Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қағандық құрған қаңлылар

3598
Қағандық құрған қаңлылар - e-history.kz
Заманымыздың I ғасырында қаңлылар күшейіп төңірегіндегі елдерді өзіне қарата бастайды, батысындағы аландар оларға сырттай бодан болады

Ғұн заманындағы қаңлы мемлекеті

Ерте заманғы Қаңлы мемлекетінің Қазақстан тарихынан алар орны бөлек, қаңлы мемлекеті орталық Қазақстан, оңтүстік және солтүстік Қазақстан аумақтарын алып жатты, бірде батыс Қазақстанды да сырттай бодандығына кіргізді, кейін Мәуераннахрға да билік жүргізді. Ұлы даламыздан сан көшпенді дүркіреп ары-бері сабылумен келсе де, 2000 жылдан бері көбінің аты өшті немесе басқа елдің атауымен аталып кетті, тек қаңлылар ғана өз атамекендерінде атадәстүрін үзбей өз аттарымен жетті, оларды ең байырғы қазақ тайпасы деуге болады. Қаңлылар туралы деректер осыдан 2000 жыл ілгерідегі Хань-Қытай мемлекетінің тарихында хатқа түскен. Онда қаңлыларды Ғұндарға бағынышты тайпа ретінде қарастырған.

«Қаңлы (康居, көнеше оқылуы қаңғағ, каңгу, қаңғия) – Дадуанның (Ферғана) батыс солтүстігінде, онан 2000 шақырым қашықтағы көшпенді ел, тұрмыс салты ұлы Нүкүздердің салтына өте ұқсайды, 80-90 мың оқшысы бар. Дадуандармен көрші отырады, кішірек ел болғандықтан оңтүстікте нүкүздердің шығыста Ғұндардың тізгіндеуінде тұрады» (1).

Эрамыздан бұрынғы 174 жылы Ғұндардың атақты Модон тәңірқұтының ұлы атақты Леузаң тәңірқұт және оның Усүн жасағы батысқа ірге кеңейтіп Жетісуды мекендеген Нүкүздерді талқандап, олардың ханын өлтіреді, басын кесіп, бас сүйегінен арақ ішетін тостаған жасайды. Нүкүздер ауа көшіп Индқұш тауларына кетеді, Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы 26 ел Ғұн билігін мойындап бағынады. Тәрізі Қаңлылар да сырттай Ғұндардың тізгіндеуінде болған сияқты. Қаңлыларда 90 мың әскер болғанынан-ақ олардың осал ел емес екенін білуге болады.

Көшпенділер империясы Ғұндарға Хань патшалығы 80 жыл бойы бағынышты қатынаста болып салық төлеп отырды.  Эрамыздың  143 жылдарына келгенде Хань империясы нығайып, Ғұндармен үзеңгі қағыстыратын қауқарға ие болды. Десе де Ғұндар өте үлкен империя болатын, оларды астықпен, алман-салықпен қамдайтын Мәуеранннахр мен Тарым ойпатын олардан бөліп тастау арқылы Ғұндардың экономикалық күре тамырын үзу, Ғұндармен ұқсас көшпенді елдерді оларға қарсы қою арқылы оларды жан-жақтан қыспаққа алу мақсатында Жаң Чиян атты елшісін эрамыздан бұрынғы 139 жылы батысқа аттандырады. Ол жолда Ғұндардың қолына түсіп, онда он неше жыл тұрады, онан қашып шығып, батыстағы елдерді аралап қайтады. Кейін оның айтқаны бойынша сарай бітікшілері батыстағы мемлекеттерді хатқа түсіреді. Онда мынадай жолдар бар:

«Мен (Жаң Чиян) – Хань патшалығының Нүкүзге жіберген елшісімін, жол ортада Ғұндар бөгеп зорға қашып шықтық. Ханеке адам қосып беріп бізді сол елге жеткізіп салсаңыз екен. Егер нүкүзге барып онан еліме қайта оралсам, Хань патшасы ханекеңе айтып тіл жеткісіз тарту сыйлар еді деді. Ферғана ханы оған иланады да оны Қаңлы еліне дейін шығарып салады, ал Қаңлылар оны Нүкүздерге жеткізеді. Жаң Чиян өзі Ферғана, Нүкүз, Бактрия, Қаңлы елдеріне барады» (2).

Нүкүздер саны 400 мың, әскері 100 мыңнан асатын, Ғұндарға бағынбайтын. Жаң Чиян оларға барып олармен әскери одақ құрмақ болады. Бірақ нүкүздер оны қабыл алмайды. Сондай-ақ кейінгі Хань деректеріндеде олар туралы көп айтылмаған.

Эрамыздан  бұрынғы 48 жылы Ғұндардың билігіне таласқан бес тәңірқұт пайда болды, оның соңы қырқыс соғысқа ұласып, ақыр аяғында Батыс Ғұн және күнгей Ғұн деген екі иелік пайда болады. Күнгей Ғұндар Хань империясына бағынады да, Батыс Ғұндар дербес тұрып Хань елімен жалғасты соғысады. Батыс Ғұнның Тезек тәңірқұты Байқалдың батысындағы кенгүндер жеріне келіп орда тігіп қаңлылармен байланыс орнатады. Арада біраз уақыт өткен соң ол осы елдерге сүйеніп батыстағы елдерді шеңгеліне алады. Оған қарсы Хань елі әскер шығарады.

 «...Қағанза тәңірқұттың онан ары күшейіп алғанын сезген Тезек тәңірқұт батыстағы Қаңлы еліне қарай тартты. Қаңлы ханы Тезек тәңірқұтқа қызын берді, Қаңлы ханына Тезек тәңірқұт та қыз берді. Оның айбарымен маңындағы елдерге доңыз айбат көрсеткісі келген Қаңлы ханы Тезекті төбесіне көтере құрметтеді. Тезек тәңірқұт Қаңлы қолынан пайдаланып Усүнге талай рет шабуыл жасады, Чекүк қаласына дейін ат ізін салды. Тұрғын елді қырып-жойып, малын талан-таражға салды. Усүндер өкшелей қууға батына алмады. Өйткені батыс жақ иен, шет-шегі мың шақырымға созылған иен далада мекен тұтқан жан баласы жоқ еді. Тезек тәңірқұт өзін шар тарапты шарпыған үлкен ұлыс деп есептеді, басқа елдердің құрметіне бөленгенін, жеңістерге жеткенін көтере алмай асқақтап кетті. Қаңлы ханына жол-жосын бойынша мәміле жасағанды қойып, ашу үстінде оның қызы мен текті дегдарларын өлтірді, бірнеше жүз бейуаз бұқараны қырып салды. Кейбіреуінің денесін бұтарлап шауып, Талас өзеніне тастатты. Бұқараны қала қорғанын салу  жұмысына айдап салды. Күніне 500 адам қатысатын бұл машақатты жұмыс екі жылда бітті. Алан, Ферғана сияқты елдерге жыл сайын салық тапсырып тұрасыңдар деп қысым жасады... Жиянжау 3 жылы (заманымыздан бұрынғы 36 жыл) Чін Таң мен Ган Яншу батыс өңірге жорыққа шықты. Тезек тәңірқұт батысқа жорық жасап, Хагат, Кенгүн, Деңлеңдерді талқандап, сол үш елдің басын қосып сол Кенгүндер жерінен астана құрды»... Ган яншу.

Бұратана қауымдар аталы нәсілден жасқанғыш келеді, бұл олардың сүйегіне біткен қасиеті. Батыс өңір тегіннен Ғұндардікі еді, қазір Тезек тәңірқұт айбыны асып, Усүнге, Ферғанаға шабуыл жасап, Қаңлыны торуылдап, оны уысына алғысы келіп отыр. Егер осы екі елді қолына қондырып алса, терістікте Ілеге шабуыл жасаса, батыста Парфияны басып алса , Түстікте Нүкүзді, Александрияны жойса онда бірнеше жылдың ішінде қала-кентті елдердің бәрі қатерге ұшырайды.

...Чін Таң мен Ган Яншу қосынды бастап бірнеше бағытқа бөліп сол күні жорыққа аттанды. Олар алты лекке бөлініп, үш легі солтүстік бағытта Когарттан асып тұп-тура Ферғанаға шеру тартты. Қалған үш легін басқақтар өздері бастап Унсудан шығып, терістікті бетке ала Шекүкке (усүндердің орталығы) жетті де, Усүн елін басып өтіп қаңлы шегарасына кіріп, Ыстықкөлдің батысындағы өңірлерге барды. Бұл кезде Қаңлының кіші ханы Бүден неше мың қолмен Шекүк қаласының шығыс жағынан тиісіп, ұлы Күнмудың мыңнан аса адамын талауға салып, қырып-жойып, қыруар малын айдап кеткен еді. Ол Хань қосындарының соңына түсіп соғысты. Қосынның арт жағында келе жатқан қыруар соғыс жарақтарын тонап алды. Чін Таң оларға қарсы жорыққа жергілікті жұрттардың жасақтарын жіберіп 470 адамын өлтірді, олардың қолына түскен 470 адамды арашалап алды да, ұлы Күнмуға табыс етті. Олжаға түскен сиыр, жылқы, қой түліктерін шеріктердің азығына алып қалды және Бүден ақсүйегі Енадүкті тұтқындады. Қаңлының шығыс жақ жер шегіне ілінгенде Чін Таң жерлікті бұқараға соқтықпау туралы бұйрық түсірді. Қаңлы дегдары Дамыкты құпия шақырып алып, оған Хань патшалағының айбарымен сенімін аңғартты да , арнайы дастарқан жайып онымен одақ жасасып қайтарып жіберді. Алған бетімен ілгерілей түсіп тәңірқұт қаласына 60 шақырым қалғанда ерулеп тоқтады. Қаңлы ақсүйегі Батшыгізінің ұлы Кммюды ұстап алды да, оған жол бастатты. Батшыгызы Дамыктың нағашы ағасы еді, ол екеуі Тезек тәңірқұтқа өлердей өш болатын, сонымен Чін Таң олардан тезектің жәй-жапсарын ұғып алды...

Қалаға үш шақырым қалғанда тоқтап қос тігіп шеп құрды, алыстан қарағанда тәңірқұт қаласының әлем-жәлем тулары желбір-желбір етеді. Бірнеше жүз сауытты әскер қорған мұнарасы үстінде күзетте тұр. Тағы бірнеше жүз сарбаз қорған түбінде шақпылап жүр. Қорған дарбазасының екі жағында бірнеше жүз сарбаз қаз қатар тізіліп машық жасап жатыр. Қорғандағы адамдар бірінен соң бірі Хань қосындарына қол бұлғап, «келіңдер қане!» деп айғайлап қояды. Жүзден аса сарбаз Чін Таң қолына лап берді, Хань шеріктері оларға қарсы садақтарын шірене тартып тұра қалып еді олар шегініп кетті. Чін Таң қорған дарбазасындағы атты-жаяу әскерлерге қарсы тағы бір қауым әскер жұмсап, садақпен атқылатып еді, олардың бәрі қорған ішіне қарай ығысты.

Жау  ағаш қорғаннан сырта қарай оқ атып көп адамымызды өлтірді. Қорған сыртындағылар ағаш қорғанға өріт қойып өртеп жіберді. Түнде қорғаннан сыртқа лап қойған  неше жүз сарбаздарды сыртта тұрған Хань шеріктері садақпен жусатып салды. Хань қосындары келіп қалды дегенді естіп тәңірқұт қашып кетуге ыңғайланған еді, бірақ өзіне өшігіп жүрген Қаңлылардан Хань шерігімен ымыраласып алар деп күдіктенді...

Тәңірқұттың ондаған ханымы да қорған сыртына оқты қарша боратты. Қорған сыртындағыларда қорғанға оқ жаудырды, тәңірқұттың мұрнына оқ тиді...

Осы кезде Қаңлының түменнен аса қолы он неше топқа бөлініп қорғанды қаумалай қорғап Ғұндармен сәйкесе кетті. Қаңлы қолы түн ішінде Хань қосындарының шебіне бірнеше жерден шабуылға өтсе де сәтті болмай қайта шегінді. Хань қосындары өрт қойған соң Қаңлы қолы шегіне берді. Қолдарына қалқан ұстаған Хань шеріктері тұс-тұстан ентелеп соқпа қорған ішіне лап қойды. Тәңірқұт және ер әйелі болып 100-ден аса адам ордаға қашып тығылды.

 Тәңірқұттың сардар-сарбаздары ордаға кірмек болып жанталасты, тәңірқұттың өзі ауыр жараланып жан үзді. Долымжы тектеуіл ду шүн оның басын кесіп алды. Тәңірқұттың ханымдары, ханзадалары, күлік хандары онан төменгілері болып жиыны 1518 адамның басы кесілді, 145 адам тұтқындалды, 1000-нан аса адам тізе бүкті» (3).

Бұл тұста Шығыс Түркістандағы ұсақ бектіктер Ғұндардың уысынан шығып ханьдіктерге бағынып кеткен болатын, Усүндерде ханьдіктердің Ғұнға қарсы пайдаланатын шоқпарына айналған еді. Осы үзіндіде айтылған дерекке қарасақ, қаңлылар Ғұн билеушісі әлсіз тартса да оны құрметтеп онымен одақтас болған. Алайда Тезек тәңірқұт ақылынан алжасып, оларға ойына келгенін істеп, ақыры өз түбіне жетіп тынады.

Онан кейінгі кездерде қаңлы елі тіптіде нығая түседі.

«Қаңлы (қаңға) елі. Ханының қысқы ордасы Логатнокта тұрады, ал жазда Бетен қаласына көшеді. Бетен Чаң Аннан 12300 шақырым шалғай жерде. Бетеннен Логатнокқа қарай салт аттыға жеті күндік жол. Чаң Аннан Қаңлы ханының жазғы қонысы Паннұтқа дейін 9104 шақырым жер. Қаңлыда 120 мың түтін, 600 мың адам, соғысқа жарамды 120 мың адам бар. Шығыс басқақтан 5550 шақырым шалғайда. Салт-санасы Нүкүздермен ұқсас. Бұл шығыс жағындағы Ғұндардың уысында.

Хань Шуанди (48 жылдар) заманында Ғұндар өз ішінен бөлініп бес тәңірқұт таққа таласты, Хань патшалығы Қағанзаны сүйемелдеп таққа отырғызды. Бұған зығырданы қайнаған Тезек тәңіқұт Хань елшілерін өлтірді де, жолы күдір, жері шалғай Қаңлыға барып паналады. Сонан кейін басқақ Ган Яншу, Чін Таң бесінші-алтыншы аламанбасылармен батыс өңір елдерінің жасақтарын аттанысқа келтіріп, Қаңлыға жорық тартып, Тезек тәңірқұтты жер бетінен жойды. Бұл Хан Юандидің жиянжау 3 жылы (Б.З. Б 36 жыл) еді.

Хань Чыңди тұсына келгенде Қаңлы ханы бір баласын Хань патшалығына аманатқа жіберді әрі тарту-таралғы ұсынды. Бірақ бұдан бұрын аралықты шалғай санап әспенсіген ол Хань патшалығы өзге елдер сияқты қарым-қатынас жасағысы келмеген еді. Бірақ Го Шүн патшаға: Ғұндар өз кезінде құдыретті ел санатына қосылуы Усүн мен Қаңлыны боданына айналдырғанынан емес еді. Кейін Хань патшалығына бодан болуы да Усүнмен Қаңлыдан айырылып қалғандығынан емес еді. Хань патшалығы осы үш елдің ханзадаларын аманатқа ұстап тұрғанымен, олардың арасында тарту-таралғы ұсыну, өзара барыс-келіс бұрынғы күйінен жазбай жалғасып келе жатыр. Оның үстіне бірімен бірі аңдысып, пайданың шеті көрінсе-ақ соғыса кеткелі отыр. Бірлескен күндеде бір-біріне сенбейді, бөлектенген күндеде бірін-бірі бағындыра алмақ емес. Қазіргі кездің өзін алсақ, Усүн елімен құдаласудан ешқандай пайда түскен жоқ, оны қойып пәле тауып алдық. Бірақ Усүнмен құдаласып болдық, қазір ол Ғұндармен бірге бағыныштылық білдіріп отыр. Онан бас тартатын жөніміз жоқ. Қаңлыға келсек, олар тәкаппар, алаяқ. Хань патшалығы елшілерін күні бүгінге дейін құрметтеген жоқ. Қаңлы еліне басқақтық ұлықтар барған кезде, оның ханы олармен дидәрласа келіп, біздің елшілерді Усүн сияқты елдердің елшілерінің аяқ жығына отырғызған, біздің ұлықтарға хан мен асылзадалар тамақтанып болған соң дәстарқан жәйған, басқа елдердің елшілерінің көзінше біздің елшілерді көпе- көрнеу көзге ілмейтіндей әлпет көрсетіп, қатты асқақтаған. Осы тұрғыдан қарағанда Қаңлы ханы ханзадасын Хань сарайына зады қандай ниетпен жіберіп отыр? Оның шын ниеті – Хань елімен сауда жасау. Ғұн тағы елдердің ішіндегі ең азулы мемлекет. Осы күндері Хань патшалығына бағынып аяғын аңдып басып отырған жәйі бар. Егерде Қаңлы ханы Хань елшілеріне құрмет етпей қойыпты дегенді естісе , Ғұн тәңірқұты қорсынып намыстанып қалуы мүмкін. Сондықтан Қаңлы ханзадасын қайтарып барыс- келісті үзіп тастауға, Хань әулетінің көргенсіз елдермен араласпайтындығын дәлелдеу үшін ендігарі оған елші жібермеуге тура келеді. Дахата, Жючуан сияқты ұсақ аймақтармен батыс өңірдің  түстік жолындағы сегіз мемлекет ары-бері сабылып жатқан адамдарды азық- түлікпен, ат-көліктерін жем-шқппен қамдаймыз деп ауыр жүк арқалап отырған жәйі бар. Бұқарада жатып бұтын көтерген астам, алаяқ елдің елшілерін қарсы алып, шығарып салу үшін жол бойындағы елдерді бостан-босқа шығындату, аздырып-тоздыру тым үйлесімді шараға жатпайды деп талай рет дәттеме жазды. Бірақ Қаңлы барыс келісін жәңә бастаған ел болғандықтан, ат-атағын алыс түпкірге жәйуді көздеген Хань әулеті онымен қарым-қатынасты үзбей сақтап қалды (4).

Жетісудағы Усүн елі екіге бөлініп сырттай Хань үстемдігін мойындаған болатын. Бірақ қаңлылар ешқашанда бодандыққа кірмеген еді. Өйткені оларда халық саны көп азулы ел, енді бірі осы тұста Хань империясыныңда қуаты кеми бастаған шақ болғандықтан батысқа әскер жіберуге шамасы келмейтін, Шығыс Түркістандағы бектіктерді ғұндарды әлсірету үшін басып алғаны болмаса ондағы бар жоғы 300 мыңнан аса халықтын экономикалық пайда келмейтін, керісінше онда тұратын әскерлерге ақша кетіп өздеріне шығын әкелетін.

Заманымыздың I ғасырында қаңлылар күшейіп төңірегіндегі елдерді өзіне қарата бастайды, батысындағы аландар оларға сырттай бодан болады.

«Қаңлының батыс терістігінде 2000 шақырым қашықтықта Аорс елі тұрады. Бұл елдің 100 мыңнан аса оқшысы бар. Салттары Қаңлылармен ұқсас. Бұл ел жағасы жәйдәқ телегей-теңізге таяу орналасқан. Аңғары ол солтүстік теңіз болса керек» (5).

Аландарда ірі ел болып 400-500 мың халқы болған, деректегі телегей теңіз дегені Каспи ме әлде Қара теңізбе бұл әлі күнге таласта келе жатқан мәселе. Сонымен қатар қаңлылар Өзбекстандағы отырықшы аймақтарды өздеріне қаратып қаңлы хандары бұрынғыдай емес қалада тұратын болған. Бұл туралы Қытай деректерінде:

«Қаңлыда бес кіші хан бар. Оның бірі Сағай (қазақ хан) хан. Ордасы Сағай қаласында. Бұл басқақтан 5776 шақырым, Яңгуаннан 8052 шақырым шалғай. Екінші Бомык хан (Кашания). Ордасы Бомык қаласында. Басқақтықтан 5767 шақырым, Яңгуаннан 5025 шықырым шалғайда. Үшіншісі Раунік хан (Ташкент ханы). Ордасы Раунік қаласында (Бінкентте). Басқақтықтан 6296 шақырым шалғай, Яңгуаннан 7525 шақырым шалғайда. Төртінші Ге хан (Бұқара ханы), ордасы Ге (Бұқара) қаласында. Басқақтықтан 6296 шақырым, Яңгуаннан 8555 шақырым шалғайда. Бесіншісі Өген хан (Үргеніш ханы), ордасы Өген (Үргеніш) қаласында. Басқақтықтан 6906 шақырым, Яңгуаннан 8355 шақырым шалғайда. Осы бес кіші ханның бәрі қаңлы Ханының билігіне бағынады» (6).

Қаңлыларда бес кіші хан, бір ұлы хан болғанын көрдік, Ташкент, Самарқан сияқты қалалар туралы да ең ертедегі деректер осы болуы мүмкін. Тәрізі Түркі тілді қаңлылар осы аймақтардағы парсы-тәжік тілдес, егінші-саудагер халықтарды өздеріне бағындырған. Мәуераннахрдың түріктенуін осы қаңлылар бастаған десек қателеспейміз.

Қаңлылардың Шығыс Түркістан билігіне араласуы

Қаңлылар Орта Азиядағы азулы мемлекет ретінде өз иелігіндегі Мәуераннахрмен қоса Шығыс Түркістан қалаларыныңда саяси істеріне араласып отырған. Хань еліне қарсы осы ұсақ елдерге әскери көмектер де берген.

 «...Ұлу Күнмуға қастық жасауға Бдженсанмен оның інісі Бегет те араласқан болатын. Іс оңына баспай бара жатқан соң, күндердің күнінде әскери көмек жинап Усүннің үлкенді-кішілі күнмуларын біріктіру үшін ол 80 мыңнан аса қолмен терістік жағындағы Қаңлыға барып паналаған, осы тұста онан қорыққан екі күнму басқаққа онан арман ықтап, үйіріле түсті» (7).

«Хань жаңдидің 3 жылы (эрамыздың 78 жылы) Бан Чау Шәлік, Қаңлы, Ұдұн, Көме елдерінен 10 мың жасақ алып Гамуктің тас қаласын шабуылмен талқандап, 700 адамның басын шабады... Келесі жылы (84 жыл) сарай Долымжы Сыпахыгүң сияқты 4 адамды 800 жасақпен Бан Чауға көмекке жібереді. Банчау Шәлік пен Ұдұннан көп әскер құрап,ссакаға шабуыл жасайды... Соғыс жарты жылғы созылады, Қаңлы елі ірікті жасағын Шәлік ханы Дүмге жібергендіктен Бан Чау қаланы ала алмайды. Ол кезде Қаңлы мен Нүкүз қыз алысып, өте тату тұрған. Сол үшін Бан Чау мол торғын-торқамен Нүкүз ханы арқылы Қаңлы ханына насихат беріп, ақыл айыттырады. Сонан кейін Қаңлы ханы әскерін шегіндіріп Шәлік ханын алып кетеді. 3 жыл өткен соң Шәлік ханы Қаңлы ханынан әскер алып Сүндұмді басып алады».

Деректерге қарағанда қаңлылармен олардың оңтүстігіндегі Нүкүздердің құрған Күшан империясы арасындада бәсекелестік бары аңдалады. Қаңлы елі өзімен қатар өмір сүрген екі империя Күшан (Тохар) мен Хань арасында отырып дербес саясат жүргізді.

Қаңлылар осы гүлденген І-ІІ ғасырда Соғдиянаны бағындырған, ол онан бұрын Ғұндарға, онан кейін Қытай-Хань еліне қараған болатын. Сондай-ақ солтүстігінде Ниям еліне, батыста Аландарға билік жүргізді. Бұған қатысты мына деректерді келтірейік:

«Аорс елінің аты Алан деп өзгертілген. Дәзең қаласында тұрады, Қаңлы ханына қарайды. Климаты жылы. Бөржін, қарағай, ақ шөп көп өседі. Халқының салты, киінісі Қаңлыларға ұқсас.

Ниам елі Аорстың солтүстігінде. Қаңлыға қарайды, шетелге тышқан терісін шығарады.

Соғдияна қаңлыға тәуелді. Таңдаулы жылқы түрі, сиыр, қой, жүзім тәріздес толып жатқан жемістер өседі. Жері сулы, топырағы құнарлы келеді, сондықтан олардың жүзім шарабының даңқы жер жарады» (8).

ІІ-ІІІ ғасырлардағы қаңлы мемлекеті

Заманымыздың І ғасырының соңында Ғұн империясы түбегейлі ыдырады да, Ғұнның көбі батысқа қаңлы жеріне ауып кетті, олар жай өтпеді, қаңлылардың солтүстік өріс-қоныстарын басып алды. Қаңлылар бұрынғыдай оңтүстік Қазақстан мен  Мәуераннахрдағы билігін сақтап отыра берді. Олардың шығысында тағы бір күшті империя Сәнбейлер өмір сүрді, алайда екі ел арасындағы қарым- қатынастар туралы деректер кездеспейді. Хань империясы құлап оның орнына үш патшалық орнаған болатын соның бірі Сау әулетінің Уй бектігі болатын. Уй тарихында қаңлылар туралы былай делінген:

«Усүн, Қаңлы елдері бұрынғы мекендерінде өскен де жоқ, бүлінген де жоқ. Қаңлының терістік жағында өзге көрші елдерден лок, нәм елдері бар. Бұдан басқа Аорс елі бар, ол Алан деп те аталады, олардың салты Қаңлымен ұқсас. Елінің батысы Александрия (Шығыс Рим), шығыс оңтүстігі Қаңлымен шектеседі. Жерінде бұлғын, сусар көп болады. Суы тұнық, шөбі шүйгін қоныс қуалап көшіп жүреді. Жер қонысы телегей-теңізге таяу. Бұрын Қаңлыларға қараған екен, қазір оған қарамайды. Хадык елі. Когарыттың терістігінде, Қаңлының шығыс терістігіне қоныс тепкен. Соғысқа жарамды адамы түмен қаралы. Мал бағып көшіп жүреді, жылқылары текті келеді, жерінде бұлғын, сусар көп.

Кенгүн Қаңлының терістігінде. Соғысқа жарамды адамы мыңдай, мал бағып көшіп жүреді, жерінде бұлғын-сусар көп. Жылқылары текті келеді» (9).

Қаңлы ақшасы

Демек бұл заманда қаңлылар бұрынғы қуатынан айырылып солтүстік териториясы мен аландарға билігі жүрмей қалған.

Эрамыздың 384 жылы Сәнбейлердің тоба тайпасы терістік Қытайды басып алып, 200 жылдай уақыт билік құрды. Осы патшалық тарихында қаңлылар туралы былай баяндалған:

«Каң елі  – Қаңлының кейінгі аты. Бұлар тұрақты мекен ұстамай  үнемі көшіп жүрді. Хан әулетінен бері олармен арадағы қарым-қатынас үзбей жалғасып келді. Олардың ханы – Нүкүздерден шыққан Үн науғылы адам. Бұлар бұрын Келентаудың солтүстігіндегі Жау У қаласын мекендеген. Ғұндар талқандағанда олар батысқа ауып Көгарыт асып, өз алдына мемлекет құрыпты.  Оның бәйбішеден туған тұңғыш ұлынан өзге балалары алды алдына хан болып, Кәң елінің атырабындағы хандықтар атанған екен. Олар тегін ұмытпау үшін әулет есімін Жау У деп қолданыпты. Ханының жанама аты – Шарбуби. Ол халыққа жағымды, пейілі кең адам еді. Оның бәйбішесі түрік Дарту қағанның қызы еді. Астанасы – Сарбу судың бойындағы халқы тығыз Алодок қаласы. Ел тізгінін уәзірлер үштігі ұстайды. Ханы айдар қойып басына әшекейленген алтын тәж, үстіне мәулім, бүлде, қымқап, құлпы, ақ дабы сияқты асыл кездемелерден киім киеді. Әйелдері шашын түйіп, беттеріне қара жаулық салады. Ерлері шашын қырқып қаптал шапан киеді. Мемлекеті белді ел ретінде батыс өңірдегі елдердің денін билейді. Алайық, Маймарғ, Кеш, Кебүт, Қай , Бұқара, Кіші Бұқара, Нақсап, Анағат, Мұргаш елдері түгел соған қарайды. Хулардың өз жарғылары бар. Ол ғибадатханаларда сақталады да , біреуді жазалауға тура келгенде, соны алып шығып кесік кеседі. Қылмысы ауырлар үрім-бұтағымен құртылады. Қылмысы онан жеңілдері өлім жазасына кесіледі. Ұры-қарылардың қол-аяғы шабылады. Адамдары көбінде шүңірек көз, қыр мұрынды, сақалды келеді. Сауда жасауға жүйрік. Рейлер көбінде осы елге келіп сауда жасайды. Бұларда дабыл, барабан, пипа, бес ішекті құңқау сияқты саз аспаптар бар. Некелену, өлім жөнелту жосыны түріктермен бірдей. Аруақтарға арналған ғибадатханаларда маусым айында мемлекеттік тасаттық беріледі де, барша халық оған міндетті түрде атсалысады. Бұддаға сыйынады, Ху дестірін уағыздайды, климаты жылы, дәнді дақыл өсіруге қолайлы. Бау-бақша өндірісі дамыған, жерінде ағаш мәуелеп өседі. Халқы жылқы, сиыр, қой, түйе, есек түліктерін малданады. Жерінде алтын, мүсәтір, хам жұпары, асатна жұпары, меруерт және басқа кендер бар. Күдері, қамқа, кілемше, қамқа, берен сияқты өнімдер шығады. Жүзім шарабы мол өндіріледі. Бай бардам адамдар мың мың дандап сақтайды, ол ұзақ жылдарға бұзылмайды. Таиян (435-439) жылдары олар сарайға (Уей патшалығы ордасына) елші жіберіп, жергілікті өнімдерін сыйға тартты. Кейінірек арадағы қатынас үзілді» (10).

Бұнда айтылып отырған Каң елі бұрын қаңлы билігінде болған жер, бірақ олардың билеушілері Нүкістерден шыққанына қарағанда екінші ғасырдан кейінгі Күшан империясы жағынан жойылған кезге тура келеді. Ал олардан кейін Ғұндардан шыққан Ефталиттер 380 жылдары Мәуераннахрды басып алған болатын.

Тобалардың Уй патшалығы  550 жылдарға дейін өмір сүрген болатын, осы мемлекеттің тарихы 554 жылы жазылып болған. Сол себепті тура осы мезгілге дейінгі уақыттағы уақиғаларда кіргізілген. Каң елінің басшысының қатыны Түрік қағаны Дартудың қызы екені айтылған. Ал бұл деректердегі баяндаулар дерлік отырықты қалалардың сипаты. Сонымен қатар солтүстігіндегі сахарадада көшпенді қаңлылардың болғаны туралы деректер кейінгі замандарда айтылады. Демек Мәуераннахырдағы қаңлылар сол өңір тұрғындарымен араласып, біте қайнасып кеткені байқалады. Орта Азиядағы Парсы текті халықтар қыр мұрынды, шаш-сақал қоюға, саудаға шебер, бау бақша өсіруге ұста болатын. Бұл деректерде суреттеліп отырғаны дәл сол парсы текті халықтың бейнесі.

Осы заманда Орта Азия мен Шығыс Түркістан қалаларына буддизм кең таралған болатын. Деректеде осы өңір қалаларының пұтқа табынатыны айтылып отыр. Ал сахаралық көшпенділерде тәңірлік діни сенім үстем болған. Шыңғысхан әскері Самарқандта қаңлы әскерлерін тұтқындағанда олар түркілер сияқты шашын жайып жүреді екен.

Жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?