Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абылай сұлтан және қазақ-жоңғар соғысының шешуші сәті

3245
Абылай сұлтан және қазақ-жоңғар соғысының шешуші сәті - e-history.kz
1743 жылы жоңғар билеушісі Қалдан-Цереннің Абылайды тұтқыннан босатуы осы екі ел арасындағы байланыстың күрт өзгеруінен туындаған болатын.


1743 жылы жоңғар билеушісі Қалдан-Цереннің Абылайды тұтқыннан босатуы осы екі ел арасындағы байланыстың күрт өзгеруінен туындаған болатын. Қоңтайшы қазақ сұлтанын босатып қана қойған жоқ, ол Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтанға тұтқындағы ұлдарын да қайтарып берді. Қазақ хандығына барынша достық пейілмен қарап, жиі-жиі орын алып жатқан қақтығыстарды да тоқтатқан. 

434_75d032cda10fa8253e07fc7628c39e65.jpg Ойраттардың Қазақ хандығымен бұлайша белсенді араласуы Ресей-Жоңғар арақатынасының күрт бұзылуынан басталған еді. Орыстармен жауласып, қырғи-қабақ болып отырған Қалдан-Церен қазақтардың Ресей қоластына өтуін қалаған жоқ. Тіпті ол Кіші жүз ханы Әбілқайырдың әрекеті жайында да ойын ашық білдірген: «Ханның орыстардың қоластына өтуі бекер болған. Ресейдің мақсаты болса да белгілі, адамдарын қоныстандырып, қалалар салу, башқұрттар мен қалмақтарды ойсыратқандай халықты азғындатып, дымсыз қалдыру» деген болатын. Қазақ ханына жіберген елшісі арқылы Қалдан Церен «орыс пен қазақтың өмір сүру дәстүрі екі түрлі, бұл тұрғыдан келгенде қазақ жоңғарға жақын» дейді. Сондай-ақ, Ресеймен салыстырғанда жоңғарлар да аса қауіпті дұшпан бола алатындығын атап көрсеткен. Кейін дәл осындай мәлімдемелерін жоңғар билеушісі қазақтың өзге де хандарына жеткізді.

Қазақтардың ойраттармен осылайша тығыз қарым-қатынасқа түсуі орыс патшалығын да бей-жай қалдырған жоқ. Мәселен, Орынбор комиссиясының басшысы болған Иван Неплюев патшаға берген есебінде «Жоңғар билеушісі Қалдан Церен Ресей патшалығына қарсы ниетте» дей келе әлгі Неплюев ойрат әскерінің орыс шекарасына шоғырланып жатқандығын және қазақтармен тығыз байланыс орнатқандығын жеткізеді.
Жоңғар билеушілері қазақтармен қарым-қатынасын нығайып, оларға ықпал ету үшін түрлі айла-әрекеттерге барғаны белгілі. Сондай тәсілдерінің бірі Қазақ хандығының маңызды екі қаласына – Түркістан мен Ташкентке билігін жүргізу болатын. Ойраттар 1741 жылы болған шайқастан кейін осынау екі қаланың үстінен бақылау жүргізу мүмкіндігіне ие болған еді. Бұл жайындағы деректер Левшиннің зерттеулерінде тиянақты жазылған.
Левшин демекші, орыстың осы бір ғалымы өз зерттеуінде Төле би жайында да қызықты мәліметтер келтірген. Оның еңбегінде: «1742 жылы Ташкенттен келген Шұбай Арсланов пен Мансұр есімді азаматтар қаланы 1739 жылға дейін Жолбарыс хан мен қазақтан шыққан Төле би ақсақал басқарып, халықтан жыл сайын салық жинап отырған» делінеді. «Кейін Жолбарыс өлтірілді, алайда, Төле би билікті жалғыз өзі қолына алып, тағы бірнеше уақыт халықтан кіріс жинап отырды. Оның билігін Қалдан-Цереннің өкілі Күсек-бек тоқтатқан» дейді Левшин өз зерттеуінде.
Ал, тарихшы Моисеевтің еңбегінде Төле би жайында өзге қызықты деректер айтылады. Ташкент үшін ойраттар мен қоқандықтардың бірнеше жыл бойына күрескендігі белгілі. Екі жақ та Қазақ хандығын өздеріне болысуды ұсынып, шақыртулар жасаған. Алайда, қазақтар түрлі себептермен ойраттарға да, қоқандықтарға да болысқан жоқ. Тек, Төле бидің бір әрекетінен кейін қазақтар мен жоңғарлардың арақатынасы нашарлай түсті. 1745 жылдың көктемінде ұлы жүз биі Төленің үйіне қонаққа келген жоңғар қолбасшысы Сары Манжа аяқ астынан көз жұмады. Тексере келе жоңғар өкілінің уланып өлгені анықталған. Осы оқиғадан кейін ойраттар мен қазақтар арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат түсті. Төле би болса қоқандықтардың жеріне өтіп, сонда бой тасалаған деседі.
1745 жылы Қалдан-Церен де қайтыс болды. Оның артынан Лама Доржы (25 немесе 19 жаста), Цеван Доржы (13 жаста) және Цеван Дашы (6 жаста) деген үш ұлы қалған. Таққа Қалдан Цереннің өз айтуымен ортаншы ұлы Цеван Доржы отырды. Алайда, осы сәттен бастап Жоңғарияның басынан бақ тайған сәт басталған. Бір кездері қуатты мемлекеттердің бірі болған жоңғар елі ішкі алауыздық салдарынан біржолата күйреді.
Таққа отырған жас қоңтайшының «кеңесшілері» Цеван Доржының қолымен саяси қарсыластарының барлығының белін сындырды. Билеушінің өзі де Орта Азияға ықпалын жүргізу үшін Қазақ хандығына бағынуларын талап еткен. Дегеніне жете алмаған ол 1947 жылдан бастап қазақтарға қарсы бірнеше жорықтар да жасады. Алайда, шайқастардың барлығы қазақ сұлтандарының жеңісімен аяқталған болатын.
Қырқыншы жылдардың соңында қазақтарды қайта бағындыру үшін Цеван-Доржы тағы бір күш жинап, қалың қолын жорыққа аттандырды. Әскерді жоңғардың ең қатыгез қолбасшыларының бірі Кандиль-Доржы бастап шыққан. Дегенмен, Абылай бастаған қол ойрат әскерін күл-талқан етіп жеңіп, Кандиль-Доржының басын алды.
Жалпы, Жоңғар мемлекеті Цинь империясының үздіксіз жасап отырған шабуылдарының салдарынан жойылып кеткенімен, оның күйреуіне Абылайдың да тигізген ықпалы зор еді. Қалдан-Церен өлгеннен кейін орын алған ішкі алауыздықтарды ұтымды пайдаланған қазақ сұлтаны жоңғар билеушісіне оппозиция болған топтарды үнемі қолдап отырды. Мәселен, 1750 жылы билікке Қалдан-Цереннің үлкен ұлы Лама-Доржы келген. Кезінде оны күңнен туылған деп таққа отырғызбай қойған болатын. Алайда, ішкі алауыздықты ұтымды пайдаланған ол билікті інісінен күшпен тартып алды. Ұтымды сәтті Абылай да уыстан шығарған жоқ. Қалдан-Цереннің жиені Давациге қолдау білдіріп, оны Лама-Доржыға қарсы қойды.
Левшиннің айтуынша, ақылды әрі көреген Абылай жоңғар билеушілерінің өзара қырқысын өте ұтымды пайдаланды. Қазақтың ата жауы саналып кеткен жоңғарларды әлсірету маңызды іс болатын. Осылайша, Абылай Әмірсана мен Давациді қоластына алып, керек кезінде олармен бірге жорықтарға да аттанып отырды дейді тарихшы.
Абылайдың жоңғарларға қарсы қол жинап жатқанын естіген Ресей патшалығы  қазақ сұлтанына елші ретінде капитан Яковлевті жіберген. Мақсаттары қашып жүрген жоңғар нояндарын Ресейге алдырту, сол арқылы Жоңғарияға саяси ықпалын күшейту еді.
Алайда, Абылай орыстардың бұл талабын орындаған жоқ. Яковлевтің жазған есебінде бұл жайында былай делінеді: «Бүгінде қазақ даласы үлкен бір әскери лагерьге айналғандай. Мұнда Бөгенбай батыр мен Дәуіт тархан да келіпті. Нояндардың орыстарға берілуін айтқанда Абылай сұлтан келіспейтіндігін жеткізді» дейді ол.
Осылайша қазақтар мен жоңғарлар арасында 1752 жылы бірнеше қақтығыстар орын алған болатын. Тек осы жылдың күзінде қазақ сұлтаны бастаған батырлар жоңғардың 20 мыңдық әскеріне қарсы соғысты. «Қанды шайқаста Абылай сұлтан жоңғарларды біротала жеңді» деп жазды В.А.Моисеев өз еңбегінде.
Ақыры Даваци мен Әмірсана дегеніне жетіп, жоңғар билеушісін тақтан тайдырды. Ал, билікті бөлісер кезде Даваци Әмірсанаға айтып, мемлекетті кезек-кезек басқаруға көндірген. Алайда, Әмірсана бұл жолы алданып қалды. Даваци таққа отырғаннан кейін берген сертінен тайып, жан досымен арақатынасты үзген еді. Кейін бұл дауға Абылай сұлтан араласты.
Әмірсананы әскермен жарылқаған Абылай 1754 жылы Жоңғарияға өзі де екі рет шабуыл жасады. Бороталда болған екінші соғыста қазақ сұлтаны Даваци әскерін ойсырата жеңген. Алайда, кейінірек қайта күшейген Даваци Әмірсананы бәрібір таққа жолатқан жоқ. Тек Цинь империясынан қолдау тапқаннан кейін ғана Әмірсана жауын жеңе білді. Бірақ, қытайлықтар оны таққа отырғызған жоқ. Жоңғар мемлекетін құлатқаннан кейін жергілікті билікке Цинь империясы өз өкілдерін алып келген болатын.
1756 жылы Жоңғария мемлекеті мүлдем жер бетінен жойылды. Ал, Әмірсана болса 200-дей адамымен орта жүздің аумағына өтіп, қытайлықтардан бой тасалаған. Осылайша, жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысы тек қазақтардың жеңісімен ғана аяқталған жоқ, сондай-ақ, жоңғар (ойрат) деген халықтың тарих бетінен өшуімен де есте қалды. Ал, осы жетістіктерінен кейін Абылай үш жүздің ханы болып сайланды.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?