Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Көкжарлы Көкжал Барақ

4368
Қазақ батырларының тағдыры. Көкжарлы Көкжал Барақ - e-history.kz
Атақты Көкжарлы Көкжал Барақ туралы тарихи деректерден гөрі ел аузындағы аңыздар көп сақталған. Тіпті Барақ аттас тұлғаларды (олардың саны 13) бірін-біріне шатастырып, адастыру әлі жүріп жатыр

Там-тұмдап болсын, бұл жөнінде Ақтайлақ би түзген шежіре, Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт Торайғыров, т. б. деректер береді. 

Белгілі ғалым Сәбетқазы Ақатай өзінің «Келіпті Көкжарлыдан Көкжал Барақ» атты мақаласында найман руынан шыққан атақты батыр, Абылай ханның сенімді серігі болған қолбасы Барақ батырды басқа Барақтардан ажыратып, аты мен атағын дәлдікпен жазып шыққан. Ол «Көкжал Барақ туралы өмірбаяндық мəліметтер тапшы, оларды қазірде тек этнографиялық деректер негізінде түзуге болады» дейді де, бірнеше ғалымдардың деректеріне сүйеніп жазады: «күршімдік Н. Айдарханов, М. Юсупов, марқұм З. Дəукеев, С. Нұрғазин, Қ. Баелов, Т. Қайырбаев, қытайлық Қалибек Манапов, алматылық X. Əміренов жəне басқа да «Көкжал» Барақтың алыс-жақын тұқымдарының хабарларына қарағанда, батыр 1701-1702 жылдары Жарма өзені (кейде Сырдария өзені) бойында туып, 1770 жылы жорық үстінде, жау қолынан қайғылы қазаға ұшырайды». 

 

1ad1c68f08478ade208184cdd54ea8bf.jpg

Барақтың туған жері – қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауылының Қызылсу – Шар өзені маңындағы Көкжар деген мекен. Ел аузында сақталған ескі әңгімелерде Барақтың əкесінің есімі – Шүрек, одан жастай қалып немере ағасы Шонаның қолында өседі. Қазақтың Жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресіне ерте, 15-16 жасында қатысады. Көкжал Барақ Жетісудың Іле бойындағы айқастарда да ерекше көзге түседі. Балқаш өңіріндегі ел тыныштығын бұзған хонтайшының Сайын-бөлек, Намеху-жырғап, Батыр Мөңке бастаған қолы алға қарай өршелене ұмтылады. Оларға Абылайдың қол астындағы Малайсары, Көкжал Барақ, Ер Жәнібек қосындары қарсы тұрады. 

Батыр өмірін зерттеушілердің жазуынша, Барақ батыр Қабанбай қолының бір қанатын – көкжарлы, сарыжомарт руларынан құралған сарбаздарды бастап, шығыстағы Ертістің оң жағалауын, Алтай тауларына қарай кең алқапты қалмақтардан тазартқан. 

Өз тұсында Барақ ордасы аруақты үлкен шаңырақ ретінде, жау-жорыққа аттанатын батырлар, қолбасылар келіп дәм татып, бата алып, ақыл сұрап аттанатын киелі ордаға айналған. Көкжал Барақ батыр көз ілеспес шапшаң адам болған деген аңыз бар және кез келгеннің мысын басатын қайсарлығы үшін оны хан Абылай мақтан тұтыпты. 

Шоқан Уəлиханов Абылай ханның құзырына қараған Барақтың Алатауға жасаған 1770 жылғы жорығын жазып қалдырды. Осы жорықтардың бірінде қырғыздың Сарыбағыш руының батыры Әтеке Жырық та, оның ұлы Қарабек те оққа ұшады. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Айқап» журналына шығарған (1913, №8) мақаласында Барақ есімін атап өтеді. «Абылай хан тұсы. Қазақ, қырғыздың жаулығы асып тұрған кезі. Ол кездегі қазақтың қолбасшы батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шанышқылы Бердіқожа, Тума, Шынғожа, Көкжарлы Көкжал Барақ һəм басқалар» дейді. 

 

79dd5251b4466bc14eb3216743c38b1e.jpg

1770 жылдардағы «Жайыл қырғынындағы» шайқастардың бірінде Көкжал Барақ қырғыздың Тоғалақ деген жас батырымен жекпе-жекте шәйіт болады. Кейін Барақтың шәкірті Сарыжомарт Танаш Тоғалақты өлтіріп, ағасының кегін қайтарады. Бұл шайқас Алатаудың Түйіскен деген алқабында болған делінеді. Соғыста қазаға ұшырағандардың барлығын Абылай бір жерге көмдіріп, ал Бараққа жеке күмбез салдыртқан. 

Шығыс Қазақстан облысы Бурабай ауылының тұрғыны, Барақтың Дос деген ұрпағынан тарайтын Айтқожа Танашжановтың 1984 жылы берген мəліметіне сүйенсек, Барақ Алатаудың «Қызыл шілік» деген асуында қаза болады. Ал Шу қаласындағы Барақтың Бостаннан тараған ұрпағы Қадылбек Мұхаметжановтың баяндауынша, «Барақ Алатау асуында жерленген. Асына сойылған мал басынан Абылай күмбез тұрғызыпты. Соққан желге гуілдеп кетеді екен. Жау жақындаса сол асудан қар борап, өткізбейді екен» дейді. Қалай болғанда да бұл деректер батыр бабамыздың өмірінің ақыры қайғылы аяқталғанын көрсетеді. 

 

70fb80e14f20cbfd01660859dee321c8.jpg

«Дарабоз» романының авторы, жазушы Қабдеш Жұмаділов Көкжал Барақтан тараған ұрпақ жайлы қызықты деректі келтіреді: «Қазақтың үлкен батыры Көкжал Барақтың жеті әйелі болған. Оның төртеуі – қалмақтан, үшеуі – қазақтан. Көкжал Барақ қазақ әйелдерін шейіт болған ағасы мен інісінің әйелдерін әмеңгерлік жолымен алса, қалмақ әйелдері – олжада түскен қыздар. Дала заңы бойынша олжаға түскен қыз-келіншектерге кімге тигісі келетініне таңдау беріледі. Бұл – дала демократиясы. Сонда әйелдер Барақты көп таңдайды екен. Қазір сол Көкжал Барақтан тараған ұрпақ Күршім ауданында мың адамнан асып кеткен. Жеті әйелінен 30 ұл, 10 шақты қыз тараған».

Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының атауын Барақ батырдың құрметіне қою туралы мәселесі өте өзекті. 

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?