Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ палуандарының киімі қашан пайда болды?

2552
Қазақ палуандарының киімі қашан пайда болды? - e-history.kz
«Тарихта көне заманнан бастап күні бүгінге дейін қазақтардың палуандар үшін арнайы күрес киімін дайындағаны туралы естіген жоқпын», - дейді ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Елемес Әлімханов.

Қазақ халқының дәстүрлі спорт түрлері мен әскери өнерлері туралы мақалаларымызды жалғастырамыз.

Палуандардың күресі біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтың ортасында қазіргі Қазақстанның аумағын мекендеген халықтың өмірінің ажырамас бір бөлігі болды. Жалпы, түркі халықтарының дәстүрлі спорттық жекпе-жек түрлері бір түп-тамырға ие, ол туралы біз алдыңғы мақалаларымызда да жазған болатынбыз. Қазақ күресінің басты ерекшелігі — палуандар партерде, яғни, тұрып күреседі.

Балуан Шолақ, Қажымұқан, Боранкүл, Молдабай, Озаман Шолақ және тағы басқа сияқты атақты қазақ палуандардың есімдері қазақ халқының тарихы мен жүрегінде мәңгілікке сақталады.

Алайда қазақ күресі — мықты палуанды анықтайтын жекпе-жек, әр тойда өтетін сүйікті көрініс қана емес, ол халықтың мақтанышы. Осы ұлттық жекпе-жек түрі бұрынғы заманда әскери өнерді игеру үшін негіз болған. Қазақ жауынгерлері күреспен айналысып, күш пен ерлікті, шыдамдылық пен ептілікті дамытып келді, ал палуандардың күресі әскери шайқастың нәтижесін алдын-ала болжап отырған.

Сонымен бірге терең дәстүрі мен ұзақ тарихы бар қазақ халқының басты жекпе-жегі ресми атауды тек кеңестік дәуірде ғана алды, ұлттық жекпе-жектің ережелері бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады, ал балуандар белдескен кезде олардың үстінде көпшілік мақұлдаған ортақ бір форма болған жоқ.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында қазақ күресімен айналысатын балуандардың алғашқы рет арнайы формасы қалай пайда болғаны туралы оны құрастырушы, профессор, Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы Елемес Әлімханов біздің порталға әңгімелеп берді.

Елемес Әлімханұлы, қазақ күресі үшін арнайы киім болмағаны туралы белгілі: етік, күрте немесе жалаңаш төспен күресіп отырған. Бүкіл әлемде танымал болған қазақ күресі үшін форманы құрудағы жұмысыңыз жайлы айтып беріңізші.

— Тарихта көне заманнан бастап, бүгінгі күнге дейін қазақтардың палуанға арнап арнайы күрес киімін дайындағандықтары туралы мәліметті естіген емеспін. Палуандар үшін арнайы киімнің дайындалғаны туралы эпостық жырлардың ешқайсысында бірде-бір соз айтылмаған. Мен өз-өзіме «неге?» деген сұрақ қойдым.

90-шы басында Жапониядан Алматыға құрамында тілшілер, операторлар, тарихшылар бар үлкен делегация келді. Сол уақытта Спорт министрлігі Алматы қаласында болатын. Олар қазақшы күресті бейне таспаға түсіру үшін арнайы келген еді. Бұл жаз мезгілі болатын, сондықтан түсірілімдер цирк ғимараты жанындағы көк шалғында өтті.

f835ca55de4327345f91b56e068e48db.JPG

Студенттер жапон тілшілеріне қазақ күресінің тәсілдерін көрсетіп жатыр (профессор Е. Әлімхановтың жеке мұрағатынан), 1992 жыл, Алматы.

90-шы жылдарға дейін балуандар самбо мен дзюдоның киімдерін киіп күресті. Солай қалыптасқан еді. Біз спортшыларды киіндіріп, техникалық тәсілдерді көрсете бастадық. Шетелдік тілшілер мұқият бақылап отырды.

20-30 минут өтіп, біз техникалық тәсілдерді көрсете көрсете шаршай бастағанымызда, олар: «Қазақтардың ұлттық күресін қашан көрсетесіз? Бұл біздің дзюдо мен самбо ғой», — деп сұрады.
Сол кезде ғана барлық мәселені киім мен күрестің атрибуттарының шешетінін түсіндік. Мен: «Бір минут тоқтай тұрыңыз, біз сіздерді түсіндік, бұл шынықтыру болды», — дедім. Күрес болып жатырған жерге қарама-қарсы М.Әуезов атындағы драма театры тұрған еді. Біз сол жерге жүгіріп барып шапандар сұрап алдық. Сосын спортшыларды киіндіріп, белбеулерін байладық. Біздің палуандарды көргеннен кейін жапондықтар шаттана айқалап жіберді: «Міне, бұл енді сіздердің ұлттық күресіңіз!». Біз қайтадан барлық техникалық әдістерді көрсете бастадық.

Осылайша, менің ғылыми-зерттеу жұмысым басталды. Бір қорытындыға келу үшін қазақ күресінің самбо мен дзюдодан басты айырмашылықтары неде екенін түсіну керек еді. Дзюдоға арналған киімнің жеңінің ұзындығы 2/3, самбода қолдың буынына дейін, ал қазақ күресінде шынтаққа дейін жетеді. Мен қазақтардың ұлттық киімдерін зерттей бастадым. Батырлардың қысқа жеңді киімдерді кигенін байқадым. Жекп-жек пен шайқастар уақытында қарсылас ұзынды жеңді жеңіл ұстап алады, сондай кезде жеңді найзамен түйреуге болар еді. Егер жау жармасып жеңнен ұстап алса, жеңілдім деген сөз. Батырлар қысқа жеңі бар киімді жайдан-жай кимегенін түсіндім.

Палуанның қазіргі киімі торғауытқа (батырдың киімі осылай аталған) ұқсас. Бұл тізеге дейін жететін шалбар мен қысқа жеңді күрте. Форманың ақырғы нұсқасын белгілер алдында біз киімдердің барлық нұсқаларын техникалық тәсілдер бойынша тексердік, қысқа жеңді киімнің тұрып күресуге ыңғайлы екенін көрдік. 1996 жылы «Техникалық дайындыққа палуанның киімінің тигізетін әсері» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Бұл туралы жақсы пікірлер келіп түсті, халықаралық патентке ие болдым және осы спорт киімі бірте-бірте еніп жатыр. Қазір бүкіл әлем біздің спортшыларымызды осы формада көріп, мұның қазақ күресі екенін біледі.

65fa402ed9cfc7559e3c94cc3fabd402.png

Қазақ күресі киіміне негіз болған батырлар сауыттарының үлгілері

Қазақта «Балағын түрініп, жеңін сыбанып күреске шықты» деген сөз бар. Бұл жекпе-жек алдындағы дайындықты білдіреді. Сонымен бірге бұл палуанның формасына да әсер етті. Моңғол, якут, грузин, қырғыз, өзбек халықтарында күреске арналған арнайы киім болды. Ал, қазақтар қандай киімде келсе сол киімде күрескен немесе шапанмен, белбеумен, белбеусіз деп келісіп отырған.
Халықаралық аренаға шығу үшін палуандардың өз ұлттық киімі мен ережелері болуы керек еді. Форманың қорытынды нұсқасын қабылдар алдында біз киімнің әр түрлі нұсқаларымен көптеген чемпионаттар мен біріншіліктерді өткіздік. Бір нұсқа бойынша тоқталмас бұрын палуан киімінің 10 нұсқасын тексердік.

23c5a6cf9f47f97c24ee65300a4ab426.jpg

Палуан киімінің бекітілген алғашқы нұсқасы

4a93e725633238826b468a9957b6ecb1.jpg

Палуан форманы сынақтан өткізіп жатыр, 1996 жыл (профессор Е. Әлімхановтың жеке мұрағатынан).

Сарапшы пікрі:
Мәскеу қаласындағы Қазақ күресі Федерациясының Президенті Владимир Резанов: «Мен қазақша күресті тануы үшін Ресейдің спорт комитетіне тапсырыс берген кезде, қазақ күресінің самбо мен дзюдодан айырмашылығын түсіндіруім керек болды. Мен палуандардың тарихи бейнелерін (көкпар, қыз қуу және т. б.) қарай бастадым. Барлығының киімдері қысқа жеңді болған. Профессор дұрыс айтады, кәсіби спортшылар және оларға тиісті жалпы киім болған жоқ, қысқа жеңі бар қарапайым киім (шапан) болды, ал қазір бізде ресми атауы бар — балуан торғауыт (торғауыт — батырдың киімі). Қысқа жеңдер тез әрекет етуге, ұстауға немесе тойтарыс беруге кедергі жасамайды.


Балуандар, мәселен, батырлар секілді қоғамның ерекше бір тобын құрады ма?

— Батырлар қоғамның ерекше тобы болды. Олар өзінің атағын шайқаста дәлелдеді, балуандар ақын, зергер, тоқымашылар сияқты бөлек қауымды құрады. Әрбір ауыл мен рудың өзінің балуандары болды. Егер олар болмаса, ру әлсіз болады деген сөз, ол румен онымен ешкім санаспаған, себебі олардың қорғайтын адамы, яғни, батыры жоқ еді. Кез-келген адамды балуан, мықты деп атамаған, бұл атақты дәлелдеу керек болды және ол атақты халық беріп отырған.

Елемес Әлімханұлы, балуандардың күші оның ұрпақтарына беріліп отырады деп айтуға бола ма?

— Қажымұқанды мысал ретінде алуға болады. Ол бүкіл әлемге танымал балуан болған, түрлі халықаралық күрестерде 49 алтын медаль жеңіп алды. Оның ұлы дене шынықтыру институтын аяқтады, күреспен айналысты, алайда кәсіби балуан бола алмады. Әкенің дарыны баласына әрдайым берілмейді, ол жетінші ұрпақта берілуі мүмкін. Қажымұқанның дене құрылысы ұлына берілді, ал табиғи күші берілген жоқ.

Ал, Қажымұқанның немересі бүгінгі күні әйгілі әнші және музыкант. Мүмкін, оның ұлы балуан болатын шығар, сонда Қажымұқан қайтып оралады.

Біраз уақыт бойы мен балаларды іріктеп алып, баланың қай спорт түріне жарамды екенін анықтаумен айналыстым. Бұл саланы неміс ғалымдары мұқият зерттеді, қазіргі уақытта да зерттеулер жүргізіліп жатыр, бірақ нәтижелері әлі жарияланған жоқ. Адамның спорттың белгілі түріне деген ынтасы мен бейімділігін балалық шақтан анықтауға болады. Оларды «оқуға» мүмкіндік беретін арнайы әдістеме, физиологиялық зерттеулер бар.

Спорттың ұлттық түрі ретіндегі қазақ күресінің белсенді жандануы өткен ғасырдың 90-шы жылдарында басталды. Осы процесте тағы қандай маңызды кемшіліктер байқалады?

— Тәуелсіздікті алғанға дейін қазақша күрес ережелерінде дәл самбодағы сияқты тәсілдерді бағалаудың балдық жүйесі болды. Себебі, бір Одақта өмір сүрген кезде барлық одақтық республикалардағы халықтардың күрес түрлері бір балдық жүйемен бағалансын деп, Мәскеу еріксіз көндіріп отырған. Оған дейін қазақша күресте балдық жүйе болған жоқ.

1929 жылы алғашқы рет қазақша күрестің ережелері жазба түрінде пайда болды. Сонда бұл уақытқа дейін болмаған салмақтық категорияларды енгізе бастады. Күреске арналған кілем, төрешілікті енгізді, осының барлығы кеңестік уақытта пайда болды. Оған дейін қазақша күресте салмақтық категорияларға бөлу болмаған, 50 кг салмақтағы балуанның 100 кг салмағы бар балуанмен белдесуі әбден мүмкін еді. 

Үлкен салмақтағы күші көп адам балуан деп саналды. Жылмаң, жүйрік болсаң да күштің сыртқы көрінісі міндетті түрде болуы керек. Үш баға ғана болды: жеңіс, жеңіліс, тең ойын. Жапондықтарда, сумо балуандарында да тең ойын бар. Кімнің жеңгенін, кімнің бірінші құлағанын анықтай алмағанда, қайта күресуге мүмкіндік береді. Біздің күресте де мұндай ереже болды, бұл «ит жығыс» деп аталады. Балуандардың бір-бірін жеңе алмаған жағдайлары да болады, сол кезде бұл тең күрес деп есептеліп, ешкім жеңімпаз аталмаған. Келесі күні жекпе-жек мерзімін ауыстыра салған, тіпті, бір ай немесе бір жылдан кейін балуандар қайта кездесіп, күресті жалғастыра алған.

Иван Поддубныйдың уақытында алты және он екі сағат бойы күрескен. Бұл қарапайым көрініс болды, белдесуді келесі күні де жалғастырған. Қажымұқан да солай күрескен. Әрине, көрермендері қызықтыру үшін, халықты келесі күні қайта жинау үшін цирк элементтері де қолданылған. Халық келесі күні де келіп, қайта ақша төлеген.

Сұраққа орал болсақ, бағалау жүйесіндегі дзюдодан алынған жаңа енгізулерге қарсымын, қайталауға болмайды деп есептеймін. Бұған қарсылық көрсетудемін, себебі балуанның әрбір әрекеті бағалануы керек, өйткені, ол еңбектенеді. Қолмен тірелу саналмайды, балуан тізеге құласа саналады. Ал қарсыласын кілемге құлату үшін күш пен техникалық тәсілдер қажет. Қолмен құлады ма немесе тіземен құлады ма мұны бағалау керек, сонда ғана спортшы құламайды. Моңғол күресі неге сондай ауқымды? Себебі ондағы әрбір жанап өту — бұл жеңіліс деген сөз.

Енжарлық — бұл сұлулық емес, күрес әдемі және пәлсапалық болу керек, яғни, күш, әділдік және техника бір мезгілде көрініс табуы керек. Күрес те сондай болды, бірақ біз көптеген дәстүрлерімізді жоғалтып алдық. Кеңес уақытында мектеп бағдарламасы мен спорт мектебі бағдарламасында спорттың ұлттық түрлері туралы бірде-бір сөз айтылмаған, деп мен өзімнің докторлық диссертациямда жаздым. Ал, бүгінгі күні қаншама жоғалтып алған түрлерді есептемегеннің өзінде ұлттық ойындардың 315 түрін таптым. Әрбір ойынның пайдасы бар, олардың психологиялық және қолданбалы функциясын түсіну керек. Асық ойынында оның ептілік, дәлдік, тең салмақтылық, математикалық логиканы және т. б. дамытатын 40 ерекшелігін санап шықтым. Мен өз магистранттарыма ұлттық ойындардың биохимиялық ерекшеліктерін зерттеуге тапсырма беремін.

Людмила Выходченко


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?