Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елбасы Жарлығына 26 жыл

1592
Елбасы Жарлығына 26 жыл  - e-history.kz
Наурызды тойлауға 1926 жылдан бастап кеңес үкіметі «ескіліктің сарқыншағы» деген желеумен тыйым салған болатын

Наурыз мейрамын діни, ұлттық, мереке деп атеистік үгіт-насихат жүргізіліп, діни қызметкерлер жаппай қудалауға ұшырады. 1929 жылы жаңа жылды тойлауға тыйым салынып, 1935 жылы ол мерекеге қайта рұқсат етіліп, 1947 жылдың 1 қаңтарынан КСРО-ның демалыс және мереке күні деп танылса, Наурыз мейрамы туралы халық көп уақытқа ұмытуға мәжбүр болды.

1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мейрамын ресми мереке деген Жарлыққа қол қойды.

Наурыз 1980 жылдардың соңында халыққа қайта орала бастады. 1991 жылдың 15 наурызындағы Қазақ КСР Президентінің жарлығымен ол ресми мереке ретінде бекітіліп, содан бері 22 наурызда Наурыз мейрамы тойланады. Биыл Наурыздың оралғанына 26 жыл толды. 

1920 жылдардағы тыйым салынған құжаттар мен Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы жарлығы бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз ұлттық дәстүрлерді қалпына келтіре бастаған кезде 22 наурыз мереке ретінде ерекше аталып өтілетін ұлттық мейрамға айналды. Заң жүзінде мемлекеттік мереке ретінде өзінің орнын тауып отыр. Сол үшін де Наурыздың орны барша қазақстандықтар үшін алабөтен.

Мереке аясында ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып, бала тұсауын кесіп, келіннің бетін ашып, түрлі ойын-сауықтың өткізілуі еліміз азаматтарының көңіл-күйін көтере түседі. Соңғы жылдары осы бір мерекеде қазақтың ұлттық киімдерін киюшілер қатарының өсіп келе жатуы қуантады. Мерекені мәнді де ауқымды етіп өткізе бастауымыз – ол ең алдымен тәуелсіздіктің арқасы екенін ұмытпағанымыз жөн. Өткен жылдан бастап халықтық мереке үш күн қатарынан тойланатын болып заңдық шешімін тапты.

Наурызды жаңа жыл ретінде кеңінен атап өту тұрғысында Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде бірнеше рет айтып көрсетті де. Ендігі мәселе – осы жаңа жыл мерекесін қоғам арасына кеңінен сіңіре беру. Ол үшін алдымен мерекенің тұжырымдамасын жасап, оның атрибутикаларын пысықтап алғанымыз жөн. Оны біз мемлекеттік деңгейде жас ұрпаққа тағылым мен тәрбие беретін мереке ретінде қарастыруымыз қажет. Екінші жағынан өзге ұлт өкілдерінің талабына сай етіп үйлестіре көрсету басты міндет болуы тиіс.

Көшпелілер ұрпағы саналатын қазақ халқы үшін Наурыз мерекесі өте үлкен рөл атқарған. Қыстың қыспағына қарсы келген көшпелі жұрт көктемін сағына күткендей әсер қалдырады. Малдың басы көкке тиіп, ақтың мол болуымен адамдардың көңіл күйлері көтеріңкі қалыпқа түсетіні айтпаса да түсінікті. Арқаны кеңге салып, мерекені тойлау ұлттық санамызды жаңа бір сатыға жаңғырып жасаруы. Енді кеңестік кезеңнен қалған қысылып, қымтырылудан арылып, жаңаша рәуіште тойлауымызға барлық негіз бар. 

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?