Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тұрар тұлғасын қашан танимыз?

3270
Тұрар тұлғасын қашан танимыз?   - e-history.kz
Кейбір еңбектерде Т. Рысқұловтың саяси қызметі туралы объективті тұжырымдар айтылмады. Авторлар Тұрардың саналы қызметінен тек «ұлттық ауытқуды» ғана көрді

Туған халқын азаттық жолындағы күреске бастаған қазақ зиялыларының көш басында тұрған мемлекет қайраткері, аса ірі саяси жетекшілердің бірі – Тұрар Рысқұлов.

Оның есімі бізге, келер ұрпаққа өзінің нағыз адам-дығымен, шығармашылығымен, халқына қалтқысыз беріле кызмет етуімен, халқы үшін қандай қиындықтан болсын да мойымай, өз мүддесінен ел мүддесін мың есе биік қоюымен бағалы [1, 440]. 

Т. Рысқұлов – Қазақстан мен Орта Азия халықтарының 20-30 жылдардағы тарихында ерекше зор роль атқарған саяси қайраткер [2, 3].

Оның азаматтық тұлғасы, қоғамдық қайраткерлік қызметі ұрпақтан ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық әдебиеттегі асқақ та айбынды образы өзі сүйген, өзін сүйген туған ел-жұртына етене таныс әрі ыстық [3, 1].

Дегенмен қазіргі таңда Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси, тарихи тұлғасын толық танып болдық деу әбестік. Себебі, ол туралы сонау 1920-ншы жылдардың басында-ақ жағымды-жағымсыз пікірлерге толы материалдар жарияланып, қоғамдық ой нақты жүйесін таппады. Соның салдарынан түркі тұтастығын, бірлігін аңсаған атпал азаматты біресе «пантюркист», «панисламист» деген жалған жаламен қаралады.

Өткен ғасырымыздың 30-ншы жылдары қазақ зиялыларын жаппай жазалау басталғаннан соң-ақ қоғам қайраткерлерінің, оның ішінде Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметін зерттеу жабық тақырыпқа айналды.

Ал, өткен ғасырдың 60 жылдарының бірінші жартысында кейбір саяси қайраткерлер, мәселен, Тұрар, Сәкен, Бейімбет, Ілияс және тағы басқалары қызметінде қылмыс құрамының болмауына байланысты істің тоқталғандығы және олардың ақталғандығы туралы КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының шешімі жарияланды. Міне осы кезден Тұрарды «қызыл», «жалынды революционер», «коммунист» деп «ақтау» басталды.

Соның салдарынан, шындық жарым-жартылай ғана ашылып, көбінесе жалтақ пікірлер үстем болды. Тұрар тұлғасына қатысты пікірлерді XX ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы қоғамдық-саяси қозғалыс тарихы мен кеңестік құрылысты талдауға арналған еңбектерден табу қиын емес. Әрине, мұнда Т.  Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі, көзқарастары тиісті тұрғыда бағаланбады. Олар сол кездегі партиялық идеологияның талаптарынан аса алмады.

Кейбір еңбектерде Т. Рысқұловтың саяси қызметі туралы объективті тұжырымдар айтылмады. Авторлар Тұрардың саналы қызметінен тек «ұлттық ауытқуды» ғана көрді.

Солай болғанымен де, найзағайдай жарқ етіп, алғашқылардың бірі болған, мемлекетіміздің бас газеті  «Егемен Қазақстанда» (сол кездегі «Социалистік Қазақстан»)  көлемді мақала жариялап, Тұрар рухын ұлтымен қауыштырған журналист Рахмалы Байжарасов еді. Автор Тұрардың өмірбаянын, мемлекеттік қызметін, жалпы қоғами көзқарасына жоғары баға бере келе: «Тұрар Ырысқұлов жұмысының көптігіне қарамастан, қазақ халқының тарихы, қазақ халқының совет заманында өркендеуі туралы киелі тақырыптарды зерттеп, бірсыпыра еңбектер жазды. Оның Қазақстан тақырыбына жазған елуден аса кітабы мен мақалалары бар. Ырысқұловтың қалдырған бұл мұралары ғалымдардың зерттеуін және пайдаға асатындарын кәдеге жаратуды күтеді» деп түйіндейді [4, 3].

«Егемен Қазақстанның» сол жылғы бір санында  Р. Байжарасов мақаласы сыналады. Бас мақала авторсыз берілген. Белгісіз автор: «Тарихи шындықты бұрмалауға болмайды! Ырысқұлов бастаған ұлтшылдардың теріс әрекеттерін Қазақстан партия ұйымының активі сол кездің өзінде-ақ бірауыздан батыл айыптаған болатын. Қарт қазақ большевиктердің бірі Ә.Жанкелдин және басқа да көптеген қазақ коммунистері бұрынғы жауапты қызметкерлердің тарапынан жүргізіліп отырған жікшілдік күрестің партия ісі үшін, халық үшін зиянды екендігін атап көрсетіп, мұндай іске төзуге болмайтындығын баса айтты. Қазақстан өлкелік партия комитеті мен өлкелік бақылау комиссиясының республика партия активінің қатысуымен 1926 жылғы 18 декабрьде өткен біріккен мәжілісі ұлтшылдардың антипартиялық әрекеттеріне бір ауыздан қарсы шығып, өздерінің Орталық Комитетті және оның ұлт мәселесі жөніндегі саясатын толық қолдайтындығын білдірді.

Ырысқұловтың осындай қателерін кездейсоқ нәрсе деп есептеуге бола ма? Жоқ, бұлар кездейсоқ болған қателер емес» [5, 2] дей келе автор, сондықтан да: «Баспасөз, баспа орындарының және барлық творчестволық ұйымдардың қызметкерлері маркстік-лениндік теорияның тазалығын бұдан былай да көздің қарашығындай сақтап, пролетарилық интернационализм мен халықтар достығын тынбастан насихаттай отырып, Совет Одағы Коммунистік партиясының даңқты тарихы мен теориясын бұрмалап, оған ревизия жасаушылықтың зәредей де көріністеріне қарсы ымырасыз күрес жүргізуге тиіс екендігін» ескертеді. Орталық Комитеттің негізгі басылымында жария-ланған бұл мақала қалың оқырманды дүдәмәл ойға түсіріп, есеңгіретті. Сөйтіп Тұрар туралы ашық айту тағы да тұйыққа тірелді. Олай болуы «жеке басқа табынушылық» жойылғанына сенер-сенбестей күй кешкен халықта біркелкі психология жоқ еді. Бірлі-жарым зиялылардың пікір еркіндігі шектелді. Араға 8 жыл уақыт салып тарихшы С. Бейсембаевтың, кейінірек Көлбаев екеуінің зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл Тұрар Рысқұлов туралы ең алғашқы арнайы зерттеу жұмысы болғанымен, алайда авторлар өз уақыттарының сірескен идеологиялық талаптарынан аса алмай, Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің жұпыны құжаттарға негізделген қысқаша хронологиялық сипаттамасын жасады [2, 9].

Бұдан кейін жарық көрген ғылыми-танымдық дүниелердің ішіндегі шоқтығы биігі В.М. Устиновтың  еңбектері болатын [6]. Алайда, бұл оқулық тек орыстілді оқырманға арналды. Сол сияқты Тұрар Рысқұлов шығармаларының 1984 жылы шыққан, 1997 жылы шыққан жинақтары да орыстілді аудиторияны өзіне тартты.

Тіпті 1984 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан қазақ тіліндегі жинақ орысшаның толықтай аудармасы болып, бұрмаланған субъективті пікірлерді қамтыды. Себебі жинаққа енген шығармаларды түпнұсқамен салыстыра қарағанда, пікір сәйкессіздігі мен мағынаның бұрмаланғаны айқын көрінеді.

Ұлт тілінде жарық көрген толымды дүниелер деп Е. Күзембаев [7], М. Серікбаев [8], Т. Омарбеков [9], М.  Қойгелдиев [10], О. Қоңыратбаев, О. Сәбденов [11], О. Қоңыратбаев, А. Жүнісбаев [12], А. Доғаловтың [13] есімін атау ләзім.

Әсіресе, О. Қоңыратбаевтың «Т. Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметінің Түркістан кезеңі» аталатын еңбегі – тәуелсіздікпен қоса дүниеге келген ерен еңбек. Онда тұңғыш рет Тұрар Рысқұловтың табиғи болмысына  тың барлау жасалынып, жоғары баға береді. Тұрар  туған ортадан, ержетіп білім қуған, азамат атанып ел басқарған өмір белестері архив  құжаттарымен қоса өріліп, көркем суреттелген. Еңбек қазақтың сол замандардағы зиялы қауымының бірлік, тұтастықта болғанын паш ететіндігімен, ел ішіне іріткі салып, сына қағушыларға ғылыми кесек пікір-тұжырымдамалармен жауап қататындығымен бағалы.

Тұрар Рысқұловтың әдеби болмысын сомдап, келісті кейіпкерге айналдырған жазушылар қатарында алғаш рет «Оқуға ұғымды, ерекше талапты момын қара бала болашақ заманының белгісіз бір жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап ержетіп келе жатты» деп болашақты болжап, сонау 1920-ншы жылдары-ақ көрегендік танытқан алып жазушы М.О. Әуезов еді [14, 310].

Ал, «Тұрардың анты» әдеби шығармасын аяқтай алмай қапыда кеткен ірі ғалым, публицист Т. Нұртазиннің Қазақстан Республикасы Президенті архивінде сақталған жеке қорында тамаша фактілер кездеседі [15]. Сол сияқты халқымыздың бірқатар жазушыларының Тұрар туралы айтқан пікірлері жүрекке қонымды, кесек дүниелер.

Саналы ғұмырын Тұрартануға арнаған жазушы, публицист Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» роман-трилогиясы – шытырман оқиғаларға толы, тарихи құжаттармен бейнеленген сом туынды.

Ш. Мұртазаның бұған қоса драмалық шығармасы да сол жылдардың қасіретінен сыр шертетін салмақты дүние екендігі хақ [16].

Кезінде ел болашағына алаңдаған зиялы азаматтардың басым көпшілігі баспасөздің төңірегіне топтасты. Олардың қарапайым халық санасына сәуле түсірер салиқалы ойлары ең алдымен газет-журналдар беттерінен көрініс тапты [17, 9].

 

Сілтемелер:

1. Мұртаза Ш. Шығармалар жинағы. 4-том. Алматы: Жазушы, 2000, 440-бет.

2. Қоңыратбаев О. Т. Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Алматы: Қазақстан. 1994, 3-бет.

3. Ешенұлы Т. Тұрар және тарих // Егемен Қазақстан, 1996 жыл, 1-мамыр, 1-бет.

4. Байжарасов Р. Тұрар Ырысқұлов // Социалистік Қазақстан. 1960 жыл, 19 қазан, 3-бет.

5. Тарихи шындықты бұрмалауға болмайды // Социалистік Қазақстан. 1960 жыл, 29 желтоқсан, 2-бет.

6. Устинов В. Турар Рыскулов. Алматы: Казахстан, 1996.

7. Күзембаев Е. Тұрар. Алматы: Ғылым, 2004.

8. Серікбаев М. Түріктік идея Тұрардың ойынан ешуақытта шықпаған // Аңыз адам, 2011, №10, 27-бет.

9. Омарбеков Т. Қазақстанды ашаршылық құтқарған – Тұрар Рысқұлов // Аңыз адам. 2011, №10,15- бет.

10. Қойгелдиев М. Тарих тағылымы не дейді? Алматы: Қазақстан, 1997.

11. Қоңыратбаев О., Сәбденов О. Тұрар Рысқұловтың Орталық Азиядағы экономикалық қызметі. Алматы: Арыс, 2012.

12. Қоңыратбаев О., Жүнісбаев А. Мұсылман бюросы егемендік идеясының жаршысы. Алматы: Арыс, 2011.

13. Дұғалов А. Тұрар Рысқұловтың экономикалық көз-қарастары. Алматы: Арыс, 2010.

14. Әуезов М. Қараша-қараш оқиғасы. Шығармалар жинағы, 1 том, Алматы: Жазушы, 1967, 310-бет.

15. Нұртазин Т. Тұрардың анты. Алматы: Жазушы,1984.

16. Мұртаза Ш. Қызыл жебе, 1, 2-кіт., 3- кіт. 1980, 1984.

17. Жақып Б.  М. Әуезов – публицист. Алматы: Ана тілі, 1997, 9-бет.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?