Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ватиканда Аттила бейнеленген үшінші картина табылды

1661
Ватиканда Аттила бейнеленген үшінші картина табылды - e-history.kz
15 қазан күні Ұлттық баспасөз-клубында профессор Қ. Жұмағұлов осы уақытқа дейін Ғұн империясына қатысты Ватикан мен Рим басылымдарында еш жарық көрмеген Аттила бейнесін таныстырды.

Кейінгі антикалық кезең мен орта ғасырлардағы ірі суперэтносқа Орта Азияның түкпірінен шыққан түріктер жатады. Қазақ тарихының ерте кезеңі ғаламдық түркі тарихының бір бөлшегі. ІV ғасырдың екінші жартысындағы Халықтардың ұлы қоныс аударуына түрткі болған түрік-ғұндардың тарихын тереңірек зерттеу қажет. Себебі ол бүкіл әлем тарихының шешуші кезеңінде маңызды орын алады. Осы кезеңнен бастап, Еуразия кеңістігіндегі халықтар мен тайпалардың қоғамдық қатынастары мен мәдениеттерінің, дәстүрлерінің қосылу үдерістері басталды. Бұл үрдістер жаңа цивилизацияның қалыптасуындағы әлеуметтік мәдени қатынастарда өзіндік орнын алған анық. 

Біздің Президент Ұлытау жерінде: «Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай  қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай» деген болатын[1].

Мемлекет Басшысы әлем назарын Қазақстан тарихына аударып отыр. Қазіргі кезде материалдық құндылықтар мен дұрыс бағдарларды белгілейтін үлгілі дамудың өзіндік моделі қалыптастыруда. Осындай құндылықтар замандас болып, ұлттық біртұтастықты сақтай отырып, «әлемнің глобальді бейнесінде» оны нығайта береді. Сондықтан Президентіміз бүкілқазақстандық біртұтастықтың маңыздылығын баса айтып, оны ұлтымыздың тарихи санасының желісіне айналдыру қажет екендігіне мән беруде.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес және Тарих және этнология институтының ұсынысымен мен Италияға іссапарға барып қайтқан болатынмын. Шет елдік іссапардың басты мақсаты - ғұндар, аварлар және Түрік қағанаты мен Алтын Орда тарихына қатысты сирек кездесетін құнды құжаттарды тауып қайту болатын. 

Барлықтарыңыз білетіндей Ватиканның бірегей кітапханасына кіруге рұқсат алу өте қиын іс. Бұл жерде кәсіби талаптарға қосымша міндетті түрде латын мен көне грек тілін білу шарт. Кітапхана басшылығының шешімімен мені дүние жүзі тарихының маманы әрі Рим империясы тарихына қатысты зерттеулер жасап оны жариялап, әрі Батыс пен Шығыс қарым-қатынасын зерттеп жүрген тарихшы ретінде маған оқырман билеті берілді. Бұған менің латын тілі мен шет тілдерін білетіндігім септігін тигізді. 

Антика дәуірінің соңғы сатысы — орта ғасырлардың ең ірі суперэтностардың бірі (түріктер) Орталық Азиядан шыққан. Қазақстанның ерте тарихы — бұл түрік тарихының үлкен бөлігі. Ғұндардың мемлекеттік тарихы жөнінде жазба деректер жеткілікті, олардың тарихыжан-жақты зерттелген. Б. з. IV ғасырынан бастап ғұндардың бір бөлігі Еділден асып Еуропа жеріне қарай аяқ басты. IV ғасырда Еуразия тарихында Халықтардың Ұлы қоныс аудару дәуірі басталуы әлем тарихындағы ең ірі тарихи процестердің бірі. «Ұлы қоныс аударуы» нәтижесінде әртүрлі тайпалар өзара үйлесімге келіп, олардың бірлестігі еуразиялық аймақта мәдени-әлеуметтік синтез ретінде қалыптасып болды.

Ватикан апостол кітапханасының қорларында (Ватикан қаласы) мен ғылыми-іздестіру жұмысымды аяқтадым. Ватикан апостол кітапханасы ескілік ескірткіштердің жинағы мен қолжазбалардың саны бойынша Еуропада бірінші орында тұр. Осылай, Ғұн империясы, Авар мен Түрік қағанаттары мен Қазақстанның ерте орта ғасырлардағы мемлекеттері және атаған аймақта мекендеген тайпалар бойынша жаңа дереккөздер табылған. Дереккөздердің басым көпшілігі латын тілінде жазылған. Олардың Ғұн империясы, Түрік қағанаты, Дешті-Қыпшақ, Алтын Орданың тарихын, Батыс пен Шығысты байланыстырудағы Ұлы Жібек жолының рөлін баяндайтын папа қатынасхаттары, саяхатшылар мен миссионерлердің әңгімелері, жазғандары және басқа нарративті (бір-біріне байланысты, ақпарат) мәліметтер кездесіп тұрады. Барлық материалдар Vaticani Latini деген қолжазбалардың залында манускрипттар (көне заманғы қолжазбалар) жинағында сақтап тұр. Мысалы, түрік-ғұндарға мен олардың Рим империясымен арақатынастарын анықтайтын деректер Рим папасы I Лев (440–461) хаттарынан білуге болады. Ол Шығыс Рим империясын ғұндарға қарсы шайқасқа шақырып, Еуропадағы гегемония үшін күрескен болатын. 451 жылғы 23 сәуірдегі понтифик хатында: «nam inter principes Christianos spiritu dei confirmante concordiam gemina per totum mundum fiducia roboratur, quia profectus caritatis et fidei utrorumque armorum potentiam insuperabilem Facit, ut propitiato per unam confessionem deo simul et haetretica falsitae et barbara destruatur hostilitas…» [2].

Кейінірек 452 жылы солтүстік Италияны ғұндар басып алғаннан кейін, олардың Римге жолы ашық боп қалды. Батыс Рим империясы ғұндарға тойтарыс бере алмай тұрған, Аттила бүкіл әлемді сілкіндірген. Ғұн империясының аймағы Орталық Азия даласынан бастап қазіргі кездегі Германия жерлеріне дейін жайылып жатқан. Еуропада ғұндарға қарсы тұратын ешқандай әскери күш болмады. 

Бұл кезде Рим империясы болған жағдайдан құтылудың лажын тауып алады: Аттилаға елшілігін жібереді. Елшілікті Рим папасы I Лев басқарып кеткен: «…et tot nobilium provinciarum lattissima eversione credita est saevitia et cupiditas hostilis explenda, nihilque inter omnia consilia principis ac senatus populique Romani salubrius visum est, quam ut per legatos pax truculentissimi regis expeteretur. Suscepit hoc negotim cum viro consulari Avieno et viro praefectorio Trygetio beatissimus papa Leo auxilio dei fretus, quem sciret numquam piorum laboribus defuisse nec aliud secutum est quam praesumpserat fides. nam tota leganione dignanter accepta ita summi sacerdotis praesentia rex gavisus est, ut bello abstinere praeciperet et ultra Danuvium promissa pace discederet» (қалалар мен мәдени ескерткіштерді қиратуға жол берген, ашкөз, мейірімсіз, дұшпанға есіркеушілік жасамаған, аты-жауынгерліктің, қаталдық бейнесіндей көрінген ғұндардан тек жіберілген елшіліктің арқасында аман қалу мүмкіндігі болған. Елшіліктің басты мақсаты — бейбітшілік орнату. 

Міндет бұрынғы консул Авинаның мен бұрынғы префект Тригецияның және Рим папасы I Левтің мойындарына жүктелген. Олар көмекті бір Құдайдан ғана сұраған. Папа өз болашағын нақты білген. Келген елшілікке разы болып, Аттила оларды бостандыққа жібере салады, әрі соғыс жалғастырудан бас тартқан. Одан басқа, Аттила бейбітшілік саясатын жүргізіп, Дунайдың басқа жағалауына көшіп кету таралы уәде береді) [3].

Осы жылдардың қатынасхаттарын талдай отырып, 512 немесе 513 жылғы хатты табуға болады. Ол хат Стиммах папасына (498–514) батыс аудандардың епископтері жазған.

6d05a44d62d18411437cb9332c043332.jpg

Профессор - Қалқаман Жұмағұлов Ватикандағы музей галереяларының бірінен табылған фреска жайлы айтып береді. Бұл туынды Ватикан және Рим, Ғұн Империясының тарихына арналған шығармалардың ешқайсысында кездестірмеппіз. Фреска XVI ғасырда жасалған. Төменгі жағында «S. LeoPont. Max. Attila. Furentem. Reprimit» деп жазылған, оның мағынасы: «Ұлы Папа Лев қаһарлы Аттиланы тоқтатуда». 

Галерея залының ортасына жақын жерде және көптеген суреттердің арасынан ғұндар билеушісі Аттиланың папа Лев І –мен болған 452 ж. Кездесу бейнеленген картина қолыма ілінді. Аталған фресканы төбе қабырғасындағы түрлі-түсті басқа картиналар жиынтығының арасынан көру өте қиын. Дегенмен маған галереяның тарихи суреттерін толық зерттеу кезінде ол картинаға қол жеткізу бақыты бұйырыпты. СтанцеЭлиодордағы (Stanza di Eliodorо) Рафаэльдің жалпыға танымал фрескаларының келтірілген туындылардан айырмашылығы – «Ұлы Левтің Аттиламен кездесуі», - Географиялық карталар галереясының қабырғалық фрескасында – Аттила біздің алдымызда басына алтын патша тәжін киіп, ақ тұлпарға мінген кейіпте тұрғандай. Оны қай жағынан қарасаң да Солтүстік Италияны жаулаған жеңімпаз ретінде көреміз. Біз бұл жерде осы уақытқа дейін сақталған Аттила тұлғасына деген папалық тақтың құрметін байқаймыз. Мен тауып алған Аттиланың бұл суретін алғаш 15 қазан 2014 жылы Алматыда өткен ұлттық Баспасөз клубының конференциясында көрсетіп жария еттім. Маған тарихшы –медиовист ретінде дәл осы 452 жылғы Амбулей даласындағы Аттила мен Лев І тарихи кездесуінен кейін шіркеу мен папалық дәуір өркендей бастағаны жайлы айта кетпеске болмас. Папа Лев І Аттиланың Римге кірмей, Империя үшін ең қауіпті сағатта тоқтатуға көндіріп, өзінің есіміне Ұлы Лев (Leo Magnus) атағы қосылды. Бүкіл ортағасырлық Еуропа мен папалық дәуір тарихы үшін бұл кездесудің ортағасырлық және одан кейінгі дәуір тарихы кезеңінде клир мен папалардың саяси дамуында орны ерекше. Папалық Еуропа және одан тыс масштабта ескі жұмыстарды өркендету үшін біртіндеп активті күшке айналды. Батыста Ғұн империясынан кейін тарихи аренаға VI—VIII ғғ. Түркілердің Авар қағанаты келді. Аварлар – бұл түркілердің орталық –азиаттық ұрпақтары. Ватиканның латын дерек көздерінде олар Avari, Avares деп аталады. Жазба дерек көздері мен археологтардың айтуынша Авар қағанаты мен Ғұн державасының тарихи байланысын - оның көптайпалылығы, Шығыстан (Алтай, Орталық Азия облыстары, Иран) Батысқа (Византия империясы, корольдіктер мен герман тайпалар одағы )халықаралық байланыстарының дамуы айқындайды. Манускриптердің латынша мәтіндерін оқи отырып, мен ғұндардан кейін VI ғ. Аварлар Батыста Ұлы халық көшін жалғастырды. Шығыс пен Батыстың өзара қарым-қатынасын зерттей отырып, Қазақстан мен түркі елі тарихына тікелей байланысы бар келесі заңдылықты Римдегі Ла-Сапиенза университеті кітапханасы мен Ватикандағы кітаптар сақталған қорлардан іздестіреміз. Сонымен, ІХ ғасырда аварлардан кейін мадьярлар миграциясы, одан соң печенегтер мен хазарлар, ХІ ғасырда – қыпшақтар, құмандар (командар) жаппай көше бастады. Енді қыпшақтар жайлы қысқаша айта кетсек. Қазақтардың Орталық Азиядағы ертедегі этнос тамыры – қыпшақтардың Дешті Қыпшақ деп аталатын өз мемлекеті мен шекарасы болған. Бұл өте ауқымды өлке: Батысында – Сырдария, Шығысында – Ертіс, Оңтүстігі – Жетісу, Солтүстігінде Еділді (Волга)алып жатқан жер. Ватикан кітапханасында еуропалық саяхатшылардың Шығыс - Орталық Азия мен одан шығысқа қарай орналасқан, яғни Монголия мен Қытай жайлы ойларына ерекше назар аудардым. Бұл тарихи көздердің ерекше типі халықаралық байланыстар тарихына, сонымен қатар тұрмыс мен шаруашылық, әлеуметтік- саяси байланыстар, дін мен діл тарихына жаңа серпін әкелді. Мен барлығы ХІІІ ғасырдың ортасынан бастап XV ғасырдың ортасына дейін Шығыс және Орталық Азияға саяхаттаған 126 есімді (өзім белгілеген)ұсынамын. Олардың көпшілігі оқырмандарға таныс емес. Тек Батыс Еуропаның жеке мамандары ғана білуә мүмкін. Мысалы ретінде келесі есімдерді алуға болады: Balduin von Hennegau, Odorico da Pordenone, Isachus Venerio (Venier), Jacobus von Florenz, Paschalis Hispanus de Victoria, Gottifredo Morosini, Giovanni Querini және саяхатшылар мен миссионерлер қатарлары. Итальян саяхатшылары, мысалы, Орталық Азия мен қыпшақ қағанаты (Khanat Кiptschak) жерлерін кесіп өтетін жолдарды ғана белгілеген. Бұл жағдайда «қағанат» анықтамасы сәйкес келеді.



1.  http://www.akorda.kz/kz/page/page_217691_kazakstan-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-ulytau-torindegi-sukhbaty 
2.  Biblioteca Apostolica Vaticana (BAV), Vaticani Latini (Vat. lat. 541, f. 67-68 R). См. также: BAV, Vat. lat. 1319, f. 96ᵛ , Vat. lat. 544, f. 183-184R

3.  Prosper Тiro. Epitoma de Chronicon, 1367, p. 482.


Қ.Т. Жұмағұлов., тарих ғылымдарының докторы, профессор, Геттинген университетінің құрметті профессоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?