Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бүгін тарихта

1896 жылы 5 мамыр күні актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Серәлі Қожамқұлов дүниеге келді.

1910 жылы 5 мамыр күні т.ғ.д., профессор, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері Киікбаев Нығметолла дүниеге келді.

- = -

Қазақстан теледидар журналистикасының негізін қалаушы Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың туған күні

26332
Қазақстан теледидар журналистикасының негізін қалаушы Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың туған күні - e-history.kz
Марат Кәрібайұлы Барманқұлов 1937 жылғы 13 ақпанда Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келген. 1954 жылы ол С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне түсті. 1959 жылы аталмыш оқу орынын тәмамдаған соң, Алматының теледидар студиясында жұмыс істейді: бастапқыда тілші, содан соң редактор, комментатор, екі жыл бойы жауапты редактор қызметінде болған. 1961 жылы М.В.Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің аспирантурасына түседі. Аспирантураны тәмамдаған соң, 1964 жылы М.К. Барманқұлов Мәскеу Мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертацияны сәтті қорғайды және де 1965 жылғы қаңтарда Қазақ Мемлекеттік университетінің орыс журналистикасы кафедрасының ассистенті қызметіне қабылданды. Филология ғылымдарының кандидаты дипломын алған соң, 1966 жылғы қыркүйекте аға оқытушы болып тағайындалады. 1966 жылғы қазаннан бастап 1969 жылғы желтоқсанға дейін М.К. Барманқұлов С.М.Киров атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті деканының орынбасары болып қызмет етеді. 1969 жылғы ақпан айында доцент атағын алады. 1972 жылы ММУ журналистика факультетінде біліктілікті арттыру курстарын сәтті аяқтайды. Марат Кәрібайұлы Барманқұлов туған университетінде 35 жылдан астам уақыт қызмет етті: 1965 жылдан еңбек жолын кафедра ассистентінен бастап филология ғылымдарының докторы, профессор, күндізгі және сырттай оқу журналистика факультеттерінің деканына дейін жетті. 2000 жылға дейін теледидар және радио журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметінде болды. 1991 жылғы наурыздан бастап қыркүйекке дейін - «Казахстанская правда» жетекші республикалық газеті редакторының бірінші орынбасары. Университетте жұмыс істеген уақытында өзін ақылғөй ұстаз, дарынды педагог және ғалым, талапты зерттеуші ретінде көрсете алды. Марат Кәрібайұлы Барманқұлов журналистика факультеті үшін жаңа курстарды әзірлеп, енгізді: «Радиохабар және теледидар негіздері», «Теле-радио публицистиканың жанрлары», «Баспа, радио және теледидар жанрының салыстырмалы талдауы», «Қазіргі шетел журналистикасы». Оның 1990 жылдары енгізілген «Мәдениеттану» және «Түрік мемлекеттеріндегі әлемдік діндер» атты жаңа курстарына тек журналистика факультетінің студенттері ғана емес, философия, тарих, саясаттану факультеттерінің студенттері қатысып, үлкен қызығушылық білдірген. М.К. Барманқұловтың «Репортаж на радио и ТВ» (1970ж.) және «Весь мир у вас в квартире» (1972 ж.), «Журналистика для всех» атты алғашқы кітаптары – ХХІ ғасырдың осы заман журналист-студенттерінің қолдан түсірмейтін кітабы болып табылады. 1980 жылы М.К. Барманқұлов М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінде докторлық диссертацияны қорғап, филология ғылымдарының докторы атағын алды. Бұл баспа, радио және теледидар жанрының салыстырмалы талдауы бойынша Қазақстандағы алғашқы диссертация еді. Оқу-педагогикалық қызметімен қатар, М.К. Барманқұлов қомақты қоғамдық жұмыстарды жүргізеді. Ол ТМД Журналистер одағының конфедерациясы басқармасының мүшесі, Қазақстан журналистер одағының хатшысы болды. Оның пікірі кәсіпқой адамдар үшін әрқашанда құнды болған, оны: партбюро мүшесі, партком мүшесі, факультет партбюросының хатшысы, факультеттің ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары, әдістемелік бюроның төрағасы, «Журналист» жинағының жауапты хатшысы ретінде сайлаған. М.К. Барманқұлов радио және де теледидар журналистері үшін республикалық курстарда лекция оқыған, радиохабарда «Радионың жас тілшілері мектебін» жүргізген. Факультеттегі ғылыми-педагогикалық жұмыстың көптігіне қарамай, Марат Кәрібайұлы шығармашылық жұмыспен белсенді айналысады, ол 200 аса газет мақалалары мен теледидарларда бағдарламаларды дайындаған. М.К. Барманқұлов бірнеше оқу фильмдерін түсірген, олар Бүкілодақтық көрмеде көрсетіліп, Республикалық байқаудың 1 дәрежелі дипломымен марапатталды. М.К. Барманқұлов Қазақ теледидарында алғашқы циклдық бағдарламалардың авторы. Оның «Сто путей – сто дорог» атты бағдарламасы спортты, туризм және де өзі таңырқаған, демалыс күндері тауға шығып, тау шаңғы спортымен, велотуризммен айналысатын Іле Алатаудың керемет тауларын насихаттаған. Профессор М.К. Барманқұловтың шығармашылық және ғылыми қызығушылығының ауқымы кең және де сан қырлы. Оның «Возможности космического ТВ» (1997ж.) және «Телевидение: деньги или власть?» (1998ж.) теледидар туралы кітаптары әлемде және Қазақстандағы телехабардың жаңа тенденциялары, 1990 жылдар басында коммерциялық телерадиокомпаниялардың пайда болуы туралы, осы кезеңдегі нарықтық қатынасқа ауысудың қиын кезі туралы әңгімелейді. М.К. Барманқұлов Қазақстанда Интернеттің пайда болуын және оның электронды БАҚ, қоғамның дамуына, біздің тұрмысымызға ықпалын зерттеген, Дүниежүзілік Тораптың болашағын болжамдаған Қазақстанның алғашқы зерттеушісі. М.К. Барманқұлов журналистика, теледидар, мәдениеттану, түркітану бойынша 20 астам монографияның авторы. Ол туралы «Хан…Иван», «Наследники Белого лебедя» (1995ж.), «Тюркская Вселенная» (1996ж.), «Хрустальная мечта тюрков о квадронации» (1999ж.) және т.б. кітаптары куәландырады. Филология ғылымдарының докторы, профессор М.К. Барманқұловтың басшылық етуімен бір докторлық, алты кандидаттық диссертация қорғалды. Ол ҚазМУ журналистика факультетінде өз ғылыми мектебінің негізін салып, Қазақстандағы телерадио хабарламаның жаңа ғылыми бағытын белгіледі. Шәкірттері, пікірлестері оның ісін ХХІ ғасырда жалғастыруда. Ол журналистердің, теледидар қызметшілері, теле-радио хабарлама теорияшылдары, коммуникологтардың бірнеше буынын дайындады: О.Әбдіманұлы, К.Ж.Тұрсын, С.Х.Барлыбаева, Л.С.Ахметова, Г.Ж.Ыбыраева, Ш.И.Нұрғожина және тағы басқалар. М.К. Барманқұлов 1990 жылдары Әлемдік журналистика және әдебиет институтының негізін салушы, Еуразиялық Экономикалық Академияның вице-президенті болды. 2001 жылы қазақстандық журналистика саласына қосқан елеулі үлесі үшін еліміздің Журналистика академиясы журналист Марат Кәрібайұлы Барманқұловқа №1 «Алтын Самұрық» сыйлығын табыс етті. Бұл ең жоғарғы арнайы жалпы ұлттық журналистік сыйлық. Бүгінгі күнде оған оннан астам адам иеленген. Қазақстанның журналистік қоғамдастығының жоғары наградасына бірінші болып көрнекті теорияшыл, телепублицист, ТМД теледидар қызметкерлерінің бүкілі қолданатын теледидар, журналистика бойынша көптеген кітаптардың авторы - Марат Кәрібайұлы Барманқұлов иеленді. М.К. Барманқұлов бүкіл өмірін сапалы эфир, қызықты сюжет, керемет мақала деп аталатын іске арнады. 2002 жылғы наурыз айында осы Сыйлықты табыс еткен кезде ол кісі біздің арамызда болған жоқ. Оның атын атағанда Абай атындағы опера және балет мемлекеттік академиясының бүкіл залы орнынан тұрып, М.К. Барманқұловтың жарқын бейнесін бір минуттік үнсіздікпен құрметтеп еске алды. 1960 жылдан бастап ХХІ ғасырдың 2000 жылына дейін (М.К. Барманқұлов 2000 жылғы 9 мамырда көз жұмды) Әл Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің бүкіл түлектері қай жерде, қай мемлекетте болса да, өздерінің ұстазы - Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың жарқын бейнесін әрқашанда құрметтеп, бас иеді. 40 жыл бойы Марат Кәрібайұлы зерттеуші, ұстаз, оқытушы, шығармашыл тұлға, мейірімді, сезімтал және де қайырымды адам, факультеттің бетке ұстар тұлғасы болған. Оның кезінде журналистика факультетінде қазақстандық журналистиканың демократиясы және айқындықтың негізі қаланған. Осы прогресшіл адамның бойында адалдық және де талапшылдық, жастық екпін мен көрегеннің даналығы, плюрализм және жаңашылдық, тектілік пен тұрақтылық, қарым-қатынастағы жайлық және адамгершілік қасиеттері үйлескен. Біз студент, оның шәкірттері болған кезде, ол біз үшін маңдай алды беделді тұлға, ең үздік прогресшіл оқытушы еді. Студенттерге деген инабатты қатынасын әрқашанда «Сіз» деген сөзінен білінуші еді. Әріптес болғаннан кейін, біз оны дос ретінде қабылдап, өз арамызда оны «бастық» («Борман») деп атап, оның беделін, қоғамдық және жеке басының маңыздылығын ұжыммен белгіледік. Біз үшін ол әрқашанда Мұғалім, Мэтр, Тәлімгер, Дос болып қала береді! Жыл сайын оның туған күнінде Әл Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде дәстүрге айналған «Барманқұлов оқулары» өтеді. Мұнда оның жақын туыстары, студентері, әріптестері, жора-жолдастары, пікірлестері жиналып, өз Ұстазын еске алып, бүгінгі күндегі журналистиканың өзекті мәселесіне айналған тәжірибемен, жаңа біліммен бөліседі. Профессор Марат Кәрібайұлы Барманқұловқа арналған «Барманқұлов оқулары» халықаралық конференциясының аясында ең үздік теледидар сюжеті, үздік телебағдарламаға студенттер арасында байқау өткізу жақсы дәстүрге айналды. М.К. Барманқұлов болашаққа қарап, сталкер сияқты өз артынан журналистердің жаңа ұрпағын бағыттап, алдыңғы қатарда жүрді. 2001 жылы ҚазҰУ журналистика факультетінің теледидар студиясына профессор М.К. Барманқұловтың аты берілді. Бүгінгі таңда студенттер ұлы Мэтр армандаған жаңа сандық құрал-жабдықпен жұмыс істеп, теледидар және радио бағдарламаларды әзірлейді, және де осы арманы ХХІ ғасырда орындалсын деп, факультет үшін барлығын жасады. М.К. Барманқұловтың шәкірті, тарих ғылымдарының докторы, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің профессоры С.Х. Барлыбаева