Жаңа астана, жаңа мүмкіндіктер
-Менің елордаға қоныс аударуым 1998 жылдың қара күзінен басталды. Жаңадан бой көтерген жас астанаға келгенімде Мәдениет басқармасына қарасты тілдерді дамыту департаментіне жетекші маман болып жұмысқа орналастым. Осы қызметте жүргенімде қала әкімінің орынбасары композитор Төлеген Мұхамеджанов маған «құда» түсті.
Жеке шақырып: «Астана бәрімізге белгілі тыңның орталығы болған жер, тіл мәселесі қиын екен. Жақында сіз қызмет ететін департамент қызметкерлері келіп анықтама қағазын толтырып кетті. Әкім ренжіңкіреп отыр.
-Маман тауып сектор аш, — деген тапсырма берді. Ол адамның халыққа сөзі өтетіндей болсын дегенді және қосты» деді. Ойланайын деп мұрсат сұрадым. Пендішілікпен іштей жалақыны да салыстырып тұрмын. Жаңа қызметтің жалақысын қомсынып та тұрмын. Алайда, ақылдаса келе, тілге деген жаңашырлықпен, қарлығаштың қанатындай болса да су сепкендей өз үлесімді қосайын деген оймен жаңа қызметке бел шеше кірістік.
Кейінірек жұмыс ауқымы кеңейгесін, секторды бөлімге айналдырсақ деген ойымызды әкімге ұсындық.
Әкім ойлана келе, ұсынысымызға қолдау танытты. Бір жылдан соң бөліміміз басқармаға айналды. Ол уақытта бүкіл облыстардағы тілдерді дамыту басқармалары тарап кеткен кез болатын. Тек қана Қарағанды облысында ғана бір басқарма қалған еді.
Ономастикада ойлылық қажет
Ономастика комиссиясының төрағасы Төлеген Мұхамеджанов болды. Елордаға енді келіп жатқан мүйізі қарағайдай зиялы қауым өкілдерін комиссия құрамына жинадым. Атай кетсем, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, бұрынғы Целиноград кезінен тілдің туын көтеріп жүрген Нұрғожа Ораз, қазіргі депутаттар Алдан Смайыл, Оразгүл Асанғазықызы секілді белгілі-белгілі адамдар көше атауын қазақыландырумен бел шеше айналысты. Көше атауларын өзгерту тұрақты түрде жүріп отырды.
Ойлана келе шаңырағын енді көтерген елордадағы алғашқы тіл басқармасының жұмысын үш бағытта қою керек деп шештім:
Бірінші тіл үйрету мәселесі күн тәртібіне шықты. Шымкенттік әріптестердің әдісін пайдаланып, жарғысын дайындап тілді оқыту орталығын аштық. Алматыдан Өмірзақ Тоқтасыновты жұмысқа шақырып алдық. Бірлесе отырып, «Руханият» орталығының жұмысын жандандырдық.
Екінші, қала мекемелеріндегі тілдің жағдайын көтеру болды. Жүйелі тексеруді жолға қойдық. Тексеретін мекемеге алдын-ала хат жіберіп, ескертіп отырдық. Біткен соң қала әкімінің орынбасары Т.Мұхамеджановтың деңгейінде тыңдаулар өткізіп отырдық. Бұл жерде тыңдауға мекеменің бірінші басшысы келуі тиіс деген принципті күн тәртібіне қойдық. Басшы емес орынбасарлары келсе Төлеген Мұхамеджанұлы «Басшыларыңызға сәлем айтыңыз, қолы тигенде келсін. Ол келмей өткізбейміз» деп тыңдауды таратып жіберетін. Осыдан келіп көп адам ішін тарта бастады. Кезекті науқан деп ойлаған кей, ағайындар бізбен санасып, көзқарастары өзгерді.
Сол тұста ғой «Астана, ақшамы» газетіне «Тіл игеру, тың игеруден-де қиын» деген мақаламның шығатыны. Шындығында солай еді, тың игеру деген жұмысшы күшін төгіп жіберер қара жұмыс болса, бұл жердегі тіл саясаты деген өте нәзік дүние еді. Адамдардың тілін тауып қамырдан қыл суырғандай ептілік қажет болатын.
Үшінші, ономастика мәселесінде ұсыныстан тапшылық болған жоқ. Аталарына көше сұраған үлкен, ағаларымыз да болды. Өмірден өтсе, әруақтары кешірсін. Соларғақырын отырып, тілін тауып түсіндіруге тура келген кездер көп болды. Есімде қалғаны мына бір, ақсақал болды. Күніге кабинетімнен шықпайды. Қашан келсем-де күтіп отырады, сондағысы көше атауы не болды екен деген бір, ақ сауал. Бір хатына жауап берсек, екінші, үшінші хаттарын жаңбырдай жауғызып, жалықпайтын жан екен. Қадалған жерден қан алады дейтіннің нақ өзі. Бір күні келіп жүйкесі жұқарған-ау, дауыс көтерді: «Оннан-мұннан жиналған келімсектер билей бастадыңдар, бұл біздің жеріміз. Жергілікті жердің тумаларына көше атауын бірінші беру керек» деп әңгіртаяқ орнатты. Не істейін, ұрысуға болмайды, ол кісі қалай дауыс көтерсе-де жарасатын жасы үлкен кісі. Болмағасын, аға, сізге құпиям мен сырымды айтайын, қолымда тұрғанда өзіме-де бір көше алып қалған жоқпын деді. Ой саппас деп санын бір салды да шығып жүре берді. Қайтып бой көрсеткен жоқ. Осындай да қызықтар болған. Жалпы ономастика деген ойланып барып шешім қабылдайтын сала.
Менің таңғалғаным жергілікті көп адамдар қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылды. Кеңес сұрап, баяндамалар жіберіп тұрды.
Аудармашы мәселесін көтердік. Әкімнің атына хат жазып, әрбір мекемеде аудармашы болса деген ұсыныс бердік. Аудармашы тіл басқармасының жолдамасымен барса, алдымен бізден тәжірбиеден өтсе дедік. Осылайша қаншама адамға жұмыс тауып бердік. Ол кезде тіл басқармасы тексеріп келсе, КРУ-дың кем қорықпайтын. Аудармашы болып барып, мекеме басшысының орынбасарына дейін көтерілген жігіттер болды. Мұның бәрі тілдің арқасы деп білемін.
Осылайша көз алдымызда көркейген Астана күн өткен сайын жаныма жақын бола түсті. Жұмыс бабымен алысқа ұзап, Астанаға жақындаған сәтте жүрегім алып-ұшып туған үйіме келгендей сезімді бастан кешемін. Елордаға қолдан келгенше еңбегімізді сіңіруге тырыстық. Қай кезде-де жаңа басталған іс берекелі. Елорданы дұшпан да мойындайтын қалаға айналды. Жаңа қоныс елімізге құт болды.
Жазып алған Олжас БЕРКІНБАЕВ