дәуірде 800 мың тонна мыс рудасы алынған. «Кенқазған» рудасы одан 100 шақырым қашықтықтағы қола дәуірінің «Атасу» қонысына жеткізіліп, сонда балқытылған. Ежелші өңдіріс ошақтарының қоныстарына «Суықбұлақ», «Қарқаралы 1-2», «Шортандыбұлақ», «Талдысай», Атасу металлургиялық қоныстары жатады. Ерекше орынға қола өндіру ісі шықты. Б.з.д. ІІ мыңжылдықта Орталық Қазақстан Еуразияның аймағы ауданы бойынша үлкен, көршілес өңірлерге әсер еткен тау-кен, металлургия және металл өндеу ошақтарының біріне айналды. Бүгінгі таңда ежелгі металлургия орталықтарының ішінде сақталып, ескерткішке айналғаны Талдысай металлургия орталығы.
Талдысай қонысы Қарағанды облысы, Жезқазған қаласынан 80 шақырым жердегі Ұлытауға барар жолда, Жезді қаласынан 17км, Жезді өзені мен Талдысай өзені сайының құйылысар жерінде орналасқан. Талдысай қонысы қола дәуірінде Жезқазған мысын қорытатын орындардың бірі болған. Қарағанды энциклопедиясында «Талдысай кешені» туралы: «Кешенде қола дәуірінің қонысы мен қорымы, ерте темір ғасырының мұртты обасы, ортағасырлық Басқамыр қаласы, қазақ зираты және оның шығысында солтүстіктен оңтүстікке карай созылып жатқан биік қырат үстінде төрт бұрыштап тастан қаланған биіктігі 3м-ге жуық Қарауыл мұнарасы бар. Осының барлығы көне заманнан бері Талдысайдың табиғаты тұрмысқа қолайлы болғандығын, оны үзілмей ел қоныстанғандығын айғақғайды.Талдысай қонысы біздің заманымыз бұрынғы. 2-мыңжылдықтың орта кезінде ел мекен еткен орын, яғни қола дәуірінің ескерткіші. Зерттеу нәтижесінде бұл тайпалардың мал бағып,аң аулап, егін егіп,мыс балқытқаны анықталды».
Талдысай қонысын зерттеу жұмыстары Тәуелсіздік алған жылдардан бастап кеңінен зерттеле бастады. 1992 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы толық зерттеу жұмысын жүргізсе, 2004-2006 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттелді. Зерттеулер барысында талдысай кешені, түсті металлургия өңідіретін құрылғылар, мыс рудасын өндірудегі және дайын бұйымдары, ежелгі қоныстары туралы тың деректер жинақталып, әзірленді.
Талдысай қонысы Сарысу, Жезді өзендері бойындағы үлкен жолдың ортасыңда орналасқан. Бірнеше рет салынған Талдысай қонысында мыс балқытқан пештерінің табылуы қоныстың металлургтер ескерткіші екендігін дәлелдеді. Талдысай қонысын зерттеуде «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен жұмыс атқарды. Қоныс кешені үш қазба орнымен зерттелді. Бірінші қазба орны екі тұрғын үй кешені орналасқан шығыс және батыс учаскелерге бөлінген. Батыс тұрғын үй кешенінде жартылый жерасты түріндегі үйдің шығыс, батыс және солтүстік бөліктерінің қабырғалары тазартылды. Солтүстік қазаншұңқырының қабырғасы сатылы болып келген. Арықтар мен шұңқырлар арқылы байланысып келген ошақ жүйесі бар БТҮК металлургиялық №2 шұңқыр пеш негізінен шахталық түрдегі және құдықпен байланысып жатыр. Шығыс участкеге қоса металлургиялық өндіріспен байланысы бар шығыс тұрғын үй кешені зерттелуде. Екі жылу арықшалары бар тұрғын шеберхананың батыс және солтүстік-батыс қабырғалары ашылды. Тұрғын шеберханадан 4 металлургиялық шұңқыр табылды, оның үшеуі зерттелініп, жер үсті жылу жүйесі бар шахталық түрдегі пеш екені анықталды. Шеберхананың өмір сүруі аяқталған кезде малды, кейде адамды да құрбандыққа шалатын болған.
Талдысай металлургиялық қонысының табылуы туралы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының ғылыми қызметкері М.Бірімжан көлемді мақала жазып, алғаш Талдысай кешені туралы жазады. «Бұл ежелгі металлургиялық қоныстың табылуы кездейсоқ болды. Көктем сайын қар сулары өзен бойымен жылдам ағып жыл сайын арналарынан ауытқып тұрады. 90-шы жылдары осындай қар сулары жаңа арна түзегеннен кейін ежелгі қоныстың шығыс бөлігі шайылып керамикалық және т.б. бұйымдар мен тас қоршау бөліктері ашылды. Бұл Талдысай ежелгі металлургиялық қонысы тіршілік қабатының алғашқы байқалуы еді. Міне, сол кездерден бастап Талдысай – Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының негізгі зерттеу объектілерінің бірі»,-дейді М.Бірімжан.
Талдысай кешенін зерттеуде Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының қызметкерлеріде қатысып, кен жұмыстарын тасымалдау, тазалау, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. «Талдысай қонысын мекендеген дала тайпалары материалдық мәдениетінің ескерткіші болып саналатын ежелгі мыс балқыту пештерінің көшірмесін жасау тәжірибесіне Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының қызметкерлері толық қатысты. Оның ішінде кенді тасымалдау, сұрыптау, үгіту, ағаш отын дайындау, тәжірибе алаңын маусымдық өзен ағыстары мен жауын суларынан қорғайтын қоршау орнатып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ежелгі ағаш көмір алу ошақ-пеші қазылып, ағаш отын бұқтырылды. Жезқазған кеніштері аумағынан (Талдысайдан 70 км) жетекшіміз И.Русановтың басшылығымен құрамы едәуір сапалы кен тастарын жинап әкелдік»,-дейді музейдің ғылыми қызметкері М.Бірімжан.
2012 жылғы археологиялық зерттеу маусымының негізгі ерекшелігі – Талдысай қонысынан табылған мыс балқыту пештерінің тәжірибелік көшірмесін жасап, жұмыс барысының толық бір циклын жүргізу болған. Бұл міндетті Орталық Қазақстан археологиялық экспедицияның жергілікті жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты А.Ермолаева бастаған Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлерінен құралған топ және Ресей ғылым академиясы Челябі ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Русанов Игорь Алексеевич жүзеге асырған.
Қазақстан жеріндегі қола дәуірі қоныстарының бірі Талдысай кешені ежелгі өңдіріс орталығы ғана емес, ата-бабаларымыздың құтты мекені. Бұл тарихи жердің маңыздылығы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттеліп, ғылыми арнаға түсірілді. Болашақта да Талдысай қонысын зерттеу жұмыстары жалғаса бермек. Талдысай ежелгі өңдіріс орталықтарының ең ежелгісі, ең ірісі.
Алтынбек БЕКНҰР
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)