131 жыл бұрын Қазақстандағы ежелгі музейлердің бірі – Семей қаласының тарихи-өлкетану музейі және және республикадағы тұңғыш кітапханаларының бірі ашылды.
Аталмыш шараны ұйымдастыруға Абай Құнанбаев қатысқан. Музей саяси жер аударылған орыс демократтары Е.П. Михаэлис, М.И. Долгополов, П.Д. Лобановский және қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Сонымен қатар музейдің ірге тасын қалауға А.А. Леонтьев, А.А. Блэк, Н.Я. Коншин В.Н. Филипов, М.И.Суворцев сияқты жер аударылғандар үлестерін қосқан. Музейдің және қоғамдық кітапхананың құрылуына қолдау көрсеткен Статистика комитетінің төрағасы, губернатор А.П. Проценко болды. Қорында 34 мың сирек кездесетін басылымы бар ғылыми кітапхана – семейліктіктердің мақтанышы. Мұнда сирек кездесетін сөздіктер, анықтамалар, ғылыми жұмыстар Орта Азия, Қытай, Ресей ғалымдарының еңбектері, Семей статистика комитетінің есептері, атлас және географиялық карталар бар. Орыс география қоғамы Семей бөлімшесінің ғылыми жазбалары сақталған. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын баспа басылымдары осы кітапханадан табылады. Қазіргі күні музей қорында 108 мыңнан артық жәдігер сақтаулы. Жаңартылған экспозициялар музейдің алты залында: «Палеонтология және геология», «Туған өлкенің табиғаты», «Археология және этнография», «Қала және өлкенің тарихы», «Алаш қозғалысы және Алаш қаласы туралы», «Семей ядролық полигоны», «Семей тәуелсіздік жылдарында» атты бөлімдерде орналасқан. Музейдің көрме залында тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар қалалық мәдениет сарайында орналасқан «Семей Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты экспозиция залы мен Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында, Үржар ауданында, Аягөз қаласында музей филиалдары жұмыс жасайды.