Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаңлылардан қалған із

2646
Қаңлылардан қалған із - e-history.kz
Шыңғысхан Орта Азия мен Қазақстанды, Шығыс Еуропаны жаулап алғаннан кейін қаңлы, қыпшақ тайпалары торғайдай тозады. Қаңлы мен қыпшақтың қонысына шығыстан және көшпенділер келіп бірге қоныстанады

Түрік қағанаты заманындағы қаңлылар

Эрамыздың 552 жылы әлемге әйгілі Түрік қағанаты құрылды, Мұқан қағанның заманында Түрік қағанатының территориясы шығыста Жапон теңізіне, батыста Каспи теңізіне дейінгі алып аймақты алып жатты. Каспийге дейінгі аймақтарда қаңлылармен бірге теле тайпалары өмір сүрді. Кейін келе Түрік қағанаты екіге бөлінді, қаңлылар Батыс Түрік қағанатындағы вассалдық тауелдіктегі ел болды.

«Шағыр қаған Дарту қағанның немересі. Таққа отыра сала елінің іргесін кеңейте бастады. Шығыста Алтай тауына, батыста теңізге (Қаратеңіз) дейін жетті. Иүйміннің батысындағы елдерді де өзіне қаратып, Шығыс Түрікпен үзеңгі қағыстырды. Тоң Ябғұ қаған ержүрек те айлакер, соғысқа ысылған адам еді. Ол солтүстікке шеру тартып барып телектерді бағындырды, батыста парсылармен тіресті, оңтүстікте Көпенге дейін қол сөзды, осы аралықтағы өңірлерді түгел өзіне қаратты. Оқшыларын неше жүз мыңға жеткізіп, батыс өңірге үстемдік орнатып, ежелгі Усүндердің жеріне иелік етті, ордасын Шаштың (Ташкент) солтүстігіндегі Мыңбұлаққа тікті» (11).

Жалғасы. Басы: Қағандық құрған қаңлылар

Бұл деректе Батыс Түрік қағанатының территориясы айтылып отыр, қаңлылар мекендеген Ташкент алқабы Батыс Түріктің орда тіккен жеріне айналған. Сондай-ақ маңызды әскери күштердің біріне айналып қағанатта алдыңғы орынға ие болған, билікке таласқан Түрік билеушілеріде кейде қаңлыларға арқа сүйеген.

627 жылдары Батыс Түрік қағанатындағы билеушілер арасында алауыздық болып, кіші қаған Бағатұр Ізқұтлы өзін қаған жариялайды, соның кесірінен Тоң Ябғұның ұлы Телік тегін қаңлыларға қашып барады. Ол туралы мына деректерге қараңыз:

«Бағатұр Ізқұтлы  біи қаған тегінде батыс Түріктің бір қауым тайпасын бөліп билеп тұрған кіші қаған еді. Осы кезде (жыл) өзін батыс Түріктің тайқағаны деп жариялады. Бұған елі көнбеді, Нұшбе ұлысы жаппай Низек баға шадты қаған деп көтермек болды. Бұған Низектің өзі көнбеді. Сол кезде Тоң Ябғұның ұлы Телік тегін Бағатұр зобалаңынан бой тасалап қаңлы еліне паналап жүр еді.

Ісіл Ябғұ қаған бұрынғы ханның ұлы болғандықтан, бұқара оны қолдады. Батыс жақтағы Түрік қаған мен Бағатұр қағанның қол астындағы ұлыстардың ағамандарының бәрі оған қосылды. Бұлар Бағатұрға күш біріктіре жорық жасап, оны ойсырата жеңеді. Алтайға қашып кеткен Бағатұрды көп ұзамай Түрік қаған өлтірді. Елі Ісіл Ябғұ қаған еді, тайқаған етіп көтерді. Ол билік басына келгеннен кейін телектердің үстінен аттанды. Сонан Сыр Енданың соққысына төтеп бере алмай шегінді.

...Жайшылықта Низектен қатты айбынатын Ісіл Ябғұ оған қастандық жасамақ болды. Низек Агни еліне қашты, осыдан кейін Шетпе тарқан мен Түрік, Нүшбе елінің ағамандары Ісіл Ябғұға тізе қоса шабуыл жасады. Ол салт атпен қашып құтылып, қаңлыға паналады.

Ібіліс Шібара Ябғұ қаған билік басына шыққаннан кейін Суғап суының теріскейінен орда тігіп, оны күнгей орда деп атады. Елінің шығыс іргесі Іле өзеніне дейін жетті. Күшән, Пішамшан, Самут, Тохар, Агни, Шаш, Кеш, Қай, Мұргаш (Мера) қаңлы елдерін түгел шылауында ұстады.

Ібіліс батыстағы қаңлығы жорық жасап, жолай маймарғ елін жаулап алды. (642 жылы)» (12).

Қаңлылар Түрік дәуірінде Қазақстанның оңтүстік аймақтарын бұрынғысынша мекендеп тұра берді. Бір қызығы, Түріктер күшеюдің алдындағы осы алаптағы тайпалар кейде телек, кейде қаңғар (биік арбалылар) атанатын. Бұны тайпалар одағында қай тайпа басым болса, сол тайпаның аты тайпалар одағының атына айналатындығын білуге болады. Батыс Түрік қағанатының соңғы мезгілінде ішкі талас-тартыстардың асқынып кеткенін жоғарыдағы Ісіл қаған, Бағатұр қаған, Түрік қағандар арасындағы соғыстардан көруге болады. Ібіліс Шібара қаған ең соңғы мықты қаған болды, ол өлгеннен кейін батыс Түрік қағанаты біржола құлауға беталады.

Қаңғарлар бірлестігі

Қаңғар тайпалық бірлестігі – 659 жылы Батыс түрік қағанатын Таң империясы жаулап алғаннан кейін Қазақстанның орталық және батыс аумақтарында құрылған хандық. Олардың шығысында қарлықтар, тоғыз оғыздар, басымылдар, батысында хазарлар болған.

«Сол айдың ішінде Жаң Шиау Шың қосыны Алудармен Лен қаласында айқасты. Ертеден кешке дейін қырғын салып үш қамалды алды, жаудың  үш мың адамын қырды және тұтқындады. Алудар жеңіліп, бірнеше сарбазбен тауға қашып кетті. Жаң Шиау Шың әр елге хат арқылы хабар таратты, бұның дақпырты бүкіл батыс өңірде үлкен дүмпу тудырды. Тази, Қаңлы, Ферғана, Копен сияқты сегіз ел елшілерін жіберіп бағынатындықтарын білдірді» (13).

Бұл – 659 жылы Ашына Қойлыны Таң әскері талқандаған кездегі дерек, сол кездегі тарихи оқиғаларға сәйкес Таң әскері оңтүстікке Ауғанстанға қарай шабуылдағанымен солтүстік сахараға әскер шығармаған, не әскери жақтан жетіспеген. Таң империясы көптеген елдерді бағындырып өз қоластына алғанымен, қаңғарлар ол картаға кірмеген.

Эрамыздың 679 жылы Таңға бодан болған Түріктер көтеріліс жасап Түрік қағанатын қайтадан орнатады. Бұг чор, Елтеріс қағандар  онан кейінгі атақты Білге қаған мен оның інісі Күлтегіннің тұсында қайта құдіреттініп бұрынғы өздеріне тәуелді ұлыстармен руларға жорықтар жасайды.

«Соғдағ бодұн етіиін тиін иенші үгүзүг  кече темір қапығқа тегді, сүледіміз. Анта кесіре қара түргеш бодұн яғ боммыш, кеңгерес қара барді, бізің су, аты тұрұқ, азұқ иоқ ерті яблақ кіші ер... алып ер бізіңе тегміш ерті, антағ өдке өкүнүп  Күлтегін аз ерін ертүру итіміз, ұлұқ сүңүш сүңүшдүмүз. Алып шалша ақ атын бініп тегміш қара түргеш бодұныанта өлүрміш, алмыш яна иорып...бірле қочу тұтұғ бірле сүңүшмүзерін қоп өлүрмұш, ебін, барымін қоп келүрті...» (14).

Бұнда қаңлылар (кеңгер) батыс Түріктің бір тайпасы болған түргештермен бірігіп Көктүрік әскеріне қарсы соғысқаны айтылған. Бірақ қаңлылар Көктүріктерге бағына қоймаған.

Заманымыздың 745 жылы Түрік қағанаты құлап, оның орнын Ұйғұр қағанаты басты, бірақ Ұйғұр қағанаты Түрік қағанатындай құдыретті бола алған жоқ, олардың ең күшейген кездегі территориясы Ыстықкөл маңына дейін ғана жетті. Десе де Ұйғұр қағанаты кезінде қаңлы тайпасы туралы тэсин бітіктасында мынадай дерек сақталған:

«Теңірі ұлынтұқта Ұйғұр қаған олұрмыш, бөкү ұлұқ қаған олұрмыш, бың аның еліүш иүз иыл ел тұтмыш, анчып бодұны барты міш бұзұқ башын қаза үшүз қол ке атлығын түке бармыш, ол бодұным кеңгересде табғашқа қызшанмыш...» (15).

Кеңгерестер туралы бұл сырдаң деректен бәлендей сол заманғы оқиғаларды білу қиын.

Қаңлылардың мәдениеті өте жоғары дамығанын көне деректер жан-жақты дәлелдей түседі. Қаңлы қыздарының «Арыс­тан биіне» арнап, қытайдың Таң дәуіріндегі классик ақыны Бай Жуйнің жазған «Биші бикеш» деген өлеңі сақталған:
«Биші бикеш ойқастап,
Оңға-солға бой тастап,
Жауған қардай қалықтап,
Құйындай құйғып шарықтап,
Мүдіруді білмеген,
Бұрала,толқып билеген.
Келіпті бикеш Қаңлыдан,
Алты айшылық арыдан,
Жарыса зырлап күйменен,
Көңілі толқып күйменен.
Бидің биік сарасы,
Әлемде жоқ бағасы,
Қол жеткісіз асылға,
Әркімнің бар таласы.
Алқа-қотан айналды,
Жұрттың төре қарасы» (16).

840 жылы Ұйғұр қағанаты құлап оған қарасты он бес ұлыс тайпа ауа көшіп, Жетісуға, Тұрпанға, Сыр бойына келді, тоғыз оғыздар Ұйғұр қағанатының ең тіректі тайпалары болатын, ендігі жерде Қазақстан даласындағы салар, печенегтер оғыз одағындағы тайпаларға кіреді де, оғыз мемлекетіндегі 24 тайпаның біріне айналады. Қаңлылар оғыз мемлекетіндегі тайпалардың бірі бола тұра, сол 24 тайпаның қатарында аталмайды. Соған қарағанда қаңлылар Қимақ мемлекетіне қарады ма деген ой келеді. Себебі қимақтар да Ұйғұр қағанаты құлағаннан кейін құрылған мемлекет. Кейін ол мемлекеттің билігі қыпшақтардың қолына өтті де, қаңлылар қыпшақ хандығындағы тайпалардың бірі болған. Мақмұт Қашқари еңбегі бойынша, ІХ ғасырдағы Қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрілі, т.б. рулар мен тайпалар енген.

1132 жылы Қарахан билеушісі Ахмед ибн Хасан өлгеннен кейін оның ұлы Иларыс дәрменсіз болғандықтан, қаңлылар мен қарлықтар одан бет бұрып Қарақытай гүрханына бас ұрады. Шыңғысхан жорығына дейін Жетісуда қаңлы тайпасы өмір сүрген.

Моңғол жорығы тұсындағы қаңлылар

Ал кейінгі кездерде, яғни қыпшақ хандығының соңғы кездерінде Қазақ даласының көп жері қаңлылар жері атанған. Оған себеп: Хорезм шахтары күшейе бастағанда қыпшақтарға қарасты қаңлылар хорезмдіктер жағына шыққан. Бұған Шыңғыс жорығы кезінде қаңлылардың Хорезм әскері ретінде қарсы соғысқанын дәлел ретінде айтуға болады. Қаңлы мен Хорезм қыпшақ хандығын жеңіп қыпшақтарды батысқа ығыстырды деген пікірге келуге болады. Өйткені Карпини, Рубрук, Әбілғазы айтқан қыпшақтар Еділ, Жайық, Дон, Днепрді жайлаған. Жуайнидің «Жаһанды жаулаушының тарихы» атты кітабында да Хорезм мен қаңлы хандарының байланысы былай айтылған:

«(1192 жыл) Хорезмшах Текеш Иракка соғыс ашады. Жазда оның Рейск ұлысын жаулап алады, оның жаман климатынан көптеген әскерлері қырылып қалады. Түріктің ең жақсы әскер басшысының бірі деп есептелетін Тамгаджды (жер аты өшкен – 447 бет) калдырып, хорезмшах Текеш Хорезмдегі үйіне оралады. Жолда Сұлтаншахтың бұнын жоқтығын пайдаланып, Хорезмді қамап қоршап отырғанын естиді. Текеш сұлтан барлық әскерімен Хорезмге аттанады. Хорезмшахтың келе жатканын естіген Сұлтаншах қоршауды тастап, Мервке кетеді. Көктем шығысымен Хорезмшах ағасымен соғысуға тағы да жолға шығады. Абиверде басталған ағайындардың арасындағы бейбіт келісім аяқталады. Осы кезде Серахстың коменданты (кугвал) Бедр-ад-дин Джагар Сұлтаншахты сатып кетіп, Хорезмшах Текешке беріледі. Текеш Абиверден Серахска келеді. Бедр-ад-дин оны қарсы алуға шығады, казына мен камалдың кілтін тапсырады. Бұны естіген Сұлтаншаx үшін ақ күн қараға айналады», осы жағымсыз хабардан сон екі күннен кейін ол 589 ж. (= 29 IX 193) рамазанның соңғы күні қайтыс болады. Сонымен хорезмшах мұрагерлікке және иелікке ағасының қазынасы мен әскерін алады. Хорезмнен Текештің екінші ұлы Кутб-ад-Динді шұғыл шақыртып алады. Үлкен ұлы Насыр -ад-Диннің өтініші бойынша Текеш Меликшахты Нишапур наместнигінен Мервке ауыстырды, ал Нишапурды келешек Хорезмшах Мұхаммед алды. Бір жылдан кен Мервтің жаман климатынан Меликшах ауырып, кайтадан Нишапурге наместник болып жіберіледі. 591 жылы (1195) дінсіздерге қарсы қасиетті соғысты себеп қылып, Дженданың әкімі Қадыр-Бук Сығанаққа аттанады. Қадыр-Буку хан дұшпанның аса басым күші алдында шегінуге мәжбүр болады. Текені оның ізіне түседі. Алайда оның әскерініңе кіретін түрік тайпасы, уранилер оған көмек беру туралы ниетін білдіріп, Хорезмшах Текешке опасыздық көрсетеді. Жігерленген Буку хан шегінуді тоқтатып,  Джумадиде Хорезмшахқа соққы береді. Уранидің үгіттеуімен тылға шапқыншылық жасап, арбалы керуенді тонайды, абыржыған әскер қашуға мәжбүр болады. Көпшілігі семсерден қырылса, одан да көбі құмда аштық пен шөлден өледі. Хорезмшах Хорезмге тек 18 күннен кейін ғана оралады.

Буку ханның жиені Әли-Дерек 3 жылдан кейін өзінің немере ағасымен келісе алмай, хорезмшах Текешке көмек беруге ықылас білдіреді. Хорезмшах Шадьяхтан Кутб-ад-Дин Мұхаммедті шақырып, 594 ж. раби айында (1-1198) оны Әли-Дерекпен бірге Буку ханға қарсы жібереді. Буку хан соғыста жеңіліп, Хорезмге тұтқындалып әкелінеді. Соңында ол Хорезмшахпен өзінің құқықтарын қалпына келтіреді.

596 ж. (= 1199-1200) Хорезмшах Текештің «шелек өмірі» «құдықтың түбіне құлады», Хорезм тағына оның ұлы Мұхаммед отырады, ол құрметті есімі Кутб-ад-динді жаңа есімге – Ала-ад-динге ауыстырады. Оның жаңа патшалығы соғыспен басталды. Оған Гурдың туысқан әкімдері Шиxаб-ад-дин және Ги-ад-динмен соғысуға тура келді. Әскер басы Мұхаммед ибн Харангтың басшылығымен жіберген отряд Мервті жаулап алады. Әкімнің өзі 597 ж. (= IY-Y1201) Тусты қиратып, Шадьяхқа ат басын бұрады, бұл жерде Ирактан оралған хорезмшахтың ағасы Таджад-Дин Али-шах бар еді. Оны қаланы алғаннан кейін Гур ордасына жібереді. Гур сұлтанның үкіметі Джурджан мен Бистамға дейін орналасқан. Содан соң Гия-ад-Дин Гератқа оралып, ал Шиxаб-ад-Дин Кухистанға бет алады. Сол жылдың зу-л-хидж айында (2 қыркүйек) хорезмшах Мұхаммед Шадбяхты тартып алып, Мерв пен Серахсқа аттанады, ол жер Тур сүйенген, өзінің жиені Хинду-ханның қолында еді» (17).

Бұл деректе айтылып отырған қаңлы билеушілері Қадыр Бөке хан мен оның інісі Алып-Дерек, Алып-Деректің лақабы Иналшық болатын. Хорезмдіктер қаңлыларға Исламды насихаттап қаңлы билеушілерін Исламға кіргізген. Қадыр хан Исламдық лауазым, ал оның інісі Алып-Дерек кейін Қайырхан атанған, олардың әпекесі Түркен қатұнды Хорезмшах Текеш алған болатын. Осылайша қаңлылар Хорезм мемлекетіне әскери қызметке кіріп, Хорезмді тез арада империяға айналдырған әскери күшке ие болады. Шыңғысхан жорығы кезінде Қазақстан даласында соғыс болмайтын себебі осында, өйткені дала тұрғындары қаңлылар үй ішімен Сыр бойы мен Мәуераннахр қалаларында болып жауға қарсы бекінген. Қаңлылар Хорезм империясына қарасты болды, ал империя билеушісі қарулы күштерді далада емес қайта қала бекіністерге бекініп, Моңғол әскеріне төтеп беруге орналастырған.

1206 жылы Шыңғысхан «Еке моңғол» ұлысын құрып моңғол, татар, керей, найман, меркіт сияқты сахарадағы бес арыстың басын біріктірді. Оның тегеурініне төтеп бере алмаған найман, меркіттердің қалдық күштері Қазақ даласына кіре бастайды, сонан Шыңғыс жорығына байланысты қаңлыларда ауызға алына бастайды. Мысалы «Моңғолдың құпия шежіресінде»:

«...Осылайша найман Күшлік ұйғыр, қарлық елдері арқылы Сартауыл жеріне қашты, Шу өзенінен өтіп  Қарақытайдың гүрханына барып жолықты. Меркіттің Құду, Шылағұндары  қаңлы қыпшақ асып кетті. Шыңғысхан өз ордасына қайтты (18).

Шыңғысхан Бұқтырмада наймандар мен меркіттердің қалдықтарын талқандағанда аман қалған меркіттер шығыс және орталық Қазақстанға қаңлы жеріне қашқан. Ол тұста Жетісуда да қаңлылар мекендеген, Жетісуда қаңлыдан өзге қарлықтар мен қарақытайлар тіршілік еткен.

Моңғолдардың қыпшақтармен соғысуы 1222 жылы Шыңғысхан Жебе, Сүбетай батырларды Түркіменстан, Иранды айналып өтіп, Кавказдағы елдерді бағындырып, оның терістігенде аландарды жеңіп, онан барып қыпшақтармен соғысады да, оларды да жеңеді.

«Тағы Сүбетай батырды солтүстіктегі қаңлы, қыпшақ, башқұрт, орыс, мажар, асут (алан), шест, шеркеш, кашмир, бұлғар, лалал қатарлы он бір ұлысқа жорық жасап, Еділ мен Жайықтан өтіп Хиуа мен Керманға жетуді бұйырды (19).

1222  жылдар осы әйгілі жорықта Қалқа бойында орыс пен қыпшақтың жүз мың әскерін қырғынға ұшыратқан әйгілі шайқастан кейін олар ат басын шығысқа бұрады, бірақ шығыстағы қаңлылармен арада болған соғыстары туралы дерек сақталмаған. Бұған қарағанда бұл қаңлылар көп ел емес сияқты, олар Хорезм шахтарына бағынбағандары болуы мүмкін.

Қазақ даласында не үшін көлемді соғыс болмаған?

Хорезм империясы 1196 жылдан бастап бас көтерді, айналасы он жылда орта Азия, Ауғанстан, Иран, Үнді, Ираққа созылған империя құрды. Хорезмдіктер отырықшы жұрт, жауынгер көшпенді емес! Хорезм армиясында 100 мыңнан аса қаңлы әскері болған, қыпшақ әскері де көп, демек 200 мыңнан аса қаңлы-қыпшақ әскері Хорезм империясын құрған негізгі күш! Хорезм шахтары оларды мұсылман дініне кіргізіп лауазым берген (Қадыр хан, Қайырхан) . Сонда әскерлер отбасымен Мәуереннахрмен Сыр бойында жүрген болуы мүмкін!

1217 жылы Жошы Торғайға қашқан меркіттерді қуалап келгенде Ырғыз бойында Хорезм шахтың 60-100 мың қолымен беттеседі, олар Дешті Қыпшақтағы дінсіз қыпшақтарды жаныштауға шыққандар екен! Шығыс қыпшақтардың Хорезм армиясына қатысқандарынан тысқары сахарада қалғандары Шыңғыс әскерлеріне соғыссыз берілді деуден өзге дәйек айта алмаймыз! Сонымен қатар осы даладағы билеуші не ханның аты аталмайды. Бұған қарағанда даладағы көшпенділердің дені Хорезм шахқа бағынған сыңайлы, көшпенділердің ер азаматтары дерлік әскер болатын, Хорезм әскерінің негізгі тірегі де осы қаңлылар екенін төменде көрсетеміз.

Бұқара қаласында болған соғыс туралы былай делінеді:

«Күндер бойы осындай соғыстар жүргізілді. Соңында қамалдағы халық шарасыз күйге түсті. Моғолдар Бұқараның асаршы адамдарының көмегімен қамалдың бір бөлігін иемденіп, қақпаларға өрт қойып жіберді... Моғолдар қаңлылар арасынан қамшыдан биігін ғана қалдырды, жалпы отыз мыңнан аса еркекті өлтіріп, әйелдермен балаларды құл ретінде алып кетті (20).

Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах Самарқанды 110 мың әскерге тапсырған еді. Оның ішіне 60 мыңы сұлтан сарайында лауазымға ие ықпалды кісілер мен хандар әулетінен шыққан 60 мың түріктер болатын ал 50 мыңы тәжіктер еді... Қамалдың өзге күзетшілерін, халқын, жайлауға шығарып, түріктерді тәжіктерден бөліп барлығын ондықтармен жүздіктерге бөлді. Моғол дәстүріне сәйкес олар түріктерге шаштарын жинап, орауын бұйырды да, барлығын мекендеріне жіберді. Ал қалған қаңлылардан 30 мыңнан астам адамды және олардың басшылары: Баришмасханды, Сарсығханды, Ұлағханды және аттары Шыңғысханның Рукнаддин қартқа жіберген жарлығында жазылған өзге де жиырмадан астам сұлтанның әмірлерін қоса өлтірді (21).

Демек бұл деректерден Хорезмшах әскерінің құрамында қаңлылар өте көп болғанын көреміз, оның тез уақытта сонша жерді бағындыруы да жауынгер қаңлылардың еңбегі болатын. Демек Қазақ даласында соғыс болмайтын себеп осында, ондағы қаңлылардың дені Сыр бойымен Мәуераннахр  қалаларында әскер болып Шыңғысханмен соғысқан. Осы қаңлылар аямай жазаланған, кейінгі өзбек, қарақалпақ, хазаралардың арасындағы қаңлылар осылар болуы мүмкін.

Ал Жетісу қаңлылары керісінше Шыңғысхан әскерінің қатарында Хорезмге қарсы соғысқа қатынасқан.

«Ол (Шыңғысхан) Қиялық аумағына жеткенде ол жерлердегі әмірлер басшысы Арсылан хан Шыңғысханның алдына бас ұрып мойынұсынды. Сонан тағайындау алып, моғұл әскері қатарында олармен бірге кетті (22).

Бұлар – Жетісудың және Ілені мекендеген қаңлылар, олар Шыңғысханнан үлкен сый көрген. Кейінгі қазақтағы қаңлылардың дені осылар болуы мүмкін.

Ал Шыңғысхан Орта Азия мен Қазақстанды, сондай-ақ Шығыс Еуропаны жаулап алғаннан кейін қаңлы, қыпшақ тайпалары торғайдай тозады. Қаңлы мен қыпшақтың қонысына шығыстан және көшпенділер келіп бірге қоныстанады. Арада жиырма жыл өткен соң Еуропа жиһангездері осы даладан өткенде көрген білгендерін хатқа түсірген, біз Карфини мен Рубруктің естеліктерінен үзінді келтіріп отырмыз. Карфинидің айтуынша татарлар бағындырған елдер мыналар:

«Қытай, найман, сұлаңқа, қарақытай, кумания (қыпшақ), тұмат, ойрат, қарант, ұйғыр, су моғол, меркіт, мекри, сары ұйғыр, башқырт, қырғыз, кесмир, саратсин (мұсылман), түркімен, бұлғар, қорла,құмық, түбіт(тибет), барасұт,қас, алан (асут), армения, қаңлы, куман (қыпшақ), бұртас, еврей, мордыва, торық, қазар, самойд, парсетад, кіші үнді, черкеш, бауда, сарт, сақсын, грек, гүрж» (23).

«Біз қыпшақ даласынан өттік, ол шексіз шетсіз дала екен. Ол далада төрт өзен ағып жатыр, біріншісі Днепр, ол орыстарға жақын орналасқан. Екіншісі Дон, ол Батудың қарындасының иелігі, оның аты – Қардан. Үшіншісі Еділ өзені, бұл өзеннің жағасына Батудың ордасы орналасқан. Төртіншісі Жайық, бұл өзеннің жағасына Батудың екі мыңдығы орналасқан. Батудың ордасы қыпшақ даласының шегіне орналасқан» (24).

Карпини айтып отырған Дешті-Қыпшақ – Украинадан Қазақстанның Атырау облысына дейінгі аумақ. Әбілғазы баһадүр ханның айтуында да қыпшақтар Еділ мен Жайық бойын жайлаған. Ал олардың шығыс шеті Ертіске тіреліп наймандармен шектесіп Алтай тауларына дейін жеткен.

...Солтүстігі Қарақытай теңізі (Балқаш) көлі деп аталатын теңіз бар, Батудың інісі Шәйбан сонда тұрады, онан өтіп Қарақытай жеріне келдік...Онан найман жеріне кірдік (25).

Қаңлылар Жетісудың теріскейімен батысын жайлағаны анық, Балқаш көлі қарақытайлармен қаңлылардың шегарасы болған. Кейін Балқаштан батысқа қарайғы жерлер Жошының иелігіне айналды, кейін Бату өзі Жайықтан батысқа қарайғы жерлерді иеленді де, шығыстағы Жошы иеліктерін Орда мен Шәйбанға берген болатын. Карпини 1246 жылы 4-айдың 6-сы күні Бату ордасына келген, 5-айдың 17-сі күні қаңлы жерінен шығып Қарақытай жеріне кірген.

Рубрук айтуында: «Біз 9-айдың 15-сі күні нен 11-айдың 1-і күніне дейін қаңлы даласынан өттік». Бұған қарағанда қаңлы жері Қазақстанның көп бөлімін алып жатқанына күмәндануға болмайды.

«Онан кейін біз қаңлылар жеріне кірдік, бұл жерлер көбінде суы тапшы, тұрғындары аз екен. Сондықтан орыс князі Ярославтың көп адамы осында келіп татарлармен шекіскен кезде көбі шөлден өліпті. Бұл жерде де біз Кумания (Дешті Қыпшақтан байқағанымыз сияқты көптеген өліктер мен адамның бастарын көрдік. Қаңлылар түгел өзге діндегілер, қыпшақтар сияқты егін екпейді, тек мал арқылы жан бағады. Олар там үй салмайды, киіз үйлерде отырады. Татарлар бұларды да құртты, онан өздері қаңлылардың жеріне иелік етті де, аман қалған қаңлыларды құлға айналдырды. Қаңлы жерінен өткен соң тағы мұсылман жеріне кірдік. Бұл жердегілерде қыпшақша сөйлейді екен, бірақ олар мұсылман дінін ұстанады. Бұл арадан үш қаланы көрдік: Янгент, Барысқан, Орнас. Бұл арадан көптеген қираған қалалар мен иен қалған қыстақтарды көрдік. Бұл арада үлкен бір өзен бар екен, бірақ атауын біле алмадық. Бұл өлкелерді бір сұлтан басқарған екен, ол үй ішімен қоса татарлар жағынан өлтіріліпті» (26).

Сол замандағы тарихи деректерде Қазақ даласында болған соғыстар туралы ештеңе айтылмаған. Тек Сыр бойындағы қалалар мен Мауераннахр қалаларындағы соғыстар. Сұлтан деп отырғаны Хорезм шахтары, сахарадағы қырылған өліктерде сыр бойы қалаларынан қашқан әскерлердің қашқан бөліктерінің өліктері және осылай қашқан меркіттердің қырғынға ұшырағандары болуы мүмкін.

Ақорда мен Моғолстан құрамындағы қаңлылар

Шыңғысхан өзі бағындырған алып территорияны төрт ұлына бөліп бергенде мұрагері Өгедайға Орхон өзенінен батысқа қарай Тарбағатай тауларына дейінгі жерлерді; Шағатайға Шығыс Түркістан, Жетісу, Мауераннахрды; Жошыға Өгедайға қарасты жерлердің батысы мен Шағатай ұлысының солтүстік батысын берді. Жошы ұлысы кейін «Алтын Орда» деп аталды, оған қарасты халықтарды «тоқсан екі баулы өзбек (немесе қыпшақ) деп атады, ол халықтардың тізімі  мынандай: «1. Мың. 2. Жүз. 3. Қырық. 5. Жалайыр. 6. Прай. 4. Үгажат. 6. Прай. 7. Қоңырат. 8. Алшын. 9. Найман. 10. Арғын. 11. Қыпшақ . 12. калмак. 13. Фрат. 14. Қырықтык. 15. Торғауыт. 16. Бурлан, ыршық. 17. Шымыршық. 18 Қатаған 19. Кәжі. 20. Кенехас. 21.Бұйрат. 22. Ойрат. 23.Киат. 24. Бағлан. 25. Қытай. 26. Қаңлы. 27. Өзбек (өзінше)

28. Койшы. 29. Бұланшы. 30. Шабұт. 31. Жоют. 32. Селшауыт. 33. Баяуыт. 34. Отаршы. 35. Арлат. 36. Керейт. 37. Ұнғұт. 38, Маңғыт, 39. Танғұт. 40. Оймауыт. 41. Қашат. 42. Меркіт. 43. Буркат. 44. Қият. 45 Қоралас. 46. Төралас. 47. Қырараб. 48. Илашы. 49. Шұбырған. 50. Кышлак. 51. Оғлан. 52. Түркмен. 53. Дүрмен, 54. Табут. 55. Тама. 56. Мачад. 57. Кердері. 58. Рамадан. 59. Керей. 60. Надай. 61. Қафсана. 62. Қырғыз. 63. Ұяршы. 64. Жойрат, 65 Үйсін, 66. Жорға. 67. Баташ. 68. Қойсын. 69. Молдыз. 70. Тәбел. 71. Татыр. 72. Тілеу. 73. Басхал. 74. Ниан. 75. Қазған. 76. Шірін. 77. Ұнтан. 78. Құрлат. 79. Шілкаc. 80. Үйкорған. 81. Тарғын. 82. Жабу. 83. Суран. 84. Тұрғак. 85. Мутиян. 86. Каска. 87. Мажар. 88. Тұшлык. 89. Шоран. 90. Шүршіт. 91. Баһршы. 92. Ұйғұрат» (27).

Демек қаңлыда, қыпшақта бұрынғы орынынан айырылып қатардағы рулардың деңгейіне түскен.

Кейін Әбілқайыр хандығы кезінде қаңлы туралы мынадай дерек бар:

 «...Осы уақытта Мұхаммед Шәйбани хан ордасында әскерлерге арналған азық таусылған еді. Ол Елике сұлтанмен кеңесіп әскердің жүрек жұтқан тобын Қамза сұлтан, Махмұд сұлтан мен Сүйіншік қожа сұлтанға  бастатып ұлысқа (Қазақ хандығы) шапқыншылыққа жіберді. Олар ұлысқа жетіп елді шапқанда көп байлыққа кенелді, осы кезде кездейсоқ жағдай болды: Шейх бұдақ баһадүр Қожа баһадүрдің ұлы, лақап есімі сопы, қаңлы обақтан еді...» (28).

Үгедайға қарасты ұлыстар 1301 жылы Үгедай ордасы жойылған соң дені Алтай асып келіп Моғолстан мемлекетін құрды. Тарихи-Рашидиде айтылатын Моғолстан (Моңғолстан рулары мыналар:  1. Дулат  2. Чорас. 3.  Керейт. 4. Жалайыр. 5. Қаңлы. 6. Арқанұт. 7.  күрлеуіт, 8. Барлас. 9. Барын. 10.  Қалуч. 11. Бұлғач. 12. Бекчик. 13. Катұр. 14. Арлат. 15. Қырғыз. 16. Бахрин. 17. Суқар. 18. доқтой,. 19. Барқы. 20. Нояғұт. 21. Қонжы. 22.  Ордабег. 23. Итаршы. 24. Меркіт. 25. Сұңқаршы. 26. Сұлтұз. 27. Қыпшақ. 28. Бұлдай. 29. Қошин.

«Тұғылық  Темір хан Ташкент даласындағы  Ходжент өзені маңында «Чана бұлақ» деген жерде біраз аялдап, төрелері мен бектерін жиып кеңес ашады. Кеңесе келе әмірлер мынадай шешімге келеді: Керейт тайпасынан ұлы Тоқтемірді, Арқанұт (Арғын) тайпасынан Қажыбекті, қаңлы тайпасынан Қажыбекті алдыңғы сапқа жіберуді жөн деп тапты. Бұл үш әмір жарлықты екі етпей өз міндеттеріне кірісіп кетті» (29).

Қарағанда осы қаңлылар Хорезм жорығы қарсаңында Шыңғысханға өз еркімен бағынған қаңлылар сияқты бұларды Қазақтағы қаңлылар деуге болады.

Әдебиеттер:

  1. «Ханнама». Батыс өңір баяны. Қаңлы.
  2. «Ханнама» 61- бума. Ли гуаң  ли мен Жаң Чияннің өмірбаяны»
  3. «Ханнама» 70- бума. Ган Яншу, Чін Таңның өмірбаяны»
  4. «Ханнама «96- бума. «Қаңлы баяны»
  5. «Ханнама «96- бума. «Қаңлы баяны»
  6. «Ханнама» 96- бума. «Қаңлы баяны»
  7. «Ханнама» 96- бума. «батыс өңір баяны. Усүн»
  8. «Соңғы Ханнама. 47- бума» Бан Чаудың өмірбаяны»
  9. «Соңғы Ханнама. 88- бума» батыс өңір»
  10. «Уейнама (Сау уей). Батыс нұмдар баяны»
  11. «Сүйнама . Түрік баяны. Батыс түрік»
  12. «Сүйнама . Түрік баяны. Батыс түрік»
  13. « Таңнама. Түрік баяны. Батыс түрік»
  14. «Күлтегін бітіктасы»
  15. «Тэсин бітіктасы»
  16. « Қазақтың қысқаша тарихы. Нығымет Мыңжан»
  17. «Жуайни. Жаһанды жаулаушының тарихы»
  18. «Моңғолдың құпия шежіресі. 198 үзік»
  19. «Моңғолдың құпия шежірес .262 үзік»
  20. «Жамиғ ат тауарих, екінші кітап» .159 бет
  21. «Жамиғаттауарих, екіншікітап» .160-161 бет
  22. «Жамиғ ат тауарих, екінші кітап» .149 бет
  23. «Рубрук пен Карпинидің шығысқа сапар естелігі». 76 бет
  24. «Рубрук пен Карпинидің шығысқа сапар естелігі». 90 бет
  25. «Рубрук пен Карпинидің шығысқа сапар естелігі». 95 бет
  26. «Рубрук пен Карпинидің шығысқа сапар естелігі». 90 бет
  27. Құрбанғали Халиди. «тауарих хамса»
  28. Камал ад дин бина и. Шайбанинаме. Қазақстан тарихы түркі деректемелерінде. Дайык баспасы. 2006 жыл.
  29. Мұхаммед хайдар Дулати .«Тарих и Рашиди».1-кітап.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?