Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Темірғали Аршабеков: Еліміздің көне тарихы – археологиялық зерттеулердің нәтижесі

2089
Темірғали Аршабеков: Еліміздің көне тарихы – археологиялық зерттеулердің нәтижесі  - e-history.kz
Қарағанды облысындағы Жошы хан кесенесі орналасқан аумақ үлкен тарихи археологиялық кешенге айналды. Мүмкіндік болса, осы жерге мұражай-қорық ашсақ, керемет болар еді.

Тарихшы, археолог, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражай директор орынбасары Темірғали Аршабековпен ұлт тарихының тәуелсіздік жылдарындағы табысты жаңалықтары мен жетістіктері жайында сұқбат. 

- Темірғали аға, тәуелсіздік жылдары ұлттық ата тарихымызды түгендеу жолында талантты тарихшы ғалымдар орасан зор қызмет атқарды. Кезіндегі кеңестік идеология тұсында жарық көрген кітаптардың бәрін өзгертіп, өз бағасын беру де қиынның қиыны болды. Қазақ тарихына байланысты еңбектер жиналды. Тамаша зерттеулер жарық көрді. Сіз тарихшы ретінде осы жылдар аралығында нені түгендеп, не бердім деп ойлайсыз?

– Әрине, осы кезеңде қыруар жұмыс атқарылды.  Тек қана «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан тарихы бойынша Ресей, Қытай, Арабия деректеріндегі ғылыми жарияланымдар шықты. Рухани мұра саласында «Бабалар сөзінің» 100 томдық жинағы жарық көрді. Алаштану мұрасы жаңғырды. Тұңғыш рет Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың 9 томдық, ғұлама ғалым Ш.Уәлихановтың 6 томдық, қазақ тарихының атасы Ә.Марғұланның 14 томдық жинағы жарыққа шықты. Айтуға оңай болғанымен, бұл қаншама ізденісті қажет етеді. Өз тарапымнан қосқан үлес  – 2007 жылы Кенесары хан көтерілісіне қатысты «Ақтау бекінісі» еңбегі жарыққа шықты, 2010 жылы «Сарыарқаның қолданбалы қолөнері» еңбегін, яғни облыс көлеміндегі қолөнер шеберлерінің мұрасын жалпы көпшілікке ұсындық. Қазіргі таңда «Жаңаарқа» ауданы тарихы туралы кітапты әзірлеу үстіндемін. Енді жоспарымда Қарағанды тарихы туралы, оның аудандарының тарихы мен топонимикасы туралы ғылыми еңбек әзірлеп, зерттеуді қолға алу бар. Осының бәрі, айналып келгенде, тәуелсіздік арқасында деп білемін. Туған еліміздің, Отанымыздың тарихын түгендеу арқылы болашақ жастарға өз қаласын, туған жерін, туған елін құрметтеуге баулимыз.  

-Темірғали аға, Қарағанды тарихы мен оның бай шежіресіне байланысты құнды еңбектерініңіз бар екенін білеміз. Оның ішінде Қарағанды тарихы,  Қарағанды топонимикасы, Қарағанды этнографиясы және тағы басқа тақырыптарға арналған ғылыми монографиялар, оқулықтар, ғылыми зерттеулер жарық көрді. Жалпы, сізді оқырман қауымға қай саланың маманы ретінде таныстырсақ болады?

– Әрине, бұл – менің тек азаматтық борышым. Әрбір саланың өзіндік зерттеу әдістемесі бар. Бұл өлкетану саласын зерттеуде алғаш 2002 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Е.Л. Тоғжановпен бірлесе отырып «Атамекен» еңбегі жарыққа шыққан болатын. 2004 жылы  Елбасының бастамасымен «Аймақтық мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама облыс көлемінде өте жоғары дәрежеде қолдау тапты десек, қате айтпаймыз. Бұл бағдарламаны іске асыруда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекциясы басшысы Т.Тулеуов сол кезеңде біршама қиындықтарға қарамастан,  осы бағдарламаны жүзеге асыруда көп еңбек сіңірді, тек бір ғана мысал: жыл сайын облыс көлемінде 5-6 бағытта археологиялық қазба жұмыстары, ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, халқымыздың рухани құндылығы этнографиялық зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бұл бағдарлама нәтижесінде қысқа мерзімде «Сарыарқаның көне ескерткіштері», «Қарқаралы тарихы», «Сарыарқа қазақтары» және тағы басқа жиырмаға жуық ғылыми-көпшілікке арналған басылымдар шықты. Мұны республика көлеміндегі осы бағдарлама бойынша жоғарғы көрсеткіш деп атауға болады. Осы кезеңде бірнеше жүздеген жаңа тарихи-мәдени мұра анықталды. Мен облыс білім ордасының қара шаңырағы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасында біршама жыл еңбек еткен соң, бұл зерттеулерді жүргізуге тікелей қатыстым. 

- Еліміздегі археологиялық зерттеулер экспедициясы туралы әр жерден түрлі көзқарастар айтылып келеді. Жалпы, еліміздгеі археологиялық қазба жұмыстарына сіз қандай баға берер едіңіз?

Еліміздің көне тарихы - археологиялық зерттеулердің нәтижесі. Елімізде соңғы жылдары археологиялық зерттеулер мардымды жұмыстар атқарды. Соларға тоқтала кетсек, Ақмола облысындағы Бұзоқ, Алматы облысындағы Қойлық, Талғар, Майбұлақ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан, Сығанақ, Жуантөбе, Сауран, Сидақ, Отырар, Бөріжар,  Шығыс Қазақстан облысындағы Берел, Шілікті, Сарыкөл, Батыс Қазақстан облысындағы Қырық оба, Қарағанды облысындағы Тоқтауыл, Айбас, Кент,  Талдысай, Хан ордасы, Беғазы-Дәндібай, Ақсу-Аюлы, Қызылорда облысындағы Шірік Рабат, Жанкент, Бұланды,  Қостанай облысындағы Ақкөлдегі шибанидтер, Павлодар облысындағы Әулиекөл және т.б. қоныстар  мен  қалашықтар - сол зерттеулердің жемісі.  Солардың ішінен біздің өңірге қатысты жүргізілген археологиялық зерттеулерге назар аударсақ. 2011 жылы Кент қонысын зерттеу барысында  ежелгі қала түріндегі Кент, Мыржық қоныстарынын топографиясы анықталды. Әрине, олардың барлығын Кент қонысының зиратындағы Тасырбай қорымын зерттеуден басталды. «Хан ордасы» кешені – Жошы кесенесі қазіргі үлкен археологиялық кешенге айналды. Қазақстанның орталық далалық  аймағындағы археологиялық зерттеу нәтижесінде ортағасырлық қалалардың құрылыс ерекшеліктері, олардың сол тұстағы жобалануы бәрі арнайы зерттеуді қажет етті. Сондай-ақ бұл зерттеу қатарына Беғазы-Дәндібай мен Тасмола мәдениеті ескерткіштерін де жатқызуымызға болады.  Тіпті, соңғы жүргізілген Қарқаралы ауданындағы Белдеутас маңындағы археологиялық қазба жұмыстары да біздің тарихымызға өлшеусіз қазына ретінде үлесін қосты. Өздеріңіз байқағандай, соңғы жылдары археологиялық зерттеулерге деген үкіметтің назары ауған сайын, еліміздің тарихи мұраларына, «Мәдени мұра» аясында қамқорлық та күшейді. Әлі де археологиялық қазба жұмыстарын қажет ететін тарихи орындар жетерлік. 

- Естуімізше, жыл сайын археологиялық қазба жұмыстарына миллиондаған ақша бөлінеді екен. Бірақ сол қазба жұмыстары жүргізілген жерге неге мұражай-қорық жасамайды. Көптеген ескерткіш әлі де мемлекеттің қарамағына алынбай отыр. Осының бәрі, айналып келгенде, бұл ғылым саласында да біраз қаржы бармақ басты, көз қыстының кебіне айналып отыр ма деп қаламыз.

Темірғали Аршабековтің қолындағы архивтік фото. Қарағанды қаласының соғыс жылдардағы көрінісі

– Әрине, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы біздің көне тарихымызды жаңғыртуға жұмасалады. Археологиялық қазба жұмыстары сырт көзге аз қаржы жұмсалатын болып көрінгенмен, далалық қазба жұмыстарында  бір ай шамасында  30-40 адамды тамақпен, техникамен жабдықтау біршама қаржыны талап етеді. Қазба жұмыстарынан соң зертханалық сараптама жүргізу де қомақты қаржыны талап етеді. Қазба жұмыстары жүргізілген жерге мұражай-қорық ұйымдастыру да қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Бірақ Қарағанды облысындағы Жошы хан кесенесі орналасқан аумақ үлкен тарихи археологиялық кешенге айналды. Мүмкіндік болса, осы жерге мұражай-қорық ашса болатындай еді.

- Енді Қарағанды облысындағы археологиялық қазба жұмыстары қандай дәрежеде? Бізде де аспан астындағы ашық мұражай бола алатын археологиялық орындар бар ма?

Орталық Қазақстан археологиялық мектебінің негізін 1946 жылы ғұлама ғалым Ә. Марғұлан бастады. 1970-1980 жылдардан қазба жұмыстарын профессор В.В.Евдокимов, С.У.Жауымбаев, т.ғ.к., доцент В.В.Варфоломеев, В.Г.Ломан, И.Кукушкин жүргізіп келе жатыр. Мұнымен қатар Алматы қаласының Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғалым-археологтері Ж.Құрманқұлов, А.Бейсенов осы өңірдің ерте темір дәуірі, түркі кезеңінің ескерткіштерін зерттеп келе жатыр. Тек соңғы жылдары археологиялық қазба зерттеу жұмыстары ғылыми-көпшілікке арналған бірнеше еңбек болып жарыққа шықты. Облыс жұртышылығы «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы бірнеше телехабар арқылы таныс болды. Міне, осы зерттеулерге қарап, Қарағанды облысының зерттеу жұмыстары өте жоғары деп айта аламыз.   Аспан астындағы мұражай да тек бір жерде кешенді ескерткіш ашып тастау ғана емес, сонымен бірге оған үнемі мемлекет тарапынан қаражат бөліп отыруды талап етеді.  Бұл – өте күрделі мәселе.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарқаралы ауданының Белдеутас ауылын дүрліктірген оқиға орын алған болатын. Ауылда жүргізілген археологиялық жұмыстан кейін , «Ауылды алтын адамның аруағы кезіп жүр» деп даурықты ауыл халқы. Бұл жағдайды республикалық БАҚ пен телеарналар да жарыса жазды. Енді бұл мәселеге байланысты не айтар едіңіз?

–  Бұл, әрине, қазақты көре алмаушылық және сол ғылымды түсінбеушіліктен туындады. Бұл ғалым-археолог А.Бейсеновтің көп жылдық тынбай ізденісінен табылды. Бірнеше жыл қатарынан ерте темір дәуірінің ескерткіштерін барлау-қазба жұмыстары арқасында Талды-2 қорымы ашылды. Бұл Белдеутастағы археологиялық жұмыстарға ауыл адамдары мен мектеп оқушылары да тартылды. Олар да осы жұмыстың басы-қасында болды. Енді жаңағы дүрліктірген оқиға себебін солардың бірі айта салған. Өйткені, өздеріңіз көргендей, археологиялық қазба жұмыстары барысында қорымдардағы адам сүйегі немесе түрлі жәдігерлер оларға таңсық көрінеді. Ол да - шошып, секем алған ауыл тұрғындарының біреуінің дақпырт сөзі.

- «Мәңгілік ел» идеясының тарихымызбен тікелей қатысы бар ма? Біздің бабаларымыз да мәңгілік ел болуды ойлап, ұрпағына осыншама бай тарихты мұраға қалдырған болар. Сіз «Мәңгілік ел» идеясын қолдайсыз ба?

- "Мәңгілік ел" - біздің мемлекеттік идеологияның ұстанымы. Елбасының Атырау іссапарында айтылған «Қазақ елі» идеясы барша халықтың тілегі болуы қажет. Тәуелсіз мемлекеттің жоспары, мақсаты болады. Міне, сондықтан мен өз басым бұл идеяны толық қолдаймын. Біздің ата-бабаларымыз да ерте кезден "Мәңгілік ел" идеясының мәнін түсінгендей. Өзің айтқандай, осындай бай тарихы бар қазақ елінің «Мәңгілік ел» болу арқылы тарихта аты сақталады. Оның шежірелі тарихы арқылы біз асқақ елге айналамыз.

 - Темірғали аға, бүгінгі қоғамға деген көңіл қошыңыз толмайтын жағдаяттар бар шығар? Мәселен... тіл мәселесі төңірегінде?

- Бүгін қазақ тілінің мәртебесі алғашқы кезеңдердей емес, тәуір оңалып келеді. Үкімет те бұл бастамаға назар аудара отыра, миллиондаған қаражат бөліп, ана тіліміздің мәртебесін арттыруда. Тарих саласында да көптеген зерттеу қазақ тілінде жарық көруде. Әрине, кез келген ұлт өзінің тарихын зерттеп жазу үшін, өзінің ана тілінде еркін сөйлеуі керек. Соған орай қазақ халқының келешегі де қазақ тілінде деп білемін. Сонда ғана тарих та, ұлт та, халық та мәңгі болмақ

Темірғали Аршабеков 1991-1994 жылдары ҰҒА ОҚ бөлімінде ғылыми қызметкер болды. 1994 жылдан бастап ҚарМУ-да оқытушы. 2001 жылдан бастап аға оқытушы.

“Сарыарқаның этномәдени зерттеулері (2001-2004 жж.)” бағдарламасын дайындаған авторлардың бірі. “Қарағанды облысының топонимикалық картасы” зерттеу жобасының ғылыми жетекшісі. “Қазақстан тарихы мен этнологиясының мәселелері” атты жас зерттеушілер жинағының үш басылымына жауапты редактор болды. 1992 жылдан бері Орталық Қазақстан аймағы бойынша студенттердің далалық этнографиялық экспедициясына жетекшілік етіп келеді. 2001 жылы ел тәуелсіздігінің он жылдығына байланысты Облыстық мәдениет департаментімен бірлесіп ұйымдастырған “Сарыарқа әлемі” экспедициясын басқарды. 2005 жылдан бастап "Аймақтық мәдени мұра" бағдарламасы бойынша Облыстық мәдениет департаментінің тапсырысымен Ұлытау-Нұра аудандарының тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу бойынша, осы аудандарға шыққан этногафиялық экспедицияға жетекшілік жасады. Ғылыми-зерттеу бағыты – Орталық Қазақстанның діни-ғұрыптық сәулет өнері. “Қарқаралы күмбездері” (1997 ж.), “Жаңаарқа тарихы” (1999 ж.), “Атамекен” (2002 ж.) монографияларының,“Дәстүрлі далалық этнографияның зерттеу әдістемесі” (2003 ж.), “Тарихи топонимиканың зерттеу әдістемесі” (2003 ж.) әдістемелік құралдардың,  “Қасиетті мекен Қарқаралы” (2004 ж.),“Көне Көктау, байырғы Баянаула байтағының тарихы”(2005 ж.), "Музей және тарих" (2007 ж.) ғылыми еңбектерінің, "Ұлытау-Нұра аудандарының тарихи-мәдени ескерткіштері" (2008 ж.), "Ақтау бекінісі" (2008 ж.), "Нұра ауданының тарихы" (2008 ж.), "Сарыарқа қазақтары" (2009 ж.) және т.б. отыздан астам ғылыми мақаланың авторы.

 

Cұқбаттасқан: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?