Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Біз білетін-білмейтін Беларусь

2392
Біз білетін-білмейтін Беларусь - e-history.kz
«Тарих өзіңнің де, өзгенің де танымын кеңейтеді, халықтарды жақындастырады». Бір ұлттың екінші бір ұлтты құрмет тұтуы, дос болуы өткен тарихымен сабақтас

Қазақстан мен Беларусь сол сабақтастықтың бір мысалы ғана. Қазақты құрмет тұтатын Беларусь еліне жақында саяхаттап қайттық.

Саяхат 18-22 маусым аралығында өтті. Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында, «Хатынь» мемориалдық комплексінде, Брест қорғанында болдық. Осы сапар барысында көз көріп, көңілге түйген оқиғаларымызды, алған әсерімізді жолжазбамызға түртуді мақсат еттік.

Брест қамалын қорғаған қаһарман батырлардың ерлікке толы іс-әрекеттерін ой елегінен өткізіп, майдангерлердің көркем образын өзіндік көзқарасымен сомдаған минитг-реквиемді тамашаладық. Алған әсерімізді оқырманға жеткізуді де мақсат тұттық. Ендеше, мархабат!

Менің қиялымдағы Беларусь

Студент кезімізде Беларусь елі Совет үкіметінің мемлекеттік жүйесін сақтап қалған ел деп естуші едік. Барып келген әріптестерден де керемет әсерге бөленіп, Минск жайлы ертегі айтқанын естімедік те. Таныстарымның көпшілігі Беларусь жайында қызығушылық танытпаған. Содан ба, менің қиялымдағы Беларусь елі артта қалған, ескі жүйемен, тозығы жеткен ғимараттарымен қалған мемлекет болып елестейтін. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім ақын айтқандай, бұл Беларусь менің қиялымдағы Беларусьтен өзгерек екен.

Беларусь сапары: Минск. Хатынь қырғыны. Қазақтар. (Фоторепортаж)

Шығыс Еуропаның іргесінде жатқан аграрлы ел еуропалық колоритпен қарыштап дамып келеді. Ел астанасы да еуропаланған. Қаласы, ауылы (деревня) тап-таза, жинақы. Еңбеккер халықтың тіршілігі де бақуатты. Мәдениеті тіпті ерекше. 75 жыл бұрын толығымен қираған Минскінің бүгінгі көрінісі таңдай қақтырады. Қала – бүгінде елдің ірі көліктік торабы, саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми орталығы. Минскіде ТМД елдерінің штаб-пәтері орналасқан.

Қаланың атауы Немиги өзенінің тармағы болған Менка (Меня) өзенінің атауынан туындаған дейді жергілікті тұрғындар. Саяхатшыларға міндетті түрде қаланың ескі орталығын аралауға кеңес береміз.

Беларусь Латвия, Польша, Ресей, Украинамен шектесіп жатыр. Халқы 10 млнға жуық. Ел астанасы Минск қаласында 2 млнға жуық тұрғын тұрады. Жерінің 50 пайыздан астамы орманды алқап. Теңіз деңгейінен небәрі 150-200 метр биіктікте орналасқан мемлекеттің ауа-райы қоңыржай болып келеді. Жазы салқын, жаңбырлы. Бірақ біз барғанда күн қатты шыжып тұрды. Жергілікті халықтың айтуынша, «қысы да жайлы, қар ерте түсіп, қытымыр қыстың келгенінен хабар береді» екен.

Аграрлы салада көшбасшы ел

Беларусь елі үшін тәуелсіздіктің алғашқы он жылы дағдарысты кезең болды. Біз де сол сүрлеуді бастан кешірдік. Бұл, ең алдымен, Совет Одағының ыдырауынан, әр түрлі шаруашылық салаларындағы байланыстардың үзілуінен туындаған кеп. Құлдырау, әсіресе өндірістік салаларда күштірек байқалды. Соған қарамастан дағдарыс жылдарында Беларусь Республикасы экономикалық әлеуеті мен халқының тұрмыс деңгейінің ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда аса үлкен өзгеріссіз сақталып қалды деуге болады.

Біз білетін Беларусь Республикасы – машина жасау өнеркәсібі ауыл шаруашылығы машиналары мен трактор жасауда маманданған мемлекет. Жерінің астында Менделеев кестесіндегі байлықтар көп болмаса да ауылшаруашылығын қарыштап дамытып, Еуропаға ет пен сүт өнімдерін экспорттап отырған ел. Өнеркәсіпті, аграрлы елдерге ауылшаруашылығы, кен өнеркәсібі машиналарын шығарып отырған қуатты мемлекет.

Үлкенді-кішілі өнеркәсіптер мен зауыттардың, ауылшаруашылық кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы мемлекеттің меншігінде. Сондықтан болар ауылшаруашылық, комбинаттар, зауыттар барлығы дерлік мемлекеттікі. Бір сөзбен айтқанда біздің ел сияқты ет жегенді жақсы көрсе де, мал баққанды қиынсынбай отырған еңбеккер ағайын. Біз сияқты аграрлы, төрт түлігі көп бола отырып, сырттан ет, ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттамайды. Сыртқа да, ішке де нарығын қамтып, ауыл шаруашылығы өнімімен толықтай қамтып отыр. Бәлкім бізде ол күнге жетерміз, түбі.

Минскідегі алғашқы күн

Беларусь елі жайлы аз-кем білгенімізді жазып өттік. Енді бұл елге келген мақсатымыз бен көрген-білгенімізді баяндайық.

Беларусь еліне бағыт алған баспасөз турымыз Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталғанына 78 жыл толуына жəне Жеңістің 75 жылдығына арналған. Іс-шараны постсоветтік кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеу жөніндегі Ақпараттық-сараптамалық орталық пен Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшігінің қолдауымен IQ-клуб атты Қазақстан-Ресей сарапшылар клубы ұйымдастырып отыр.

Жоба аясында бұрынғы ССРО халықтарының барлығына ортақ Беларусь еліндегі тарихи орындарды аралап, Қазақстан, Ресей, Беларусь жастарына аталарымыз бен əкелеріміздің ерлігі туралы сөз қозғау көзделген.

Беларусь Республикасының Минск және Брест қалаларына бағыт алған баспасөз турына қазақстандық журналистер мен блогерлер қатысты.  Құрамымызда «Toppress» АА шолушысы, тарихшы Ержан Бағдатов, «Қазақстан» ҰТА режиссері Абзал Чапаев, «Жас Ұлан» РҚҚ төрайымы Динара Садуақасова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Нұртілеу Сейілов, М. Ломоносов атындағы ММУ тарих факультеті магистранты, «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының түлегі Қарлығаш Тұрсынбаева және осы жолдардың авторы болдық.

Ұйымдастырушылар қазақстандық делегаттарды «Минск» халықаралық әуежайынан қарсы алып, қала орталығындағы «Беларусь» қонақ үйіне жеткізді. Таңда келгендіктен бе, 2-3 сағат демалып алдық. Қазақстанда сағат тілі 11.00 болғанда, Минскіде таңғы 8.00-ді көрсетті. Осы уақытта таңғы асымызды ішіп, бағдарлама бағыты бойынша 9.00-де Жеңімпаздар даңғылындағы Ұлы Отан соғысы тарихи музейіне баратын болдық. Қонақ үйімізге жақын музейге жаяу аяңдадық.

Ұлы Отан соғысы музейі

Тарихы тереңде жатқан Беларусь жері көп қиыншылықты басынан өткерді. Әсіресе Екінші Дүниежүзілік соғыс тұсында ауыртпалықты айқын сезінген елдердің бірі. Беларуссияны азат етуге қазақстандықтардың да қатысқаны белгілі. Ендеше сапарымызды Беларусь мемлекеттік Ұлы Отан соғысы тарихи музейінен бастауымызда орынды.

Беларусь мемлекеттік Ұлы Отан соғысы тарихи музейі – жиырмасыншы ғасырдағы ең қасіретті соғысқа арналған әлемдегі ең маңызды музейлердің бірі.

Беларусь халқының батырлығы мен қайғысын еске түсіретін музей 1944 жылы 22 қазанда ашылды. 2014 жылы 2 шілде күні Беларусияны фашистік басқыншылардың азат еткеніне 70 жыл толу қарсаңында музейдің заманауи үлгідегі жаңа ғимараты іске қосылды. Жеңімпаздар даңғылында орын тепкен музей аумағында «Минск – батыр қала» кешені және батырлар алаңы саябағы орналасқан. Жалпы аумағы 15 600 шаршы метр. Жеңімпаздар даңғылында дәстүр бойынша жылда әскери парадтар мен мерекелік шерулер өтеді.

«Біздің тарихи музейіміз 1944 жылы 22 қазанда ашылды. Ұлы Отан соғысы тұсында Минск қаласы 80 пайызға толықтай қираған. Сол қасіретті соғыс жылнамасын баяндайтын бірден-бір тарихи орын – осы біздің музей. Жыл сайын музейдің экспонаттарының саны артып келеді. Музей 2014 жылы 2 шілдеде жаңа ғимаратта бой көтерді. Ашылуына Беларусь Президенті Александр Лукашенко мен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. Ашылған күннен бастапқы 5 жыл аралығында музейді 1,5 млн-ға жуық адам тамашалады. 90-ға жуық елден туристер келді. Ең көбі Қазақстан, Қытай және Ресейден. Музейіміз тек архитектуралық нысан ғана болып табылмайды, мұндай әр түрлі мәдени шаралар, ғылыми форумдар  жиі өтіп тұрады. Әр елдің Елшіліктерімен де бірлескен жобалар жазаймыз», – дейді музейдің ғылыми қызметкері Екатерина Подловская.

Ұлы Отан соғысы тарихи музейінен 3 мыңнан астам шаршы метр аумақта Ұлы Отан соғысы тарихын баяндайтын 8 мыңнан астам экспонатты көруге болады. Сондай-ақ Шығыс Еуропа мен  Германияда соғыс қимылдары кезінде жиналған 145 мыңға жуық сирек құжат кездеседі. Музей 4 қабаттан,  10 тақырыптық залдан тұрады.

Онда «Бейбітшілік пен соғыс», «Әлемдік бейбітшілік және Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдары», «Соғыс жолы», «Беларусьтағы партизан қозғалысы және антифашисттік астыртың күресі, Совет азаматтарының 1941-45 жж. Еуропалық қарсылық қозғалысына қатысуы», «Беларуссияны босату, фашистік Германияны, оның одақтастарын және миллитаристік Жапонияны жеңу», «1944-1950 жылдардағы босатудан кейінгі Беларусь», «соғыс туралы естеліктер», «Ұлы Жеңістің мұрагерлері» атты залдар.

Жеңімпаздар даңғылын бойлай жүріп, жеңіс саябағын, батырлар аллеясын тамашаладық.

Елшіліктегі жылы жүздесу

Сапарымыздың алғашқы күнінде бізді Беларусьтағы Елшіміз Ермұхамбет Қабиденұлы Ертісбаев қабылдады. Жылы жүзді кездесу болды. Бір ай бұрын өткен сайлау туралы, беларусьтар мен қазақстандықтар арасындағы достық қарым-қатынас, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде беларусь жерінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер туралы естелік әңгімелерін айтты. Елші Беларусь еліне келген сапарымызға барынша қолдау көрсетіп, мәдени шараларға қатысуға мұрындық болатынын жеткізді.  Естелік сыйлықтарын тапсырды. Біздің тарапымыздан сапар жетекшісі Дарья Чижова, Ержан Бағдатов сөз алды. Біздер де апарған сыйлығымызды табыстадық.

Тарихқа сәл шегініс жасайтын болсақ, Қазақ елі мен Беларусь республикасы арасындағы екі жақты дипломатиялық қатынастар 1992 жылдан басталды.  Екі ел арасындағы қатынастар өзара қолдау мен түсіністік негізінде дамуда.

Халықаралық саяси мәселелерге қатысты Қазақстан мен Беларусияның ұстанымдары көп жағдайларда ұқсас келеді. Бұл қатынастардың түрлі деңгейлеріндегі байланыстардың жоғары динамикасымен расталады. 1993 жылдың 9 қаңтарында Беларусиядағы Қазақстан Елшілігі ашылды, ал 1997 жылғы 13 шілдеде Қазақстандағы Беларусия Елшілігі ашылды.

БЕЛТА агенттігіндегі кездесу

Беларусь еліне баруда мені қызықтырған екі нәрсе болды. Біріншісі – Ұлы Отан соғысы тарихи музейі, екіншісі – БАҚ саласы еді. Бұл елдің IT-салада ерекше дамып, қарқын алып келе жатқанын білеміз. Әйгілі #WorldofTanks ойының, әлеуметтік желі қосымшаларын ойлап табуда беларусьтық айтишниктердің еңбегі орасан.

Бұл елдің жұрты да санкт-петерборлықтар сияқты кітапты жастана оқитындар қатарынан. Белгілі қаламгер, публицист Төрехан Майбас ағамыз «Беларусияда кітаптар баяғыдай көп таралыммен шығады. Кемі оң мыңмен тарайды» деген. Ендеше рухани жағынан да бай беларусьтық ағайындар қазақ журналистері келді деген хабарды ести сала бізбен кездесуге асықты.

Бір байқағанымыз бұл елде орыс тілі қолданыстағы сөйлеу тілі де, жарнама, ресми құжат тілі – беларусь тілі. Арасында оқтын-тектін орыс тілінде жарияланғандары да бар.

Елшіліктегі жылы жүздесуден соң, Минскідегі Беларусь телеграф агенттігіне қарай аяңдадық. 100 жылдық тарихы бар БЕЛТА АА қазақстандық журналистер мен блогерлерді ыстық ықыласпен қарсы алды. Қонақжайлығын танытып, ұйымның атқарып отырған жұмыстары жөнінде кең мағлұмат айтып өтті.

 «БЕЛТА – еліміздегі ең ірі ақпарат агенттігі. Ол 1918 жылы 23 желтоқсанда құрылған. Заң жағынан дербестігін сақтай отырып, ұзақ уақыт Совет Одағының Телеграф агенттігімен (ТАСС) үйлесімді жұмыс істеген. 1991 жылдан бастап БЕЛТА – тәуелсіз Беларусь Республикасының ақпарат агенттігі. Оның интернеттегі сайты беларусь тілімен қатар орыс, ағылшын, неміс, испан және қытай тілдерінде хабар таратады. Біз де әлі күнге дейін дәстүрлі медиа саласы жаңа медиамен қатар дамып келеді. Республикалық, қалалық, аудандық газеттер үзбей шығып тұрады. Барлығын дерлік мемлекет қаржыландырады», – деді БЕЛТА АА қызметкері Наталья Филипповская.

Сапардың екінші күні

Сапарымыздың екінші күні біз тоқтаған «Беларусь» қонақ үйінің қасындағы «Мәскеу» іскерлік үйінде болдық. Осындағы «Sputnik Беларусь» ақпараттық агенттігінің алаңында «Бұрынғы совет одағының халықтары: Ұлы Жеңісте жəне Ұлы соғыста бірге» тақырыбында Алматы жəне Мəскеу студияларынан тікелей трансляция арқылы үшжақты дөңгелек үстел өтті.

Жиын Қазақстан журналистерінің Беларусь Республикасына баспасөз туры аясында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, жастар ұйымының өкілдері мен журналистер қатысты.

Жиынды Мәскеу студиясы бастады. Студияда сөз алған сарапшылар Совет Одағы тарапынан ғана ондаған миллион адамның өмірін жалмаған Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы келесі жылы екенін еске салды.

Мәскеу студиясының қонағы, Жаһандану проблемалары орталығының басшысы, саясат ғылымдарының докторы Александр Чачия Отан соғысын ешқашан ұмытпауымыз керек деді.

«Егер халықтарымыз қазіргі кезеңде үйлесімді өмір сүргісі келсе, жақсы болашағының болғанын қаласа, өз тарихы бар толыққанды ұлт болып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз еткісі келсе, тарихи естеліктің қалыптасқанын қаласа, ал онсыз өздеріңіз білесіздер, ұлттың болуы мүмкін емес, әрине Отан соғысы туралы, батырларымыздың сұрапыл соғыстағы үлкен ерлігі жайлы ұмытпауы қажет. Бұл қазіргі түрлі жалған ақпарат көп тарайтын аумалы-төкпелі кезеңде аса маңызды», – деді Александр Чачия.

Ал Минск студиясында сөз алған тарихшылар ардагерлердің азайып келе жатқанын айтты. «Сондықтан Отан соғысы туралы ұрпақтан ұрпаққа дұрыс мәлімет жеткізу аса маңызды» дейді олар.

Алматы студиясынан байланысқа тарихшы, «1941. Брест қамалы. Қазақстан» кітабының авторы Лейла Ахметова мен қоғам қайраткері, генерал И.В. Панфиловтың немересі Айгүл Байқамадамова шықты.

Лейла Ахметова «Брест қамалы» тақырыбында бірнеше жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізгенін айтты. «Бүгінгі күні мен «Брест қамалы» тақырыбын зерттеудің арқасында 635 адамды анықтап таптым. Яғни, олар бұрын «із-түссіз жоғалған» санатында болған. Ал енді олардың қай жерде қаза тауып, жерленгенін анықтадық. Тағы бір айта кетерім, сол кездегі қанқұйлы соғыс кезінде ешкім ұлтқа бөлінбеді. Олардың басты мақсаты – Отанын қорғап қалу болды», – деді Лайла Ахметова.

Дөңгелек үстел соңында Беларусь еліне баспасөз турымен барған Қазақстан журналистері де Минск студиясынан өз пікірлерін ортаға салды. Осылайша, бір сағаттан астам уақытқа жалғасқан жиында сарапшылар Отан соғысы жайлы түрлі деректер мен фактілерді келтірді, пікір алмасты.

Минскідегі Мұхтар Әуезов мектебі

«Мәскеу» іскерлік үйінде өткен іс-шараны қорытындылап, Минскінің Заводской ауданына бет алдық. Бұл ауданда қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов көшесі бар. 40 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан М. Әуезов атындағы №143 орта мектеп те жазушы атындағы көшеде орын тепкен.

Мектеп ұжымы қазақстандық делегацияны қарсы алып, мектеп тарихымен таныстырды. Бір қызығы мектеп ішінде қазақ елі туралы, мәдениеті мен руханияты туралы, жазушы өмірбаяны мен ұрпақтары жайлы мағлұмат беретін шағын «М. Әуезов» бұрышы орын тепкен. Мектепке Беларусиядағы Қазақстан елшілігі еліміз туралы ақпараттық материалдарды, қазақстандық жазушылардың кітаптарын, қазақтың халық ертегілерін жиі сыйлап тұрады екен.

Мектеп оқушылары сол арқылы қазақ әдебиеті мен руханиятымен танысып, біздің елге деген құрметі арттыратынын мектеп басшылығы айтып өтті.

2005 жылы Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды. Ол қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың атындағы көше бойында орналасқан. Осылайша шетелдік өрендер Әуезов арқылы қазақты танып, ұлтымыздың тарихы мен мәдениетінен мағлұмат алады. Әуезов атындағы мектепте қазақ диаспораларымен де кездесу өтті.

Беларусь қазақтары

Бүгінде Беларусь елінде 1000-ға жуық қазақ тұрады. Олардың басым көпшілігі ел астанасы Минскіде қоныстанған. Диаспора өкілдері арасында инженер, техник, ауыл шаруашылығы мамандары мен қоса кәсіпкерлер, әскери сала қызметкерлері сондай-ақ ғылым докторлары мен профессорлары да бар. Қандастар сырт мемлекетте жүрсе де қазақтың салтын, дәстүрін, мәдениетін ұмытпай жас ұрпақтың бойына сіңіріп келеді.

Беларусияда тұратын қазақтардың басым көпшілігі Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде еліне қайтпай қалған майдангерлер және олардың ұрпақтары. Совет үкіметі тұсында оқу, жұмыс бабымен келіп, қайтпай қалғандар. Қазақстаннан көшіп барған беларустық ағайындар. Күйеуі не болмаса әйелі қазақ ұлтынан. Бір байқағанымыз, беларусьтықтар да өзіміз секілді қонақжай, мейірбан халық. Сондықтан болар жергілікті қазақтардың беларусьтарға сіңісіп кеткендері қаншама. Алдағы уақытта "Қазақстан тарихы" интернет-жобасында Беларусияда тұратын қазақтар туралы кең көлемді мақала әзірлейтін боламыз. Толығырақ беларусь қазақтары туралы сол мақала тарқатып жазатын боламыз. 

Ардагерлермен кездесу

Беларусь халқы құрмет тұтатын батыр қазақ – Мырзатай Берікбаев. Минск қаласының Первомай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жасы тоқсанға келсе де ешкімнің көмегіне зәру емес батыр атамызбен кездесу «Ардагерлер» мәдениет сарайында өтті.

Шараға Беларусь ардагерлер одағының мүшелері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бронислав Карпенко мен Виктор Косткода қатысты. Екінші Дүниежүзілік соғыстың қасіретін бастарынан өткерген ардагерлердің естелік әңгімелерін көзімізге жас алып отырып, тыңдадық.

Мырзатай атамыздың туған жерге деген сағыныш жеткізгенде қатты тебіренгеніміз рас. 97-ге келген атамыз көзіне жас алып, «Туған жерге барғым келеді. Бірақ денсаулық құрғыр осы мақсатыма жеткізбес. Мен қазір алыс жолға шыдамаймын ғой» деп туған елге ыстық сәлемін жеткізді. Батасын берді. 17 жасында майдан даласына аттанған Мырзатай атамыз туралы арнайы репортаж әзірлеп, оқырманға ұсынатын боламыз. Әзірге жолжазбаның бір тарауын арнап қоюды ұмытпадық.

Сапарымыздың үшінші күнінде

Баспасөз турының үшінші күнінде «Хатынь» мемориалдық комплексінде болдық. Алдымен Минскідегі Партизан ауданындағы «Достық» скверіне барып,  ел басына күн туғанда қолына қару алып, сіздер мен біздің бүгінгі шат тұрмысымыз үшін өмірлерін пида еткен, тағдыр талқысымен  жат жерден топырақ бұйырған  батырларымыздың рухына құран бағыштадық.

Бұл шараға  Беларусиядағы Қазақстан елшілігі өкілдері, Партизан ауданы әкімшілігі, қазақ және орыс журналистері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері және де мектеп оқушылары қатысты.

Хатынь қырғыны

«Хатынь» мемориалдық кешені Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан 2 миллионнан астам беларустың рухына тағзым жасау үшін орнатылған ескерткіш. Ол Минск қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 54 шақырым жерде. 

1943 жылдың 22 наурызына дейін Хатынь 26 үйден тұратын, бейбіт өмір сүріп жатқан беларустердің шағын деревнясы болған. 22 наурыз күні таңертең партизандар деревнядан 6 шақырымдай жерде өтіп бара жатқан немістің автоколоннасына оқ атады. Атыс барысында неміс офицері Ганс Вёльке партизандар қолынан қаза табады. Оның өлімі жауапсыз, жазасыз қалмауы тиіс еді. Содан кейін нацистер және коллаборационистер отряды Хатынь ауылын қоршауға алады. Олар қарияларды, әйелдер мен балаларды айдап әкеліп, қамбаға қамап, сыртынан от қояды. Осы өртте 149 ауыл тұрғыны опат болады, соның ішінде 75-і бала болатын.

«Хатынь беларусьтың хата – үй деген сөзін білдіреді. Белоруссияда 1943 жылғы 22 наурызда нацистер қолынан жойылған ауыл. Отқа оранған қамбаның ішінен бір-ақ адам тірі шыққан. Ол 56 жастағы Иосиф Каминский еді. Ол өзінің жаралы баласын да алып шығуға күш салады, бірақ баласының өмірін сақтап қала алмады.

Хатынь тарихы жалғыз оқиға емес. Ұлы Отан соғысы кезінде  беларустердің 628 деревнясы тұрғындарымен бірге тірілей өртелген! Оның 186-сы қайтадан қалыпқа келтірілген жоқ, жермен-жексен болды», – дейді Хатынь мемориалдық кешенінің ғылыми қызметкері.

Хатыньдағы іс-шарамызды тәмамдап, Польшамен шекаралас әйгілі батыр қала – Брестке жол тарттық.

Жалғасы бар...

Нұр-Сұлтан - Минск - Хатынь - Брест  - Минск - Нұр-Сұлтан

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?