Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәдени серуен: М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі

4176
Мәдени серуен: М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі - e-history.kz
М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы – бұл жаңа уақытқа жауап беретін, жақсы безендірілген экспозициялық залдары бар, халық игілігіне сай, заманауи музей

Мұхамеджан Тынышпаев – исі қазақ халқына таныс есім. Алаштың ірі қоғам қайраткері, тарихшы, ағартушы ғалым. Қазақтан шыққан тұңғыш темір жол инженері. М. Тынышпаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысында (қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданында) туған. Жастайынан білім мен ағартуға, ұлттық теңдік пен өркениетке ұмтылған. Сондықтан шығар қазақ балаларының ішінде алғаш болып, император І Александр атындағы Петербор темір жол транспорты институтын бітірген. Инженер саласын қызықтап, кәсіби маманы атанған Бүгінде алаш қайраткерінің атында мектеп, көше, тіпті жоғарғы оқу орнында да есімі бар. Ал Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Мұхамеджан Тынышпаев атындағы мұражай ел игілігіне зор жұмыс атқарып келеді. Біз осы орайда «Мәдени серуен» аясында Алматы облыстық тарихи-өлкентану мұражайына сапар құрмақпыз. 

 

3ad9751b4397031806d8b71d29ed3fe3.jpg

«М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі МКҚК (бұрынғы Талдықорған облыстық тарихи-өлкетану музейі) Қазақ ССР Министрлер кеңесінің 4 желтоқсан 1973 жылғы № 992-Р жарлығы және Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің 21 ақпан 1974 жылғы № 41 бұйрығына сәйкес 1 наурыз 1974 жылы «Талдықорған облыстық тарихи-өлкетану музейі» ретінде құрылды. Талдықорған қаласындағы Абай көшесінде оналасқан. Бүгінде Алматы облысында 20-ға тарта музей тіркелген болса, соның ең үлкені әрі қорында материлдары көп осы Алматы облыстық тарихи-өлкентану мұражайы. Музей он екі жылдай Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығына қарап келді. 1993 жылы мұражай ұжымының бастамасы бойынша ономастикалық комиссиясының шешімімен мұражайға Жетісу жерінің белгілі ұлы, қазақтың алғашқы инженері, көрнекті мемлекеттік және қоғамдық қайраткері, тарихшы-өлкетанушы, екі мәрте заңсыз түрде жазаланған және қайтыс болғаннан кейін ақталған Мұхамеджан Тынышпаевтың есімі берілді. 

 

54cc214f876e4a18a59270700e2e68aa.jpg

Мұражай қорларында мұражай маңызындағы 25 мыңнан астам бірлік жиналған және сақталған. Оның 12000-ға жуығы негізгі қор материалы болса, қалғаны ғылыми көмекші қорды құрайды. Осылардың ішінде музейге келушілердің қызығушылығын XVIII ғасырда өмір сүрген Балпық бидің дулығасы, сирек кездесетін оюлары бар былғары торсық, Максим жүйесіндегі пулемет, ҚазССР халық артисі Мұқан Төлебаевтың сыйға берген күйсандығы, белгілі жазушы Әнуар Әлімжановтың сыйға берген өз қолтаңбасы бар «Ұстаздың оралуы» романының қолжазбасы және басқалары. Музей экспозициясы 2 қабатты залда орналасқан. Сонымен қатар алты экспозиция залдары бар. 

Бірінші зал «Жетісудың табиғаты» деп аталады. Жетісу – табиғаты сан алуан кереметтерге толы, таңқаларлық бай өлке. Бір күннің ішінде шөл даладан бастап, қары мәңгі ерімейтін түрлі ландшафты аймақтармен танысуға болады. 

 

 

 

 

b13252d2a211dbbce5f77d42abf74838.jpg

971219864c148086b6d8a5a0b4c07d23.jpg

Екінші зал «Жетісудың көне және ортағасырлық тарихы». Бұл залда Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» мүсінің көшірмесін, ортағасырлық қала мәдениетінің, соның ішінде Жетісудағы көне қалалар ошақтарының диорамасын көріп тамашалуға болады. 

 

8074f42d8e094559e05d183b38c12051.jpg

Үшінші «Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы» атты экспозиция залында дәстүрлі қолөнер бұйымдары, сүйекпен безендірілген ағаш төсек, көне сырмақтар, түскиіздер, теріден, ағаштан дайындалған ыдыстар, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, т. б. халық шеберлерінің қолынан шыққан құнды заттар қойылған. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін көрсететін экспозициялық кешен қызықты болып келеді. Әсіресе музейге келушілердің көп қарасы осы залдың экспонаттарын тамашалайды екен. 

 

17f7f92bd3cc8f31e177a4ae1ec27726.JPG

 

bfb19cffdbf077f0efed5a4bfe61363d.jpg

«Жетісу патшалық Ресей кезеңінде», «Жетісу Кеңес дәуірі кезеңінде» бөлімдерінде Мемлекет және қоғам қайраткері, жоғары да сөз еткен Мұхамеджан Тынышпаевтың өмірі мен қызметі туралы экспозициялық кешен орналасқан. Онда Тынышпаевтың Верненская гимназиясы шәкіртінің киімін киген, кейін I Александр атындағы Санкт-Петербург Байланыс жолдары институтының студенті болған фотосуреттері бар. Түрксіб құрылысының техникалық басқарушы болған жылдары жасалған фотосуреттер, өмірдің соңғы жылдарында түскен суреттер мен Ташкент қаласының мұрағатынан келген өлімі туралы куәлік бар. Сондай-ақ Жетісудың Кеңес дәуірі жылдарындағы тарихына арналған бай экспонаттар шоғыры көптеп орналасқан. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының батырлары мен тыл еңбеккерлеріне арналған бөлімде қызықты фотосуреттер мен еңбеккерлердің қолданыстағы құрал-жабдықтары орналасқан. 

 

072ccbbb27f800bfc0e12475593b9deb.jpg

0f13938d1528676625534962de01015b.jpg

Соңғы зал «Тәуелсіз Қазақстан» бөлімі Қазақстан Республикасы Президентінің саяси және еңбек қызметіне және Тәуелсіз Қазақстан Республикасы мемлекетін құрудағы еңбектерімен толықтырылған. Сонымен қатар облыс тарихының жетістіктері де осы бөлімде қамтылған. «Өлкенің соғыстан кейінгі жылдардағы даму кезеңі» атты бөлімде жетісу өңірінен шыққан таланты өнер тұлғаларының музейлік материалдары көрсетілген. КСРО Халық әртісі М. Төлебаев, Қазақ КСР-нің Халық әртістері Н. Тілендиев, Қ. Байсейітов, Б. Римова, Е. Рахмадиев, Д. Рақышев, З. Қойшыбаева, Қазақ КСР-нің Халық суретшісі Ә. Қастеев, әйгілі ақын М. Мақатаев т. б. өмірдеректік, шығармашылық құжаттары қойылған. 

 

5e32c9b171d0ca3291cfbcdf03c2d987.JPG

Бүгінгі күнде М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы – бұл жаңа уақытқа жауап беретін жақсы безендірілген экспозициялық залдары бар, халық игілігіне сай, заманауи музей. 

Мұражай қызметкерлері үнемі қорларды толықтырып, жаңа экспозицияларды құрастырып отырады. Олар экскурсияларды өткізуге және Жетісу өлкесінің даңқты тарихы жайында білгісі келушілерге таныстыруға әркез дайын. Музей ашылғаннан бері мұражай эспонаттары халықаралық дәрежеде, атап айтсақ Алматы облысының мәдениет күндерінде Түркияға, Қырғызстанға, Оңтүстік Кореяға шығарылым жасап, жылжымалы көрмелер өткізген. Халықтың мәдени серуеніне жол ашқан музей ордасы барынша игіліктің жаршысы болып келеді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?