Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлт болашағының жаңа серпілісіне апарар жол

1995
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы  ұлт болашағының жаңа серпілісіне апарар жол - e-history.kz
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жариялағанына да биыл үш жыл толыпты.

Сынаптай сырғып жатқан уақыт, үш жыл да зымырып өте шығыпты. Осы күнге дейін Еліміз қаншама оқиғаларды бастан кешіп үлгерді. Бүгінде әлемде орын алған төтенше жағдай болмағанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үш жыл толғанын бұқаралық ақпарат құралдары мен әртүрлі ғылыми мекемелер мен ғылыми орталықтар жарыса атап өтіп, ғылыми семинарлар мен шаралар өткізіп жататын еді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы Елге не береді деген сұраққа жауап беру үшін, ол сұрақты әр қазақ өзіне қою керек сияқты. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан артық уақыт өтсе де, әлі кеңестік идеологияның қамытын шешкісі келмейтіндер жетерлік. Қамыттың мойынынан шешілгенін білсе де әбден жауыр болған аттай орнынан қозғалмай, есеңгіреп тұрған жұртқа қамшы боларлық, селт еткізерлік бастама деп түсіну керек.

Арғысын айтпағанда жетпіс жыл бойы кеңестік дәуірдің ертұрманын арқасынан шешпей мінілген қазақ жұртына, енді босаған кезде жерге бір екі рет аунап - аунап алып дүр сілкінген аттай тұру керек. Қазақтың тура балама сипатымен бұл бағдарламаның негізгі ойы да, тұжырымы да осы болса керек. Ал оны саналы оймен түсініп, салмақты қабылдау жетіспей тұрған сияқты. «Ымды түсінбеген, дымды да түсінбес» дейді дана халқымыз. Бастама жасалды ма, оны қолдау іске асыру тек бас қосып жиын өткізумен шектелмеуі керек.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған жұмыстар мүлде жоқ деуге де болмайды, бірақ бұл үш жылдық немесе бес жылдық бағдарлама емес. Жалпы ұлтты ұйытатын, үздіксіз жұмыс жасайтын тарихта белгілі «Манифест» немесе «Қытай патриотизмі» сияқты санада нық орнап терең түсіндірілуі керек.

Осы бағдарлама қолға алынғаннан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Батташұлының бастамасымен қомақты шаралар атқарылды деп айтуға болады. Оның бір дәлелі университет ғимаратында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орталық штабы құрылып жұмыстардың ары қарай жандануына себепші болды.  

Сонымен бірге бүгінгі күні университетіміздің 13 факультетінде арнайы «Рухани жаңғыру» пәнінің оқу бағдарламасы тарих факультетінде жасалып, университет студентеріне міндетті оқу компоненті ретінде оқытылады. Атқарылған ауқымды шараларды әлі де тереңдете дамытып ұлт үшін жұмыс жасауға бағыттау қажет.

Елге, жерге жасаған қызметің үлкен кішісі болмайды, сол себепті осы бағытта тарих факультетінің әрбір ғалымдары өз бағыттарында сүбелі үлес қосуда.

Осындай сүбелі шаралардың қатарында университет ректоры Ерлан Батташұлының тікелей араласуымен археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұ.Ү. Үмітқалиев бастаған археолог ғалымдары халқымыздың даңқты батыры 1916 жылғы Торғай көтерілісінің батыры Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының сүйегін Ұлы Жыланшық өзені бойынан іздестіру жұмыстары мен Кейкі батырдың өмір тарихына қатысты зерттеулер жасалынды.

Бағдарлама негізінде сонымен қатар «Қазақстанның қасиетті мекендері» аты бағытта үлкен зерттеулер жүргізіліп, оның Республика деңгейінде және облыс деңгейінде маңызы бар ескерткіштердің картасы жасақталуында археология және этнология кафедрасының профессоры Жамбыл Омарұлы Артықбаев қомақты жұмыстар атқарды.

Кафедра ғалымдарының үлкен жұмыстарының қатарына белгілі ғалым, археолог Кемел Ақышевтің зерттеулерімен ашылған Бозоқ ортағасырлық ескерткішінің зерттеулерін айтуға болады. Кемекеңнің ісін жалғасытрушы белгілі археолог ғалым Хабдулина Марал Ғалымжанқызының қайраткерлігімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Еліміздегі маңызды деген үш кешенді ескерткішті ашық аспан астындағы музей ісіне айналдыруды осы «Бозоқ тарихи-мәдени қорық музейінің» құрылуын мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі күні өз алдына отау тіккен «Бозоқ ашық аспан астындағы музейі» өзінің қалыптасу кезеңдерін бастан өткеруде. Бұл да болашақ Ел игілігі үшін патриоттық бағытта жұмыс жасайтын  және Елорда қонақтарына танымдық қызмет атқаратын орын болары сөзсіз.

Факультет деңгейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш жыл көлемінде атқарылып жатқан ғылыми семинарлар мен дөңгелек үстелдер және жекелеген білім алушыларға өткізілетін кураторлық сағаттармен қоса арнайы бағытты зерттеулерді де айта кетуге болады.

Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары Абай, Жарма, Аягөз аудандарының териториясында археологиялық және этнологиялық барлау жұмыстарымен қатар зерттеу жұмыстары да жүргізіліп келеді. Осы зерттеулердің қорытындылары Ресейдің Новосибирск мемлекеттік ғылыми зертеу институтының мамандарымен және Жапонияның Цукуба қаласындағы Цукуба университетінің мамандарымен бірлесе сан-салалы пән-аралық зерттеулер жасалуда. Атап айтқанда осы өлкелердегі, қола және ерте темір дәуірлерінің мәдениетінен хабар беретін археологиялық табылымдары мен рухани мәдениеті мен дүниетанымынан хабар беретін ғұрыптық дәстүрлердің мәліметтері болып отыр. Олардың қатарында қола дәуірінің асықтары мен конькилері, сүйектен жасалған әшекейлері мен қола және алтын заттары. Ал ерте темір дәуірінің дүниетанымы мен көне мәдениетінен табылатын аңдық стильдегі әшекейлері мен адам бас сүйектеріне жасалған трепанациялар әлем ғалымдарының назарын аудартып отыр. Бұл бағытта Қазақстан археологиясын таныту мақсатында бірнеше жоғары рейтингті журналдарға мақалалар жарияланып, патенттер алынған болатын.

Үстіміздегі 2019 жылы археология және этнология кафедрасының ғалымдары екі шаруашылық келісімі негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жандандыру бағытында өз зерттеулерін жалғастырды. Олардың бірі Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту орталығының қолдауымен жасалынған «Батыс Қазақстан облысының кейбір аудандарының тарихи топонимиасы» болса, келесі жоба Қарағанды облыстық мәдениет  және мұрағаттау басқармасының қолдауымен «Сарыарқаның тастағы таңбалары» атты жоба аясында Сарыарқа даласындағы петроглифтерді зерттеу мен туризм мекеніне айналдыру жұмыстарының бастамасы жасалынды.

Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің тарих факультетінің ұстаздар қауымы бітіруші түлектердің осы бағытта жұмыс жасауы үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясына кіретін тақырыптардан диплом жұмыстары мен диссертация тақырыптарын ұсынуда. Жалпы бұл бағдарламаның заңды жалғасы іспетті Елбасының жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да игі істердің бастамасы болып отыр.

Ел игілігі үшін қызмет ету әр адамның өз санасында бек орнайтын болса, «рухани жаңғыру» бағдарламасының ұлтты қайта жаңғыртуға, қайта түлетуге қосқан зор үлесі екені айқындалады. Бір ауыз сөзге тоқтаған халықтың ұрпағымыз, сондықтан бұл бағдарламаның халыққа жолдануында терең ой, салмақты тұжырым бар деп түсінуіміз керек.

Ұлан Үмітқалиев,  

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 

Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, доцент

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?