Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Прототүркілердің мәдени және шаруашылық жүйесі

10032
Прототүркілердің мәдени және шаруашылық жүйесі - e-history.kz

Соңғы палеолитте Европа тұрғындарында (кроманьондық адам) европеоидтық нәсіл, Оңтүстік Жерорта теңізі аймағында – негроидтық, Шығыс жерлерінде – монголоидтық нәсілдік белгілер ерекшеленеді. Ал, біздің жерімізде тұраноидтық нәсілдің қалыптасқандығы белгілі. Магия да – аңшылардың дүниеге қатынасы негізінде жоғарғы палеолитте пайда болған алғашқы жоралғы – сенім. Көптеген авторлар магия ең ежелгі сенім еді дей келе, оның әрекетпен байланысты екеніне баса назар аударады. Аңшылық магиясында адамның олжасына тап беріп, оны ұстап алу практикасы қайталанады. Мұны жай ғана машықтану деуге болмайды, өйткені жасанды бұл әрекет нағыз шындықтың өзіне баланып, оқиғаның мағынасы мен барысын табиғи күйінде ойнап - орындауға бағытталады. Бұл әрекет «жанды» деуге келмейтін әдет, мейрам және  ойын түсін алып, мұнда адам мен қоршаған орта тұтасып кеткен. Магияда, мысалы күннің шығуы мен батуы, өсімдіктің өсіп шығуы, қараңғылықтың түсуі сияқты табиғат құбылыстары қайталанатын-ды. Мұны Австралия жергіллікті тұрғындарының тұрмыс салтынан көруге болады. Олар европалықтар бұл жерге келген кезде (палеолиттен мезолитке) өтпелі дәуірді бастан кешіруде еді.  Дж.Фрезердің айтқанындай, табиғат пен адамдарға әсер ету мақсатында қолданылатын магиялық, тылсымдық әдістер обьектінің фигурасы немесе бейнесіне қаратылады-мыс. Ал бөлік бүтінге тең деп есептелінетін магиялық әрекетте бейнелеу үдерісі талап етілмейді, бірақ дуаланатын заттың бір бөлігі (шашы, киімі, сілекейі, т.б,) алынып, әрекет обьектісіне айналады.  Жоғарғы палеолит ұжымдық бейсаналықтың негізгі рәміздерін – архетиптерін тудырған дәуір. Осы дәуірде тіл де пайда болған. Б.Ф. Поршневтің пікірінше, антропогенезде еңбек емес, коммуникативтік өзара әрекеттесу басты рөл ойнаған.  Басқа экологиялық теориялар бойынша, тіл табиғи – климаттың және аңшылық қауымының тұрмыс салтының өзгеруіне байланысты пайда болған. Суық ауа райында аңшылыққа өту мен байланысты бұйрық берудің рөлі арта түсіп, тіл осылайша қалыптаса барған-мыс. Еуропада ең алдымен жануарларға атау беру үдерісі белең алып, мұның өзі үңгілердегі немесе құралдардағы бейнеленулерде көрінісін тауып, бұдан 25-15 000 бұрынғы жылдарда (ал біздің  жағдайымызда  бұдан  60-50 000  жылдарда  болуы  керек деп топшылаймыз)  басталған.  Одан  кейін  заттар  атауларға  ие  болды.  Ал Еуропада адамдарды бейнелеу үдерісі, зерттеушілердің пікірінше, мезолитте мұз еріп қайық ойлап табылып, керамикадағы орнаменттер пайда болған кезеңге тура келеді. 
Алыстағы өткен мәдениеттеріміздің сырлы да жұмбақты болып көрінген нышандарын шырамытып, олардың іздерін мәдениетіміздің кейінгі үлгілерінен байқай аламыз. Бұл кезеңде жоғары палеолитте тұрақты жергілікті ерекшеліктер сипатын алған шаруашылық – мәдени типтер төбе көрсеткен. Бұлар кейініректе тарихи өркениеттердің негізін құраған. Әрине, неолиттен егіншілік, мал шаруашылығы, үлкен тұрақты мекендер, тайпалық және ұлыстық одақтардың төбесі анық көрінді. Ал, біздің жоғарғы палеолиттік менталитетіміздің нобайын жобалап, дөп басып айту қиын. Жергілікті аймақтар мәдениеттерінң негізінде, тұңғиығында қазіргі заманның бейсаналығының нышандары жатқан болса да, олар біздің назарымыздан тысқарыда, жасырынып қалған. Дегенмен де соңғы 30-20 мыңжылдық бедерінде тұрғындардың физикалық тұрпаты, тұрмыс салты, көркемдік стильдерінің сабақтастығы көрінген, олай болса бұл ретте өзіміздің регионымызда антропо-мәдени жүйенің орныққандығы жөнінде сөз қозғауға болады. 
Ең ежелгі адамдардың мекен-жайларынан көптен-көп табылған тас құрал-жабдықтар өткен ең ежелгі тарих жөніндегі жыл санауымыздың, классификациялауымыздың, жорамалдауымыздың қайнар көзі болып қызмет еткен. Орта және жоғарғы палеолит шебінде нағыз адамның (Homo sapiens) өмір сүргендігін зерттеушілер тілге тиек етуде. Бұл дәуірде тас және басқа құралдардың көбейген үстіне көбейе барып, олардың құрамы өзгере түсті: құралдардың ұшына сына қағылып, немесе басқа бөлшектер – өткірлеу келген ұштар кигізіліп орнатыла бастаған еді. Жоғарғы палеолиттің басты әлеуметтік жаңалығы некелік қатынастардан ең жақын туысқандарды шығарып тастау – экзогамия болды. Инцеске ( қан араласуына) тиым салу некені қоғамдық жағынан реттеуді талап етіп, ендігі жерде ру мен отбасы пайда болды. Демек, жоғарғы палеолит – адамзаттың мәдениет деп аталған топтастырушы – ынтымақтастарушы байланыстардың тиісті деңгейіне көтеріле алған дәуір. Сана, тіл, дін, өнер  гоминидтердің 3-4 миллиондық эволюциясының ақырында күшті бір төңкерістің нәтижесінде бір уақытта пайда болған деген пікір айтылуда. Рәміздік дәстүрлер тараған жерде, адами түсініктің пайда болуы үшін қажетті материал мен жағдай бар жерде мәдениет басталады.
Археологиялық мәдениет бір уақытта, белгілі бір территорияда пайда болған материалдық ескерткіштердің бірлігін, бірдейлігін білдіреді. Бірақ осынау  ескерткіштердің  иегерлерінің  этнографиялық,  әлеуметтік, психологиялық тұрпатын археологиялық емес фактілер жәрдемінде құрастыруға болады. 
Ғылымда  үндіевропалық  немесе  үндіирандық  мәдениет  деп  қате қабылданған далалық мәдениет Тұранда пайда болып, оны мыңдаған жылдар 
бедерінде далалықтар-прототүріктер ғана жаратқан. Ол Евразияның барлық региондарына тарады. Бұл жерде алғаш рет қоғам топ-тапқа бөлініп, алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап жеке меншік пен мемлекеттер пайда болған. 
Тұран мәдениеті мен тілі өзінің бастауын жоғарғы палеолит дәуірлерінен алады. Бұл жөнінде С. Қондыбайдың еңбегінде айтылған. 
Археологтардың Қазақстан жерінен тапқан көптеген жәдігерлерінің көрсетіп отырғанындай, бұл жердің тұрғындарының өндірістік белсенділігі олардың шаруашылық негізінің ғана емес, дүниеге қатынасы, адамдық құрылымы мен тәртібі, эстетикалық-этикалық дәстүрі мен мағынасындағы аңшылық өркениеттің көрінісі болып табылады. Жыртқыш аңдарды аулаумен айналысып, ірі де қауіпті жануарларды қолға түсіру үшін үздіксіз қажырлы күрес жүргізіп келген палеолит тұрғындарын қалайша әлсіз деуге болады? Аңдардың артынан түсіп, қуып жүрген адамдар қуатты да төзімділік танытып, «жыртқыштық» күшке ие болуы тиіс еді. 
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған күннен бастап рухани бастауларының көзін ашып, өркениетті әлемнің озық ойларынан нәр жинап, бүгінгі күн талабына сай рухани жаңғыруды мақсат етіп отыр. Бүгінгі күннің талабына сай болу үшін мәдени-өркениеттің бәсәкелестік “сахнасында” өздігіңді және өзіңдегіңді жоғалтып алмай өзге мәдениеттер даярлаған мол мұраны, сондай-ақ түркі халықтарының бәріне ортақ болған құндылықтарды жатсынбай пайдалана білген жөн. Жаңару, жаңғырту халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған тарихи мұрасы мен тәжірбиесін мансұқтау емес, оларды заман талабына сай өзгерте отырып, кәдеге жарату деген сөз. Модернизация басқа топырақта өнгеннің бәрін өзіңнің жеріңе жай ғана, механикалық түрде көшіре салу емес және оған ұлттық мәдениеттің өміршең жақтарын сақтай отырып, өзгенің өрнек өркениетінен де нәр алып, ілгерлей даму жатады.
Осы орайда біз кімбіз? Тамырлана өскен шоқ ағаштай секілді болған түркілер өркениетінің ерекшеліктері қандай? Түркі бастауымыз қалайша және қай жерлерде тамыр жайған? Қайда, қалай және қандай құндылықтарды малданып бара жатырмыз деген қаумалаған сұрақтарға жауап беруге тура келеді.
Ең алдымен жұмысымызда түріктердің тас дәуірінен бастап Көктүріктерге дейінгі аралығындағы өркениетті бір қарастырып алу мақсат етіп қойылған. Себебі осынау дәуірлерде түріктер өркениетінің, тарихының, дүниетанымының, олардың жалпы этникалық ерекшеліктерінің бастауы, түп қайнарлары жатыр. Осы дәуірлердегі тарих пен мәдениет қалайша қамтылып қарастырылса түріктердің кейінгі кезеңдерінің өркениеті де сол із бен арнада қамтылатын болады. Түріктердің ежелгі тарихын біз этникалық топтарға бөліп-бөліп қарастыруды мақсат етіп қоймаймыз. Себебі, регионалдық айырмашылықтар мен ерекшеліктерді қуалап кету жағдайдың шын мәнінің бұрмаланып көрсетілуіне жол ашып, түріктердің арғы ата-бабаларының ойкумендік,  мәдени  және т.б.  біртұтастығын көзден тасада қалдырады да, бұл  мәселеге  шынайы  көзқарастың  қалыптасуына сызат түсіреді. Басқаша айтқанда,  мұндай  ыңғай  біздің  жалпы  түркілік  және  түркологиялық принциптеріміз бен бағыттырымызға кереғар. Деректерден, еңбектерден, аңыз-әпсаналардан, дастандардан түріктердің арғы түп-тұқияны мекендеген региондардан біртекті мәдени-шаруашылық типті, өзара әсерлесуді, ұқсастықты, жақындықты, сондай-ақ жалғастықты, тамырластықты, сабақтастықты іздестіру жұмысымыздың басты бағыты болмақ.
Материалдық мәдениеттің руханилықпен түйісетін тұсынан түріктік феномен басталады. Руханилық орын алған жерден этностық ерекшелік басталмақ. Ол тіл, діни сенім-нанымдар, этникалық территория, дәстүрлер, әдет-ғұрыптар мен этникалық психологияны қамтиды. Осындай жағдайда этноним мен этникалық өзіндік сана пайда болады. Алғашқы кезеңдерде этностық болмыс ру, кейінірек тайпа және ұлыс түрінде көрініс береді. Әрине, бұған этнографиялық және этникалық топтардың да қатысы бар. Демек, түріктік феномен рулық (аналық және аталық) кезеңнен белең алды деу дұрыс болар еді.Ал аналық қатынастар Түркістан жерінде сонау неандерталдықтар мен ескі адамдар заманынан қалыптасқан болуы керек. Олай болса, соңғы палеолиттен түріктер ата тегінің рулық қатынастары мен ерекшеліктерінің кейбір элементтерін іздестіруге болатын сияқты. Бірақ мұны жалғыз археология мен антропология ғана анықтай алады деуге болмас. Археологтар еңбектерінің көпшілігі заттық деректер мен фактілерді тауып, көрсетуге ғана арналған сияқты. Рас, оларда байырғы тұрғындардың шаруашылығы мен құрал-жабдықтары жақсы-ақ сипатталған. Ал олардың рухани мәдениеті мен этникалық топтарының қатынасы, өркениеті мен діни сенімдеріне (әлеуметтік қатынастарына жерлеу ғұрыптары және т.б. жәдігерліктер бойынша анықтама берілген) жеткілікті мән берілмеген. Археологиялық деректерде тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалар көмескі көрінісін тауып жатады. Бұл жерде этнография, тарих, философия, мәдениеттану, дінтану, фольклордан хабары бар, олардың мағлұматтарын ұштастыра білген, интуициясы өткір, ойлау қабілеті мығым, түрікшілдік жағынан жүрегінде оты бар, түркілік болмыс пен мұраларды жан-тәнімен сезінетін және қастерлейтін мамандар болса мәселенің басын ашуға біраз септесер еді.
Сондай-ақ, таңбалар мен туларды қарастырудың да маңызы зор деп білеміз. Осыған қаржы ажыратылса түріктік феноменнің бірсыпыра қыр-сырын ашуға мүмкіндік туылар еді. Бұл мәсәле бойынша Зейнолла Самашев кандидаттық дисертация қорғаған. Сондай-ақ, Рогожинский осынау мәселемен айналысып жүр. Айта кету керек, Максимова мен Трофимованың “Визуальные надписи урочища Тамгалы” (Алматы, 1985) атты және Марғұланның еңбектері баршылық. Таңба мәселесі Шәкәрім, М. Тынышпаевтың еңбектерінен де орын алған. Бұдан тысқары, ерте замандардағы төл түркілік сакралдық ұғымдар, дәстүрлер мен мотив-символдарды  анықтаудың  да  маңызы зор. Осыларды зерттеуге біліктілігі жететін 3-4 маманнан тұратын зерттеу тобы құрылса игі іс болар еді.
Жалпы алғанда, тас, неолит, қола және темір дәуірлерінде өмір сүрген адамдардың материалдық мәдениеті, шаруашылығы, тілі, діні, таңбалары, топонимикасы, эпонимі, этнонимі, олардың сүйектерінің генетикалық ерекшеліктерінің қазіргі қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен және басқа түркі халықтарына жақындығы анықталса, олардың қайсы этникалық қауымның өкілдері болғанына жауап табылар еді, арғы замандардағы біздің ата-бабаларымыздың қайсы этникалық қауымдастыққа жатқандығы анықталар еді.
Бұл ретте қазақ тарихы мен мәдениетін зерттеу методологиясына қатысты ойын этногроф ғалым Ж. Артықбаев былай тұжырымдайды: «Евразия даласы көшпенділердің мәдени жетістіктерін толығымен бойына сіңірген қазақ қоғамы өзінің ішкі құрылымы жағынан да, сыртқы құрылымы жағынан да, мән-мағынасы жағынан да ерекше құбылыс болып табылады. Көшпелі қоғамның өмір сүру негізінде қабылданбайтын, өзгелермен салыстыруға келмейтін өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда Батыстың да, Шығыстың да мәдени өлшеміне сай келмейтін ерекше мәдениет қалыптасқан. Осы ерекшелікті сезіну – методологиялық парадигманы өзгертуге негіз болуы тиіс. Бәрінен бұрын тарихи таным өзегіне материалдық көрсеткіштер емес, рухани құндылықтар: қоғамдық сана, әлеуметтік-мәдени құндылықтар сияқты факторлар қойылуы тиіс»[8].
Біздің қатты ұстанған қағидамыз халық тарихы мен өркениет тарихының қиюласу тұрғысы. Өйткені, шынайы тарихты және өркениетті біз Ресейдің әйгілі тарихшысы А.М. Карамзин айтқандай: «Тарих– халықтардың қасиетті кітабы, олардың тұрмыс-салты мен тіршілігінің айнасы, жан дүниесі мен әдеп-ғұрпының көне естелігі, ата-бабаларының қалдырған өсиеті», – деп түсінгенде ғана дұрыс бағалай аламыз.

Адамзат өзінің өсу жолында көптеген шығармашылық іс-әрекеттер кезеңдерін басынан өткеріп, құндылықтарын жаратып отырған. Бұлар, әрине өркениеттік жасампаздықтың нәтижелері. Бірақ қоғамның кемеліне енген шағында жаратқан құндылықтары өркениет дамуының деңгейін көрсетсе керек. Сондықтан да көптеген зерттеушілер түркі өркениетінің генезисін Түрік қағанатының құрылуы мен руникалық жазудың пайда болуымен байланыстырады. Олардың жалпы түркі тарихы мен өркениетінің өрлеуіндегі осы ауқымды да маңызды рольін терістеуге болмас, әлбетте. Әйтсе де, Ю.Худяковтың тауып айтқанындай, көнетүркілік этнос пен мәдениеттің өмір сүруінің аяқталуы және көнетүркілік мұраның өзге көшпелі этностардың мәдениеттерінде сақталып қалынуы ерте және дамыған орта ғасырларға тура келеді. 
Қош, дұрыс-ақ делік, бірақ бұл кезеңдерге дейін-ақ түркілік этностар өмір  сүрген  және  олардың  өркениеті  мен  этникалық  тұтастығының бастаулары болған ғой. Тарих барысында құндылықтардың сақталып қалынбауы немесе өшіп кетуі белгілі бір халықтың көне мәдениеті өмірде болмаған  деген  тұжырым  жасауға  негіз  бола  алмайды.  Біз  Түркілік тұтастықты  осы  ізден  барып  қарастыруға  ден  қоямыз. Әлбетте, бұған оң көзбен немесе күдіктене қарайтын авторлар да жоқ емес. Э.Тайлордың өркениетке берген анықтамасы бойынша, оны жекеленген адам мен бүтін бір басты қоғамды жоғары бір деңгейде ұйымдастыру арқылы олардың ізгіліктілігі мен қуатын күшейтуге, бақытты өмір сүруіне жәрдемдесу мақсатында, жалпы адамзат тегін жетілдіруге қаратылған іс-әрекет деп білу керек [9].  Бұл ретте түркі өркениеті туралы деректерді сөйлетер болсақ, ең басты назар аударар жәйт, олар – алғашқы бастаулар. Бұл жөнінде Джеймс Джордж Фрезер былай деп жазады: “В конечном счете мы не так уж отличиемся от этих первобытных людей, и многим из того истинного и полезного, что так бережно сохраняем, мы обязаны нашим грубым предкам, накопившим и передавшим нам по наследству фундаментальные представления, которые мы склонны рассматривать как нечто самобытное и интуитивно данное. Мы как бы являемся наследниками состояния, которое переходило из рук в руки столько раз, что изгладилась память о тех, кто заложил его основание, поэтому нынешние обладатели читают его своим изначальным и неотьемлемым достоянием. Более глубокое исследование должно убедить нас в том, что большей частью этого состояния мы обязаны своим предшественникам” [10]. Шынында да мыңдаған жылдық тарих қойнауынан тамыр тартып біздерге дейін жеткен алғашқы нанымдар, жоралар, рәсімдер мен ою-өрнектер кейінгі дүниежүзілік діндердің негізі болып қаланғандығын біріміз біліп, біріміз білмеспіз. 
Жалпы алғанда, адамзат тарихында тамақ табу, табиғаттың стихияларынан қорғануға қажетті киім-кешек пен баспанаға ие болу үшін басталып, жалғасқан талпыныс бүгінгі күнге дейін толастаған емес. Қай заманда және қай қауымда болмасын адамдардың іс-әрекеті өмір сүру, аман қалу үшін қажетті нығметтерді іздеп тауып немесе өндіріп, кәдеге жаратумен байланысты өрбіген.
Ең алдымен А.П.Деревянко есімді зерттеушінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының 1998 жылы өткен сессиясында жасаған “Казахстан – колыбель древнейшей цивилизации” атты баяндамасына оқырманның назарын аудармақшымын. Онда қазіргі қазақтардың арғы ата-бабалары Қазақстанда 1 млн жылдан бері өмір сүріп келеді делінген. Автор мұндай қорытындыға Қаратаудағы археологиялық ескерткіштерді сараптамалардың нәтижесінде келген болатын. Шынында да бұл тұжырымды [11] растайтын деректер мен еңбектер баршылық. Д.Ш.Рессерат пен В.А.Рано Орта Азияда тас дәуірінде (850000 жылдары) жергілікті тіршілік иелерінің өмір сүргендігі жөнінде жазады [12].
Байсын тауының Тешік-Таш, Әмір Темір  және Мачай  үңгірлерінен неандертальдықтардың мекен-жайы, ал Самарқант қаласының жанынан олар тұтынған тас құралдар табылды. Ондағы 8-9 жасар баланың склеті жақсы сақталынған. Бала арнайы қазылған шұңқырға жатқызылып қабірдің айналасына тау ешкісінің мүйіздері тізіліп қойылыпты “Қошқар мүйіз” алтайлық  орнаменттен  орын  алып,  сақ-скиф  дәуірінен  бері  кең  тараған  мотив, Тау ешкісінің стильдік бейнеленуі Орталық Азияның көптеген көшпелі халықтарының ою-өрнектерінен орын алған белгі  - нышан. Зерттеушілер Жер-Су рухымен тікелей байланыстыра қарастыруда. А.В.Эдоков деген автор қазіргі алтайлықтардың көркем мәдениетінен мықтап тұрып орын алған ою-өрнектің түп-тамырларының өте тереңге кететіндігі, тіпті палеолиттен бастау алатындығы жөнінде жазған [13]. Гразнов және басқалары ою-өрнекті бүкіл исі түркілерге тән болған өнердің негізі деп санады. Авторлар өрнектердегі мотивтердің, әсіресе тамғалардағы рәміздердің ондаған-мыңдаған жылдар бедерінде сақталып қалғандығы, олардың Сібірдегі түпнұсқалары неолит кезеңіне және қола дәуіріне жататындығы анықталған жәйт жеп жазды [14]. Ю.Худяков тамға белгілерінің тау ешкісі өрнегінде берілуі көнетүркілерге тән болған жәйт деп кесіп айтады. Көнетүркілік петроглифтер мен тамғалар, – деп жазады новосибирлік ғалым, – Қола дәуірінің ортаазиялық мәдени дәстүрінен орын алған [15].
ХVІІІ–ХІХ ғасырларда-ақ оқымыстылар Америкадағы үндіс және түрік тілдерінің туыстығына назар аудара бастапты. Бұл ретте Шығыс тілдерін білетін Отто Реригтің америкалық үндіс тайпаларының арасында болып, сиулардың тіліне байланысты жинақтаған материалдары қызғылықты. Ол сиу тілін орал-алтай тілдері тобына қосуға болады дейді. – Морфологиясы тым ұқсас. Екеуі де жалғамалы тілдер. Предлогтары жоқ, Фонетикасы жақын: түрік те, сиу тілдері де үндестікті заңына бағынады [16]. 
Бүгіндері қырғын сүргіннен аман қалған сиу тайпасының 70000-дайы ғана АҚШ пен Канадада өмір сүреді [17]. Бұл мәселе жөнінде түркиялық зерттеуші И.Доганның еңбегінде де айтылған.
Гәп мынада: бұдан 45000 жылдай бұрын Беринг бұғазы арқылы Америка асқан қауымдар арасында ілкі түркілік этникалық топтың өмір сүргендігі туралы шетелдік және орыс ғалымдары шым-шымдап әңгіме тарата бастады. Боливия мен Перуде де өмір сүрген кечуа тіліндегі көптеген сөздердің түркі тілдеріндегі ұғымдармен бірдейлігі Б.Ферейрд тарапыанан дәйектелінген. Сонымен зерттеушілер Америкаға қоныс аударған үндістердің ежелгі  түріктермен  етене  туыс  екендігін  анықтады.  Олар  Америкалық үндістердің зәузатының қоры А, В, С, Д және Х түрлерінен түзілетінін  анықтап,  мұндағы  еуропалық Х түрінің қосылуын Американың тұрғылықты  халқының  түп-тегінің  құрылымына көне европалық нәсілдің келіп араласқанымен түсіндіреді. Сібір халықтарының, кәрістердің, тибеттіктердің, қытай-монғолдардың, вьетнамдардың өкілдеріне генетикалық зерттеулер жүргізген Н.М.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының  зерттеушілері (М.Захаров) Алтай-Саян өңірінен үндістердің ең жақын жұрағаттарын тауып берді. Барлық “америкалық” 4 ДНК түрі алтайлықтардың генінде толық құрамда бар екені және олардың ДНК-сында Х-мт сияқты нышандардың да кездескені анықталды [18].  
Археология Еуразия мен Американың теріскейін қалың мұз құрсауында қалдырған аса қатты ұзаққа созылған суықтың әсерінен бұдан бұрынғы 70000-50000 және 25000-11000 жылдар шамасында екі мәрте өткенін айтады. Сонда 50000-25000 жылдар ауқымында Батыс Сібірде күн жылымықтанып ежелгі адамдардың ежелгі адамдардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай орнаған еді. Археологтар бұл кезеңде Орталық Азия мен оған қапталдас өңірлерде тіршілік кешіп жатқан адам жұрағаттарын ілкі гомосапиенстер ретінде таниды. Ғалымдар Аляскаға өтетін мойнақ 70000-50000, 45-41000, 33-10000 жылдар арасында ашылып, адамның Америка құрлығына жетуі де осы кезде жүзеге асты дегенге ден қояды [19]. Генетикалық айғақтар теңіз деңгейінің төмендегені жөніндегі археологтар пайымдаған шамаға үйлесіп, үндістердің арғы ата-бабаларының 45000 жылдан астам уақыт бұрын Америкаға өтіп үлгергендігі нақтыланды.

Зерттеушілер 13000 жыл бұрын алтай-орал тілді қауымдардың Орталық Азияны қамти Қиыр Шығысқа дейінгі жерлерді тұтаса жайлағандығын тілге тиек етеді. Мамандар Алтай дәуірінің ж.с.д. Х–ІІ мыңжылдықтар арасын қамтитынын жазады. Бұл дәуірде алтай тілдерінің арғы түрік, арғы монғол, арғы мәнжүр, арғы корей, арғы жапон тілдеріне ыдырауы жүрді [13]. П.И. Пучков алтай тілді халық әу баста европеоид текті болғандығын, бұл ерекшелік түркі халқында көп сақталғандығын айтады.

Археологтар Орта Азиядан бастап сонау Алтайдың терістегіндегі жерлер мен Ангара алабындағы Мальта, Бурет және Байқалдың шығысындағы тұрақтардағы тас құралдарының үлгілері, фауна қалдықтары, тұрмыс-салт сілемдері және қолөнер туындыларын сараптай келе, оларды Каргин мұзаралық кезеңінде (50000-25000 жылдары арасында) ғұмыр кешкен есті адам жұрағаттарының қоныстары деп таниды [21].
Авторлардың жазуынша, орта палеолиттің соңғы жағынан бермен қарай Қап тауынан бастап, Аляскаға дейінгі алып аумаққа қанатын жайған арғы алтай-орал тілдерінде ұғынысқан жұрттар енді сол макротілдердің әрі қарай жеке-жеке тармақтарға саралану сатысын бастан өткеруде болатын. Осы  ақиқаттан  Кембридж  университетінің  археология  профессоры 
К. Ренфрюдің Тұран ойпаты мен Копетдаг жоталары аралығындағы Қарақұм қойнауындағы, келешекте Жейтун мәдениеті аясына енетін өңірлерде мұз дәуірінің  соңына  таяу,  б.з.д.  ХІІ  мыңжылдық  шамасында  алтайлықтар  мекен  етті  деп  тұжырым  жасағаны  да алшақ кетпейді [22]. Бұл дәйектің өзі де дәл осы аймақта б.з.д. VІІ мыңжылдықтан бастап өркен жайған неолиттік Жейтун өркениетінің арғы тегі алтайлықтар үшін бөтен еместігін көрсетеді. Ал Жейтун мәдениетінің арғы төркіні Оңтүстік-Шығыс Каспий маңындағы Хоту, Балқантау жоталары мен Жебел тұрақтарындағы  б.з.д.  ХІ–VІІ мыңжылдықтарға тән мезолит дәуірінің тас 
құралдар үрдістерімен сабақтаса өрбігені бұрыннан аңғарылған болатын [23].
Демек, бұл дәйектерден байыпталар түйін – мезолит дәуірлерінде түп-төркінінің арғы алтайлықтарға қатыстылығы айқын – геометриялық микролиттер  аймағының  дәстүрлері  Каспийді  айнала  орап  жатқан ойпаттардан жан-жаққа көші-қон үрдістерін жасау арқылы таралу ауқымын кеңейтті. Археологтар Орталық Ферғана аймағындағы Обишир (12000-9000 ж.б.) және Самарқант тұрақтары мәдениетінің жәдігерліктерінің Мальта-Буретпен жақындығы байқалады. Ғалымдар Қаратау мәдениетін де Обишер мәдениетімен ұқсастырады. Бұлардың бәрі Әмудария алабындағы Келтеминар мәдениетінің, сол арқылы Ойықты (б.з.д. VІ-V мыңжылдықтар), Атбасар (VІІ–VІ м), Маханжар (VІІ–ІV м), Қараүңгір (V м) неолиттік мәдениеттердің түзілуіне ықпалын тигізген.

Археологтар Самарқант маңынан жоғарғы палеолиттік тұрақтардың жоғары қабатынан алынған тасқұралдар мен шалаш тәрізді баспаналарды тапқан. Джурақұловтың  жазғанындай [24], табылған мүрделерге қызыл жоса (қызғылт-сарғыш түсті бояу топырақ) себілген. Бұл салт мезолиттік, неолиттік, энеолиттік және андроновтық ескерткіштерге де тән болып, жоғары палеолиттен кейінгі мыңжылдықтарда да жалғасын тауып жатты деп айтуға болады.
А.П.Окладников Ангара жағалауындағы Буреттен табылған тұрақтардағы мәдениет жұрнақтарының Самарқанттың ежелгі ескерткіштерімен ұқсастығы таңқаларлық деп жазған болатын. Гастон Жоржель Евразияны өз алдына дербес мәдениетін қалыптастырған тұтас ойкумен деп қарастырып, оның мәдениеті ешқашан қоспасыз төл мәдениет еді, деген. 
Қазақстанның соңғы палеолиттік ескерткіштерінің (Шүлбі тұрағы) Алтай мен Сібір тұрақтарындағы бұйымдармен бірдей екендігі анықталды. Оның мезолиттік ескерткіштерінің де Оңтүстік Орал, Батыс Сібір, Шығыс Каспий өңірлерінің ескерткіштерінен елеулі айырмашылығы жоқ.
Мезолит кезіндегі Қазақстаннан табылған жебенің ұзындығы 1 метр. Дәл осындай садақтың суреті Өзбекстандағы Зарауытсайдағы жартастарда бейнеленген.
Гастон Жоржельдің айтуынша, біртұтас географиялық ойкумен – Еуразия тұрғындары бұл аймаққа атланттар (яғни арийлер) келместен бұрын-ақ төл мәдениетін қалыптастырып үлгерген еді. Автор оның иегерлері ретінде тұрандықтарды көрсеткен. 
Ендеше,  американдық  зерттеуші  Денис  Синор  мен  француз тарихшысы Жан Пауль Роуж жазғандай, түркілер Ішкі Азияның далалық жерлеріне Тайга мен Тундрадан қоныс аударып келмеген деп тұжыруға болады. Өйткені, б.з.б. ІІІ мыңжылдықтағы Далалық жерлерде бой көрсеткен Афанасьев мәдениетінің ыдыстары Тайга-Тундра ескерткіштеріне мүлдем ұқсамайды [25]. Ол, ол ма, археологтар Зайтберт пен Кисленконың куәлік бергеніндей, неолиттік Атбасар мәдениеті жергілікті мезолиттік тұрғындар тұрмысының негізінде қалыптасқан. Бұлардың бірсыпырасында Хорезм мәдениетінің іздері сайрап жатыр (Толстов, Кисленко). Орта Азияның неолиттік Жайтун мәдениетінің Қазақстанға Шығыс Каспий арқылы тарағандығын кезінде Массон жазғантын.  Ал,  Қараүңгірден  (Түлкібас  ауданы)  табылған  неолиттік тұрақтар мәдениеті Өзбекстанның неолит дәуіріндегі егіншілік шаруашылығымен ұштасып жатыр. Бұл б.з.д. 5000-4000-ыншы жылдықтарға тура келеді. Неолит дәуіріндегі Алтайлық мәдениттің Орта Азияның Хорезм және басқа аймақтарының мұрасымен шендесетіндігі жөнінде сөз қозғауға болады. Афанасьев дәуіріндегі Алтай ыдыстары Сібірдікіндей және Қазақстандық пен Хорезмдік Келтеминар ыдыстарына ұқсап кетеді [26]. Бұл ретте мүрденің жатқызыла көмілуі ең көне кездегі жерлеу рәсімінің сақталып қалғандығынан дерек береді. Ендеше, қабір үстіне топырақ немесе тас үйетін арийлердің бұл дәуірлерде (мезолит пен энеолит аралығында) Орта Азияда өмір сүргендігі жөнінде айтып жатудың өзі артықша. 
Сабақтастық осылайша жалғаса берген. Б.з.д. 3000 жылдықта Солтүстік Қазақстандағы Виноградовка тұрағында өлген адамды өртеп жерлеу рәсімі болған. Қола дәуірінде өмір сүрген андроновтықтарда да осындай дәстүр күшінің сақталып қалғандығын көрсететін археологиялық ескерткіштер көптеп табылды. Демек, мыңдаған жылдар бедерінде Ішкі Азияның жер-жерлеріндегі мәдениеттердің біртектестігі мен сабақтастығы үзілмеген. 
Н.Мерперт б.д.д. ІV мыңжылдықтың соңы мен ІІІ мыңжылдықта Днепр мен Енесей өзендерінің аралығындағы кеңістікте тұтаса жайғасқан көнешұңқыр (древне-ям) мәдениетін жасаушыларды сол өңірдің автохтон жұрттарының кейінгі ұрпақтары деп біледі. Бұл мәдениетке қабір шұңқырларының бұрыштарын кең етіп қазу, қабырғаларын ағашпен, бөренелермен шегендеу, табанына шалқасынан, не бүйірінен тізелерін бүгіп, қолдарын созып жатқызу, басын шығысқа немесе шығыс-солтүстікке қарату, қабірлерден түбі сүйір қыш ыдыстардың кездесуі, мәйіттердің сүйектері мен көрдің табанына қызыл жоса себу, шұңқырдың бетін ағашпен, бөренелермен жабу, үстіне биік оба (қорған) үю сияқты археологиялық нышандар тән [27].
Ендігі жерде Афанасьев, Көнешұңқыр, Хвалын, Келтеминар, Ботай мәдениеттері туралы деректер мен пайымдауларды, сондай-ақ авторлардың еңбектерінен келтірілген үзінділерді Бейсембайұлының “Арғы түрктер ақиқатының ізімен” атты кітабынан алып, пайдаланып отырғанымызды оқырманның есіне сала кеткіміз келеді. 
Афанасьев мәдениетін түзген малшы тайпалардың дәстүрі еуразиялық аймақтағы көптеген зәулім обаларда, жерлеу ғұрыптарындағы ортақ жораларда таңбаланып қалған. Бұған дейінгі кезеңде бұл жерлерде мүрделерді шалқасынан тізесін бүгіп жерлеу рәсімі болмапты. Бұл белгі-нышандар б.д.д. VІІ мыңжылдықтардан бастап, Каспийдің оңтүстік бетіндегі Жейтун сияқты отырықшылық-егіншілік орталықтарында тарай бастаған. Жалпы бұл ерекшеліктер – шалқасынан жатқызып тізесін бүгіп жерлеу,  үстіне  жоса  құю Сібірдегі Мальта қабірлерінде кездескені белгілі. Осының өзі Орталық және Ішкі Азияда бұл үрдістің ежелден ұласқан тарихы барлығын байқатады.
Зерттеушілер мезолит пен неолит дәуірлерінде Каспий, Еділ маңында “геометриялық микролиттердің” кеңінен тарағандығын көрсетеді. Сонымен бірге Жебел үңгірлеріндегі мезолиттік ыдыс үлгілерінің Оңтүстік Еділ мен Жайық маңының неолиттік ыдыстарымен ұқсастығы байқалған. Сүйір келген ыдыстарды аңшы-балықшы қауымдар көбірек пайдаланған.
Балқантау, Келтеминар мәдениеттерінің іздері б.д.д. VІІ–V мыңжылдықтарда Маңғыстаудағы Ойықты, Есіл бойындағы Атбасар, Торғай иініндегі Маханжар мәдениеттері мен Ертіс атырабындағы неолиттік қоныстары жәдігерлерінің түзілімдерімен үйлесім табады екен.
Ерте неолиттік Хвалын мәдениетінің артефактілері (Еділ бойы) – ыдыстарының түбінің формасы, жерлеу әдістері Көнешұңқырлық (ямдық) мәдениетке де тән. Бұл үрдіс Самара мәдениетінде де қайталанады. Бұл ерекшеліктер б.д.д. V–ІV мыңжылдықтарда Днепр мен Жем аралығындағы кеңістік түзіліміндегі далалық мәдениет аясына енгізілді. Б.д.д. V–ІV мыңжылдықтарда Самара, Жайық, Еділ өзендері өңірлеріне тән сипаттар – микролиттер, түбі сүйір ыдыстар ұшырасады. Сондай-ақ, осы мыңжылдықтарда Балқантау, Маңғыстаудың теріскейі, Каспий маңы, Орта Еділ өңірі тұрғындарының тығыз байланыста болғандығы көзге шалынады. 
Ерте энеолиттік хвалын кезеңіндегі қабірлер үстіне оба үйілмейтін-ді. Ал, мыс-тас дәуірінде биік обалар көтерілетін болған.
Кавказдың теріскей баурайындағы Майкоп мәдениетінде (25000-2000) көнешұңқырлық мәдениет ерекшеліктерінің ұшырасқаны белгілі. Зерттеушілер Еділ-Жайық өңірлерінен шыққан арба жегу дәстүрлерінің батысқа жеткендігі туралы сөз қозғаған. Көнешұңқыр мәдениетінің ерекшеліктері мыналар: тізелері бүгілген мәйіттердің оң немесе сол қолын иіп, қырынан жатқыза қабірге тас балта мен арбаларды бірдей алып көму. 
Б.д.д. ІІІ мыңжылдықта Қара теңіздің теріскейі мен Еділдің төменгі ағысында Катакомда тәсілдерін ұстанған (қырынан жатқызып, жоса құю арқылы ақымдап -– қабірдің батыс жағынан кеулеп қазылған қуыс жерге жерлеу) жұрттар болды. Олар биік обалар тұрғызыпты. Қола дәуірінің қима мен андрон мәдениеттері кезінде көнешұңқырлықтар бастап берген дала төсінде биік оба-қорғандар үю дәстүрі одан әрі жалғасып, далалық сақтар мен хун жұрттарына үзілмей ұласты. 
Қазақстан жерлерінде де неолит, ерте энеолиттік (хвалын, ойықты, келтеминар, маханжар) мәдениеттерін сомдаған жұрттардың дәстүрлерін әрі қарай көшпелі тұрмыс талабына сай жаңғыртушылар болғанына күмән жоқ.
Осынау мәдениеттердің Ботай (Көкшетау, Қызылжар, Қостанай атырабындағы) мәдениетінің (б.д.д. ІV–ІІІ мыңжылд.) қалыптасуына еткен әсері қомақты болды. Бұл мәдениеттің өкілдерінің әлемде жылқыны алғаш қолға үйретумен кеңінен айналысқандығы жөніндегі мәліметтер бізге дейін 
жеткен.
1983 жылы жылқы малы алғаш рет Қазақстанда қолға үйретіліп бағылғандығы  жөніндегі  жаңалық  жарияланған  еді.  Енді,  міне  2008 жылдың сәуір айында Көкшетау маңынан қымыз сақталатын ыдыс табылып, оның жасын археологтар (В. Зайберт) 6000 ж. деп белгілеп отыр. Бұл – неолит дәуірі деген сөз [28]. Міне, сол дәуірдің тағы бір қомақты тарихи жәдігерлерінің (тасқа қашалып, суреті бедерленген домбыра) табылуы жоғарыда жасалған тұжырымызды нықтай түседі [29]. 
Ұлы Далада мезолит пен неолиттік дәуірлерде Атбасар, Маханжар, Усть-Нарын және т.б. мәдениеттер өркен жайса, энеолитте Ботай мәдениетінің әсері Минусинск ойпатында қылаң берді. Зерттеушілер Ботай мәдениетін Атбасар мәдениетінің тікелей ізбасары ретінде таниды. Ал, Атбасар мәдениетінің арғы тегі мезолиттік Балқантау, Сыр бойы, Ферғана үрдістерімен сабақтасып жатыр.
Ботай тектес мәдениет жол-жөнекей ықпалдасуды бастан кешіре отырып Ертіс пен Енесей алаптарына тұяқ тіреп, көнешұңқырлықтар үрдістерінің шығысындағы түрі – энеолиттік Афанасьев мәдениетінің уығын көтеруге атсалысты. Көнешұңқырлықтар мен Афанасьевтіктердің жерлеу әдісі, антропологиялық түрлері, тұтынған бұйымдары, өсірген малдары тым ұқсас. 
Ғалымдар Афанасьев үрдістерінің Ботай, Усть-Нарын мәдениеттеріне тән жәдігерлерге жуықтайтын сипаттармен ұштасып жатқанына назар аударады [30]. Ботай жоралғылары Жейтун аясындағы қоныстарға тән жерлеу жораларына бейіл тұрады. Мысалы, мүрделермен бірге қабырғаны жағалата жылқының бас сүйектері қатар қойылған, мүрделердің басын оңтүстік-шығысқа қаратып шалқасынан жатқызылған. Бұл көнешұңқырлық үрдіс Ботай мәдениетіне де тән еді. Бұларда мүрдені ашып оның жанына жаңа өлгендерді қатар жайғастырып және еден астын қазып жерлеу әдеті болған. 
Жалпы алғанда, Ботай, Келтеминар, Оңтүстік Түрікменстандағы Геоксюр мәдениеттерінің ұқсас та тұтастығы көрінеді. Ботайда үйлер тұрғызылатын жер шеңбер немесе сегіз бұрыш (кейде төрт бұрыш) түрінде белгіленеді. Келтеминар үйлерінің шатыры күмбездеп жабылыпты. Бұл – палеолит пен неолит замандарында ұшырасатын тәсілдер. Мұндай баспаналарды археологтар неолиттік Атбасар мәдениеті аясынан да тапты. Ботайда ет сақталатын ұралар болған. Демек, қазақтардың соғымға жылқы сою дәстүрінің әуелгі нышандары сонау Ботай заманынан бастау алады. Ботайдың үйлері – күмбезді төбелі үйлер. Бұл Афанасьев, көнешұңқырлықтардың бітімінде бар жәйт. Обаны күмбездеп үю, мүрделердің басын күн шығар жаққа қарата көму әдетін, Көнешұңқыр мен Ботай мәдениеттерінің тіршілік салттарын, олардан кейін өмір сүрген  петров, андрон тайпаларының үрдістері арқылы сақ, хун, түрік, дешті-қыпшақ тайпалары әрі қарай жалғастырып әкеткен еді. 
Сонымен, жоғарғы палеолит, мезолит, неолит және қола ғасырларындағы жер-жерлерден табылған археологиялық ескерткіштердің (жерленген мүрделердің) жан-жағына тау ешкісінің мүйіздерін тізіп қою, мүрделерге  қызыл  бояу себу, атты мүрдемен бірге көму, бұрынғы тиктердің
мүрдені сүйегінен етін ажыратып алып көму әдетінің қырғыздарда қайталануы («Манас» бойынша) алғашқы дәстүрлер иегерлері мен кейінгі ғасырлардағы қауымдардың арасындағы байланыс туралы сөз қозғауға мүмкіндік береді. Бұл тұжырымды, әсіресе ондаған мың жылдар бойы мотиві жағынан (материал мен жасалу техникасы емес) өзгеріске ұшырамай ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған ою-өрнектер растайды. 
Неолит дәуірінде Орталық Азия қауымдары жебелі садақтың жаңа түрлерін ойлап тауып, тастарды жаңаша өңдеуді меңгерудің нәтижесінде біраз жетілген қаруларға қол жеткізді. Керамика пайда болды. Қола дәуірінде Оңтүстік Сібір, Алтай және Минусинск ойпатының тұрғындары металдан (алтын мен қоладан) бұйымдар жасай білді. Қола балқыту технологиясын қолдану арқылы өндірілді. Мұны құйма қола балта дәлелдейді. Сонымен бірге мал шаруашылығы және кетпенді егіншілік пайда болды. 
Сақ (скиф) – сарматтардың ата-бабалары сән-салтанат бұйымдарын б.з.б. XI ғасырдың өзінде-ақ жасай алған. Ерте замандағы скифтер мәдениетнің ошағы – Алтай, Жетісу аймағы, нақ осы жерлерден осынау сән-салтанат бұйымдарының жасалу технологиясы кейініректе Таяу Шығыс, Грекия мен Римге таралған. Скифтердің мәдениеті жөнінде Аржан II қорғанын зерттеген Андрей Иконников – Галицкий былай деп жазады: «Бұл кезде көне грек мәдениті енді ғана пайда бола бастаған еді, Рим жөнінде сөз қозғамаса да болады және тіпті Қытайдың өзі жазуды әрең-әрең меңгерген еді. Ал, скиф патшалары, көшпелі тайпалар одақтарының көсемдері Египет пирамидаларымен теңдесе алатын жерлеу ескерткіштері – қабірлер қорғандарын салды. Мұның бәрі б.з.д. VIII – VII  ғасырларда Орталық Азияда қуатты державалардың өмір сүргендігін және тамаша мәдениеттің гүлденген кезеңдерін көрсетсе керек....» [31].

Аржан I және  Аржан II ескерткіштері б.з.д. XI – IX ғасырларға жататын  сақ  патшасы мен оның жұбайының материалдарға өте бай қабірінің 1999 ж табылуы мәдениеттердің Шығыстан Батысқа қарай таралғандығының сөзсіз дәлелі болып табылады. 2002 ж. Шығыс Қазақстандағы Шіліктіден б.з.б.  VIII ғасырға жататын «Алтын адамның» табылуы, Сарыарқадан және Орынбордан (Қарғалы) энеолит пен қола дәуірлерінің жүздеген ежелгі мыс рудниктерінің ашылуы адам жер жүзінде алғаш рет Ежелгі Тұранда металлургия, метал өңдеуді, қола, темір және булатты (қатты болат) өндіруді меңгергендігін көрсетті. Демек, сақ-скифтер мен сарматтар, аркаимдіктер –  андроновтықтардың ұрпақтары. Нақ Евразия далаларының шығыс аймақтары скифтердің де, ғұндардың да және түріктердің де мәдениеттерінің алтын бесігі болып табылады. Қазақстандағы Шілікті №5 пен Тувадағы Аржан қорғандары – Евразия кеңістігіндегі барша скифтер қорғандарының ең ежелгілері. Олардың хронологиясы – б.з.д.  XI – VII ғасырлар. А.К. Нарымбаеваның жазуынша, егер куроарак және майкоп мәлениеттерін дүниеге хуриттер әкелген болса, бұлардың өздері Қазақстан даласынан шығып, Кавказ арқылы солтүстік Месопатамияға жылжыған нақ далалықтар болатын. Археологиялық мәліметтер үндіевропалықтардың Ежелгі Қазақстан территориясына Батыстан, Шығыс Европа мен Кавказдан, сондай-ақ Оңтүстіктен келгендігі жөнінідегі тұжырымдаманы толығымен жоққа шығарады. Демек, материалдық (үй жануарларын қолға үйрету, металл өңдеудің жөнін білу, қола алудың сырларын ашу, қыштан ыдысты жасауды, доңғалақты, жауынгерлік арбаны, монументалдық сәулетті, қала салуды қолға алу) және рухани (діннің, аңыздың қалыптасуы, әліпбидің жасалуы және т.б.) салалардағы жаңалықтарды ашудың, яғни жалпы алғандағы ұлы Тұран мәдениетінің пайда болуының басты ошағы – Сары-Арқа еді.
Қола, Сақ және Хун заманындағы түркілердің мемлекетті-елді басқару жүйесі, шаруашылық-мәдени типтері және басқалай өмірлік дәстүрі, діні, тілі біздің заманымыздың І мыңжылдығында құрылған Кушан, Эфталит, Европадағы Хун империяларында, әрі кейінгі ғасырларда дүниеге келген түркі қағанаттары, мемлекеттері мен тайпалық бірлестіктерінде жалғасын тауып жатты. Тіпті Шыңғыс ханның өзі де және оның ұрпақтары бұл мұраны жатсынбай, қайтадан өмірге қайтарудың нәтижесінде көптеген табыстарға жетіп, әлемдік деңгей мен көлемдегі Ұлы империяны дүниеге әкеліп, Әлем халықтарына еткен оң ықпалын қамтамасыз етті. Әрине, мұның өзі, түркілердің тарихындағы ең ақырғы деп айтпайық, бірақ көз көріп, құлақ естімеген соңғы өрлеу еді. Олар ендігі жерде, ХХІ ғасырдың өне бойында ата-бабаларының құдіретті рухын сақтай алып, өздігін дүниеге таныта алса игі болар еді. Бірақта оның үшін түркілік бірлік пен ынтымақтастық заман талабына сай белең алуы керек. Сондай-ақ, бұл үдеріс түркілік әпсаналар мен әдет-ғұрыптарды, ой жүйелері мен нанымдардың нышан-белгілерін және хатқа түскен көрнекті тарихи тұлғалардың ролін көрсету арқылы жүзеге аспақ. 
Сақтар, ғұндар, эфталиттер, түрік қағанаттары мен бірлестіктерінің үстемдік  еткен жағдайында империялар  құрылып,  халықтардың  жаһандану интеграциясына тартылып, оқшауланудан шығуына әсер етіп, мәдени өзара серлесуін күшейтті және ізгіліктік тұрғыдан жаңаруын қамтамасыз етті. 
«Түркістан» түрік жұрты немесе түркі елі және түрік өлкесі деген сөз. Бұл ұлы өлке бүкіл адамзат мәдениетінің бастау алған жері, түрік дүниесінің бесігі деп Түрік қозғалысының белгілі жетекшілерінің бірі – Абдулазиз Шыңғысханның жазғанындай, «бұл өлке мәдениет ошағы ретінде ең көне өлке болғандықтан да түрік тарихының әр дәуірінде жасалған мәдени ескерткіштерді өз құшағында сақтап келеді. Бүкіл түрік әлемінің ана жұрты! Түрік қағандарының, хандары мен билерінің орталық мекені және мәдениетінің қайнар бұлағы болған бұл жерден бүкіл дүние құрылымдары жан-жаққа тарады» [32] Ирандықтарға қарсы соғысқан Түркістан ханы Афрасиабты былай қойғанда тарихқа белгілі қағандардың ең байырғысы ұлы Оғызхан болған. Ол Түркістандағы «Йасы» шаһарын (Түркістан шейхы Хожа Ахмет Яссауидің жұрты) орталық ете отырып, Шын, Орта Азия, Ауғанстан мен Үндістанның да кейбір өлкелеріне басшылық жасады. Бұл ұлы қағанның Ибраһим пайғамбар  заманында өткенін тарих мәлім етеді. Базбір тарихшылар Оғыз ханның қызы Қантұра ханымның Ибраһим пайғамбармен тұрмыс құрғаны туралы жазады [33].  

ӘДЕБИЕТТЕР
1.  Түркі халықтарының тарихы. Түркістан, 2004, І том, 97–112-б.
2.  Никольский В.К. «Очерки первобытной кульуры». М – Пг. 1924, 77-92 беттер.
3.  Фрейденберг О.М. «Поэтика сюжета и жанра» (период античной литературы). Москва, 1936, 54-бет.
4.  Фрэзер Дж. «Золотая ветвь. Исследования магии  и религии». Москва, 1986.
5.  Поршнев Б.Ф. О начале человеческой истории (Проблемы палеопсихологии). Москва, 1974.
6.  Културология. Учебное пособие ... Ростов н/Д. 2000, 128-бет.
7.  А.К. Нарымбаева. «Аркаим». Алматы, 2007 ж, көлемі 30,0 б.т.
8.  С.Қондыбай. Гиперборея: Түс көрген заман шежіресі. Алматы, 2003; Казахская мифология. Алматы, 2005.
9.  Артықбаев Ж.О. Материалы международный Конференции. – Алматы, 1999. – С.37-38. 
10.  Тайлор Э.Б. Первобытная культура. – М. 1989. – С. 36-37. 
11.   Фрезер Дж. Золотая ветвь. Исследования магии  и религии». Москва, 1986. –– С.252.

12.  “Түркология” журналы. Түркістан. Қыркүйек-қазан. 2002. №1, 24-бет. 
13.  Özkul Çobanoğlu. Türk Uygarlığının Zihniyet Kalıpları Bağlaminda Türk Oünyasini Yeniden Doğusunun Felsefiu Temelleri Üzerine Tespitler // Үчүнчү миң жылдыктын босогосунда түрк цивилизациясы. Ел Аралык илмий конгресстин материалдары. 2-3 октябрь. 2000. Бишкек – Бишкек. 2003. – 102 бет).
14.  Эдоков А.В. Основные элементы декоротивно-прикладного искусства алтайцев // Түркология журналы. Түркістан. 2002. – 96-100-беттер.
15.  Грязанов М.П. Первый Пазырыкский курган. – Ленинград. 1950.
16.  Худяков Ю. Основные проблемы изучения древнетюркского культурного феномена в Центральной Азии // Үчүнчү миң жылдыктын босогосунда түрк цивилизациясы. – Бишкек, 2003 – С.40. 
17.  Жарылқап Бейсембайұлы. Арғы түрктер ақиқатының ізімен. Алматы, «Қайнар», 2006, 21-б.
18.  Народы мира. 1988, 407-408-б.
19.  Ж.Бейсенбайұлы. Арғы түрктер ақиқатының ізімен Алматы, «Қайнар», 2006, 29–31-беттер.
20.  Бұл да сонда, 47–49-беттер.
21.  Бұл да сонда, 52-бет; Пучков. // www cbook.ru.
22.  Палеолит СССР, 1984; 136,147. 
23.  Ренфрю, 1998: 116–117.
24.  Окладников, 1956 (а); 124; Массон, 1989 (а): 43; Қараңыз: Ж.Бейсембайұлы, 69-б.
25.  “Самаркантская стоянка и проблема верхного палеолита в Средней Азии”. – Ташкент, 1987.
26.  Киселев С.В. Древная история Южный Сибири. – М., 1951. – С.63.
27.  Бұл да сонда, 22-б.
28.  Ж.Бейсембайұлы. 2006: 124.
29.  Қазақ радиосы, 2008 ж, 27-ші сәуір.
30.  Кәмшат Тасболат – «Айқын». 10 қазан, 2008 ж.
31.  Ж.Бейсембайұлы, 127–128, 143–145, 149-беттер.
32.  А. Иконников – Галицкий. В лучах аржанского кургана. // Центральная Азия. №35 – 2002. Кызыл. Республика Тува.
33.  Абдулазиз Шыңғысхан. Түркістан туралы. – «Түркістан» газеті, 7 тамыз, 2008 ж. (Шағатай тілінен аударған Д. Қыдырәлі).
34.  Бұл да сонда.

Сайран ӘБУШӘРІП

«ТҮРКОЛОГИЯ» журналы, № 1-2, 2008 жыл.

Материал Абай.кз сайтынан алынды 
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?