«Алаш көсемі және ұлт тілі» зерттеуіне рецензия
13.12.2024 300

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның соңында қалған мұрасы том-томдарға жинақталып, түрлі сала мамандары тарапынан зерттеліп жатыр. Оның ұлттық баспасөзді дамыту жолындағы қажырлы еңбегі мен аудармашылық қырын да жекелеген әдебиетші, журналист мамандар атап өтеді. Тарихи тұлғаның мұрасы тарихшылар тұрғысынан да көбірек зерделенген. 


Сондықтан тарихшы, саясаттанушы, әдебиетші ғалымдар, тіпті ауыл шаруашылығы мамандары алаш көшбасшысының өмірі мен саяси қызметін, шығармашылығын зерттеп, бірнеше ғылыми, танымдық еңбектер жариялады. Ғалымның соңында қалған мұрасының басым бөлігі осы салаларға қатысты болғандықтан әрі өзінің базалық білімінен өзге бірнеше кәсіптің сырына үңілген жан-жақты білім иесі болғандықтан оның мол мұрасын әр сала мамандарының өз тарапынан зерттеуі өте орынды, дегенмен қайраткердің өмір жолын, қоғамдық-саяси қызметі мен соңына қалдырған мұрасын мұқият зерттесек, тұлғаның қазақ тілінің дамуына да көп еңбек сіңіргеніне көз жеткізуге болады. Ә.Бөкейханның әдеби, ғылыми мұрасы, саяси қызметімен, шығармашылығымен бірге оның мұрасын тілдік тұрғыдан да жан-жақты зерттеу қажет екендігі сөзсіз. Әсіресе қайраткер ғалымның тіл саясаты мен отандық аударматанудың, ұлттық әдеби тілдің дамуына қосқан үлесі айрықша зерттеуді қажет етеді. Солай болғанның өзінде жекелеген мақалаларды есепке алмағанда алаш қайраткерінің мұрасын тілдік тұрғыдан зерттеп, лингвист мамандар тарапынан арнайы көлемді монографиялар жазыла қоймаған еді. Жақында ғана ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының «Алаш көсемі және ұлт тілі» атты монографиясы жарық көріп, бұл саладағы олқылықтың орны толды (Құрманбайұлы Ш. Алаш көсемі және ұлт тілі. – Алматы: Сардар, 2024. – 400 бет).   

Кітапта ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның тілдік әрі сөзқолданыс ерекшеліктері талданған. Алаш қайраткерінің ұлт тілін дамытуға қосқан үлесі, қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы рөлі, тұлғаның тіл саясатын жүргізудегі ұстанымдары, саясаткер дискурсы, аудармалары, оның қаламынан туындаған жаңа қолданыстар мен терминдер жайында жазылған. Осы күнге дейін филологияда аса көп назарға алына бермейтін Ә. Бөкейханның тілдік тұлғасы, атап айтқанда қайраткердің аудармаларындағы жаңашылдық, бейімдеп аударудағы шеберлігі, қаламгердің қазіргі қазақ тілінің стильдік тармақтарының негізін қалаушы ретіндегі маңызды қызметі талданған. Қаламгер шығармаларынан бөлек оның хаттары, жеке жазбалары, тіпті рецензияларына дейін қарастырылып, тілдік бейнесі жан-жақты ашылған. 

Ғылыми еңбек:  

«Әлихан және қазақ әдеби тілі»; 

«Әлихан Бөкейхан – аудармашы»; 

«Әлихан Бөкейхан және ХХ ғасыр басындағы термин шығармашылығы»;  

«Теңеулер мен мақал-мəтелдер қолданысы»;  

«Әлихан Бөкейхан тілінің ерекшеліктері»; 

«Ә.Бөкейхан және тіл саясаты»; 

«Кітап сыны»; 

«Бөкейхан және бүркеншік есім сыры»; 

«Әлихан сөздері»; 

«Әлихан Бөкейхан мұрасын зерттеу және шығармаларының академиялық жинағын шығару туралы» деп аталатын 10 тараудан тұрады. Бұлардың әрқайсысында алаш қайраткері мұрасының бұған дейін зерттелмеген қырлары туралы мәселе көтеріліп, тың ойлар, жаңа тұжырымдар жасалады. Зерттеуші өзі көтерген мәселелер мен Ә.Бөкейхан шығармашылығының қырларына жеке-жеке тақырып бере отырып қарастырады. 

Монографияның «Әлихан және қазақ әдеби тілі» деп аталатын бірінші тарауында оқу арқылы көрнекті тұлғаның өз жұртының аса құнды қазынасы тілін қорғап, оның білім беру мен ғылым саласындағы қолданысын кеңейтуге, қазақ тілінің баспасөз бен ресми құжат, ісқағаз тілі, сот ісін жүргізу тілі ретінде өркендеуіне көп еңбек сіңірген саяси күрескер, ұлт тілінің жоқшысы ретіндегі үлкен рөлін көреміз. Автор алаш көшбасшысының қазақ тілін баспасөз тілі, ғылым тілі, көркем әдебиет пен ресми ісқағаздар тілі ретінде орнықтыру жолындағы қайраткерлік қажырлы еңбегі мен ұлттық әдеби тілдің іргетасының берік қалануына қосқан өлшеусіз үлесін бағалап, алаш зиялысы Қошмұхамед Кемеңгерұлының «Әлиханның қазақ еліне сіңірген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды» деген пікірінің бекер айтылмағанын тұжырымды мысалдармен дәлелдейді. Осылайша кітап авторы әдеби тілдің дамып толықтай ғылым тілі ретінде қалыптасуында Абай мен Ыбыраймен қатар Ахмет пен Әлиханның да үлесі зор деп қорытындылайды. 

«Әлихан Бөкейхан – аудармашы» тарауынан ұлтының қажетіне жарайды деген көркем шығармалар мен ғылыми кітаптарды, оқулықтарды ана тіліне аударумен айналысқан шығармашыл тұлғаның аудармадағы жаңашылдығы мен ерекшелігі, сондай-ақ аударматануға, терминқорымызды байыту мен қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қосқан үлесі жайында сөз болады. Қыр баласы аудармаларының жалпы сипаты мен өзіне тән айырмашылықтары айқындалады. Мәселен, кітап авторы Бөкейхан аудармаларында сөзбе-сөзділіктен гөрі, қазақы танымға қатысты атауларды қосу көбірек екенін жазады. Мысалы, К.Фламмарион кітабының «Ай» деп аталатын тоғызыншы тараудың орысшасы: «Кто не испытал удовольствия любоваться Луною когда вечером она сияет на чистом небе?» деп басталатын болса, оны аудармашы «Алтыбақан теппеген, ақсүйек ойнамаған, жарық Айдың қызығын пайдаланып қуанбаған алашта бала бар ма екен?» деп аударатынын ерекшелейді. Осылайша аудармашы қаламынан туған мәтіндерді түпнұсқасымен салыстыра талдау арқылы оның аударма түрі мен аудару әдісін таңдау себептері анықталады. Шығармашыл тұлғаның сол әдісті таңдауына себеп болған түпкі мақсаты мен көздеген мүддесіне сәйкес аудармадағы шығармашылық еркіндігінің сыры, тәржімешілік тәжірибесінің табиғаты жан-жақты ашылады. Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлының және ХХ ғасыр басында аудармамен айналысқан замандас қаламгерлердің орыс тіліндегі әдебиеттерді аударудағы ортақ ұстанымы, олардың отандық аударматанудың арнаулы сала, ал аударманың кәсіп, мамандық ретінде қалыптасуына қосқан үлесі бір-бірімен өзара тығыз байланыста сөз болады. Бөкейханның бейімдеп аударудағы ерекшелігі сондай, тіпті шетелдік шығармадағы қазаққа таныс емес жер-су атауларын алаш даласындағы елдімекендермен өзгертіп қолданады. Орыс авторының шығармасындағы тұрмыстық атаулардың өзі қазақ дүниетанымына сәйкес этнографиялық ұғымдармен алмастырылады, мысалы шарап туралы айтылса қымызбен ауыстырады, балалардың ойыны жайында сөз болса асықты қосып жібереді. 

Ш. Құрманбайұлы Әлихан Бөкейханның  «Орыстың кітабын қазақшалағанда, білімін, дәлел-әдісін бөктеріп, қанжығаға байлап, қараңғы қазаққа апарып берем деп, кітаптың басына тымақты кигізіп, кісені беліне буындырып, қазақтың қылыш құлан жалына мінгізіп әкеткен оң болады» деген ұстанымды басшылыққа алғанын көптеген мысалдармен дәлелдей отырып, оның бейімдеп аударған тұстарын әр шығармасынан нақты-нақты көрсетеді. Қыр баласының дәлме-дәл аудару шебері екендігін де көптеген нақты мысалдар арқылы дәлелдейді. Сондай-ақ кейбір көркем аудармаларында орыс тілі сөйлемдерінің қалпы сақталып, аудармашының калькаға жүгінгенін де да назардан тыс қалдырмайды. 

«Әлихан Бөкейхан және ХХ ғасыр басындағы термин шығармашылығы» деп аталатын үшінші тарауда Ә. Бөкейхан жасаған терминдер әдеби тілдің дамуы, ғылым тілінің қалыптасуына әсер еткенін дәлелді мысалдармен жеткізеді. Кітап авторы алаш қайраткерінің әр аударған оқулықтары мен ғылыми еңбектерінде өз қаламынан туындаған көптеген терминдерді пайдаланғанын айтады. Осылайша оны жаңа термин  ұсынушы ретінде көрсетіп, «Терминдерді қазақ тілінде жасау қажет, кірме терминдерге қазақша балама табу керек» деген көзқарастағы зиялылар қатарында болғанын дәлелдейді. Мәселен, Қыр баласы аударған «Астрономия әліп-биі» кітабында барлығы 200-ден астам термин қолданылса,  олардың ішінде астероид, диаметр, комета, конус, кратер, планетоид, эллипс тәрізді бірнеше термин ғана қазақшаға аударылмай, орыс тіліндегі емлесі бойынша жазылған. Екі жүзден астам терминнің орыс тіліндегі қалпында өзгеріссіз қабылданғандары онға да толмайды, оның ішінде пыланет, пөліс, іспектір сияқты терминдердің тұрқы өзгертіліп, қазақ айтылымына икемделіп алынғандары бар. 

Академик ғалым Ш. Құрманбайұлы Қыр баласы қолданысындағы атаулардың өте сәтті, қазақы ұғымға сәйкес ұтымды жасалғанын айтып, сәтті терминдердің қолданысқа кірмей, оның орнына кейінірек калькалардың алынғанын да атап көрсетеді: «Қазір біз «ой еңбегі» (умственный труд), «дене еңбегі» (физический труд) деп жүрген еңбек түрлерін білдіретін терминдер Ә.Бөкейхан еңбектерінде «ми ісі» және «қол ісі» түрінде қолданылады». Ғалым алаш қайраткері ұсынған терминдердің күрделі болмағанын да ескертеді: «Қазір орыс тіліндегі «заявитель» деген термин қазақ тілінде «арыз беруші», «арызданушы» түрінде қолданылады. ХХ ғасыр басында жазылған Ә.Бөкейхан еңбегінде бұл «арызшы» түрінде кездеседі». Осы тараудан алаш көсемі шет тіліндегі терминнің қазақша баламасын табуды мақсат еткенін, жаңа термин туғызуға саналы түрде барғанына көз жеткіземіз. Тіпті ол қазір «халықаралық термин» делініп жүрген бірқатар шет тілі сөздерін де қысқа да нұқса ұтымды баламалармен алмастырғанын, қолдануға қолайлы, айтуға жеңіл терминдерге басымдық бергенін көрсетеді. Автор осыны ерекше ескеріп, Бөкейханнан нақты мысалдар келтіреді. Алаш білімпазы ғылым атауына айналған «география» деген грек сөзінің этимологиясына үңіле отырып, «жер жазуы» деген өз атауын ұсынады, сол сияқты «астроном» атауын қазақша «жұлдызшы» деп алады. Өзі жасаған осындай атауды еңбектерінде пайдаланып: «Астроном біздің қазақ тілінде жұлдызшы ғой...» деп жазады. Кітапты оқи отырып, Бөкейханның араб, парсы атаулардың орнына төл қазақ сөздерін таңдағанын да аңғарамыз: апта орнына «жеті», серік орнына «жолдас», аспан орнына «көк», әділет орнына «түзік», тәртіп орнына «түземе», көше орнына «орам», пікірталас орнына «талассөз» терминдерін қолданады. Қазіргі оңтүстік, солтүстік орнына ықшам әрі түркі тілдеріндегідей және қырғыз тілінде қолданылатын төл көне атау түстік және терістік ұғымдарын пайдаланады. Халықаралық терминдер орнына ұсынған баламалар ішінде: экватор – белбеу, феодолизм – бектер дәуірі, философия – даналық, комунисты – ортақшылдар, буржуазия – байлар табы, капиталист – алпауыт,  буржуа –  тоққарын, бюрократизм – төрелік терминдері бар.

Назар аударар тұс, осындай түбі түркі төл сөздердің барлығы XX ғасырдың 30-жылдары қолданыстан шыға бастады. Ал тура осылай Түркияда жиырмасыншы ғасыр басындағы жасалған тілдік реформалар негізінде зиялылар тарапынан ұсынылған түркі сөздерінің барлығын қабылданса, қазақ елінде репрессиядан кейін халықаралық немесе Мәскеу басқаратын үкімет ұсынған терминдерді қолдануға мәжбүр қалды. Десек те алаш зиялылары ұсынған біршама сөздер осы күнге дейін термин ретінде қолданылып келеді, солардың ішінде Әлихан Бөкейхан пайдаланған жоғарыдағы мысалдардағыдай айыпкер, баспахана, жатақхана, баспасөз, жауапкер, әкім, оқытушы, көшбасшы, көшбасшылық сияқты көптеген атаулардың алаш қайраткерлерінің қаламынан туындап, тілдік қорымыздан берік орын алды. 

Кітаптың әр тарауы өзекті тақырыптар қамтылған бірнеше бөлімдерден тұрады, тек «Әлихан Бөкейхан және тіл саясаты» деп аталатын алтыншы тарауда «Әлихан Бөкейхан қазақтың тілдік құқығын қорғаушы», «Орыстандыруға қарсы күрескен қайсар қайраткер», «Саясаткердің тілдік портретін анықтаудағы қаратпа сөздердің орны», «Саясаткер тіліндегі саяси ұрандар», «Саяси көсемнің бұйыру-нұсқау сөздері», «Саяси тұлғаның үндеулері мен халықты бірлікке шақыру сөздері», «Саясаткердің жол сілтеу, жөн көрсету сөздері», «Саясаткер тіліндегі айыптау сөздері», «Саясаткер тіліндегі бағалаушы сөздердің рөлі», «Саяси мәтіндегі жігерлендіру сөздері» секілді тың тақырыптар талданған. Әсіресе ұлт лидерінің саяси дискурсы одан кейінгі дәуірлердегі елді басқарған тұлғалармен салыстырылып талдауы еңбектің зор жетістігі десе болады.  Автор алаш көсемінің саяси дискурсын талдау арқылы оның шынайы елдің азаматы болғанын дәлелдейді, бір ғана жұртым, қазағым, бауырларым, алаштың баласы, шырақтарым секілді қаратпа сөздері арқылы елін сүйген ұлт көсемі болғанын мысалдармен көрсетеді. Кітап атауының өзінде «көсем» делініп, бұған дейін Ленинге ғана айтылатын ұлық атау өз иесін тапты. Аталған тарауда орыстандыруға, тіпті туысқан түркі елдері әсеріне ұшырамай жеке ел ретінде өсіп-өркендеудің жолын Бөкейханның көрсеткені оның сөздерімен дәлелденеді. Қайраткердің «Анық түрік затты қазақ тілі біздің қазақта» деп тек орыс тілі мен сондай-ақ оқытқанда ноғайшалап емес қазақ тілінің фонетикалық заңын қаперге алып қазақ оқытуы тиіс деп айтқаны, жиын-жиналыстарда қазақ тегін «ов»-сыз жазуы керек деген сөздерге дейін  осы зерттеуде берілген. Әлихан Бөкейханның тіл саясатындағы ұстанымын оқи отырып, оның сол кезеңде ортақ түркі жазба тілі деген мәселеге біржақты қарамай, Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім тілін үлгі етіп, қазақ әдеби тілінің түркі тілдерінен бөлек әрі татаршаның немесе шағатай тілінің әсеріне ұшырамаған қазақ тілін дамытқаны байқалады. Кітап авторы сонымен бірге орыстануға қарсы Әлиханның күресу үлгісін көтере отырып, тілін білмейтін қазақтардың жай-күйін терең күйінішпен жеткізіп, көсемнің сөзімен ұштастырады.

«Кітап сыны» деп аталған жетінші тарауда Бөкейханның өз заманында шыққан кітаптарға баға бергені, рецензия жазып, сын-пікір бергені қарастырылады. Ғалымның жазғанындай сын-пікірлері де назарға аударуға тұрарлық, өйткені онда алаш қайраткерінің жеке ойы, көзқарасы көрінеді. Мәселен Әлиханның Сапа Жүсіпұлы аударған Н.Островскаяның «Еңбекшілерге кооперация не үшін керек?» деген шағын кітапшасына пікір бергенде «Сапа жолдас «пайда» деп жазады, негізі – бұл байда ғой. Сөз басы «бай» ғой. «Пайда» парсы, сарттан келіп біздің «байды» бұзған ғой. Қазақтың өз сөзін өзгерткен оң бола ма? «Пайда» деп тілін бұрамасаң, қазақ айта ма?» деп пікір берушінің сөзін бұзбай айнытпай беріп, оқырманды қызықтырады. 

«Әлихан Бөкейхан тілінің ерекшеліктері» тарауында ғалым қолданған көне сөздер, этнографизмдер, әдеби тілден өзгеше қолданыстардың қаламгердің пайдаланудағы уәжі зерттеледі. Автор Бөкейхан тіліне тән қолданыстарды жеке бір тарау етіп алып, оның шығармаларында ғана кездесетін тілдік ерекшеліктерді талдайды. Ол ең жиі қолданған сөздерді көрсетеді. Кейбірінің тіпті қазіргі әдеби тілмен ұштаспайтынын меңзейді: «артық қиын – тым қиын, ашына болу – дос болу, бауыр жұрт – туысқан халық, бүктеу – жеңу,  жұрт азаматы – ел азаматы, еті тітіреу – денесі тітіркену, законнан тысқары – заңнан тыс, кіндік – орталық, мағлұм қылып – мәлім етіп, талас сөз – пікірталас, өрнек – үлгі, ұлақ – лақ (салым көкпар)» мысалдары осыған дәлел болса керек. Етістіктердің де қате қолданыс деп санап қалуымыз мүмкін сөздерді пайдаланады: бөлмелену – бөлу, ерленбеу – ерлік танытпау, қостасу – бірлесу, құлдану – құл етіп пайдалану, ұлақтыру – лақтыру, құттию – кішірею, ғажаптану – таңғалу.  Бұлардың бірінші нұсқасы қайраткер тіліне тән, бірақ осы күні олардың екіншісі нұсқасы белсенді қолданылады. 

«Теңеулер мен мақал-мəтелдер қолданысы» тарауында ғалым қайраткердің теңеулерді қолданудағы ерекшелігін атап өтеді. Әсіресе оның ғылыми әдебитте болсын, сөйлемдерінің барлығында дерлік өз қаламынан немесе ой-идеясынан шыққан теңеулерін талдайды. Теңеуді қаламгердің әрқайсысы пайдаланады, бірақ үсті-үстіне және оны құбылтып қолдану негізінен Ә. Бөкейханға тән екенін жеткізеді. Солардың ішінде қазіргі тілімізде жиі жұмсалмайтын сөздермен де жасалғандары аз емес. Мысалы: «Бүлдіргелі қамшыдай. Кәрі тұғыр саудалаған сығандай, сырықтай ұзын, тінемдей (өте кішкентай), асық жарындай, бөкесі тартқан азбандай, жазғытұрғы қардай», т.б. Осы тарауда алаш білімпазы қолданған мақал-мәтелдер қолданысы, олардың аударылуы, жарыса жұмсалуы лингвистикалық қырынан қарастырылады. Автор қаламгер мақалдарының едәуір бөлігі шет тілдікі екенін дәлелдейді. Көсемнің тек орыс тілінен аударып емес, қазақ мақалдарын орыс тіліне аударғанын арнайы тілге тиек етеді. 

Қыр баласы кейбір қазақ мақалдарын өз дәуірінің және өзінің тіліне ыңғайлап қолдана берген секілді: «Әркім көрпесін бойына қарап жамылуы керек, Берушіге бесеу көп, Бүлінген елден бүлдірген алма, Заманың түлкі болса, тазы болып шалып қал». 

Сайып келгенде еңбекте ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның тілдік тұлғасы оның ұлық бейнесіне сәйкес жан-жақты талданып, түрлі қырынан сипатталып көрсетілді. Кісінің жазып-сызғанынан оның мінезі, бойға біткен асыл қасиеті аңғарылатындай, кітапта Қыр баласының соңына қалдырған мұрасынан ең алдымен оның өз ұлтына, алаш жұртына деген адал қызметі байқалады. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деп өзі айтқандай елге қызмет етудегі текті қасиеті, өр мінезі, қайсарлығы, қайтпастығы анықталады. Кітап тек әлихантанушыларға немесе филолог мамандарға ғана емес, тұлға мұрасы қызықтыратын көпшілікке, тіл саясаты мен қазақ әдеби тілінің даму, қалыптасу жайы қызықтыратын қауымға, білім алушы, ізденуші жастарға да арналғанын ұғамыз. Сондықтан монографияны тек ғалымдар ғана емес, түрлі мамандық иелері, қазақ елі азаматтары оқып, көсем сөзінен тағылым алып, ой түйе алады. Кітапты оқып қана қоймай, Ә.Бөкейханның ұлт азаттығы жолындағы жанкешті еңбегі мен күреске толы ғұмырынан сабақ алып, оның ұлт тілін ұлықтаудағы табанды азаматтық ұстанымын жан-жүрегімен сезініп, көкірегіне түйіп, ақылында ұстап, өмірлік өнеге,  үздік үлгі ретінде соған қарап бой түзер деп үміттенеміз. 

Мәрлен Ерланұлы, Немат Келімбетов атындағы  Түркітану орталығының ғылыми қызметкері