«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Астанада «Ататүрік фотокөрмесі» өтеді

3170
Астанада «Ататүрік фотокөрмесі» өтеді
Мұстафа Кемал Ататүрік -Түркия Республикасының негізін қалаушы тұңғыш Президент, реформатор, әскери қолбасшысы және мемлекет қайраткері, әлемдік деңгейде танымал тұлға

Ол 1881 жылы  Селаникте дүниеге келіп, 1938 жылы 10 қарашада сағат 09.05 минут өткенде дүние салды. Содан бері әр жылы дәл осы уақытта Түркия бойынша еске алу рәсімі өтеді. Осы мақсатпен дәл осы сәтте Түркияда  көшедегі барлық көлік қозғалысын кідіртеді. Тіпті жаяу жүргіншілер де демдерін ішіне алып тоқтайды.

79 жыл бұрын өмірден озған Ататүрікті еске алу мақсатымен Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы 10 қарашада «Ататүрік фотокөрмесі» атты шараны Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізеді.

Көрмеге қойылатын фотолар Ататүрік өзі негізін қалап кеткен үлкен екі ұйымның бірі  «Түрік тарих ұйымының» архивінен алынды. Астаналықтар мен қала қонақтарына көрмеде тарихи маңызы зор 40 фото ұсынылады. Осы фотолардың арасында Қазақстандықтар бұрын –соңды көрмеген көптеген суреттер бар.

Көрменің ашылу салтанатында Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык мырза, Парламенттен өкілдер, Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина сөз сөйлейді. Танымал айтыс ақыны Әсем Жұмағазина бауырлас түрік халқының көсеміне арнаған өлеңін домбырада орындайды. Юнус Эмре орталығында түрікше үйренушілер Ататүрік туралы қазақша және түрікше өлеңдер оқыса, Альбина Әбенова Ататүріктің қарындашпен салған портретін құрметті қонақтарға сыйлайды.

Бауырлас ел Түркияның негізін қалаушы Ататүрік фотокөрмесінің ашылу рәсімі 10 қарашада сағат 13.00-те Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратындағы Л.Н. Гумилев атриумында болады.