Қажы Мұқан өмірінен трагедия жасау кімге тиімді?
10.04.2018 2389
Сол кездегі Шымкент облысының Ақтөбе ауылында Қажы Мұқан ата 1946 жылдың маусым айына дейін тұрады. Осы Ақтөбеде Балуан атаның бір нәрседен таршылық көргені туралы ешкім айтқан да, жазған да емес

Керісінше, ол кісінің қонақжайлылығы, басқаға қамқор болғаны туралы деректер көптеп айтылады. Жесір қалған жеңгесін балаларымен қасына көшіріп әкеліп, қамқорлығына алғаны жайлы көзі тірі Лес Құрашов ризашылықпен баяндайды.

Ол кісінің үйіне келген кісіні дәм татқызбай жібермейтіні туралы өте көп естеліктер сақталған. Солардың бірі былай дейді: Бірде Балуан атаның үйіне жұмыспен өтіп бара жатып, сәлем бере кетейік деп үлкен қызметтегі жігіттер соғады. Балуанның тамақ астырып жатқанына қарамай асығыс едік деп жігіттер кетпек болады. Үйден жігіттермен бірге Балуан да бірге шығады. Қонақтар машинасын от алдырып, кетейін десе машина орнынан қозғалмайды. Не болды деп артына қараса, қарт Балуан бір қолымен машинаның артқы дөңгелегін жерге тигізбей көтеріп тұр екен. «Кетемін десеңдер өздерің біліңдер» деп күліп тұр» дейді. Қонақтар ұялғанынан кешірім сұрап, қайта машинадан түсіп, тамақтанып барып аттанған екен.

1904 жылы дүниеге келген осы ауданның тұрғыны Баумыш Ерімбетовтың естелігінен: «...Соғыстан кейін азаматынан көптеп айырылған елдің еңсесін көтерейін деді ме, әйтеуір Қажекең жеңіс құрметіне үлкен той жасады. Өзі тұратын Шілікке Түркістан, Шәуілдір – екі ауданның халқын арнайы шақырды. Бәріміз де бардық.

Халық көп жиналды. Балуан тойға бір бие, бірнеше қой сойды. Той шарты деп бір қазақ пен өзбекті күрестірді. Өзі күреспеді. Өзбектің есімі есімде жоқ. Алып денелі Иқанның жігіті екен. Ал қазақ жігіті Шойтөбеде (қазіргі Шәуілдірдің қасы) тұратын, «Аққабақ» атанып кеткен қыпшақ Төлебай деген жігіт еді. Күресте қазақ жеңді. Арқан тартыста екеуі тепе-тең түсті. Балуан күресі қыз қууға ұласты.

Балуан арқасында қуаныш, шаттыққа осылай бір кенелген едік» дейді көзбен көрген кісі.

Ақтөбеде 35 жастағы бірінші  әйелдің  үстіне екінші 22 жастағы  әйелге (Бибіжан апа 1924 жылы туған) үйленген 63 жастағы Балуан атаның жағдайы болмауы мүмкін бе? Қажы Мұқан ата осы Бибіжан анадан 1948 жылы өзінің ең кенже Жанабіл атты ұлын сүйеді.

Керісінше Ақтөбеде тұрған кезінде Қажымұқан екі жылға жуық  цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сом ақша табады. Осы ақшасын 1944 жылы ССРО  Қорғаныс  қорына құйып, бұл ақшаға өз атынан Совет Армиясына ұшақ сыйласа деп және оны Амангелді Иманов құрметіне атауды сұрайды. 

Қажы Мұқан хатына жауап ретінде И. Сталиннен телеграмма келіп, оның сұрауы қанағаттандырылады. Қажы Мұқан бұл ұшақты ұшқыш-қазақ Қажытай Шалабаевқа салтанатты түрде табыс етеді.

Қажы Мұқанның Отан алдындағы осындай еңбектері ескеріліп, 1945 жылы Қазақ ССР Жоғарғы советінің жарлығымен Қажымұқан Мұңайтпасовқа «Құрмет» ордені тапсырылады.

Мына «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 24 шілдедегі нөмірінде жарияланған мақалаға қараңыз: «1947 жылы ақша реформасы жүрді. ...Арыстың банкісіне атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов бір қап ақша әкеледі. Оларды санап, әр теңгені бөліп, орын-орнына қою үшін көп уақыт керек. Сонда жетім балалар үйінен ақшаны жақсы санайды деген бір ұл, бір қызды алдырды. Сол ұл Владислав Скитневский еді.

Түрі сұсты, дәу кісіні көргенде, олар қорқып кетеді. Мыңға дейін жақсы санайтын бұлар бір қап ақшаны тез санайды. Риза болған банк қызметкерлері Қажы Мұқанға жаңа ақшаны беріп тұрып, оның ескі ақшасын кімдер санағанын айтады. Қажымұқан екеуін қонаққа шақырады. Бірақ, тәрбиешілер қызды жібермей қалған. Меймандыққа Владислав жалғыз кетеді. Ақшұбар ат қосқан арбамен Темірланға барған сапары күні бүгінге дейін көз алдында. Есіне түскен сайын жүрегі шым етеді. Қажымұқанның үйінде өткен алты күн ұмытырар емес.

Ол кейін «Правда Южного Казахстана» газетінде тілші, ...Әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтында кітапхана кафедрасының меңгерушісі болып істейді. Ленинградта кандидаттық диссертациясын қорғаған ол қазір Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің профессоры. Владислав Оскарұлы Скитневский – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі».

Бұл мақаладан көрініп тұрғандай, орыс тілді басылымдар аш, жалаңаш деп жүрген кезде Балуан қаппен ақша ұстап жүрген екен. 

Балуан өміріне қатысты көбімізді шатастырып, жалған мәліметтерге сүйреп жүрген хаттың жайын да сөз етуге тиіспіз. Тұлғаның өмірінен жазғысы келген адам осы хатты тексермей, бірден жүгіне кететініне таңбыз. Туған жылына қатысты жалған деректер де Қажымұқан атаның ҚазССР СовМин төрағасы Н. Оңдасыновқа жазған хатынан туындаған секілденеді.

Сауаты жоқ Қажы Мұқан ата өзі хат жаза алмайтыны сөзсіз. Ал бұл хатта Қажымұқан ата өзінен 20 жас кіші, 43 жасар Н. Оңдасыновты «ақсақал» деп атапты. Бұл – хатты көшіріп жазған адамның (хатты жас жігіт жазған сияқты) қателігі. Хатты өзі емес, қарт Балуанның атынан жазып отырғанын ұмытқан сияқты.

Қажымұқанды жас кезінен танитын, бірге болған адамдар: бірінші әйелі Бәтима апаның, танымал журналист Жиһанша Сейдалиннің, жазушы Сәбит Мұқановтардың деректерін ескермей, тарихи деректерге («Дядя Ваня» мектебінде оқығаны) сараптама жасамай, тегі белгісіз, күмәнді хатты негізге алып, палуанның жасын бұрмалау қасақана әдейі жасалған авантюра сияқты.

Ең жаманы, бұл хатта Н. Оңдасыновтан көмек сұраймын деп тіптен қара бұлтты төндіріп жіберген. «Уәде қылған 500 сом пенсияңды алған жоқпын, үйді де әлі салған жоқ. Екі бұзаулы сиыр мен бір құлынды бие болса» деген өтініш, хат жазған жігіттің өз «көркемдеуімен» «Қазіргі жағдайым өте ауыр, қайыршылық күй кешіп, ішер асқа, киер киімге жарымай келемін. ...Басымда үйім жоқ, құлағалы тұрған тоқал тамда отырмын» деген сияқты өте аянышты шығыпты. Орыс басылымдары қазақтың «тоқал там» дегенді әдейі құтыртып «мал ұстауға арналған қорада тұрамын» деп аударады.

Осы мемлекеттік мұрағатта сақталып қалған хат нақты дерек есебіне алынып, бәрі жаңылысқан немесе әдейі бұрмалаған. Неге десеңіз, «Ресейде жүріп керемет жетістікке жеткен Қажы Мұқан өз жері, өз елінде қандай аянышты өмір сүргенін» көрсету қазақты тағы бір мұқатып қойғысы келгендерге әдемі дәлел. Қарсы уәж айтқандарға «палуанның өз хаты солай деп тұр» боп шықпақ.

Ал балуан өмірбаяны жазылған уикипедия сынды негізгі дерек көз де осы жағын барынша бояуын қоюлатып көрсетіпті. Тіпті Кристина Ткаличева сияқты «қазақтың жанашыры» аңқау қазақтарға осы стилде «дерекке толы мазмұнды фильм» шығарып, оны біздің ұлттық телеарна жерден жеті қоян тапқандай әдемілеп көрсетті.

Орыс тілді деректерде Қажымұқан өзінің үлкен жанұясын қамтамасыз ету үшін барлық медальдарын сатып жіберген деген де дерек айтылады. Бұл Ақтөбеге келгенге дейін, бұрын болған болуы мүмкін.

Ақтөбеге келгеннен кейін палуанның медальдары туралы, әсіресе оны сатқаны туралы сөз шыққан емес. Оны сатып алуға ешкімнің де жүрегі дауаламас еді. Оны мына деректер растайды:

Қажымұқан 24 елде өнер көрсетіп жалпы 48 медаль жеңіп алған дейді.  Бұл есепке 1910 жылға дейін жеңіп алған наградалары кірмейді.

Қалмақан Әбдіқадыров «Қажымұқан»» атты кітабында  Қажымұқан бір ғана әлем чемпионатынан (1905 жыл)  «...Парижден  әрбір мемлекеттің бас палуанын жыққанда ғана алатын сегіз медальға қосып, кіші алтын медальді тағып қайтты» дейді (Қазақтың Қажымұқаны. 85-бет). 

1) 1910 жылы соған дейін алған барлық медалі Челябі қаласындағы «Турци» атты циркте өртте жанып кеткен.

1913 жылы 1 декабрьде шыққан «Айқап» журналының 21 нөмірінде Жиһанша Сейдалин  Қажымұқанмен көзбе-көз сөйлесіп жазған мақаласында былай дейді: «...Бұл балуандардың арасында біздің қазақтан да бір балуан бар. Бұл бүкіл мұсылманның  күштісі деп атайды. Аты Қажымұқан Мұңайтпас ұғлы. Жасы 30-да, мойнында 12 медалі бар».

2) 1914 жылы Ригада жүргенде әкесі қайтыс болып, елге қайтуға тез арада ақша қажет болады да, 1910 жылдан кейін алған медальдарын атақты палуан Вейланд-Шульске арзан баға беріп кетеді.

3) 1919 жылы Омбыда «Үш жүз» партиясының жергілікті ұйымдары ашылып, оған Мұқан балуан мүше болады. 1919 жылдан 1922 жылға дейін Балуан атамыз уақытша күресті тастап, Омбы облысындағы «Жаңажол» колхозында атбағар болып жүрген кезде кейбіреулер «ақ патшаның өзінен сый алған адам екен» деп, оның соңынан қалмайды. Мұны естіген аңғал балуан награда қағаздарын өртеп, медальдарын астыққа айырбастап жібереді.

4) 1929 жыл Балуан Омбы, Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірінде жүргенде тағы қудалау болып, шолақ белсенділер оны 5-6 ай абақтыға жаптырды. Кейіндері жиналған марапаттау қағаздары, кубоктары, қымбат дүниелері  төртінші рет жоқ болды.

1929  жылы жасы 58-ге келген балуанның қолында ешқандай медаль қалмаған.

Серік Байхонов «Қызыл қырғын» кезінде» атты әңгімесінде «Балуан өмірбаянына байланысты алыпқашпа әңгімелердің көбі осы медальдар төңірегінде. Жалпы, отызыншы жылдар – Қажекең өмірінің көлеңкелі, күңгірт тұсы.

1933 жылдың өзінде-ақ Қажекеңе «Медальдарыңызды тағып келіңіз» дегенде: «Медальдың алтыны мен күмісін азық-түліктің тапшы жылдарында Омбының «Торгсиніне» апарып, ұнға айырбастадым. Ал, қолаларын ауылға тастап кеттім. Қартайғанда темір саудыратып жүру не керек деп ойлап едім. Енді оны қолға түсіру қиын, балалар» деп жауап берген» деп жазады (512-бет).

1937 жылы НКВД-ның тұзағынан қашып Отырар ауданының Ақтөбе ауылына келеді. Ақтөбеде тұрғанда таршылық көріп ешқандай медаль сатпағаны анық.

Ең негізгісі жоғалған, сатылған медальдар емес, қазақтың бар ардақтыларының басы «Алланың добына» айналып, атылып, көзі жойылып жатқанда, ағайынның арасына жетіп, аман қалып, артында ұрпақ қалдырған, жаман атқа ілінбей, туған жерде, туған елде он жылдан аса құрметпен өмір кешкен Балуан ата үшін сол медальдар «бастан құлақ садақа».

Балуан көзі тірісінде көптеген облыстық, республикалық жиын тойларға шақырылып, қатысқаны туралы деректер жеткілікті. Күре жолдан алыстағы Ақтөбеде тұратын Балуанның ондай жиындарға бару үшін көп қиындыққа тап болатыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі ағылып жатқан автокөлік, асфальт даңғыл жол ол кезде жоқ, ат арбамен бірнеше сағаттап жол жүріп облыс орталығына жету, салмағы ауыр, жасы келген Балуан атаға оңай болмаса керек.    

Бұл туралы танымал журналист Файзулла Рахматуллаұлы: «...белгілі жазушы Әдіһам Шілтерханов ағамыздың мына бір әңгімесі еске түседі: ...Алматыда өткен республикалық бір жиында жиынға қатысқандардың ардақтысы да, ең жасы үлкені Қажы Мұқан атамызға ештеңе аталмайды. Жиналыстан шыққандардың бір тобы Жамбыл атаның ауылына бет алғанда Нұртас Оңдасынов ағамыз Қажекең мініп-барып келетін бір жеңіл мәшинені алдына көлденең тартады. Оған көңілі толмаған Қажекең үзеңгілігіне аяғын салып, салмағымен басып қалғанда, мәшиненің бір жақ жақтауы күтір-күтір етіп, опырыла сынып түседі... Сонда Қажекеңнің «Ей, Нұртас-ай, бәрің шулап жүріп, маған әйтеуір көліктің жарай бермейтінін, аяқ артар ылаудан тарығып жүргенімді сезбедіңдер-ау» деген екен. Билік басындағылар ол қиындықты сол күйі сезінбей өтіпті ғой...»

Қариялардың айтуынша, республикалық деңгейдегі бір басшы Қажымұқан атаға «облыс орталығы Шымкентке көшіп келіңіз, үй салып береміз» деген ұсыныс айтады. Бірақ Балуан ата «Мен қалада тұра алмаймын» деп бас тартқан көрінеді.

Осыны естіген Арыс ауданының сол кезегі басшысы «Темірланға көшіп келіңіз. Үй салып береміз, бар жағдайыңызды жасаймыз» деп ұсыныс тастайды. Балуан ата қартайғанда жол азабынан құтылу үшін 1946 жылдың маусым айында Шымкентке жақын, күре жол бойындағы Темірланға  көшіп келеді.

Бұл туралы Мұхамеджан Рүстемов былай деп жазады: «Ұлы Отан соғысынан кейін Қажекең: «Ақтөбе жерінің соры молайып, мәні кете бастады. Су да тапшы. Сулы жерге, Арыс өзені бойындағы Темірланға көшейік» деп елдің біразын көндіріп, «Қызыл ту» колхозына біраз ағайын қоныс аударды» деп жазады.

Темірланға нақты қанша ағайын көшкені туралы дерек жоқ, нақтысы екі әйелі Мінайым мен Бибіжанды балаларымен, Мінайым апаның Ескерместен туған балалары Есбол мен Есалыны алып кеткені анық.

Арыс ауданының басшысы уәдесін тез орындай қоймаса керек. Н. Оңдасынов болуы керек және Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шораев Мырзаханның сөзіне сеніп қоныс аударған қарт Балуан ағайын-туыстан алыстап қалып, көңілі жабырқап жүргенде Н. Оңдасыновқа өзіне ашумен хат жазуға бекінген секілді.

Бірақ билік өкілі Бас балуанның өтінішіне немқұрайды қарап, хатты Қазақстан БКП(б) ОК-нің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке сырғыта салыпты. Тегі қазақ ол да балуанның өтінішін жауапсыз қалдырыпты.

Әлемнің қаншама  елінде болып, 48 медаль алған, қазақтың атын әлемге танытқан, сол Совет үкіметінің өзі 1927 жылы  дене тәрбиесі мен спортты дамытудағы еңбегі мен елдегі ұлы өзгерістерге қосқан үлесі үшін Қазақ АССР Президумының шешімімімен Қажымұқан Мұңайтпасовқа «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атақ берген, Отан алдындағы  еңбектері ескеріліп 1945 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің жарлығымен  «Құрмет» орденін иеленген, қазір біз сонша жамандайтын тегі грузин Сталиннің өзі алғыс хат жазған қарт Палуанға тегі қазақ республика басшылары тиісті жағдай жасай алмапты.

Әлімқұл Бүркітбаев «Қажымұқан» атты еңбегінде Балтық жағалауы елдерінің атақты палуаны Юхан Тиганенің жазбасын келтіреді: «Орынбордан Троицкіге шейінгі жол бойы үлкен-кіші түгел Қажы Мұқанның алдынан шығып қарсы алып, қонақ етіп отырды. Орынборда Қажы Мұқанға кездесіп, қасына еріп келе жатқан Тигане халықтың өз палуанына деген сүйіспеншілігін жазып қалдырған екен. «Мен ұлы мәртебелі дворяндар мен помещиктерге де халық мұндай құрмет көрсетеді десе сенбес едім, – деп жазыпты ол. – Сол жолы елінің қадірлі ұлы екенін өз көзіммен көрдім. Мынау айта-айта жүретін іс болды».   

Ал сол кездегі Өзбекстанның бірінші хатшысы Усман Юсупов пен Өзбек ССР Жоғарғы Советінің төрағасы Юлдаш Ахунбабаев «бар жағдайыңды жасаймын, Өзбекстанға көшіп кел» деп балуанды Өзбекстанға шақырады. Балуан қанша дегенмен, намысшыл, аруақты адам ғой, көшпеген!    

Қалай болған күнде де архивте сақталып қалған бұл хат қазаққа жат пиғылды адамдардың теріс ұйғарым жасауына, «тонды теріс айналдырып кигізуіне» себеп болды. Кристина Ткаличева сынды пысықайлар қуана-қуана «документалный фильм» шығарып, республикалық телеарналардан көрсетті.

Өмір бойы құрметтің неше атасын көріп, ағайынның  қамқорлығына бөленген және өмірінде бір рет ауырмаған Қажы Мұқан ата 1948 жылғы 27 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданының Ленин туы колхозында кенеттен өмірден өтті. Орыс  тілді деректерде Қажымұқан «...мал ұстауға арналған үйде тұрғандықтан, өкпесіне суық тиіп өлді» дейді. Бірақ аңыз адамға жазғы тамыз айында қандай суық тигенін ешкім де түсіндірмейді. Ал шындығында, палуанның жүрегі ұстап қайтыс болған. Балуан ата қайтыс болғанда қасында болған Есбол ақсақалдың сөзін өз құлағымен естіген Сағындық Қыдыров, Дүйсенбай Қасымовтар былай деп баяндайды:

«Ол кезде біз Темірланның жоғарғы жағында Боралдай өзені бойындағы көкорай шалғында жазғы киіз үйде отыратынбыз. Таңғы сағат 4-5-тер шамасында Балуан атам «Есбол тұр, арбаны жек» деп оятты. Мен тұрып, киініп қарасам, Балуан ата киіз үйдің керегесінен қос қолдап ұстап, тізерлеп отыр екен. Балуан ата енді маған «тез молданы шақыр» деп бұйырды. Мен барып молданы шақырып келдім. Балуан ата молдаға «тездет, оқитыныңды оқы, менің шіләмді түсір» деді. Молда түсінбей «қой, палуан, сен өлгенше біз бәріміз қырылып қалатын шығармыз» деп әзілдегісі  келді. Балуан атам «Оттамай тездет» деп ақырды. Молда дем салған кезде Балуан ата сылқ етіп құлап түсті. Бірден жүріп кетіпті.

Балуан атаның денесін жерлеуге киіз үйді бұзып барып әзер шығардық».

Осылайша өмірінде ауру дегенді білмеген Балуан ата орыстілді басылымдар жазғандай өкпеге суық тигеннен емес, жүрек талмасынан, кенеттен өмірден озыпты. Болар іс болды, өкінгенмен пайда жоқ. Басшылардың кінәсінен орын алған осы бір кемшілікті даурығып көрсеткенше, қазақша «жаманын жасырып, жақсысын асырып» Палуан атаның абыройын асқақтатар іс қылған дұрыс. 

Біз қазақ – дүниеге, байлыққа қызықпаған, абыройды ойлаған халықпыз. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейміз. «Дүние, байлық – қолдың кірі»  деп те айтады. 

Медаль ма? Қажымұқан палуанның әлемнің 55 елінде жарыстарға қатысып, мен мықтымын деген талайдың жауырын жер қаптырғаны, талай жерде бас жүлдеге ие болып 48 медаль алғаны мойындалған шындық. Ешқандай құжатсыз-ақ, медальсыз-ақ Қажы Мұқанды әлем мойындайды. XX ғасырдың басындағы топалаңнан медаль емес, бас аман шыққанының өзі – үлкен олжа.

Шәкірт пе? Қазір Қазақстан бойынша қаншама Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт сарайлары, цирктер, спорт мектептері бар. Қажымұқан атасының жолын ұстанған, аруағына сыйынған жас таланттар қаншама. Солардан жыл сайын қаншама дарынды спортшы шығып, әлемді мойындатып жатыр. Солардың бәрі Қажы Мұқанның шәкірті десең артық  айтқандық емес. «Қажы Мұқанның жолын қуған шәкірті» деген ат берсең, кез келген қазақ баласы тақиясын аспанға атып қуанатыны сөзсіз.

Тек жат пиғылды адамдардың аузына қақпақ қойып, барымызды жарқыратып көрсете білуіміз керек. Өз ардақтыларымыз туралы өзіміз жазуға, көрсетуге тиіспіз.

Ағылшындар өмірде болмаған Шерлок Холмсқа музей жасап қойып, әлемнің миллиондаған туристеріне көрсетіп жатыр. Ал біз нақты өмірде болған, кезінде әлемді мойындатқан Қажы Мұқан атаның артында қалған белгілерге ие боп, Қажы Мұқан атаға қатысы бар әрбір жерге, орынға белгі орнатып, жарқыратып көрсетуге тиіспіз. Бұл бағытта Отырар ауданының қазіргі әкімі Ерлан Қуанышұлының жобасы – өте құптарлық бастама. Бұл игі бастаманы барлық отырарлықтар қолдайды, Ерлан Қуанышұлы бұл жұмысты аяғына дейін жеткізеді деген сенімдеміз.

                                   Бекжан БЕЙСЕНБАЙ,

зерттеуші