Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіз Қазақстанның демографиялық әлеуеті 

2540
Тәуелсіз Қазақстанның демографиялық әлеуеті  - e-history.kz
Еліміз болашақта әлемдік қауымдастықтағы өркениетті елдердің қатарынан қалмай нық және мығым тұруы үшін халқымыздың саны өсуі керек

Қазіргі жаһандық үдерістер жүріп жатқан өркениетті әлемдік қауымдастықта еліміз өз орнын иеленіп, өзге елдермен терезесін теңестіре бастады. Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бергі ғасырға татырлық үлкен табыстарға қол жеткізіп, іргелі елдердің көшіне ілесе алды. Біздің мемлекетіміздің әлі де нығайтуына қатысты бар аса маңызды мәселелердің бірі – ол демографиялық ахуал жағдайы. Осыған орай Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев әлем халқының демографиялық ахуалына қатысты мынадай мысалдар келтірді: «Жаһандық демографиялық теңгерімсіздік күн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпы әлемдік тренд – адамзаттың қартаюы. Енді 40 жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жауапкершілігіне сөзсіз әкеледі. 

Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түсті. Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35. Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар» [1]. Яғни, елдігімізді сақтауымыз үшін қазақ халқының саны өсуі керек. Оған мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуы қажет. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі баянда болуы үшін демографиялық саясаттың механизмдерін жетілдіруіміз керек. 

Совет Одағының ыдырауы мен жаңа құрылған тәуелсіз мемлекеттердің нарықтық қатынасқа ауысқан өтпелі кезеңі күрделі демографиялық толқындарын туғызды. Бұл жағдайды егемен еліміз – Қазақстан Республикасы да бастан кешіруге мәжбүр болды. Өтпелі кезеңдегі демографиялық процестердің негізгі ерекшелігі – халықтардың жалпы саны азаюы, өлім-жітімнің көбеюі, бала туудың кемуі, осының салдарынан табиғи өсімнің құлдырауы. Мұндай белең алған теріс бағыттарға қоса, республикадан алыс және жақын жерлерге бағыт алған көші-қон толқындарының кең өрістеуі де халық санын күрт төмендетіп жіберді.

fdeea420ab82c1efa1b941e06dda7062.jpg

Егемендіктің алғашқы жылдары кезінде үдеріс алған демографиялық дағдарыстың ең ауыр салдары – Қазақстан халқы 1989-1999 жылдар аралығында 1,5 млн-нан астам адамға, яғни 8,2%-ға азайды. Халық саны азаюы 2002 жылға дейін созылып, 2003 жылдан бастап аз да болса өсе бастады. 2005 жылдың басында 15 млн-нан асты. Бұл жағдайдың негізгі себебі тек 1991-1999 жылдарда сыртқа кеткен көші-қон нәтижесінде республика халқы 1 млн 54 мыңнан астам адамға кеміді. 

Сыртқа кеткендердің басым көпшілігі өз тарихи отандарына қайта оралғандар еді, олардың ішінде тек 1993-1998 жылдары 1 млн-нан астам шығыс славян (орыс, украин, беларусь), 400 мыңға жуық неміс болды. Қазақстандағы қазіргі демографиялық ахуал және шетелдердегі қазақтар мен оралмандар мәселелеріне қорытынды жасай келгенде, қазақтар қалай көбейеді деген сұрақ туындайды. Ол заңды да, себебі ұлан ғайыр жері бар, ал халқының саны бар болғаны 15 млн ғана Қазақстан мемлекетінің әрбір шаршы километріне 5,5 адамнан келіп, әлемдегі халық аз қоныстанған елдер қатарына жататыны үлкен ой және қатерлі күдік туғызады. Ұлттық қауіпсіздігімізді сақтап қалу және экономикамызды жаңа еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін Елбасымыз 2015 жылға дейін республика халқы санын 20 млн-ға жеткізу қажеттігін баса айтып келеді. 

Міне, сондықтан халықтың санын көбейтіп, құрамын нығайтатын, тарихи-демографиялық сала айқындаған екі жолды, табиғи өсім мен сырттан келетін көші-қонды оң пайдалану керек. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе жаңа отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың жас ұрпақтарына Үкімет тарапынан жан-жақты, нақтылы, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылуы қажет. Бұл жөнінде совет заманындағы бай тәжірибені қайта жандандырып, кеңейтіп, байта түсу, ол үшін мемлекеттік қор құраған да жөн. Ал сырттан келетін оң көші-қонға келсек, шетелдердегі қазақтарды елге қайтару үшін мұнан да күрделі шаралар іске асса жөн болар еді. Мүмкіндігінше квотаны шектемей, егер оны алып тастауға болмаса, қазақтар тұратын шет мемлекеттермен дипломатиялық жолмен көші-қон үдерістерін жеңілдетіп, тездету, ал көшіп келгендер үшін барлық жағдайды жасау да керек [2]. 

Әлемге шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, алқалы жиналыс өткізген Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойлау, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдыр-талайымыздың қалай өрілетінін талқылау. Құрылтай барысында әлем қазақтарының ұйытқысы болатын қауымдастық құрылды. Ең бастысы – тұңғыш Құрылтай алыстағы ағайынның елге оралатын ұлы көшіне қозғау салып берді.

c171ff45b31be66643d5f95082752b6e.jpg

2002 жылы қазанның 23-інде Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы өткізілді. Қалай көшіп келу, білім алу, еңбек ету мәселелері қаралды. Қазақстанға 2 млн қазақ көшіп келуге дайын отырған. Дүнижүзі қазақтарының ІІІ Құрылтайы 2005 жылы 28-30 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткізілді. Бұл құрылтайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1991 жылы бастап 2005 жылы шілде айына дейін елімізге барлығы 110 мың 591 оралман отбасы қоныс аударғандығын айта келіп, еліміздегі қазақтардың саны алты жүз мыңға жуық адамға көбейгендігін атап өтті. Елбасы тағы бір тоқталған мәселе: әлемдегі әрбір үшінші қазақ шет елдерде тұрады. Сондықтан, олардың бәрін бір мезгілде туған Отанына көшіруге мүмкіндік жоқ екенін ашық айтып, шет елдерден жайлы қоныс, сыйлы кәсіп пен қадір-құрмет көріп отырған қандастарымызғға екі ел арасын жалғастыратын алтын көпір ретінде жылы орындарымызды суытпаймыз деген ағайынның да пайдасы мол деген ойын айтты. Ал олардың балаларының атамкенге келіп, білім алып, туған Қазақстанды бірге түлетуіне барлық жағдай жасалғандығын атап өтті. Бұл Құрылтай іскерлік бағытта өтті. 

Шетелдегі қазақтардың жалпы саны 5,5 млн адам болса, олардың негізгі бөлігі Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран сол сияқты Ресей мен Өзбекстанда және басқа елде де тұрады. 1991-1995 жылдар ішінде Республикаға 137919 адам келсе, оның жартысынан көбі 69819 адам немесе 5-6% жақын шетелдерден негізінен алғанда Ресей, Украина, Тәжікстан, Балтық елдері мен Кавказдан көшіп келді. Моңғолиядан 61040, Ираннан 4372, Түркиядан 2007, Қытайдан 443, Ауғанстаннан 18 адам оралды.

2000 жылдардың басында жақын шетелден келушілер легі көбірек болды. Әсіресе көрші елдердегі экологиялық апатты аудандардан өз бетімен келгендер көп болған. Келгендер ауа-райы қолайлы, бірақ жұмыс орындары аз оңтүстік аймақтарға орналасуда. Өзбекстанға квотаның көп бөлінуіне қарамастан, квотадан тыс келушілер легі өсуде. Квотадан тыс келген оралмандарға да алғашқы кезде көрсетілетін бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілуі қажеттілігі, олардың қазақстандық ортаға бейімделулерін жеңілдетер еді. Сондай-ақ, қазақтар жиі орналасқан сырт жерлерге барып, көші-қон жұмыстарын алдын ала дайындайтын, ұймдастыратын шағын мемлекеттік ұйымдар ашылса. Бүгінде шетелден келген этностық қазақтардың ең көп қиындық көрсеткен мәселесі – тұрақты тіркеу. Тұрақты тіркеуі жоқ адам оралман куәлігін ала алмайды, яғни жұмысқа да орналаса алмайды. Бұл алыстағы отандастарымыздың атажұртқа келуіне үлкен кедергі болып отыр. Осындай олқылықтардың шешім табуы шетелдегі отандастарымыздың атажұртқа көптеп келуіне бұрынғыдан да кең жол ашар еді [3]. 

Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде «этносаралық келісімді нығайту ұдайы күш-жігер жұмсауды қажет етеді» деп, ұлтаралық қатынастардың өзінен өзі реттелмейтіндігіне, олардың астарында сан алуан әлеуметтік, саяси, психологиялық қайшылықтар барлығына назар аударады. 

Жаһандану заманында ұлттар мен ұлыстар, бір жағынан, топтасып, өзара байланысып, біртұтастыққа икемделсе, екінші жағынан, бұл үрдістердің ұлттар арасында күрделі қайшылықтар тудырып, ұлттық мемлекеттер мен олардың мәдениетінің тағдыры алаңдатып отыр. Тәуелсіздік алып, ұлтына төнген қауіпсіздікті сезінген қазақ ұлтының біраз өкілдері бүгін ана тіліне, мәдениетіне, дәстүріне бет бұрды. Бүгінгі ұрпақ ұлттық құндылықтар арқылы кешегі ұрпақпен де, ереңгі ұрпақпен де байланысуға мүмкіндік алады. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұлттық патриотизм өскен сайын басқаларды шеттету заңдылыққа айналады деген болжамдар ақталмады. Қазақ ұлты жалаң этнопопулизмге бой алдырмады. Еліміздегі этностар да күрделі мәселелерді ой елегінен өткізіп, жаңа этно-ахуалға бейімделуде. 

Жаһандану қазақ ұлтының болмысына әртүрлі деңгейде ықпал етуде. Этностарға ішкі ұлтаралық ахуалдың да, тарихи отандарының да ықпалы бар екені анық. Біртұтас қазақстандық қоғамдағы күнде өзгеріп тұратын күрделі ұлтаралық мәселелерді біржола шешу мүмкін емес, оны реттеу – қоғамның, мемлекеттің, әр азаматтың күнделікті парызы [4]. 

2839c8926fa2e78937d653b85d1b6846.jpg

Тәуелсіздік жылдарында 1 миллион қандасымыз қайта оралды. Оның өзі – үлкен жақсылық. Себебі, қазіргі жаһандық жағдайда ұлтының ұлт болып сақталуы үшін көп мәселені ескру қажет. Соның ішінде халық саны өсуі керек. Ал, халық негізі екі түрлі жолмен көбейеді. Біріншіден, жергілікті жұрттың табиғи өсіміне жағдай жасап, мемлекет тарапынан қамқорлықты әлде болса жақсартып, күшейте түсу қажет. Екіншіден, шет мемлекеттерде шашырап жүрген қазақтардың елімізге келуіне, тұрақтанып тұрып кетулері үшін көрсетілетін көмектерді нақтылау және қадағалау қажет. Сондай-ақ, оларды ортаға бейімдеу, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері мемлекеттік деңгейде жете бақылануы тиіс. 

Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей еліміздің басты байлығы – халық екені баршаға мәлім. Сондықтан, еліміз болашақта әлемдік қауымдастықтағы өркениетті елдердің қатарынан қалмай нық және мығым тұруы үшін халқымыздың саны өсуі керек. Яғни, қазақ халқы алдағы уақытта іргелі елге айналып, тәуелсіздігін баянды етуге сәтті қадамдарды қазірден айқындай түсуі қажет. 

Қанат Еңсенов, тарих ғылымдарының кандидаты 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан, 15 желтоқсан, 2012. – 1-5-бб. 

2. Асылбеков М. Х. Қазақтар қалай көбейеді? // Егемен Қазақстан, 9 желтоқсан, 2012. – 5 бет. 

3. Нұрымбетова К.Қ. Тәуелсіз Қазақстандағы репатриация мәселелері мен болашағы: тарихи талдау (1991-2008 жж.). Тарих ғыл. канд. дәр. алу үшін дайындалған дисс. Авторефераты. Алматы, 2010. – 17-б. 

4. Айталы А. Ұлтшылдық пен ұлтсыздық // Егемен Қазақстан, 27 маусым, 2012. – 3-б.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?